jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жер жетеді. Бірақ диқан мен малшыға жер жоқ

26 наурыз, 11:15
323

Жер жетеді. Бірақ диқан мен малшыға жер жоқ

Осы аптада Жер реформасы комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Жиынға қатысқандар жер мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, өз ойларын ортаға салды.

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбына тоқталды. «Қазір ел экономикасы негізінен жерасты пайдалы қазбалардың арқасында дамуда. Бірақ олар таусылатын, яғни жаңартылмайтын табиғи ресурстар. Сондықтан болашақ ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану қолжетімді болуы керек. Аграрлық бизнесін дамыту үшін олар жер иеленуші немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет», – деді ол.

Сенатордың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші деген пікір үстем.

Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жағынан еліміз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен көп артта қалды. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестиция көлемі Австралияда 1 гектар егістікке шаққанда 422 долларды, Канадада 80 долларды құрайды. Ал бізде 1 долларға да жетпейді. Шетелден инвестиция тартудың басты шарты ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен жоғары рентабельділігі болып саналады. Бұл ең алдымен мемлекеттің тиімді аграрлық саясаты есебінен қалыптасады. «Басқаша айтқанда, егер біздің шаруашылықтарымыз шетелдік фермерлер сияқты ұзақ мерзімді және арзан несиемен, мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен, субсидиялармен, жеңілдетілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми-технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, біздің де аграрлық саламыз инвестициялық сұранысқа ие болар еді», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілуіне байланысты атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.

«2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілген болатын. Бұл мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады», – деп еске салды министр.

«Шетелдіктерге қатысты мораторий нормаларына келсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында бұл жөнінде түпкілікті саяси шешім қабылдады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайды және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейді деп шешті. Шұғыл түрде тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне арнайы Жолдаумен енгізілді, қазіргі уақытта ол жұмыс топтарында қаралу сатысында», – деді министр.

Ал Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев:

«Жер шетелдіктерге берілмесін деп дабыл қағып жүргенде, қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резиденттігінен шығып, шетел азаматтығын алып жатқанын байқамай қалдық. Жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Шетел азаматтығын алып жатқандар қолда бар мыңдаған гектар жер телімдерін банкке кепілге қойып, қыруар ақша алып, кейін қайтара алмай, шетелге қашып кетпеуіне кім кепіл? Заң кері күшіне ие бола алмайды деген кертартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал», – деп өз алаңын білдірді. Сонымен бірге қауымдастық төрағасы жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керек дейді.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің пікірінше, жерді бөлу құзіретінің әкімдерде болуы дұрыс емес. Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: «Менің ұсынысым бірыңғай аграрлық салығына қатысты. Бүгінде адам жерді бос ұстайтын болса, жер салығы өте төмен. Ал егер жұмыс істейтін болса, қосымша 7-8 салық қосылады. Демек салық және экономикалық жағынан жұмыс істеу тиімсіз. Сондықтан бірыңғай аграрлық салықты енгізуіміз керек», – дейді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «ауыл шаруашылығы жерлері, жайылым, шабындыққа қатысты заңдар мен қабылданған баптар неге жұмыс істемей жатыр» деген кәсіби талдау жасау керек деген ұсыныс айтты.

Саясаттанушы Расул Жұмалы: «Елімізде бір шаршы шақырымға 6 адамнан ғана келеді. Бірақ шынтуайтында ауылдағы диқандар мен малшыларға жер жетпей жатады. Алып жатқан жеріміз Антарктида емес, Сахара емес, тыңайтуға, өңдеуге қолайлы алқаптар. Бірақ өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алмай жатырмыз, оны мамандар, сарапшылар жақсы біледі. Меніңше, бұл – жер мәселесінің жақсы реттелмеуінің көрінісі, біздің талқылап отырғанымыз дәл осы мәселе», – деді.

Комиссия отырысында 10 сотық жер телімін беру мәселесі де сөз болды.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселенің жан-жақты қаралатынын жеткізді. «Инфрақұрылымның өзін жүргізу үшін орта есеппен 4 трлн теңгеден астам қаржы керек. Бұл бағыттағы жұмыстар бір күнде шешілетін мәселе емес», – деп түйіндеді ол.
17 жылдан бері асыл тұқымды мал өсірумен айналысып келе жатқан Алмасбек Садырбаев қожалық иелеріне жер берілу керек деп санайды: «Қаншама жастар қазір қалаға барып, базарда арба сүйретіп жүр. Себебі, ауылда жұмыс жоқ. Ал қожалық иелеріне жер берсе, малын өсіріп, тіршілігін жасайтын еді, кәсібін дамытатын еді. Бізде ұрпақ сабақтастығы деген жоқ. Мысалы, қожалық иесіне жер берілсе, ол малын, жерін, ертең ұрпағына береді. Мына ұлан-ғайыр жеріміз онда бос жатпайтын еді, игерілетін еді».

Асыл тұқымды қошқар мен қойдан бір мезетте 5-7 эмбрион алып, асыл тұқымды емес қойға салу арқылы уақыт үнемдеу мүмкіндігін, мал жаюдың тиімді әдісін елімізде алғашқылардың бірі болып игерген Алмасбек Садырбаев өзінде жер жоқ екенін айтады.

«Мен қойымды қазір біреуге бақтырып отырмын. Себебі менде жер жоқ. Әр қожалық иесіне 500 гектардан жер берсе, шаруашылық дамитын еді. Менде бастапқыда жер болды. Бірақ өте кішкентай. Балаларымның аузынан жырып салған қожалығымды тастап, кең жер іздеуге кеттім. Себебі малды сыйдыру керек. Бүгінде қойдың басы 3 мыңға жақындап қалды. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, шаруаларға жер беріп, қолдау керек», – деді Алмасбек Садырбаев.

«Олжа Агро» бас директоры Айдарбек Қожаназарұлы кәсіпкерлер жауапкершілікті өз мойнына алуды үйренуі қажет деген пікірде: «Жекеменшікке жер алған кәсіпкерлер қол қусырып отырмай, ел мен халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керектігін, жердің әлеуетін барынша ашу үшін аянбай тер төгу керек екенін жіті түсінуі тиіс. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы жерлерін берудің ең тиімді әрі пәрменді іс-шарасы – ұзақмерзімді жалға ұсыну. Себебі жерді пайдаланып жүрген фермерлер үшін оны ұзақ мерзімді жалға алу мен жекеменшікке алудың еш айырмашылығы жоқ».

Талап Тілеген

03 желтоқсан, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
03 желтоқсан, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
03 желтоқсан, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
03 желтоқсан, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды