jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Туризм – табыстың тұма бұлағы

16 сәуiр, 13:47
170

Туризм – табыстың тұма бұлағы

Ел экономикасына серпін беретін саланың бірі – туризм. Туризммен табыс тауып-ақ еңсесін тіктеп, етегін жиып отырған елдер көп. Жеріміздің асты да, үсті де ен байлыққа кенен біздің елде туризм саласы төрт аяғын тең баспай тұр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да мол, қабылданатын бағдарламалар да ерен.

Осындай серпін берумен көрікті аймақ, көркем мекеніміз туристерді тартатын орталыққа айналуы тиіс. Былтыр «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің дамыту тұжырымдамасы қоғамдық тыңдауға ұсынылды. Табиғаттың тамаша тартуы, Тянь-Шаньның шынары саналатын тау басындағы тұма көл арқылы экотуризмді дамыту жайы талқыланды. Заманауи үлгідегі визит орталықтар, глэмпинг, кемпинг салынып, туристік маршуруттарды жандандыру жайы сөз болды. Тұжырымдаманың басты мұраты – құрылыс жүргіземін деп эко жүйені бұзуға жол бермеу.

Ішкі туризмді дамытуға өзіндік үлесін қосып, кәсіпкерлік өрісінің бір тарауын осымен тұтастырып жүрген елжанды азамат Сырымбек Тауұлымен әңгімеміз де осы сала төңірегінде өрбіді.

Jas qazaq: Көрікті Көлсайдың бөктеріне зәулім қонақүй салу идеясы қайдан туды? Бұл ішкі туризмді дамытуға үлес қосудың қамы ма, әлде түгін тартсаң, майы шығатын шұрайлы жазираның кереметін көруге асық туристерге сапалы сервис ұсынып, осы салада да кәсібіңізді дөңгелету ме?

Сырымбек Тауұлы: Кез келген кәсіптің болсын, істің болсын, төгілген тердің өтеуі тұрады. Әрине, «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің аумағында, Жаратқанның біздің елге тарту еткен әсем табиғатының аясында қонақүй салу идеясы ертеден ой түкпірінде жатқан.

Өмірде қатты құрметтеп қадірлейтін бір ағамыз Көлсай көлінің маңына кешен салуды жоспарлап, шаруаны қолға алған екен. Кейін белгілі бір себептермен жұмыс тоқтап, маған ұсыныс айтты. Шаруаны шатқаяқтатпай ары қарай жандандыруды аманаттап тапсырды. Барып көрдік. Расында да, әлемде теңдессіз саналатын көрікті мекенге көркем қонақүй салып та, туристерді көптеп тартуға болатынын түйсіндік.

Осылай құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы ішкі туризмді дамыту арқылы да біз елдің экономикалық әлеуетін жақсарта аламыз. Соған титтей де болса, үлесімізді қоссақ деген ниетпен осы шаруаны арқалап келеміз. Пайда табу туралы әлі ертерек. Өйткені бізде бұл сала әлі дами қойған жоқ.

Jas qazaq: Туризм турасында әңгімемізді бастадық қой. «Мен шықпаған төбе бар ма» дегендей, сіздің де табаныңыз турист ретінде талай елдің топырағына тиді. Қызметтік сапармен де шетелге жиі ұшасыз. Ішкі туризмді дамыту, өрісін кеңейту, қаржы тарту туралы мемлекеттік бағдарламалар да қабылданып жатады бізде. Бірақ тұралаған саланың күретамырына қан жүргізу мақтанарлықтай емес.

Сырымбек Тауұлы: «Ауруын жасырғанның өлімі әшкере» дейді. Туризм саласы қарыштап дамып келеді деп айтуға әлі ерте. Менің жоғары оқу орнын бітірген дипломдағы мамандығым – экономика және туризм. Маман болған соң ба, туризм саласын зерттеп жүремін. Былтырғы жылғы карантиндік шектеулер туризмді де тұралатты. Шетелдік сайттардан оқыдым ғой деймін, біздің елге келетін шетелдік туристер ірі қалалардағы емес, алыстағы қонақүйлерге қоналқаға барып, аялдағанда ең алдымен жуынатын бөлмесін, әжетханасын осып-осып сынап кетеді екен. Көзімен көрген соң, көңілі суығандықтан айтады ғой. Бәрі қыздың жиған жүгіндей жинақы, айнадай таза болып тұрса, олар да түртінектемес еді. Осындай пікірлерді оқығанда «неге біз шетелдіктердің талабына татитын, тамсанып таңғалдыратын қонақ үйді туристік аймақтарда да салмаймыз» деп өзімізді қамшылау да болды. Өз басым осы уақытқа дейін 53 елде болдым.

Сапарға аттанғанда әдейі жолдағы қонақүйлерге тоқтауға тырысамын. Ерекшеліктеріне, артықшылықтарына баса мән беріп қараймын. Монблан, Альпі тауларында салынған отельдерді неге Көлсайдың қойнауына салмаймыз? Мұнда да алты ай қыс Тянь-Шань шашақты тауларын ақ қар басып жатады. Қарағай, самырсыны қоршаған тауың төрінде көлі бар. Бұдан өзге де біздің туризмді дамытуға сұранып тұрған өңірлер жетеді.

Туризм – табыстың тұма бұлағы

Кейбір жастарымыз туристік саяхатты суретке түсу деп қана түсінеді. Олай емес. Мысалы, Көлсай көлдерін көруге келдіңіз бе, табиғаттың тамашасын көзіңіз тойғанша тамашалаңыз. Суретке түсіңіз. Мұнымен шектелмеңіз, таудың ауасымен тыныстаудың әсерін айтып жеткізе алман.

Кітабыңызды алып, таудағы самырсынның түбінде саялап жатып, рухани байлығыңызды арттырыңыз. Жоба-жоспарыңызды түзіңіз, қаланың қым-қуыт тіршілігі түріп тастай берген соң жаза алмай жүрген шығармаңызға отырыңыз. Жәй ғана жаныңызға тыныштық тілеп келдіңіз бе, аяқ-қолды көсіп тастап демалыңыз. Біз кейде табиғатты ластамау керек дейміз. Бірақ демалыс орындарының кейбірінде сервис түгілі, қоқыс тастайтын жәшік жоқ. Ал егер біз демалушыларға толыққанды жағдай жасап, демалыс орнын жалтыратып таза ұстайтын болсақ, олар да ұялғаннан тазалықты бүлдірмейді.

Ғылыми тұжырым емес, бірақ өзімнің зерттеуім бойынша, жапондар өз ортасын ғана емес, әлемді тазартқысы келетін халық секілді көрінеді маған. Бір ғана мысал, 2018 жылы Ресейде өткен футболдан әлем чемпионаты. Жапония ұлттық құрамасы топтық кезеңде Сенегал футболшыларына қарсы ойнағанда да, Колумбия қырандарымен тартысқан соң да стадионды жапон жанкүйерлері тап-тұйнақтай етіп жинап, қоқысын түгел теріп кетті. Олар осылай әлем алдында тазалықты ерекше қастерлейтінін паш етті. Немістер де киіміне қылау түсірмейтін кірпияз халық дейміз. Бірақ олар барған жерінің тазалығына баса мән береді. Айнадай жалтырап таза тұрса, олар да тазалықты сақтайды. Ал егер қоқыс шашылып жатса, «бұл жерде ластауға болады екен ғой» деп ойлайды да, қолындағы қоқысын лақтырып кетеді. Сондықтан да тағы да қайталап айтам, тазалықты да, туристік сервисті де бірінші өзімізден бастауымыз керек. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалдың астары тым терең түсіне білген адамға.
Ең алдымен, біз инфрақұрылымның иін қандыра илеп, сервистік қызметті жақсартқанда ғана туризмнің тамырына тіршілік нәрі барады.

Әуежайы асырайтын ел

Сингапур деген елдің «Чанги» әуежайы күніне 3500 адамды қабылдайды. Бір жылдық шығынын бір күнгі қызметімен ақтап алады. Қалған 364 күннен түсетін қаржы мемлекеттің қазынасына таза пайда есебінде құйылады. 13 шаршы шақырым ғана қашықтықта орналасқан әуежайдың өзінен-ақ Сингапур елі пайдаға малынып отыр. Басқа да табыс көзі бар шығар, бірақ бұл мемлекет осы әуежай қызметін ұсыну арқылы да халқын асырап отыр. Біз тұмса табиғатымыздың кереметін, жеріміздің жауһарларын жақұтқа айналдыра білгенде туризмді жандандырамыз.

Бізде мұндайдың бірі де жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Орталық Азия елдері астаналарының қауіпсіздігі жағынан Нұр-Сұлтан қаласы алдыңғы орында. Халықаралық рейстердің көпшілігін қабылдауға, қондырып, ұшыруға Елордадағы әуежайымыздың қауқары жетеді. Гонконгтан, болмаса Филиппиндер елінен ұшып шыққан ұшақ Еуропа елдеріне барар жолда бас қаламыздағы әуежайға аялдап, ары қарай ұшады. Бұл да біздің елдің өзгелер алдында еңсесі нық болуына септігін тигізеді.

Jas qazaq: Тау басына тұнған көлді тамашалаушылардың қатары жылдан-жылға артуына қара жолдың бетіне асфальт төселіп, шұрық-тесігі бүтінделіп, темір тұлпарлар бұрынғыдай бөкен желіспен емес, құстай ұшып жететіні себеп болса керек.

Сырымбек Тауұлы: Жақында «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің директоры Данияр Тұрғанбаев бауырымызбен сөйлескенде айтты. 2019 жылы Көлсайдың тамашасын көруге келген туристердің саны 87 мыңға жетіпті. Оның 35 пайызға жуығы шетелдіктер. Осы санды 150 мыңға көтеруге болады. Туристердің қатары артса, жергілікті тұрғындарға, сол маңда кәсібін дөңгелетуші кәсіпкерлерге де түсетін пайда еселенеді. Сауылған саумал, қымыз, құрт-май, ірімшік көптеп саудаланады. Ұлттық тағамдарымыздың да танымалдығы артады. Ерттеулі атын жетектеп жүретін жастардың да жылқысын жалға беріп табатын табысы көбейеді. Көлсай көлдеріне апаратын жолға әлемдік стандартқа сай асфальт төселіп, тақтайдай тегіс болды. Темір тұлпарың зырылдап жүргенде тайпалған су төгілмес жорғаны мінгендей әсер аласың. Туристердің көптеп келуіне жолдың бүтіндігі де септігін тигізді. Былтырғы карантиндік шектеуден шыға алмағандықтан, азаматтарымыздың арасында өз еліміздің туристік нысандарды аралауға қызығушылық танытқандардың саны басым болды. Оны көзімізбен де көрдік. Құрылыс жайын көріп қайтуға Көлсайға жиі қатынаймын. Сонда жол-жөнекей ары да, бері де ағылған жолаушылар автобусы көп.

Jas qazaq: Қазба байлық таусылады, мұнай да сарқылады, көмір мен темір де түгесіледі. Біздегі бар қазба байлықтың бірі де жоқ елдер осы туризммен төрт құбыласын түгел қамтып отыр ғой.

Сырымбек Тауұлы: Мысал еткен Сингапур мемлекеті келген туристің әрқайсысынан 1200 доллар көлемінде қаражатын алып қалады. Жапония әр туристен 1500 доллар «сауып алады». Әлемге аранын ашып тұрған пандемияға дейін Жапония мемлекеті жыл сайын жер жүзінен 40 миллион туристі күтіп, құрметтеп шығарып салып келді. Олар былтыр Токио жазғы Олимпиадасын өткізуі тиіс еді. Пандемияға байланысты кейінге шегерілді бұл дода. Міне, сол Олимпиада ойындарына келетін туристерді қосқанда, былтыр 80 миллион туристі қабылдаймыз деп жоспар түзді. Жеріміздің көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орындамыз. Иә, кеудеңді мақтаныш кернейді. Осы ұлан-ғайыр атырапта 18 миллиондай халық тұрамыз. Жапонияның жер көлемі бізден тоғыз есе кішкентай. Салыстырмалы түрде алғанда, Қарағанды облысының аумағындай шығар. 130 миллион халық тұрады. Ұлардың ұясындай ғана жерді мекендеген халық еңбекқорлығы мен өнертапқыштығы, қонақжайлығы арқасында әлемнің таңдайын қақтырып келеді.

Илон Маск Көлсайға келуі үшін…

Jas qazaq: Жаратқанның біздің елге берген сыйы ерекше ғой. Еліміздің қай өңірін алсаңыз да, туризмді сан тарау бағытта дамытуға өте-мөте қолайлы.

Сырымбек Тауұлы: Қытайда әйнектен салынған аспалы көпір бар. Біздің Шарын шатқалы осындай көпірге сұранып тұр емес пе?! Әйнек көпірмен жүру үшін де Жұңгоға баратын туристер көп. Шарын шатқалының өзегінде ағысы қатты асау өзені бар, жағалай тал-дараққа толы. АҚШ-тың Колорадо штаты мен біздің Алматы облысында ғана осындай каньон бар. Неге игілігімізге жаратпаймыз? Қазірдің өзінде Шарын шатқалына, Көлсай көлдері, Қайыңдының кереметін көруге асық адамдардың қатары өсіп келеді. Қуанатын жайт, біз заман ағымына ілесіп дамуға, өсуге ұмтылуымыз керек, туристердің талғамына татитын дүние ұсынуымыз қажет.

Jas qazaq: Қайтадан Көлсай көлдерінің маңына салып жатқан қонақүй кешеніне ойыссақ. Маркетингті қалай жасағанда туристерді тарта аламыз?

Сырымбек Тауұлы: Биыл ердің жасы елуге толатын әйгілі өнертапқыш, инженер, инновациялық жобалардың инвесторы, бизнес-магнат Илон Масктың компаниясы шығаратын Tesla автокөлігін маркетинге пайдаланамыз. Қалай дейсіз бе? Көлсай көлдеріне апаратын асфальт жолдан бұрылған соң біздің қонақүй кешеніне дейін 5 шақырым қара жол. Кәдімгі қара топырағы қара тасын көміп жатқан жол. Асфальт төселмеген, кезінде көліктің табаны із салған сорабы. Біз осы жолға әдейі асфальт төсемей, тиіспей отырмыз. Қара жолмен қонақүй кешеніне дейін Tesla көлігімен жүреміз. Осыны Илон Маск көруі керек, біз оны осылай шақыруымыз қажет. Өзінің ойлап тапқан көлігі тегіс жерде ғана емес, тау-тасқа да шыға алатынына көзі жеткен Маск Көлсайға келіп-кетсе, ішкі туризмнің дамуына айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Илон Масктің табаны тиген жерді көруге ынтасы артушылардың да қатары көбейеді.

Jas qazaq: Сауалымызға тұшымды жауап бергеніңізге рахмет. Ісіңіз ілгері баса берсін!

Сұхбаттасқан
Қуаныш ӘЛМЕРЕК

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі