jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Статистика сөйлейді

19 наурыз, 11:50
125

Статистика сөйлейді

Ұлттық статистика бюросы 2020 жылғы өлім-жітім туралы деректі жария етті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, жарық дүниемен қоштасқандар саны 29 мың адамға көп. Ең жоғары көрсеткіш шілде айына дөп келеді. 28 178 адам. Ең төменгі көрсеткіш сәуірде – 4441.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы 162 613 адам о дүниеге аттаныпты. Ресми мәлімет коронавирустан (пневмонияны қоспағанда) 2865 адам көз жұмды деп отыр. Өлімнің негізгі себептері – қан айналымы, тыныс және ас қорыту жолдары, инфекциялық һәм паразитарлық аурулар. Ал жол апаты, улану, жарақат алу сияқты оқыс оқиғалардан көз жұмғандар аз көрінеді.
Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы өлім-жітімнің көбеюін қалай түсіндірді дейсіз ғой?
Ақпарат құралдарының сауалына бұл мекеме «Қазақстандағы өлім дерегінің артуы, әлемдегі көп елдер сияқты, коронавирус және өзге де созылмалы аурулармен байланысты» деп жауап беріпті. Әрмен қарай: «коронавирустың алғашқы толқынында ауруханалар мен республикалық ғылыми орталықтар жоспарлы медициналық көмек көрсететін жартылай инфекциялық және провизорлық стационарға айналдырылды». Сондықтан жоспарлы медициналық көмекті шегеруге тура келіпті. Алайда жүкті әйелдер, онкологиялық сырқатқа шалдыққандар, басқа да науқастарға жәрдем тоқтамапты.

«Өткен жылы өлім-жітімнің көбеюіне денсаулық сақтау саласына ауыртпалықтың түскені, пандемия кезінде өмірлік маңызды медициналық көмектің қолжетімсіздігі, сондай-ақ тұрғындардың пандемия кезіндегі күйзелісі (стресс) ықпалын тигізді», – деп мойындайды құзырлы мекеме.

Зымырап жатқан уақыт-ай. Елімізге тәжтажал келгелі (Бекшин мырзаның «наконец-то» дегені еріксіз еске түседі) тұп-тура бір жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде біз көп жағдайды бастан кешірдік. Вируспен өмір сүруге біраз бейімделіп те қалдық. Қауіп әлі де сейілген жоқ. Көктем шыққалы кең таралу қаупі ұлғая түскендей. Оны күнделікті жарияланатын статистикадан көріп отырмыз. Статистика демекші, былтыр жазда коронавирус өткір шалғысын оңды-солды сілтегенде, көпшіліктің ресми дерекке сенімсіздік танытқаны есімізде. «Вирус жұқтырғандар мен науқас санын азайтып көрсетеді» деген пікір үстем болды. Олай деуге себеп те бар еді. Оған мәйітханадағы ұзын-сонар кезек дәлел. Әйтпесе, шілде айындағы 28 мыңнан астам адамның өлімін немен түсіндіресіз? Коронавирусты былай қойғанда, пневмониядан кеткендердің статистикасы қайда? Елге тәжтажал енгенге дейін қанша адамның тыныс жолдары ауруларына жазда шалдыққаны туралы нақты дерек бар ма? Болса, қайда?

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осы кезге дейін коронавирус пен пневмониядан көз жұмғандардың жалпы саны 3,5 мың. Биылғы ақпаннан бастап аймақ бойынша көз жұмғандар туралы мәліметті жариялау мүлде тоқтады. Есесіне, «қызыл-сары-жасыл» деп бөлуге көшті. Құдды бағдаршамның өшіп-жанғаны секілді.

Бүгінгі күні оптимистік және пессимистік болжам жасалып қойды. Пессимистік бойынша, сәуір айында тәулігіне 1700 адам вирус жұқтыруы мүмкін. Біздегі алдын алу жұмыстары әдеттегідей қатаң шектеуге тірелетіні белгілі. Оған бел шешіп кірісіп те кетті. Ал шындығында, бұл жұмыс бір сәтке де тоқтамауы тиіс еді. Тәжтажалдың босаңсу мен салғырттықты көтермейтініне өткен жылғы өлім-жітімнің артуы дәлел.

Осы орайда айта кететін тағы бір жәйт бар. Ковидке төтеп берудің бірден-бір амалы вакцина десек, ақпаннан бері екпе салдырғандар саны 20 мыңға да жетпепті.

Гүлнар Ахметова

10 қыркүйек, 11:16
Жатақхана жетіспейді
03 қыркүйек, 11:49
Мектепке бала сыймайды
03 қыркүйек, 11:44
Қайда сол салынады деген бір емес, бірнеше қойма?
03 қыркүйек, 11:24
Мәжбүрсіз мәртебе
27 тамыз, 12:59
Ережесіз көліктер
27 тамыз, 12:55
Әркім арбасын өзі сүйреуі керек
27 тамыз, 12:52
Заңсыз ымыраның жолын кесу
20 тамыз, 12:28
Ауған түйіні