jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауындағы банк салымдары

17 сәуiр, 10:28
29

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауындағы банк салымдары

Елімізде барлық банк операцияларын, оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізуге лицензия алған екінші деңгейдегі банктердің барлығы депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне (Жүйе) қатысуға міндетті. Екі Ислам банкі — «Al Hilal» мен «Заман-Банкті» қоспағанда бұл жүйеге қазіргі сәтте 23 банк кіреді. Жүйеге қатысушы банктердің өзекті тізілімі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (Қор) сайтында қолжетімді.
Жүйеге қатысушы қандай да бір банк қаржылық дағдарысқа ұшырап, барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылса және оны сатып алатын банк табылмаса, Қор оның салымшылары – жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер алдындағы міндеттемелерін өз жауапкершілігіне алады. Сөйтіп кепілдендірілген депозиттер бойынша кепілді өтем сомаларын конкурстық негізде таңдап алынған агент банк (агент банктер) арқылы төлейді. Ал лицензиясынан айырылған банктің салымшылары кепілдік берілген өтемді алу үшін агент банктің бөлімшесіне тікелей барып, жазбаша түрде өтініш береді. Бұл жерде лицензиясынан айырылған «Tengri Bank» АҚ пен «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшыларына өтем төлеп жатқан «Еуразиялық банк» АҚ карантиндік шараларға байланысты және кезекке тұруды азайту мақсатында өтем сомасын тексеру, өтем алуға өтініш беру және сол өтемді алу мүмкіндігін қашықтан, яғни өз сайты арқылы да жүзеге асырып жатқандығын айта кеткен жөн.

Салымшының өтем алу құқығы расталған соң, оған тиесілі өтем ақша өтініші мен растайтын құжаттары келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
Салымшылар өздеріне тиесілі ақшаны өтініште көрсетілген тәсілдер бойынша: қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе осы банкте жаңа депозитке салуға құқылы.

Кепілді өтем белгілі бір шектен аспайды. Оның көлемі салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Дәлірек кепілдік сомасы:

• шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
• жинақ салымнан басқа, теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 миллион теңгеден;
• теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды.

Егер салымшының бір банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозиті бар болса, олар бойынша төленетін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге.
Өтем ақша банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақымен бірге төленеді. Яғни, Қор банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақылардың сақталуына да кепілдік береді. Бұл норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады. Бұған дейін Қор кепілдігі тек капиталдандырылған сыйақыларға ғана қолданылып келген болатын.

Шетел валютасындағы салымдардың өтем ақшасы банк лицензиясынан айырылған күнгі айырбас бағамы бойынша теңгемен есептеледі. Сонымен қатар салымшы бір емес бiрнеше банкте депозиттер ашқан жағдайда кепілді өтем ақша әрбiр банк бойынша жеке-жеке төленеді. Сәйкесінше салымшы әрбір банк бойынша салымдарының түрі мен валютасына қарай 15 миллион теңгеге дейін кепілдік берілген өтем ала алады. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік берілген өтем — 5 миллион теңгеден аспайтындығын еске саламыз.
Айта кетелік, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салымдар мен мемлекеттік сыйлықақы қарастырылған білім беру салымдары да кепілдік берілген депозиттер қатарына кіреді.

Қор тарапынан кепілдік берілмейтін салымдар да бар. Атап айтар болсақ, олар: депозиттік сертификаттар, ислам банктеріндегі салымдар, жеке тұлғалардың металл шоттары, банк ұяшықтарында сақталуда жатқан ақшалар мен құнды заттар және заңды тұлғалардың депозиттері.

Егер салымшының банктегі депозитінде кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшасы болса, бұл ақша таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен қаражат есебінен өтеледі. Бұл міндеттеме Қорға емес, таратылатын банктің тарату комиссиясына жүктеледі. Комиссия банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні тағайындалады.

Салымшылар, яғни жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген сомадан артық ақшаларын алу үшін осы тарату комиссиясына келіп өтініш берулері керек. Өтініш беру мерзімі банкті мәжбүрлеп тарату туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде мерзімді баспасөзде жарияланған күннен бастап есептеледі және кемінде күнтізбелік 60 (алпыс) күнді құрайды. Өтініш беру тәртібі, байланыс телефондары мен мекенжай туралы хабарлама таратылатын банк пен Қор сайтында жарияланады.
Айта кетелік, аталған мерзім ішінде өтініш бере алмаған салымшылар үшін алаңдауға негіз жоқ. Өйткені тарату комиссиясы жеке тұлғалардың банк шоттарындағы кепілдік берілген сомадан артық ақшаларын кредиторлар талаптарының тізіліміне өзі дербес түрде енгізеді. Сөйтіп әрбір жеке тұлға кредиторға, оның талаптарын қанағаттандыру бойынша кезектілікті көрсете отырып, жазбаша түрде хабарлама жібереді.

Тарату комиссиясы таратылатын банктің филиалдарында орналасады. Банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша кредиторларға жеткенінше кезекпен төленеді. Жалпы он кезектілік бар. Салымшылар ақшаларын төртінші кезекпен алады. Әр кезектің талабы алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін барып орындалады.

Кредиторлардың талаптары олардың келісімімен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
Бір кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру барысында банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі осы кезектегі кредиторлардың арасында қанағаттандырылуға тиісті талаптар сомасына сәйкестендіріліп, бір мезгілде үлестіріледі.

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі