jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Меруерт Сүлейменова: Әйел әр кезде де әдемі болуы керек!

05 наурыз, 14:25
877

Меруерт Сүлейменова: Әйел әр кезде де әдемі болуы керек!

Меруерт Сүлейменова – бойындағы ерік-жігерімен, қайтпас қайсарлығымен өзгелерге үлгі. Қоларбаға таңылса да, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, тағдырлас жандарға демеу бола білді. Ол – он жылдан бері «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі. Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Меруерт ханыммен кездесіп, әңгіме-дүкен құрдық.

Jas qazaq: Меруерт ханым, сіз көп адамға күрескерліктің символындай көрінесіз. Қиындықтан мойымайтын, өзін-өзі қайрап, жігерін жанып, өмірдің дауылына қарсы күресіп келе жатқан қайраткерлігіңізді жақсы білеміз. Мұндай күш-қуатты қайдан аласыз?

М.Сүлейменова: Жарақат алғаныма, міне, 22 жылдан асып бара жатыр. Бұл менің 23 жасымда алған омыртқа жарақатым. Сол кезде жастық бар, сезім бар, осылардың әсерінен ауырлықты сезінбедім. Білінбеді. Белімнен төмен қарай жансыз қалу деген аса сезілмеді. Өзіммен тағдырлас жандарға асты-үстіне түсетін қамқорлықтың керегі жоқ деп санаймын. Осыны үнемі айтамын. Өйткені аурумен бетпе-бет күресу керек. Мен 1999 жылы осы жарақатты алған кезде менімен тағдырлас қыз-жігіттермен таныстым. 22 жылдан бері солармен араласып, хабарласып тұрамыз. Әу бастан оларды туыстары, ата-әжесі, өзге де ет жақындары айрықша қамқорлығына алды. Алақанға салып аялады. Бүгінде 22 жыл өтсе де, ол таныстарым әлгі жақындарының қамқорлығынан арыла алмады. Менің ойымша, алғашқы аптада қамқорлық танытқан дұрыс. Кейіннен адам тағдырына мойынсұнып, қиыншылықпен күресуге бейімделуі керек. Аурумен бетпе-бет қалған кезде ғана сен оны жеңесің. Адамның денесі жалқау келеді. Еріншек болған сайын, соғұрлым демалғысы кеп тұрады. Маған күш беретін, жігеріме жігер қосатын бір жан бар. Ол – қызым. Қызым 2010 жылы дүниеге келді. Сол күннен бастап екінші рет өмірге келгендей болдым. Ана болу деген үлкен жауапкершілік. Мен күш-қуатты қызымнан аламын. Қызымнан қуат алып, қызыммен бірге өсіп, өмірдің қызылды-жасылды түстерін көріп, сезініп жатырмын. Қызымның есімі – Сардана, жасы 11-де. К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектептің 5-сыныбында оқиды. Бірнеше үрмелі аспапта ойнайды. Мамасының музасы. Арманым – қызыммен бірге әлемді аралау. Еуропа төрінде өнер көрсетсе деп елестетемін. Үнемі жақсы нәрселерді ғана ойлаймын. Күш-қуатты жақсы әннен аламын.

Jas qazaq: Сіздің тас қайрақтай жігеріңізге қарап бір нәрсе ойға түседі. Қазір «жұмыс жоқ, ақша жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» дейтін аяқ-қолы балғадай жігіттер мен қыздар көбейіп кетті. Адал ақша табудың орнына ұрлық-қарлықпен мал жинайтын алаяқ әйелдер де аз емес. Мұның сыры неде: тәрбие ме, әлде адамның жаратылысындағы әлдебір жұмбақ па?

М.Сүлейменова: Кез келген адамның бойында тектілік бар. Біздің өзге ұлттарға ұқсамайтынымыздың өзі де сол тектіліктен. Жұмысым халықпен тікелей байланысты болғандықтан айтайын. Қазір жатыпішер жалқау шынымен көп. Түрлі сылтау айтып, жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Бүгінгі заманның адамы рухани шаршаған. Кез келген адамды алсақ та, ылғи да уақыты жоқ. Біреумен сөйлесе қалсаң, мейірімге зәру екенін көзінен, сөйлеген сөзінен көруге болады. Айналып келгенде, жылулықтың жетіспеуі байқалады. Мен баласын тастап кеткен безбүйрек аналармен тілдескім келеді. Әзірге ондай адаммен әңгімелеспеппін. Жұмыссыз әйелдерді түсінуге тырысамын. Бүгінде қандай жағдай болмасын, жауапкершіліктің аздығы байқалады. Тегінде тәрбие дұрыс болса, ол ондай арам жолға бармас еді. Тәрбиеден де бар. Кейде адам бала кезінде қандай да бір соққы алуы мүмкін. Бала кезінде бір реніш болуы мүмкін. Ондай адамдармен бетпе-бет сөйлескен жөн. Мен адамның көзіне тіке қарап, сөйлескенді ұнатамын. Көңілімде не бар, соны айтамын. Кемшілігін көрсем, оны түзет деймін. Ақылымды аямаймын. Меніңше, сол ақылды тыңдамау да адамның қателігі. Ақылды да нәтиже шығаратын адамға айтасың. Мен 23 жасымда өзгеше тағдырдың иесі атандым. Сол жасыма дейінгі қателіктерді қайталамауға тырысамын. Қазіргі өмірімде ондай қателіктерге мүлде жол жоқ.

Меруерт Сүлейменова: Әйел әр кезде де әдемі болуы керек!

Jas qazaq: Күміс қасықтай ақылды, сүйкімді қызыңыз бар екен. Бір жағы қолғанатыңыз, сырласыңыз деуге болады. Ана бақытын түсіне бермейтін «көкек аналар» мен безбүйрек әйелдер көп қазір. Қоғамның осындай шиқан-жарасы жандүниеңізге төңкеріс жасамай ма?

М.Сүлейменова: Әрине, міндетті түрде төңкеріс жасайды. Ана болу дегеннің өзі бақыт. Мен қызым жайлы айта бергім келеді. Біз тәулігіне 24 сағат болса, осы уақыт аралығында бір сағатқа да ажырамауға тырысамыз. Түркияға барған кезімде 4 күнге ажыраған екенбіз. Ол сол сәтті үнемі айтып отырады. Ал безбүйрек аналарға келсем, олар кішкентай кезінде жан жарақатын алуы мүмкін. Ең қорқынышты нәрсе – осы. Бәлкім, ол әйелдер рухани ауру шығар. Мысалы, бала кезінен өзіне қол салам деген адам түбінде қол салады. Өйткені ол ойы миына жазылып қалады. Бәлкім, өзге де түрлі себептері бар шығар. Өз басым кез келген әйелге әйел деп қараймын. Ал түрлі әлеуметтік дәрежедегі әйелдерді әлеуметтік әйел деп қараймын. Төрт құбыласы тең адам ондай қадамға бармайды. Мен өзім шығармашылық адам болғаннан кейін бе, үнемі көңіл күйімді көтеріңкі ұстауға тырысам. Әйел қай уақытта да, әдемі болуы керек. Қоғамдық қабылдау болғаннан кейін, әйел адамдардың жан дүниесіне үңіліп, әңгімелесуге тырысам. Бізге жас та кәрі де келеді. Әсіресе, жүйкесіне салмақ түскен әйелдер көп. Олар есіктен кірген сәттен бастап қандай жағдаймен келді, соны сезіп отырамын.

Jas qazaq: Бүгінгі қоғам мүмкіндігі шектеулі адамдардың мұқтаждығын материалдық көмекпен ғана шектейді. Көп жағдайда рухани жан дүниесіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Осымен келісесіз бе?

М.Сүлейменова: Адамды «мүгедек» деп қараудың қажеті жоқ. Сіздермен менің айырмашылығым қоларбада ғана. «Жарақат алған күннен бастап мен масыл болып қалдым-ау» деген ойларды миыма кіргізген де жоқпын. Сондықтан өзімді мүгедек адаммын деп мүлде есептемеймін. Біз біреулердің аяушылығын күтуден арылуымыз керек. Керісінше, ол сіздің ауыр тағдырыңыздың үстіне ауыртпалық жамай түседі. Мүгедектік деген баспалдақтан басталады. Бізге жағдай жасалуы керек деп үнемі айтамын. Біздің мемлекет белсенді мүгедектерге құны миллион теңгеден жоғары электр қоларба сыйлады. Бірақ сол арбаны бермес бұрын, ең алдымен, пандус мәселесі шешілуі керек еді. Өйткені кейбір тағдырластарым пандустың жоқтығынан сыртқа шықпайды. Адам баласы өзіне керек нәрсені өзі жасап алады. Көп таныстарым «жұмыс бар ма, жұмыс істегіміз келеді» деп сұрап жатады. Еңбек ету арқылы адам мұқтаждықтан арылады. Мен жұмыссыз қалудан қорқамын. Өйткені жәрдемақыға күн көру мүмкін емес. Мүгедектіктен бөлек, жетімдіктен қорқамын. Жетім көрсем, басынан сипағым келіп тұрады. Ата-анасы бар балаға мейірімнен артық бақыт жоқ.

Jas qazaq: 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, қыз-келіншектерге қандай тілек айтасыз?

М.Сүлейменова: Әйел үнемі әдемі болып жүруі керек. Өзіңді құрметтеуің керек. Қандай жағдайда да әйел әдемі болып қалуы керек. Мен шабытты көбінесе көңілден аламын. Қоғамдағы жұмыссыздық, отбасындағы зорлық-зомбылық, отбасым дұрыс емес деп түрлі себептер айтып, өз-өзіне көңілі толмай жүретіндерге айтарым, осы қиындықтың бәрін ұмытып, әдемі болуға ұмтылу керек. Қыз-келіншектер сүйікті болсын. Сүйікті болу деген балаң үшін сүйікті ана болу. Өмір болғаннан кейін түйткілді жағдай көп. Бірақ соның барлығын реттейтін, жоқтан бар жасайтын, кішкентай нәрсеге қуана білудің өзі әйелдің қолында. Мендегі құштарлық әдемілікті сүйгенімде. Мен отаға бара жатсам да, әдемі болып баруға тырысамын. Дәрігерлердің өзі «сіз отаға күліп кіріп, күліп ояндыңыз ғой» деп таң қалып жатады. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» дейді. Сондықтан әрбір әйел ең алдымен өзін-өзі құрметтей білуі керек.

Мақпал Ноғайбаева

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі