jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Коллектордың қақпанына түскендер

19 ақпан, 11:37
792

Коллектордың қақпанына түскендер

Бүгінде коллектор қоңырау шалса, төбе шашымыз тік тұратын жағдайға жеттік. Несиені кешіктіріп, тіпті мүлде төлей алмай қалсаң, коллектор күнде хабарласатын «жақыныңа» айналады. Тіпті туысқаның да бүйтіп көп хабарласпайтын шығар. Бүгінгі әңгіме коллектор атаулыдан зәбір көргендер жайында болмақ.

Редакциямызға «коллектордың арбауына түсіп қалдым» деп, Алматы облысы Ұзынағаш ауылынан Айнұр есімді медбике хабарласты. Ол карантин мерзімі басталмай тұрып, еліміздегі бір банктен несиеге 100 мың теңге алады. Наурыз айында карантин жарияланған кезден кейін несиесін төлей алмайды. Себебі біресе жұмысқа шығып, біресе қайта үйде отырып, жалақысын мардымды алмайды. «Несиені 3-4 ай төлей алмай қалдым. Банктен қарызымның өсіп жатқанын ескертіп, 1-2 рет хабарласты. Ал осы қаңтар айында барлық шотымның бұғатталғаны туралы хабарлама алдым. Өйткені несие өсіп 180 мың теңгеге жетіпті», – дейді Айнұр.

Ең қызығы, Айнұр жақында коллекторларға алданыпты. Онда да коллектор екенін кейін білген. Ол әңгімесін былай жалғады: «Жақында телефоныма әлеуметтік көмек алыңыз» деген хабарлама алдым. Кейіннен бір жігіт хабарласып, онымен былай сөйлестік:

– Айнұр ханым сәлеметсіз бе! Мен сізге Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік қорғау бөлімінен хабарласып отырмын. Сіз әлеуметтік көмекке зәру 3 мың азаматтың қатарындасыз. Сізге көмек ретінде 300 мың теңге жібергіміз келеді, қандай да бір шот нөміріңізді берсеңіз? – деді әлгі жігіт.

– Кешіріңіз, бұл қандай әлеуметтік көмек? – деп сұрадым.

– Қазір тұрмысы төмен, табысы аз тұрғындарға 300 мың теңгеден беріліп жатыр. Үкіметтің бір реттік көмегі.

– Ойбу, оны қалай аударсыздар, менің шотым бұғаттаулы ғой. Несием бар еді төленбеген.

– Онда банкпен сөйлесіп, тым болмаса, несиеңіздің жартысын төлеңіз, содан кейін шотыңызды ашып береді. Тек бүгін сағат төртке дейін төлеңіз. Болмаса, сіздің қаржыңыз басқаға аударылады. Кезек күтіп тұрғандар көп.

Осы әңгімеден кейін жанымды қоярға жер таппай бірден ақша іздеп кеттім, – дейді Айнұр. Ол жұмысындағылардан, таныстарынан сұрап жүріп, сол күні 90 мың теңге табады. Онда да таныстарына қарызды 1-2 күнде қайтаратынын айтады. Қолындағы 90 мың теңгесін алып-ұшып банкке құйып, колл-орталыққа хабарласады. Несиесінің жартысын төлегендіктен шотын ашып беруді өтінеді. Телефонның арғы бетіндегі банк менеджері төлем толық өтелген жағдайда ғана шоттың бұғаттан шешілетінін айтады. Ол бұл туралы Нұр-Сұлтандағы жігітке хабарласып айтайын десе, 300 мың теңге жіберемін деген жігіттің телефоны сөндірулі. Айнұр электрондық үкімет порталына хабарласып, әлеуметтік көмек туралы сұрайды. Ондағылар ондай көмектің болмағанын айтады. Артынан банкке хабарласса, ондағылар да ештеңе білмейтін болып шығады. Сонда Айнұрды алдап несиесін төлеттіріп алған кім?..

Келесі кейіпкеріміз Ерланның да оқиғасы Айнұрдыкіне ұқсас. Тек сюжеті басқаша. Ерлан бірнеше микроқаржы ұйымдарынан жылдам ақша алып, кейін карантинге байланысты өтей алмай қалады. Сөйтсе, микроқаржы деген нәрсе, күн сайын жоғары пайызбен өсе береді екен. Осылайша, ол 30 мың теңге аламын деп, 150 мың теңгеге қарызға кіріп кетеді. Барлық банк шоты бұғатталады. Несие тарихы бұзылып, ісі жеке сот орындаушыларына өтеді.
Жақында Ерланға Нұр-Сұлтан қаласындағы әлеуметтік қорғау бөлімінен бір қыз хабарласады. Оның айтуынша, екеуінің арасындағы әңгіме былай болыпты:

– Ерлан Өмірзақұлы, сізге Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласып отырмын. Есімім – Айдана. Қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға төмен пайызбен тұрғын үй беруге тапсырма берілді. Алдын ала тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың тізімі жарияланды. Егер үй кезегіне тұрғыңыз келсе, ең алдымен, несие тарихыңыз дұрыс болу керек.

– Ой, қарындас менің несие тарихым дұрыс емес, төлем картам бұғаттаулы, маған қайдан үй бұйырсын…

– ЖСН нөміріңізді айтыңызшы, тексеріп көрейін.
ЖСН нөмірімді айтса, әлгі қыз бірер минуттан кейін былай деп жауап беріпті:

– Сіздің ісіңіз жеке сот орындаушыларына өтіп кеткен екен. Мына сот орындаушыға хабарласып, келісіп, бұғаттан шешіңіз. Аты-жөні мен байланыс нөмірі мынадай, – деп сот орындаушының нөмірін береді.

Әлгі қыз сол күні бірнеше рет Ерланға қоңырау шалып: «Жеке сот орындаушысымен сөйлестің бе? Не деп шешті?» – деп тықақтап сұрай береді. Нәтиже болмаған соң, қоңырау шалуды доғарыпты.

«Қап, Үкімет «берейін» деп тұрған үйден айырылғаным-ай», – деп күледі Ерлан.

Келесі кейіпкеріміз Саламат үлкен бір дүкеннен тұрмыстық техника алады. Онысын бірнеше ай төлемей, пайызы өсіп кетеді. Бір қызығы, Саламаттың 300 мың теңгеге алған тұрмыстық техникасының құны жарты жылда ғарыштық өлшеммен өсіп 1 миллион 200 мың теңгеге жетеді. Коллекторлар күнде мазасын алады. Бұл ондай қаржы таба алмайтынын айтып ақталады. Ақырында, Саламатқа қоқан-лоққы көрсетіп, хабарласатындар пайда болыпты. Олармен сөйлескен әңгімесін былай жеткізді:

– Саламат, сіз неге несиені төлей алмай жүрсіз? Бүгінде қарызыңыз миллионнан асып кетті.

– Иә. Білемін. Бәрін төлеуге жағдай жоқ, бөліп төлесем бола ма?

– Жоқ, болмайды. Кемінде 50 пайызын төлеуіңіз керек.

– Менде ондай ақша жоқ.

– Табыңыз, төлей алмасаңыз, неге аласыз?

– Қазір тұрақты жұмысым болмай тұр.

– Төлем жасаңыз, болмаса қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз. Алаяқтық бабы бойынша жауап беретін боласыз! Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Болмаса, үйіңізге барып, дүние-мүлкіңізді тәркілейміз.

Әлгі коллектор күнде хабарласып, осылай қорқытады. Бір-екі аптадан кейін ғана тынышталған. Саламат өзі несие алған ұйымның менеджеріне жағдайын айтып, ай сайын бөліп төлеуге келісіпті.
Қазір коллекторлар қандай жолмен болса да, несиені төлеттіруге көшкен. Олар енді қорқытып-үркітпей, алдап-арбауға көшіпті.

Мақпал Ноғайбаева

 

Тақырыпқа орай

Алма Әлібекқызы, психолог:

– Халық несиені не үшін алады? Белгілі бір мақсатқа жұмсап, оны қайтарамын деп ойлайды. Бірақ кейінгі кезде оңды-солды алып, төлей алмай, қиын жағдайға тап болғандарды көріп жүрміз. Әр адамның психологиясы әр түрлі. Ал енді коллекторлардың алдап-арбап несиені төлеттіруі дұрыс емес. Бір жағынан алып қарасақ, олар тұрғындардың не нәрсеге мұқтаж екенін көріп тұр. Жанды жерінен ұстап, адам психологиясына әсер еткісі келеді. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тұрғын үй, жалақының аздығы, мемлекеттің беретін көмегіне қарап отыру. Коллекторлар соны біледі. Бұл «психологиялық атака» деп аталады, яғни адамның әлсіз жерін, сенгіштігін пайдалану. Мысалы, бір заттың бағасы қымбат. Ал сол затты тегін беріледі десе, көп адам соны алып қалуға тырысады. Сондықтан қандай да бір ақпаратты ең алдымен тексеріп алуы керек. Өкінішке қарай, көп адамдар әр нәрсенің ақ пен қарасы барын бағамдай бермейді.

 

Маман кеңесі

Руфат Иманбакиев, заңгер:

– Әрине, бүгінге дейін қарызын төлемей жүргендер қанша болса, олардың себептері де сонша деуге болады. Бірі расымен де жұмыссыз. Екіншісінің денсаулығы сыр берген. Енді бірі келісімшартта көрсеткен ұялы телефон нөмірін лақтырып тастап, жалған мекенжай туралы мәлімет беріп, қашып жүреді. Коллекторлар оған қарамайды. Олар өз жұмысын істеуі керек, яғни қарызды қалайда төлеттіру керек. Бұрын коллекторлар күн-түн демей, мазаны алып, қоңырау шала беретін. Енді жұмыс күндері 8.00 – 21.00 аралығында бір рет, ал аптасына үш рет жеке кездесуге құқығы бар. Сонымен қатар жұмыс күндері 8.00 – 21.00 аралығында үш рет қана телефон арқылы хабарласа алады. Бұдан асып кеткен жағдайда, Ұлттық банкке коллектордың әрекетіне қатысты арыз-шағым жібере аласыз. Ал коллектор сіз туралы, туысыңыз туралы ақпаратты көпшілікке жария етсе, 300 айлық есептік көрсеткіш (2021 жылға белгіленген АЕК – 2917 теңге), яғни 875 100 теңге әкімшілік айыппұл төлейді. Ал егер қылмыстық әрекеттердің белгілері болса, 2000 АЕК, яғни 5 834 000 теңге айыппұл төлейді немесе 2,5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Банктер картаны түгелдей бұғаттай алмайды. Тек жалақының 50 пайызын ғана ұстайды. Коллектор да осы талаптар шегінен шығып кете алмайды.

10 қыркүйек, 11:16
Жатақхана жетіспейді
03 қыркүйек, 11:49
Мектепке бала сыймайды
03 қыркүйек, 11:44
Қайда сол салынады деген бір емес, бірнеше қойма?
03 қыркүйек, 11:24
Мәжбүрсіз мәртебе
27 тамыз, 12:59
Ережесіз көліктер
27 тамыз, 12:55
Әркім арбасын өзі сүйреуі керек
27 тамыз, 12:52
Заңсыз ымыраның жолын кесу
20 тамыз, 12:28
Ауған түйіні