jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазақтың мұңлық ақыны

30 сәуiр, 11:14
648

Қазақтың мұңлық ақыны

Ей, Алаш азаматтары, бауырластар, мына сәуір айы баршамызды есеңгіретіп кеткендей болды-ау! Дарабоз жазушымыз Қабдеш қазасы қабырғасын қайыстырған қаралы елді, Есенғалидай арда ақын қазасы еңселетіп тұрғанда, бөлініп-жарылған қазағының мұңлық жыршысы атанған Жәркен Бөдештің қайғылы хабары тіпті ауыр болды.

60 жылдық жан жолдас, 45 жылдық күйеу жолдас Жәркеннің өмір-өлім тайталасында маған айтқан соңғы сөзі, жантәсілімнен үш сағат бұрын айтқан ақтық сөзі: «Алеке, сенің үйіңе барамын деп қанша талпынсам да, бара алмадым. Мен біттім, мен кеттім, кеттім, Алеке» еді…
Ақынның асау жүрегі сәуірдің 22-түнінде осылай тыным тауып, мәңгілік сапарына аттанды. Жәркенмен 60 жыл жолдас болғаныма қарамай, ол туралы не жазарымды, сөзді неден бастарымды білмей қатты қиналдым. Сол бір 60 жылдық ұзақ та қилы тағдыр соқпағы сан тарау, сан қатпарлы еді…

Осынау бірге өткізген 60 жылдық ғұмырымызда бастан нелер өтпеді. Пендешілікпен және әзәзіл сайтандардың арандатуымен араласпай кеткен қайран жылдардың обал-сауабын ойласам, қабырғам қайысады. Ол бір орны толмас өкініш болса да, маңдайға жазған тағдырластық, өнерге, жолдастыққа деген адалдық бізді қайта табыстырып, қауыштырып жатушы еді. Бәріміз де періште емес, пенде екеніміз осындайда еске түседі ғой.

1961 жылдың 25 тамызында Үрімжіде, Шыңжаң университетінің жатақханасында кездескен сәтім әлі кешегідей есімде. Ұзын бойлы, қайратты қара шашы артына қайырылған, аққұбаша, кең маңдайлы жас жігітпен танысып, жөн сұрастық. Ол Тарбағатайдың Толы ауданынан, мен Іленің Күнес ауданынан болып таныстық.

Қытай тілі мен әдебиеті факультетінің дайындық бөлімінде бірге оқыдық. Жәкең өлеңдетіп келді арамызға. 1962 жылы баспасөзде «Жайыр тауым, тал еменді шилі өзек, Өлең құсым саған ұшты бір мезет» деп өмір бойы жырлап өткен Жайыр тауына арналған сағыныш жырын жариялап еді.
Содан бергі 60 жылда бозбала ақын Жәркен қазақтың аса көрнекті ақындарының бірі екенін дәлелдеп кетті. Жәркен ақындығын өзінің:

«Мен ақын емеспін, тағдырым ақын»

* * *

«Менен шықса шығады шын ақындық.
Оқытсаң да шықпайды саудагерлік»
Немесе:
«Қой бағып жүр дегенше,
Ой бағып жүр дегейсің.
Қойны-қонышын өлеңге,
Қойма қып жүр дегейсің», –

деген толғанысынан-ақ аңғаруға болады.

Бізді Алла тағалам 60 жылдық тар жол, тайғақ кешулі ғұмырымызды бірге өткізуді бұйырған екен. 1961-1968 жылдар Үрімжіде Шыңжаң университетінде оқып, «Мәдениет төңкерісі» деген зобалаңды бірге өткізіп, «зиялыларды қайта тәрбиелеу» дейтін саяси науқанның қырына ілініп, 1969 жылдың сәуіріне дейін Бұратала Моңғол облысының «Аққой» фермасында малшы болып, бірге жүрдік. Сол жылы шекара бұзып, Қазақстанға аман-есен жеттік.

Қазақтың мұңлық ақыны

Аңсап, армандап елге жеткенде, Қытайдағы «еңбекпен қайта тәрбиелеу» мерзімін одан әрі созып, 1969-1972 жылдар аралығында Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы «Золотая Нива» совхозының «Қазанқап» бөлімшесінде аға шопанның көмекшісі болып, 720 саулықтың соңында салпақтадық. «Қой бағып жүр дегенше» дейтін әйгілі өлеңі сол кезде жазылған еді.

Шіркін, жастық шаққа не жетсін, қой соңында бір совхоз аумағынан сыртқа аттап басуға құқымыз жоқ екеніне қарамай, қыздарға қырындап, ол өлеңін жазып, мен әнін шығарып, өлеңдетіп жүріп едік. Сол ән мәтіні мынадай еді. Жәкең:

«Көрінген анадайдан Алмагүл ме,
Саясын арнады екен әлде кімге?
Арумен Алмагүлдей сырлас болып,
Қыдырсаң, Көкшетауды арманың не?

Қайырмасы:

А,а,ай, Көкше қызы Алмагүл,
Секілді бір арманым.
Маған, ақын арна жыр, ей,
Дегеннен соң арнадым, –

деп ағынан ақтарыла жыр төгіп еді.

Арада жылдар жылжып өтіп жатты. Қойшылық өмір де артта қалды. Мен Шымкентке, Жәкең Алматыға кетті. Мен Шымкенттегі пединститутта оқып, 1976 жылы бүгінгі Ордабасы ауданына қарасты СПТУ №146-ға мұғалім болып бардым, үйлендім. Айтан, Жәркен, Исрайыл Сапарбай, композитор Сүгірәлі Сапаралиев, Сайлаухан Жартыбаев бастаған өнерпаздар қатысқан Шымкенттегі тойымда Жәркен күйеу жолдас болып еді. Сол сапарында Жәкең ерекше толқып, «Бір досым бар …» деген өлең жолдарын бізге арнаған еді:

Жалғанда құты ортайып көнермеген,
Шымкенттің ауданы бар Бөген деген.
Сол жерде отау тіккен досым бар-ды,
Қолында домбырасы бебеулеген.

Дарыған оған өнер туа нағыз,
Майталман күйші, шешен, дуалы ауыз.
Шымкент онсыз тойын өткізбейді,
Төбесін көрген жерде-ақ қуанамыз.

Дей ме екен көзіне ерен бір көрінсек,
Алдында бұлаңдайды қыз-келіншек.
«Жасарып кетер едік дейді қарттар,
Осынау жайсаң жанмен бірге жүрсек».

Даланың лебі ескен балағынан,
Шарлаған шартарапты бала қыран,
Қай жерде отыр екен күй суырып,
Киелі домбыраның шанағынан.

Ақын Жәркеннің маған, менің бала-шағама арнап жазған онға тарта өлеңдерінің ішіндегі елге танымал болғаны, менің құдай қосқан қосағым Мәриямға арнап жазған «Мәрияшым» еді. Мен оған ән шығарып, осы атпен көпке танымал болып кетті. Жәркеннің ақындық таланты мен достық пейілінің жарқын естелігі болған бұл өлең біз үшін аса қымбат естелік болып қалды. «Мәрияшым» былай басталатын:

Жүргенде өзің жарқылдап,
Кім бой теңеп артылмақ.
Сарайыңды табиғат,
Қойған ба жаным, алтындап.

Қайырмасы:

Мәрияшым, жұбымыз жүрсін жазылмай
Жайраңдашы айдынның аққу қазындай.

Жымиып бір қарасың,
Жазар жанның жарасын.
Қандай құдірет жаратты,
Сендей мейірбан адам баласын.

Қайырмасы:

Беу, керме иық ақ маңдай,
Саған біткен бақ қандай.
Айналайын сұлулық,
Тілменен көзден тәңірім сақтағай.

Осы аралықта атақты композитор Шәмші ағамен танысып, аға-іні болып жиі араластық. 1981 жылы Алматыдан Жәркенді шақырып, қонақ етіп өлеңдетіп жүрген бір күнімізде үйге Шәмші аға келе қалды. Сол кезде болған бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. Біздің көршіміздің Самал дейтін күйеуден қайтып келген әдемі қызы бар еді. Мәрияммен жақсы араласатын, екі бірдей сыйлы қонақты күтісуге келген Самалға Жәкем жақындап, өлең құрастырып, екеуі бір мезгіл далаға шығып, әңгімелесіп жүрді. Келесі күні де солай жалғасып, түннің бір уағына дейін сауық-сайрандатып, көрші қыз үйіне кетті. Жәкең маған «төсекті далаға салып берсін» деді жымыңдап. Ауладағы жүзімдіктің астына салынған төсекке жатып қалған Жәкем жан дауысы шыға үйге кіріп келді, көрпесі қолында. Не болды десек, «Ойбай қойныма жылан кіріп кетіпті, жылан, жылан» дегенде көрпенің арасынан шынымен-ақ шолақ құйрық, бақа бас усыз су жылан еденге былш етіп түсе қалса, бола ма? Жылан есіктен шығып ғайып болды. Тек шолақ дамбалмен қалған Жәкем қалшылдап есінен тана отыра кетті. Ұшықтаудың ырымын жасап, ақынды әрең тілге келтірдік. Сөйтсем, далаға жалғыз жатпақ түгіл, дәретке жалғыз шығудан қорқатын Жәкемді көрші қыз қатырған екен.

Қазақтың мұңлық ақыны

Көрші қызды үйіне жібермей, оңаша отауға шақыра берген соң, қыздан қулық артыла ма, «далаға төсек салып жатыңыз, басқалардан ұят болады, мен өзім қайтып келемін» деп алдарқатқанға сеніп қалған аңғал ақынның қойнына қыз емес, жылан кіріп кетіп, ақынымызды өлтіріп ала жаздаппыз. Осы әңгімені Шәкеңе айтып, үшеуміз әбден рахаттана күліп едік.

Шәкеңнің шабыты келіп: «Жәркеннің Самал қызға және Самалдың Жәркенге жазған әзіл өлеңдері» деп екі өлең жазып еді.

Қайран, баладай сенгіш, аңқылдақ Жәркеннің сол күнгі бейнесі көз алдымнан кетпейді. Жәркен Алматыдан маған ай сайын хат жазушы еді. Хат болғанда екі ауыз амандық-саулықтан кейін шығарған жаңа өлеңдерін жазып, «Алеке, мына өлеңдердің бағы қашан жанады, оның игілігін мына тайқы маңдай қашан көреді» деп нала болатын. Өлең жинағын баспадан шығара алмай, сандалып жүргендегі көңіл күйі ғой.

Жәкең мына аласапыран заманда, қасқырға айналып кеткен адамдар арасында өмір сүруге мүлде бейімделе алмаған өте қорғансыз жан еді. Құдай тағала әр адамға әртүрлі кәсіптен нәсіп, ырызғы бұйырған ғой. Сол қорғансыз ақынға, қасиетті қазына – өлең-жырдан мол несібе бұйырған екен. Өзін де, бала-шағасын да, сол берекелі ырызықпен асырап, халқына қыруар олжа салған тамаша том-том жыр кітаптарын тарту етіп кетті. Жәркен ақын не жазса да, таусылмас, ортаймас сағыныштың сары теңізіне арнап жазды. Ақынның:

Туған жерден кеткелі,
Сағынышым көп, тегі.
Айға қарап ұлыған,
Мен бір жалғыз көк бөрі.
Айға қарап ұлысам,
Ай сарғайып батады.
Күнге қарап ұлысым,
Күн сарғайып батады, –

деген жүрекжарды жыры шын мәнінде, бөлініп-жарылған қазақтың мұңлық жыршысы екенін бар дауыспен айтып тұрғандай. Ол сондай қамкөңіл күйде жүргенде мұңайып: «Көп қарадым қабаққа, аз қосылдым санатқа», – деп жазып еді. Оның бәрі өткен шақ, Жәке, сен әлдеқашан санатқа қосылып қана қоймай, қазақ поэзиясының алтын сарайының төрінен ойып тұрып орын алған, әрі ешкімге де ұқсамайтын дара тұлғалы ақын Жәркен Бөдешсің! Енді басталған екінші ғұмырың баянды болғай! Иман нұрың бейіштің төрінде шалқығай! Қош бол, 60 жылдық жан жолдас, 45 жылдық күйеу жолдас, Жармұхаммед, саған Алла жар болсын!
Сені және сені жоқтаған барша тілеулес аға-інілерің атынан айтылғандай болған өзіңнің 1999 жылы досымыз Айтан Нүсіпхан қазасына арнап жазған «Жампозым» атты өлеңімен аяқтағым келді:

Жампозым! Ақылманым! Парасатым!
Тобырдан қараңды үзіп, дара шаптың.
Жыр Жәркен, Сұңғыла Айтан, Әз Әлекең –
Үшеу ек, үш бұтындай қара ошақтың.

Қапыда шорт сынды ғой үштің бірі,
Оққа ұшты сұңқар текті құстың пірі.
Жусақ та қанды жаспен кетпейді екен –
Шемен боп қатып қалған іштің кірі.

Жылатып тағдыры бір
саналы елді,
Жасындай жарып кірдің
қара жерді.
Жаутаңдап көзі тірі
достарыңа,
Шырқырап қос құлының
қала берді…

Шың едік Талғарына
таласар бұлт,
Шың құлап төбе болып
аласардық.
Өлімің қайран досым,
құпия өлім,
Секілді құлыптаулы
қара сандық…

Жүрсек те ұлтымыз деп,
жұртымыз деп,
Жақпайды қас дұшпанға
ырқымыз бек,
Шығыстың соқпағы көп сүрлеуімен
Барамын сол сандықтың кілтін іздеп.

Сұм тағдыр сонша өшікті неге бізге?
Бар уын біз қалдырған себеді ізге.
Топырақ жүзіңді, дос, жасырғанда,
Рухың қалқып жүрді төбемізде.

Қазақтың мұңлық ақыны

 

 

 

 

 

 

Әлімғазы Дәулетхан

 

 

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады