jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бақытымды сағынамын…

05 наурыз, 14:19
501

Бақытымды сағынамын...

Бір әке, бір шешеден туғанымен, әр баланың мінезі әр түрлі. Отағасының қызмет бабымен бірнеше жыл ата қонысымыздан алыстап кетіп, Мыңбұлаққа қайтып оралғанымызда ұлды болып, төбеміз көкке жеткендей қуандық.

Кеңес дәуірінде, күні бойы мемлекеттің қызметінде жүрсе де, Қанекеңнің кей-кейде бір қызық түстер көріп, алдағы уақытта болатын оқиғалар жайлы аян алатын бір қызық қасиеті болушы еді. Бұл, сірә, іштей Жаратушы иемізге сыйынып, тобасы мен тәубесін ұмытпайтын жаны таза адамдарға тән тылсым дүние болса керек қой.

Отағасы партия мектебінде оқып жүрген кезінде сондай бір жақсы түс көріп, түсінде бабалары: «Әйелің ұл туады, атын Иманкелді қой» депті. Оянған соң, болашақта дүниеге келетін баланың есімін ұмытып қалмау үшін, үстелдің үстінде жатқан бір газеттің шетіне түртіп, жазып қойыпты.
Бүгінде орталығы Мыңбұлақ деп аталатын сол кездегі Бөген кеңшарына көшіп келгенімізде туған баламыздың есімін ағайын-туыс, абысын-ажындар: «Бұның атын енді Бөгенбай деп қоятын шығарсыңдар!» деп күліп, қуанып жатқан кезде Қанекең өзінің түсінде аян алғанын есіне алып, әлгі газетті көрсетіп, жұртты бір таңырқатты.

Екі жылдан кейін дүниеге тағы бір ұл бала келді. Оның есімін Бақыткелді деп қойдық. Иман екеуі тете болып өсті. Кей күндері араларында кәдімгідей кикілжің туып, қып-қызыл болып шекісіп қалып жатады. Ондай кезде отағасы ақылын айтып, татуластырып қояды.

Мен балалардың тәртібіне қаталдау болдым. Өйткені бұл өмірдегі барлық нәрсенің белгілі бір шегі мен өлшемі бар емес пе? Сондықтан баланы да бетінен қақпай, жөнсіз еркелете беруге болмайды деп есептеймін. Менің осы мінезімді білетін олар да тайсақтап, айтқанымды екі етпей орындауға тырысады.

Ал Қанекеңнің тәрбиесі басқа. Ол кісі бір-бірімен бала қораздар секілді шекісіп, қайта-қайта кеуде тірестіріп қала беретін тете балаларын шақырып алып: «Мен кеше бас бұғалтырдың үйіне бара қалып едім, балаларының бірін-бірі қалай сыйлайтынын, кішісі үлкенін қалай тыңдайтынын көріп таңғалдым» деп әңгіменің арқауын тым арыдан тартып, екеуін үнемі тәртіпке шақырып отырады.

Сол жылдары Қанекеңнің бір ескі «уазигі» бар еді. О шіркіннің жүргенінен, қаңтарылып тұрғаны көп болатын. Зәуіде бір жаққа мініп бара қалсақ, тоқтаған жерінде өшіп қалып, екі-үш бала жабыла итеріп, әрең қозғалтып, әупірімдеп от алдырып жататын.

Міне, сол машина Иман мен Бақытқа жақсы ермек болды. Ауылдағы механик жігіттерді «ағатай-көкетай» деп үйге шақырып, әлгі «уазикті» шұқылап жөндейді де жатады. Сөйтіп жүріп екеуі де техниканың қыр-сырын ерте түсініп, тәп-тәуір-ақ игеріп алды.

Жазғы демалыста бұларға Нұрайшаның үлкен баласы Талғат келіп қосылады. Қайбір жылы, шамасы, бесінші-алтыншы класқа көшкен кездері ғой деймін, Қанекең оларға Қайнарбұлақ жақтан шөп тасыта бастады. «Оу, сендер енді жігіт боп қалдыңдар! Бұдан былай мына қорадағы малдың бәрі сендердікі» деп мақтап, жігерлендіріп әрі аяқ астынан «байытып» та қояды.
Олар болса, Қанекеңе қиыла қарап: «Онда бізге шөп таситын арба жасатып беріңіз» дейді.
Сөйтіп жүріп, бір күні балалар айтқан арба да дайын болды. Иман мен Талғат Қайнарбұлақ жақтағы Кемердің сазы деген өзектен шөп әкелуге кетті. Тәуба, тәуба деймін. Өз басым, ұл баланың да, қыз баланың да жастайынан еңбекке араласып, тұрмыс-тіршілікке икемді болып өскенін қалаймын. Өйткені бала күнімізде өзіміз де ата-анамызға қолғабыс жасап, шамамыздың келгенінше үлкендермен бірдей жұмыс жасауға тырысып өстік емес пе.

Қазан-ошақ жақта күнделікті тірлігімді жасап жүріп, Иман мен Талғаттың талабына іштей қуанып та қоямын. «Азамат болғандарыңнан, қолғанат болғандарыңнан» деп іштей айналып-толғанамын. Үйдегі қыздарым да бүгін көңілді, өздеріне тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп орындап, сықылықтап күліп, әлдеқандай бір жаңалық күтіп жүрген секілді.
Түс әлетінде шөпке кеткен балалар да келді. Жүздері күнге күйіп, терлеп-тепшіп, әбден шаршаған тәрізді. Біз тездетіп дастархан жайып, тамақты қазаннан түсіріп, шай демдеп, дайындық жасап жатырмыз.

Олар арбаның төңірегінде айналшықтап, өзара бірдеңені ақылдасып жүр.

– Қолдарыңды жуып, үйге кіріңдер. Тамақ дайын болды, – деп қоямын.
Неге екені, екеуінің де қабағы қату, көңілсіз. Төмен қарап, үн-түнсіз отырып тамақ ішті.

– Әй, сендерге не болған? Ұнжырғаларың түсіп кетіпті ғой, – деймін.

– Жай әншейін. Ештеңе болған жоқ, – дейді екеуі бастарын шайқап.

– Шаршадыңдар ма?

– Иә. Шаршадық…

– Ештеңе етпейді. Өстіп-өстіп үйреніп кетесіңдер! Еңбек еткен адам жаман болмайды. Түстен кейін тағы бір арба шөп әкелсеңдер, тіпті жақсы.

– Иә, мама, бәрі дұрыс. Бірақ біз түстен кейін бара алмайтын шығармыз…

– О неге?

– Арбаның бір жөндейтін жері болып тұр.

– Ойбай-ау, кеше ғана жасатқан жаңа арба емес пе. Оған не боп қалды?

– Жай… Сол арба жасаған кісілерге жолығып келеміз кәзір.

– Е-е, жарайды….
Мен іштей таңырқап, екі баламның бетіне кезек-кезек қарап, үнсіз отырып қалдым. Олар тамағын ішіп, орындарынан тұрып кетті.

Кейін естідім ғой, жаңа арбаның бір кілтипаны бар көрінеді. Иман мен Талғат Кемердің сазына барып, шөп тиеп алып, қайтып келе жатқанда арба аударылып қалыпты. Аяқ астынан не болғанын түсінбей, екеуі шөпті қайтадан артады.

Көп ұзамай-ақ тағы бір сайдан өте бергенде жаңа арба қойқаң етіп, бір бүйіріне қарай құлай кетеді.
Масқара. Үстіндегі шөп тағы да шашылып қалады. Екі бала мықшыңдап арбаны көтеріп, орнына қойған соң, шөпті қайтадан артуға мәжбүр болады. Бірақ біраз жүргеннен кейін ол тағы да аударылып қалады…

Сөйте-сөйте екеуі әбден шаршайды. Арбаның кілтипаны неден екенін де сол әбіржіп, қиналып келе жатқан кездерінде түсінеді. «Қап, мына екі дөңгелектің осьін бір-біріне сонша жақын орналастырғаны несі?!» деп күйініп, бастарын шайқайды.

Ертесіне Иман мен Талғат ауылдағы гаражға барып, механик ағаларымен ақылдасып, машиналардың дөңгелегінің арасын өлшеп, әлгі арбаның кем-кетігін түзетіп алды. Сөйтіп бұл да олар үшін ұмытылмастай бір сабақ болды.

Ал Бақыткелдім, айналайын Бақытым кішкентайынан темір-терсекке, техникаға өте құмар еді. Бір күн жүрсе, он күн үйде бұзылып тұратын ескі «уазиктің» қасынан шықпай шұқылап, білмейтін нәрсесін білетін кісілерден сұрап, керек-жарағын әр жерден іздеп тауып, машина жөндеуді де, жүргізуді де тез үйреніп алды.

Содан бастап әкесін жұмысқа өзі апарып, өзі алып келетін болды. Қанекең оған дән риза. «Менің балам анау-мынау шопырларыңды шаң қаптырып кетеді» деп мақтап қояды.

Жазғы демалысқа шыққан соң әкесінің жеке шопыры сияқты болып алды. Қанекеңді жайлаудағы жылқышыларға, қойшыларға апарады. Кеңшардың анау-мынау жұмыстарына да ызғып кетіп бара жатады. Кейде мен әзілдеп: «Әй, Бақытқа да еңбекақы жазып қойсаңдаршы. Үкіметтің жұмысын тегін істей бере ме?!» деймін.

Қанекең болса, басын шұлғып, күліп: «Алтын асықтай баламыздың асыл азамат болғанынан артық ештеңе жоқ қой, қазақ» деп қоюшы еді.

Сөйтіп жаз бойы папасымен бірге жүріп, Бақытым туған жердің ой-қырын, тарау-тарау жолдарын түгел танып-біліп алды. Бірде қаладағы Байсейіт ағасы оның ескі машинасына жаңа кузов әкеліп, механик жігіттерді шақырып, әп-әдемі етіп орнатып берді. Ой, сондағы баламның қуанғаны-ай! «Мама, мен енді папам екеуіңізді қалаға да апарып келе аламын» деп шаттанды ғой, күнім.
Содан кейін, расында да, біз сол машинамен туған-туысқандарға қыдырып, той-томалақтарға баратын болдық. Оған тіпті ауылдың қыз-жігіттері де қызығып, Бақытқа «бізді анда апаршы, мында апаршы» деп, өтініп, қиылып тұратынды шығарды.

Қазір есіме түссе, жүрегім суылдап кетеді. Негізінен ауылдағы ағайын ақкөңіл әрі аңғалдау болып келеміз ғой. Кей күндері мына істің арты не болады деп ойланып жатпай-ақ, бір-бірімізге сеніп жүре береміз. Оны айтып отырған себебім, бірде жігіттер Бақытқа қолқа салып, сол машинамен Күләй деген әпкеміздің Құлжан деген баласына Төрткүлден қыз алып қашуға барыпты.

Бір жақсысы, жігіт пен қыз біраздан бері көңіл жарастырып, бірге қыдырып, әңгімелесіп жүретін болса керек. Бірақ бұл жолы қыз кездесуге шыққан кезде Құлжан мен Елубай деген досы екеуі екі қолынан тартып машинаға мінгізеді де, Бөгенге қарай ала жөнеледі. Машинаны жүргізіп келе жатқан қаршадай ғана бала. «Ертеңгі күніміз не болады, қыз келіспей, шатақ шығарса, бұл бала да бізбен бірге жауапты болып шыға келеді-ау» деген ойларында жоқ.

Абырой болғанда, бәрі де сәтімен бітті ғой, әйтеуір. Қанекең бар, мен бар, ауылдан тағы бір-екі адам қосылып, қыздың әке-шешесінен кешірім сұрауға бардық. Ел іші болған соң, бір-бірімізді бұрыннан танимыз. Оның үстіне қыз бен жігіт те бұрыннан бір-бірін ұнатып жүрген балалар. Тек сол кездегі «қыз айттыруға, қалың мал алуға болмайды, ол сәбет заңына қайшы» деген әңгімелерге байланысты әлгіндей «қыз алып қашудың» көбейіп кеткені болмаса. Ұзын сөздің қысқасы, қыз әкесі құдаларды көрген соң көңілі жібіп, төрге шақырып, сабыр сақтап, екі жасқа бақыт тілеп, бата жасады.

Бақытымды сағынамын...

Бір кезде үй иелерінің: «Ал енді, шопыр баланы ішке шақырыңдар» деп қалмасы бар ма. Бағана бізді осында алып келген Бақыт машинадан түспей, жасырынып отырған болатын. Енді өзіне арнайы шақыртушы барғанда не істерін білмей, ұялып қалыпты. Үй иесі: «Әй, ұрлықшы бала келдің бе?! Тек Қанекеңнің баласы болған соң ғана аман қалып тұрсың, әйтпегенде…» деп сұқ саусағын шошайтып, доқ көрсеткендей болды да, артынша жүзін жылытып: «Айналайын, тілегің ақ болсын! Ағаң мен жеңгең бақытты болсын!» деп арқасынан қақты.
Иә-ә, сол бір ескі машинаны жөндеп, жаңартып жүріп Иманым да, Бақытым да техниканың «құлағында ойнайтын» болды ғой.

Бірде Созақ жақтағы құдамыздың үйіне баратын болып, Қанекеңдер жолға шыққанда Иман машинаны ұшыртып айдай жөнеледі емес пе. Сөйтіп жолдағы көліктердің бірінен соң бірін артқа тастап, зымырап озып келе жатады.
Қанекең сонда жан-жағына таңдана қарап: «Әй, Иман, жолдағы мәшинелердің барлығы бұзылып қалған ба, немене, бір орнында тоқтап тұрған сияқты ғой» деп қасындағы кісілерді бір күлдірген көрінеді.

Ал қайтар жолда Иман біраз демалып алмақ болып, машинаның тізгінін Ергенбайға береді. Ол болса, асықпай, сабыр сақтап, баппен жүргізеді. Содан барарда екі сағат жүрген жолаушылар, қайтарда бес-алты сағат жол жүріп, ауылға әрең жеткендей болады емес пе.
Сол күні Қанекең: «Әй, қазақ, Созаққа самолетпен барып, пойызбен қайттық қой» деп және бір күлдіріп еді.

Иә, айтпақшы, машина демекші, менің есіме тағы бір қызық оқиға түсіп отыр.
Бұл өзі ертеректе, біздің жастау кезімізде болған. Онда Қайнарбұлақта тұратынбыз. Үнемі колхоз жұмысынан босамайтын Қанекең бір ретін тауып, шопырлық курсқа жазылып қойған екен. Енді сол оқуын аяқтап, сынағынан сүрінбей өтіп, жүргізуші куәлігін алып, көңілі марқайып жүрген уақыты-ау деймін.

Бір күні түс әлетінде үйге үш-төрт кісі жап-жаңа жүк машинасымен келе қалды. Қанекең жаңа ғана жұмыстан оралып, мен даладағы ошаққа тамақ пісіріп жүргенмін.
Қонақ жігіттер келген соң тездетіп шай дайындауға кірістім. Олар Қанекеңмен амандасып, колхозға жаңа машина алып келгендерін айтып жатты. Өздері сондай көңілді екен. Колхозға бөлінген көліктің қағаздарын дер кезінде реттеп беріп, тездетіп әкелуге жағдай жасаған Қанекеңе алғыс айта келген сыңайлы.

Мен болсам, ішімнен: «Мына қонақтардың аузының салымы бар екен. Дәл тамақ піскен кезде келгендерін қарашы» деп іштей қуанып жүрмін. Кенет Қанекең орнынан атып тұрып, алқа-қотан отырған әлгі жігіттердің біріне қарап:

– Кәне, кілтті әкелші! – деді күлімсіреп.

Сөйтті де, сыртқа шыға жөнелді. Артынша гүр етіп оталған машинаның даусы естілді. «Әй, бұ кісі қайда бармақ?» деп ашық тұрған есіктен сыртқа мойнымды созып қарай бергенім сол еді, әлгі жаңа машина алға жүрудің орнына артқа қарай сілкіне қозғалып, даладағы ошақты үстіндегі қазан-мазанымен қиратып, төңкерді де тастады. Сорпа төгілген жерден қап-қара түтін бұрқ ете қалды. «Ойбұй, обалдағы-ай!» деп мен сыртқа қарай ата жөнелдім.
Әлгі жігіттер де аяқ астынан не болғанын түсінбей, есік алдында аңтарылып тұр. Кәбіңкеден сасқалақтап Қанекең түсіп келе жатыр. Оларға қарап:

– Әй, мынаны задний скорысқа салып қойғандарың не?! – деп дауыс көтеріп қояды.
Жаңа машинаға түк те зиян келген жоқ. Қирап қалған ошаққа, төңкеріліп жатқан қазанға, жерге төгіліп, ит рәсуасы шыққан тамаққа қарап, жыларман болып мен тұрмын.
Қанекең өзінше жұбатқан болып:

– Ештеңе етпейді, қазақ, ертең осы жігіттердің өзі-ақ саған жаңа ошақ жасап береді. Ол бұрынғыдан да жақсы болады, – деп қояды.

Әне, сөйтіп, Қанекеңнің алғашқы шопырлық тәжірибесі осылай күлкілі болып аяқталған-ды.
Қазір есіме алсам, соның бәрі де қызық, соның бәрі де балдай тәтті, бақытты күндер екен ғой.
Жастайынан темір-терсекке, техникаға үйір болған Бақытымның мектептегі сабағын ойлап, оңашада уайымдап қоятынмын. Кенже ұлын қатты еркелеткенімен, Қанекең де оның оқу-білімін ұмытпай, күнделігін қарап отырушы еді. Бақыттың кей сабақтан «үш» алып келгенін көргенде ойланып қалып: «Кеше мен, шақырған соң, аудандағы хатшының үйіне барсам, баласы сабақ оқып отыр екен. Қане, күнделігіңді көрейінші деп қарасам, өңшең қаптаған «үштік». Соны көргенде «Менің Бақытым тек «беспен» оқиды» деп мақтандым. Естіп отырсың ба, Бақытжан, енді мені ұятқа қалдырмайсың ғой, ә», – деп баласымен әңгімелесіп отырып, тәрбиелеуге көшетін.
Содан соң Бақыт та құлшынып, барлық сабақтан «бес» алып келуге тырысушы еді.
Кейін есейген соң ол біздің бұл күдігімізді мүлде сейілтіп, ҚазМУ-ге оқуға түсті де, сол жылы Түркиядағы Анкара университетінің экономика және менеджмент факультетіне ауысты. Ел көрді, жер көрді. Тіл үйренді.

Содан кейін Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдады. Сөйтіп бір емес, үш университеттен білім алып шықты.

Бірақ… тағдырдың жазуына не шара, Бақытымның ғұмыры қысқа болды…

Ұлмекен Жаманқұлқызы

23 шiлде, 14:41
Ауру «сатқандар» Кімді алдайсың, қарағым?
23 шiлде, 14:32
Орға жыққан онлайн – махаббат
09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды