jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын

12 наурыз, 11:24
887

Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын

Бабалардың өмірін жалғасын деп,
Келеді арман әзірге алға сүйреп.
Шабыт берді бойыма талмасын деп,
Қанат берді ойыма самғасын деп,

Есләм ақын өзі жазғандай, табиғат берген дарынның арқасында еліне жақсы-жақсы жыр сыйлады. Өмірінің соңына дейін туған халқына, замандастарына, артындағы ұрпаққа рухани азық болғандай көптеген кітаптар жазды. Есләмнің ақындығы кезінде өз бағасын алып, қазақ поэзиясының дәриясына кәусар бұлақ болып құйылды.

Қазақ баспасөзі талай таланттың бағын ашып, ақындық-жазушылық талантын қозғап, қоздатып үлкен жолға салғанының мысалы көп. Бұл ағдыр Е.Зікібаевтың да басынан өткен. Ол өзі туған өлкедегі «Солтүстік Қазақстанда» қаламын жаттықтырып, қазақ мәдениетінің алтын отауы, асыл ошағы Алматыға барған соң, кеңінен көсіле алды. Ақындық ортада жүріп, журналистік қызметімен бірге көркем шығармашылығын байыта берді. Республикалық «Қазақстан пионері» газетінде қызмет істеді. Мектеп оқушыларына арналған басылымда түсінікті де әдемі жеңіл тілмен мақала жазуға машықтанды. Бала сезімнің нәзік тамырларын дәл басатындай шеберлікке ұмтылды. Онысына жетті.

Кейін, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакциясында қызмет атқарған кезінде Есләмнің ойлы корреспонденциялары, көркем очерктері оқырман назарына тез ілікті. Ол уақыт тынысын дәл сезіп, күнделікті баспасөзде бұқара халықтың күтіп отырған мәселелері бойынша, салмақты да, салиқалы сөз қозғайтын журналист деңгейіне көтерілді. Ақын Зікібаев көсемсөзші ретінде де еркін көрінді.

Жас шамасы жағынан әріптестерінен көп кіші болса да, ол «Социалистік Қазақстан» сияқты «аға газет» атанған үлкен басылымда жауапты қызмет атқарды. Әр жазғаны оқырман назарынан тыс қалмайтындай шеберлік әрі қажыр танытты. Әлбетте, газет бір күндік деген ұғым бар. Бірақ бұған қарап, журналистердің бәрінің жазғаны бір күндік қана ғұмыры бар деуге болмас. Мәселе сол материалдың, жанры қандай болғанына қарамастан, мақаланың немесе корреспонденцияның, очерк пен фельетонның тақырыбы қалай ашылғаны, ондағы ойдың оқырманға қаншалықты ықпал етпегі маңызды десек керек. Осы орайда кәсіби білімімен қоса, алғырлығы қолдаған көп жылғы журналистік тәжірибе дүкені Есләм Зікібаевты тісқаққан көсемсөз шебері ретінде қалыптастырды. Осында жүріп ол очеркистердің Бүкілодақтық аймақтық семинар-кеңесіне қатысты. Мақтау-марапатқа ие болды.

Партиялық баспасөздің әлуеті күшейіп тұрған шақта, республикалық газетте істейтін жүйрік журналистердің де атағы аспандауы заңды еді. Есләм Зікібаевтың есімі мықты тілші, шебер очеркист ретінде «Правда» газетінің бетінде атақты жазушы Әзілхан Нұршайықов, сақа қаламгерлер Бегділда Абдуллин, Пернебек Бейсеновпен қатар аталып шыққан кезде ол отызға да толмаған жігіт еді.

Келесі бір кезеңде әдебиет ісі мен баспа өлкесіне бет бұрған Есләмға журналистік тәжірибесі тағы да көмекке келді. Ол әртүрлі жанрлардағы кітап редакторы ретінде өз ісінің шебері еді. Әдеби сынмен басыбайлы айналысып кетпесе де, проза мен поэзияға бірдей жорға Зікібаев үшін баспадағы жұмыс онша қиын бола қоймады, жетілген үстіне жетіле берді.

Ақын Зікібаевты осылайша аз-кем таныстырып отырған себебіміз, көсемсөзші Зікібаевтың қаламгерлік тұлғасын ашуға жасаған барлауымыз.

Әлбетте, ол ақын ретінде танымал. Қазақтың көрнекті көсемсөз шебері, көп жыл баспасөзде басшы қызмет атқарған Сарбас Ақтаев әрі ақын әрі көсемсөзші Е.Зікібаевпен қалай танысқанын, қалай дос болғанын айта келіп, оның шығармашылығы туралы былай дейді: «…Бір
қызығы – қырық жылға жуық сыйлас-сырлас, дәмдес-тұздас болып, жұбымыз жазылмай жүрсек те, не тындырып, не қойғанымызды, қай деңгейге көтерілгенімізді бағамдап-бағалай бермейді екенбіз. Әлбетте, қолда бар заттың қадірі, қасында жүрген жанның қасиеті білінбейтіні секілді, ерте үйреніп кетсе, ұлылықты да ешкім елемейді ғой. Күнделікті жазып жататын жыр, жылдағы шығып жататын кітап – бәрі-бәрі дағдылы дүние іспетті…әуелі «Егемен Қазақстан», «Жетісу», «Ұлан» сияқты ұлылы-кішілі басылымдарда журналистік жұмыс атқарып, өзінің қарымды қаламгер екенін танытып, қыруар тәжірибе жинақтаған Есләм кейінгі ширек ғасырда ат басын бірыңғай жырға бұрып, өндірте еңбек етті».

Осы уақыттың ішінде он шақты өлеңдер кітабы жарық көрді. Есептеп отырсақ, Есләмнің кітапқа жарияланған өлеңдері отыз мың жолдан асады екен. Ал кезінде жергілікті және республикалық газеттер мен журналдарда шыққан өлеңдері бұл есепке кірмейді. Демек осының өзі қаншама көз майын тауысып, жүйке жұқартқан күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндердің жемісі екенін түсіну қиын емес. Оған соңғы төрт-бес жылда мерзімді баспасөзде ғана жарияланып, жинаққа сұранып тұрған он-он екі мың жолдай өлеңдері мен он бес баспа табақтай очерк-эсселерін қосса, жанкештілікке пара-пар еңбекқорлықты байқаймыз. Осыларды аудара қарап, ақтара шолып шыққанда Есләм ақын және табиғатынан тума ақын деген бір ғана тұжырымға тірелесін. Оның үстіне кейбіреулердей саусағын сорып отырмай, қара сөзде де, өлең сөзде де төгіліп, егіліп кететін ақын.

Өмірде мезгілсіз кететінін сезгендей, Есләм Зікібаев өзінің артындағы ұрпаққа жәй ғана ескерткендей етіп:
Кім оянып, мәңгіге кім жатады,
Тоқтамайды күн шығып, күн батады…
Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын,
Ерік бердім жан сырым – жырға тағы, –

деп ағынан жарылған адал ақынның осы бір сөздері оның бүкіл шығармасының шынайлығын аңғартып, адамдық пен азаматтық, елдік сезім мен ерлік сенім, даладай кеңдік пен анадай мейрімділік шашады. Бабалардың өсиетіндей даналық жүгін арқалаған, баланың ниетіндей тазалығы мөлдір маржандай Ақын деген сөздің бағасы қымбат. Ақын жүрегі – өз дәуірінің дүбірлі оқиғалары бұрқ-сарқ қайнап жататын тайқазан. Былайша айтқанда, заман құбылысы мен қоғам құрылысын саралап отыратын сана сүзгісі. Ақынның қыран жанарынан қалт еткен қимыл, жарқ еткен жаңалық қағыс қалмақ емес.

Өмірінің соңына қарай үлкен толғаныс үстінде қағазға түсірген «Арманым» деп аталатын толғауында қазақтың тегін, өзінің қасиетті ата бабаларын, халқының аяулы азаматтарын мақтаныш ете отырып, тәуелсіз елдің ұлдарын пенделіктен сақтандырады, бірлікке, татулыққа шақырады. Сол өлеңнен екі-үш шумақ оқып көрейік. Тақырыбымызға байланысты ақын Есләмнің бұрқанысты шабыт сәті үстінде көпке ой салар далалық пікірлерді төгіп-төгіп жібергенін байқаймыз.

Мен де «Арғынмын Әсеттей
арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған»…
Шығатын биіктері көп болар деп,
Тәңірім аздап сыйлаған дарын маған.
…Болмаған біріміз құл, біріміз күң,
Таралған тегі тұтас түбіміздің.
Орта жүз, Кіші жүз бар…бәріміз де
Тетелес інісіміз Ұлы жүздің! – деп келеді де, жүзге, руға бөлінбей, тұтас қазақтың әрбір ардақтысын қасиеттей білуге үндеген ақын, мысалы, қазақ кім дегенде:

…Елім деп айқара ашқан ақ жаны бар,
Еңіреген Ер Түрік деп Мағжанның ал.
Қонар тұсын таба алмай тентіреген
Кей-кейде тайқымаңдай бақ жаңылар.

Көңіліме толса да, толмаса да,
Біреуді зор, бірдеу қорға сана
демеген арғы-бергі бабаларым.
Әр қазақ түп-тегімен мақтанады,
Бірі артық бірі кем болмаса да…

Шын ақын не айтса да, әділін айтып, алдаспандай орып түсуі шарт. Оған жалған айту, жалтақтық пен жағымпаздық атаулы жат. Философтардың қияннан қайырып, көп толғап қисындырар сырын, ой қорытындысын ақын оп-оңай құя салады.

Сөзің бітсе,
Айтатын ойың бітсе,
Жол қысқарып,
баратын тойың бітсе…
Ақынның да өлгені ел көзінде,
Бұқпантайлап дауылда бойын күтсе.

Ақындық өнердің өлшемі осы болса керек. Ой орамына пікір-пайымына қарай бағалар болсақ, Есләм де ештеңеден тайынбайтын дәл осындай алғыр да арынды, айтқыр да қарымды ақын. Жыр бәйгесі атты ұлы дүбірде тізгінін сүзе тартып, қалың топтың кеуде тұсында келе жатқан жүйріктей оның қара үзіп шығып, көзге ерек түспей жүргені бізде тұлпар таланттардың көптігі ғана емес, барымызды бағалап, жұртқа таныта алмай жүрген әдеби сынымыздың әлсіздігінен. Ақын және жақсы ақын көп те, сыншы жоқ. Бірді-екілі сын сарбазы шыға қалса, «түйенің танығаны – жапырақ» дегендей, танымал тарландардың төңірегінен айналшықтап шықпай қояды. Сондықтан Есләм сияқты сан ақын әділ бағасын ала алмай, өлеңдегі лайықты орнын таба алмай жүр.
Есләмнің шынайы шабытынан туған жырларын оқығанда құлағыңа Есілдің бойындағы ен тоғайдың сыбдыры, қырдан асып, буырқана тасып жатқан ерке өзеннің гүрілі келгендей. Танауыңды дала гүлі мен таба нанның иісі қытықтағандай, көз алдыңда манар таулардың маңғаз шыңдары манаурап, бұрала билеген бикештей ақбалтыр қайыңдар тұрғандай болады. Ал оның «Боранын» оқысам-ақ, Арқаның ақтүтек алақұйын боранының талайын көрген өз басым, арқамнан құмырсқа жорғалап өткендей, денем түршігіп, жылы үйде отырып жаурағандай сезінемін. Ақындықтың құдірет күші де осы болса керек. Әлбетте, Арқаның сәні – ақ бораны мен ақ жауыны, сайын белдері мен саумал көлдері ғой. Қазір сол көлдер тартылып, сол белдер тақырланып, тіпті қазақтың қос жанары сынды Арал мен Балқаш сарқылып бара жатқанда, ақын жаны шырқырап, шағаладай шаңқылдап, шарқ ұрмай қайтпек. Туған табиғаттың тірідей тоналып, кіндік кесіп, кір жуған жерінен жұрт амалсыздан ауа көшіп жатқанда, азаматтық үн көтермей қай ақын отыра алмақ. Есләмнің «Ата жұрттан айрылу қандай қиын…» деген өлеңінде тұралап жатқан туған жердің табиғатын сақтап қалуға шақырып, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған жанайқайын анық естігендей боласың. Кезінде ядролық қаруды ашықтан-ашық сынаған айдын дала, қазақтың қасиетті Сарыарқасы қазір жан шошырлық.

Тартылғын өзен,
Сағымдай сарқылған көлдер.
Өртеніп отқа,
Жалынға шарпылған белдер.
Суырған құмды аңызақ аңқылдақ желдер,
Әзірейілдей алапат ант ұрған кендер…

Осыларды көзбен көріп, көңілмен түйсіне отырып, қай азамат түшіркеніп, тыныш ұйықтамақ. «Бірде ашық көңілі, бірде тұман, бір беті мұң өмірі, бір беті ән» деген ақын үшін туған жерінің көнтулаққа айналуынан ауыр да аянышты ештеңе жоқ шығар, сірә.

Ұйқы қашты мезгілсіз неге менен.
Күлкім ащы, боламын елемеген.
Өн бойымды мың ине шабақтайды,
Шырылдатып қаққандай шегеменен,
Көп іздедім інжуді, ойға қанбай,
Нұрын төктім талайға толған айдай.
Келгенің не өмірге, кеткенің не –
Ізсіз өтсең, ештеңе болмағандай, –

деп тебіренгенде, ол өзінің елі үшін де, жері үшін де болашақ алдында жауапты екенін жан жүрегімен сезініп, шыр-пыры шығады. Оның халықты қарқ қыла алмаған нарық заманындағы елдің жай-күйі туралы толғаулары өз алдына бір төбе. Ащы да болса шындықты ашып айтып, қалың бұқара тірелген тығырықтан жұртты қалай аман алып шығу жөнінде жүз ойланып, мың толғанған азамат тағдыры оңай да емес. Дүние атаулының бәрі қымбаттап, оны тірнектеп жинап, тер төгіп жасаған Адам арзан тартып, аяқ асты болған кезеңде ашығын айтсаң, ағайынға жақпайсың, ақиқатын айтсаң, әкімдерге жақпайсың. Қу тіршілік үшін тырбанып басыңды тауға да, тасқа да ұрып жүргенің. Баяғы «бағлан сойып, сары қымызды сапырып, шалқытып әнді ақ таңды көзбен атырып» жүрген күндер көзден бұлбұл ұшып, арманға айналды.

Арман ғой шіркін,
Арман ғой бәрі, арман ғой.
Өреміз төмен.
Көрсетіп жүрмін жалған бой.
Жақсылық күтіп
Емексуменен ертеңге,
Жол қарағандай көзіміз ұзақ талған ғой, –
дейді ол бертінгі бір өлеңінде. Күтуден көз талса да, үміттің үзілмегені, арманның бітпегені жақсы. Армансыз пенде – алғаусыз көже сияқты, көңілі лайланып, бәріне енжар қарап, қарекет-қимылдан қалады. Өз өмірінде не атқарып, не көргенін түгел айтып беретін өлеңіне сенетін Есләмнің:

Уа, аққу арманым,
Төрт құбылам түгел,
Ойы-қырымды бүтін қып,
Сезімге бір сәт ұялатып алсам күпірлік.
Тағдырым-дағы таусылып қалар секілді,
Сондықтан сенің таптырмағаныңа да
шүкірлік, –
дейтіні де шын.
Тек сол аққу арманы алысқа самғап, жеткізбей қызықтырып, соңынан қуғыза берсе, дарыны кемелденіп, қарымы күшейген ақынның әлі де талай жырды туғызары күмәнсіз еді. Амал не, он жылдай алысып, бой бермей келе жатқан ауыр науқасы жетпісіне жеткізбей арамыздан алды да кетті. «Сынығымын алмастай асылдардың, тұлғасымын тұңғиық ғасырлардың» деп өзі айтқандай, ақынның ақыны Мағжанның ғасырдың шежірелері, Сәбит пен Ғабиттің туған топырағынан түлеген қарымы күшті, қаламы ұшқыр, жалыны мол дос туралы сөзді оның

Таусылып татар дәмім көреріммен,
Ерте ме, кеш пе – әйтеуір, өлемін мен.
Сол күндер кім болғаным айтылады
Шежіре – өмір сыры өлеңіммен, –

деген жыр жолдарымен түйгенді жөн көрдік. Өмір жолын өлең жолымен өрнектеген ақынның өзі өлгенімен сөзі өлмек емес.
Есләм Зікібаевтың алғашқы өлең жинағы 1975 жылы «Ақ қайыңдар» деген атпен жарық көрді. Кейін Есләм қаламынан шыққан шығармалар шеруі «Ақ қайнарға», «Ақ айдынға» және «Аққу арманға» ұласты. Ақыры, өзі қайтыс болғаннан кейін, «Жыр – тағдырым» деген атпен бұрын жарияланбаған бірталай өлеңдері мен очерктері, естеліктері жарық көрді.

Зарқын Тайшыбай,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

(Жалғасы бар)

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады