jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазіргі шенеунік жазушыдан емес, блогерден аяғын тартады

23 сәуiр, 11:15
222

Қазіргі шенеунік жазушыдан емес, блогерден аяғын тартады

Болат Шарахымбай – бүгінгі қазақ әдебиетінде белгілі есім. Бірнеше жыр жинақтары мен тарихи-танымдық кітаптардың авторы. Ақын, әдебиетші, эссеист, мәдениеттанушы, публицист ретінде танылған қаламгер. Осы ретте ақынды бүгінгі әдебиеттің жалпы бағыт-бағдары, шығармашылық орта, жалпы қоғамның тыныс-тіршілігі жайлы өз ойларымен бөлісуді өтініп, әңгімеге тартқан едік.

Jas qazaq: «Біздің патшамыз екеу: ІІ Николай мен Лев Толстой», – деп жазыпты өз күнделігінде М.Суворин. – Екеуінің қайсысы күшті дегенге келсек, ІІ Николай Толстойға өтімді емес. Ал Толстой қаһарға мінсе, Николайдың тағын династиясымен қоса төңкеріп тастайды». Әдебиеттің күш-қуатын бұдан асырып бағалау мүмкін емес шығар. Содан бері бір жарым ғасырдан астам уақыт өтті. Сіз қалай ойлайсыз, әдебиет сол кезеңдегі орнын сақтай алды ма?

Б.Шарахымбай: Әдебиет – ақсүйек өнер. Яки, қоғамның алдыңғы қатарлы адамдары айналысатын ақыл-ой өнері. Одан да анығырақ тәпсірлесек, әдебиет – қоғамды алға сүйреуші өнердің түрі. Бұл жерде қоғам арба болса, әдебиет – сол қоғам-арбаны алға сүйреуші өгіз. Бұдан бір-екі ғасыр бұрын бұл өнермен тек аристократ ортадан шыққандар ғана айналысатын. Мысалы, А.Толстой, Ф.Достоевский, А.Чехов, өзімізден А.Құнанбаев, М. Көпеев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарын және т.б. Бұлардың барлығы ақсүйек отбасынан шыққан оқымыстылар.
Кеңес заманында халықты жаппай сауаттандыру науқанынан кейін әдебиет таза идеология құралына айналып кетті. Толстойға келсек, орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» осы кісінің есімімен тікелей байланысты. Ол «алтын ғасыр» әдебиетін жасаушылардың бірі болып қойған жоқ, өзі өмір сүрген дәуірдің ақыл-ой индикаторы, қоғам-арбаны алға сүйреген жазушы болды. Сондықтан Толстойға берілген баға бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алайда қазіргі заман әдебиетінің беделі бұрынғыдай емес.

Қалам иелерінің қадірі қашты. Қабырғалы қаламгерден гөрі жүзіктің көзінен өткен тележурналист, кино әртісі, әнші, спортшының бағасы аспандаған шақ. Бұл – бүгінгі идеология көрінісі. Кешегі кеңестік кезеңді еске түсірейікші. Әсіресе, әдебиет пен кинематографияға идеологиялық құрал ретінде айрықша мән берілді. Егер сөз эмоция мен ойдың белгісі екенін ескерсек, өнердің қай саласында да әркелкі деңгейде идеологиялық салмақ бар. Идеология жоқ дегеннің өзі – идеология. Адамды адам еткен сөз де, мәтін де сол идеологияның бір бөлшегі. Мәтін өзгерсе, сөз өзгереді. Сөз өзгерсе, қоғам өзгереді. Өйткені сөз – әуелгі жаралым. Көне кітаптардың бәрінде солай жазылған – жерге бірінші сөз түскен. Сондықтан ең алдымен мәтінді игеру керек, сөзді түзеу керек. Сөз түзелсе, қоғам да, адам да түзеледі. Бұл ойды қайталап отырғаным, материалдық дүние, байлық жарысы соңғы кезде идеологиялық үстемдікке айналып, қоғамды береке мен бірлікке ұйыстырып отырған ықпал-күш ескіліктің сарқыншағындай күресінге ысырылды. Кино әртісі, әзілкештер, спортшылар адамдар қадір тұтатын қаһарманға, жұрт еліктейтін «рухани» тұлғаға айналды. ХХІ ғасырдың басы осылайша адамзаттың қайда бара жатқанын айқын көрсетті.

Қазіргі ақыл-ой иесі ел арасында ғана біршама қадірлі. Ал билік үшін олар «артық адамдар». Сондықтан қадірі шамалы. Олар нағыз шығармашылық тұлғаны блогерден ажырата алмайды. Өйткені қазіргі шенеунік жазушыдан емес, блогер-журналистен аяғын тартады. Кейде қаламасам да түрлі шаруамен шенеуніктердің алдына баруға мәжбүр боламын. Сонда байқағаным, шенеуніктердің ақын, жазушы, журналист десе тыжырынып, жақтырмайтынына әбден көзім жетті.

Әйтпесе, халықтың тағдырына қам жеп, адам мен адамзатты кемелдендірудің азабына түсіп жүрген өнер иелері аз емес. Әртүрлі лирикалық иірімдерді игеріп, ұлт рухын жырға қосып, заманымыздың тұлғалық қасиеттерін бейнелеп, қоғамды қал-қадірінше алға сүреуге талпыныс жасап жүрген ақын-жазушылар баршылық. Әйтсе де, заманның өзекті мәселелерін тереңнен толғап, кең тынысты понарамасын жасайтын, сол арқылы туған ұлтының ізгі қасиетін көрсететін шын мәніндегі ойшыл қаламгерлер қай заманда да аз болған ғой…

Jas qazaq: Сіздіңше, бүгінгі оқырманға қандай әдебиет керек?

Б.Шарахымбай: Бүгінгі оқырманға мораль оқудың қажеті жоқ. Ал Толстой мен Гюго, Абай мен Пушкин шығармаларында мораль басым. Сөз жоқ, олардың заманында мораль тыңдайтын, соны жүрегіне терең сіңіретін оқырман бар еді. Қазір ондай оқырман жоқтың қасы. Алайда бір нәрсе анық: олар ақиқатты іздеді, адамзаттық мәңгілік сауалдарға жауап табуды көздеді. Олардың жазудағы өмірлік миссиясы да сол еді. Оқырманның өліп қалған ми талшықтарын тірілткісі, ұйықтап жатқан сананы сілкілегісі келді. Достоевский, Чехов, Шолохов, Әуезов, Айтматов та сөйтті – өз шығармаларында мәңгілік ақиқатты іздеді. Бүгінгі оқырман бұрынғы оқырманнан басқа. Бүгінгі оқырман көпсөзділікті, пафосты, ақылгөйлікті, тәрбиешілікті, нәзиралықты жақтырмайды. Оны фальш деп ұғады. Бүгінгі оқырман өзін тану үшін шығармадан ақиқат іздемейді, шығармадан өзін, өзінің аласұрған жан дүниесін көруге құштар. Бұрын оқырман кітап арқылы өзінің тұлғалық болмысын дамытуды көздесе, бүгін кітаптың бетін ашпай-ақ өзін өзгеден биік санайтын «жасанды тұлғалар» пайда болды. Ең өкініштісі – олар «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» қамығып, қайыршы болып жүрген жазушыдан өзін жоғары, ақылды санайды. Айтты-айтпады, бүгінгі қазақ қоғамы – хаос, яғни құр қуыс, бос кеуек. Бұл қалып қолына қалам ұстаған шығармашылық жандардың эмоциясына, психологиясына, ойлау қабілетіне әсер етпей тұрмайды. Риторикалық сұрақ: расында өзін-өзі әлеуметтік тоқырау мен рухани құлдыраудан құтқара алмай жүрген қаламгерлер өзін түсінбейтін, кітабын оқымайтын, керек десең одан өзін ақылды, білгір, элита, жолы болғыш санайтын қоғамды қалай құтқармақ?!.

Jas qazaq: Кейде осы «тағдырлы ақын» деп жатады. Сонда «тағдырсыз ақындардың» да болғаны ғой. Сіз өзіңізді қай топқа жатқызасыз?

Б.Шарахымбай: Меніңше, «тағдырлы, тағдырсыз» деп қарастыру шартты нәрсе. Әйтпесе, ақын тұрмақ, қағазға түскен әрбір мәтін, әрбір өлең, керек десеңіз, әр ойдың өз тағдыры бар. Бір өлеңді ұзақ толғатасың, бір өлең күтпеген жерден лақ етіп өзі төгіледі. Бір ой ұзақ жасайды, бір ой заматында ағып кетеді. Мұның бәрі тағдыр. «Тағдыр маңдайға нені жазса, соны көресің» дейді қазақ. Тағдырдан қашып құтыла алмайсың, одан ешкім қашып құтыла алмайды. Оны алдай да алмайсың, ол сені бәрібір іздеп табады.

Сіз келісесіз бе, жоқ па, білмеймін, біздің қазақ мақтангөй халық. Оңтүстікте оны «қоппа» дейді. Өзін тағдырлы, талантты қылып көрсету үшін аздап өтірік қосып, тұздықтатып, көпіріп сөйлегенді жақсы көреді. Бұл – қазақтың менталитеті. Одан әлдеқандай бір астар іздеп, тыжырынудың қажеті жоқ. Мысалы, біздің қазақ «менің бабам жауға жалғыз шапқан жалаңтөс батыр» деп мақтанғанды ұнатады. Немесе «менің атам он мың жылқы айдаған мыңғырған бай болған екен» дейді. Сол ертегіге өздері сенеді, өзгені де сендіруге тырысады. Енді әлемді жалпағынан басқан сол батырлар мен бай-бағландардың бүгінгі ұрпағы қайда? Жоқ! Күлесің бе, жылайсың ба?!.

Алайда тағдырлы ақын болғанымен, тағдырлы әдебиет болмайды. Ақын тағдыры өлеңде таусылмайтын өмірге айналады. Шын мәнінде, ол да шартты нәрсе. Бәрі Құдайдың ісі.
Өзіме келсем, мен «комсомолдың» баласымын. Әкем жап-жас кезінде Қаратас аудандық (қазіргі Қазығұрт) комсомолына жетекшілік жасаған. Ол кезде бұл қызмет әжептәуір бедел болатын. Сондықтан ба екен, былайғы жұрт әкемізді «комсомол» деп атап кетіпті. Бір жақтан келе жатса да, бара жатса да, «Әне, комсомол келе жатыр, әне, комсомол бара жатыр» дейді екен. Уақыт өте әкеміздің де осыған еті үйреніп кетті. Содан бізді ағам екеумізді «комсомолдың баласы» дейтін болды. Жасыратыны жоқ, марқұм әкеміз коммунизмнің көптеген принциптеріне күмәнмен қараса да, еліміздің жас патриоттарын тәрбиелеуде комсомолдың орасан күші бар екеніне көзсіз сенген. Не істесе де, елге жақсылық ойлап жүретін ол ақын-жазушылармен көп араласты. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов, Тұтқабай Иманбеков, тағы басқалармен дос-жаран болған кісі. Олар үйге жиі келетін. Кейде бірнеше күн жата-жастанып қонақ болатын. Оларға ылғи да ағам екеуміз қызмет жасайтынбыз, қолдарына су құямыз, әкел дегенді әкелеміз, әпер дегенді әпереміз. Тіпті аяқ киімдерін тазалап, жалтыратып қою да біздің мойнымызда еді. Қазір ойлап қарасам, соның бәрі бізге үлкен мектеп болыпты. Болашақ адам болуымызға негіз қалапты. Қаламгер болу туралы ой алғаш осы кезде пайда болды ма екен, кім білсін?..

Ондайда ауылдың «мен» деген мықты жігіттері біздің үйден шықпаушы еді. Бірі мал сойып жатса, бірі оны жіліктеп, енді бірі отын жарып, мәре-сәре болып жататын. Қазір оның бірі де жоқ. Әкеміз бен анамыз барда абыр-сабыр болып жататын қарашаңырақ бүгінде тым-тырыс. Бүгінде адамдар да өзгеріп кетті ғой. Шақырмаса, бір-бірінің үйіне кірмейтін болды. Міне, мен осындай ортада өстім, үйрендім, жирендім, өмірден сабақ алдым. Осының бәрі – менің тағдырым. Соңғы күндері сол күндерді сағынатын болып жүрмін.

Jas qazaq: Сонда талантты адам деп кімді айтамыз?

Б.Шарахымбай: «Талант тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді қазақ. «Талант Тәңірден» дейтін де сөз бар. Бұл не деген сөз? Меніңше, бұл адам болу, адам болудың ішінде адал болып қалу, ешкімнің ала жібін аттамау, елге құл болып қызмет ету, жауапкершілікті сезіну, әділдіктің ақ жолынан таймау, кісі ақысын жемеу деген сөз. Яғни талантты адам деп ішкі мәдениеті мен жүрек

– Құдайы үйлесім тапқан кісіні айтса керек.

Жалпы, талант – көп қырлы ұғым. Керек десеңіз, банк тонушы да талант. Пентагонға хакерлік шабуыл жасау да талант. Адам өлтірушілердің де өз таланттары бар. Олардың ең таланттыларын біз батыр деп аспандатамыз. Сонымен бірге таланты тас жарған әншілер, спортшылар, шоумендер, бармендер, аспаздар, масқарампаздар, циркаштар, алкаштар, алаяқтар, жалаңаяқтар бар. Өзін әйдік талантты сезінетін шоумендер шығармашылық ортада да толып жүр. Олар суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды. Иә, «тума талант» деген де ұғым бар. Мұндай ерекше жаратылған дарын иелері қазақ арасында да аз емес. Бірақ біздің таланттарымыз қазіргі өмірге бейімделіп прагматик бола бастады. Өнердің негізі романтика екенін ұмытты. Не жазса да тек сыйлық алу үшін, немесе биліктің көзіне түсу үшін жазатын болды. Танымал болу үшін кино түсіретін болды. Таланттарымыз ұсақталып кетті. Мені осы мәселе қатты қынжылтады. Бір жағынан, әлеуметтік тұрғыдан, нарықтық сұранысқа бейімделу дұрыс та шығар. Алайда шығармашылықты, Құдай берген дарынды сауда-саттыққа айналдыру шын таланттың жолын ашатын механизм емес.

…Ең бастысы, философияның теологиядан басталатынын естен шығармау керек. Егер талант пен қабілеттің Тәңірден берілетін қасиет екені рас болса, теологиялық тірегі жоқ шығармалар адам жанына қажетті дүниелерді бере алмайды. Оған ешкім сенбейді. Сенім жоқ па, онда көркем дүние де жоқ, көркем дүние жоқ па, онда жазушы да, талант та жоқ.

Jas qazaq: Жас ақындар Есенғали Раушанов пен Тыныштықбек Әбдікәкімовке көп еліктейтін сияқты…

Б.Шарахымбай: Бұл екі ақын да қазақ поэзиясынан өз орнын ойып алған дарын иелері. Форма, жазу машығы, пішін, жанды оқиға бойынша жаңалық әкелген стилист ақындар деуге болады. Сондықтан, жас жеткіншектердің оларға еліктеуі заңды. Үйренгеннен ешкім зардап шекпейді. Бұл нені білдіреді? Демек бұл екі ақын қоғамдық ойға белгілі бір дәрежеде әсер етіп отыр. Өнер жүрген жерде еліктеу, солықтау болмай тұрмайды, ол жастыққа тән нәрсе. Максимализм де, қателесу де жастыққа жарасады. Кез келген жас дарын қашан дараланып, тұлға ретінде қалыптасып болғанша, бір мықтының тартылыс күшінен шыға алмайды. Бұл болмай тұрмайтын процесс. Ол жолдан бәріміз өткенбіз. Тәжірибе жинау, өмірден ой түю, есею сондайдан басталады. Дегенмен еліктеу, үйренудің де өз шегі, шекарасы болады. Шығармашылықтың кульминациясы – ешкімге ұқсамау. Ешкімге ұқсамау – шығармашылықтың шырқау шыңы, апогеясы. Ешкімге ұқсамасаң ғана әдебиетте қаласың. Біреуді қайталасаң, соның көлеңкесі болып қана тұрасың.
Жақсы өлең туса, ол ақынның ең бақытты сәті. Бақыттан басы айналмайтын ақын болмайды. Бірақ жақсы мен жаманның арасын ажырату ақынға қиын. Ол тек жақсы өлең жазуға құмбыл, жаманның не екенін білмейді. Жақсы өлеңді Алла тағаланың өзі ауызға салады деп жатады. Мүмкін. Бірақ жақсы өлеңді кім көрінгеннің аузына Алла тағала сала бермейді. Ол да таңдайды, таңдаған ақынының талантына, өресіне қарайды.

Иә, өмір – асау дария. Ақынның мақсаты – ағыспен ағу емес, ағысқа қарсы жүзу. Сөйтіп өз жағасын табу. Бірақ ақындықта өз жағасын табатындар сирек.

Jas qazaq: Құпия болмаса айтыңызшы, «қазақ өлеңінің ақбөкенін» бүгінде не мазалайды?

Б.Шарахымбай: Несін жасырамыз, біздің қоғам қатты сырқат. Бабаларымыз бізге аманатқа қалдырған ұлттық құндылықтарымыздың қадіріне жете алмай жүрген сияқтымыз. Істі дөңгелетіп әкетудің орнына байыбына бара алмай қақалып-шашалып отырмыз. Уәде көп, нәтиже жоқ. Ысырап шаш етектен, нақты іске келгенде күмілжіп қаламыз. Тамыры тереңге тартатын тарихымыздың талмауыр тұстары туралы айта бастасақ, жылағың келеді. Ұлттық әдебиетіміздің әлсіз жерлері де аз емес. Осыны біле тұрып, барлығын белінен бір-ақ сызып тастап, оны өзінен бастағысы келетін бейбақтықты немен ақтарыңды білмейсің. Қазақты аяқтан шалғысы келетін пасық ойлы біреулердің «Қазақ Тәуелсіздік үшін күрескен жоқ» деп далбасалайтыны жанды ауыртады. Қазақстанға түк қатысы жоқ біреулердің «Қазақ мемлекеті бұрын болған емес» деп аузына келгенді бөсетіні қынжылтады. Оған бірде-бір қазақ-шенеунік, не кәсіби тарихшы жөні түзу жауап қайтармады. Әйтпесе, біздің шенеуніктердің арасында атақтарынан ат үркетін небір ғылым кандидаттары, профессор, академиктер жетіп артылады. Ұлттық намыс таразыға түскен сәтте біздің «кешегі жалаңтөс» батырларымыздың ұрпақтары «мәдениеттілік», «толеранттық» танытып, әдеттегідей тағы да бұғып қалды. Сөйтіп қиыннан жол тауып кетті.

Біздің қоғамда от болып күйіп тұрған мәселе көп. Мәселе көп болған соң, ой да көп. Әсіресе, жер, тіл мәселесі. Мысалы, әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан қаншама тіл жоғалып кетті, қаншама тіл жоғалу алдында тұр. ЮНЕСКО мамандары «2100 жылға дейін әлемнің 7000-ға жуық тілінің жартысынан астамы жойылады» деп болжам жасапты.Үрейлі дерек. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін «өлімнен» құтқару үшін барынша күш салып жатыр. Біз де соған қамдануымыз керек. Ол үшін арнайы «Ана тілі туралы» Заң қабылдауды тездету қажет-ақ. Тіл – саяси сауда құралы емес, өркениет феномені екенін түсінетін уақыт жетті емес пе!..

Jas qazaq: Әлгінде «бәрі Құдайдың ісі» деп қалдыңыз. Сіз Құдайға сенесіз бе?

Б.Шарахымбай: Сенім – әр пенденің жеке шаруасы, оны көпке жария етудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Құдай жалғыз! Оған жететін жол тоғыз тарау, қоғамдық институт сан түрлі, дін тарам-тарам. Жеке құпия жұмбақ болған сайын, оған құмарлық күшейеді. Ал неғұрлым жария болған сайын, құмарлық соғұрлым азая түседі, есесіне сыртқы күмән көбейеді. Бұдан жария сенім – саясат, құпия сенім – иман екенін білуге болады. Иман бар жерде – тәртіп, ұят, бейбітшілік бар, адами құндылықтар сақталады. Иман – дүниенің тіршілігін ұмытып, сәждеге бас ию ғана емес. Ол әділдіктің ақ жолынан таймау деген сөз. Әділ адам жолынан адаспайды. Менің арғы бабаларым Жиенәлі, Шәйгөз, Жанботалар Меккеге жаяу барып, мұсылмандық парызын адал атқарған тақуа адамдар болған. Мектеп салдырып, бала оқытқан. Сондықтан олардың көрсетіп кеткен жолымен жүрмеуге менің хақым жоқ. Қайткенде біздің еркімізден тыс тұрған әлдебір тылсым күштің, адамның ақылы жетпейтін бір Құдіреттің бар екеніне имандай сенемін.

Jas qazaq: Шын пейіліңізбен сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен
Әсел Шермат

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі