jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Бай, қуатты болайық!» деуші еді…

19 ақпан, 11:17
312

«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...

Қазақ журналистикасы ауыр қазаға душар болды.

70 жасқа қараған шағында қазақ телевизиясына 45 жыл қызмет еткен журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданы Діңгек ауылында дүниеге келген. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып жұмыс істеген.
2006-2007 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Ізбасар шәкірттерін тәрбиеледі.

Нұртілеу деген есімді үйінің төрінде теледидары бар әр қазақ біледі. Оның «Бай, қуатты болайық!» деп әр хабарын түйіндейтін бір ауыз сөзі Алаш баласының жадында жатталып қалғалы қашан. Қанатты сөз, баталы сөз, елін, жерін ерекше қадір тұтатын отансүйгіш перзенттің жүректен жарып шыққан боямасыз, адал сөзі, ақ тілегі еді.

Марқұммен дос-бауыр болғандардың айтуынша, Нұртілеу – атақты Молықбай қобызшының ұрпағы, шашасына шаң жұқпас қазақ эпикалық поэзиясының бірінші жүйрігі, қайталанбайтын ақын Ілияс Жансүгіровтің аталас інісі. Әкесі Иманғали ақсақал елге қадірлі, халық ақыны болған. Заманында талай айтысқа қатысып, оза шауып, бәйге алған. Жыр алыбы Жамбылдан бата алған Қалқа Жапсарбаевтармен сыйлас, замандас болған, өнер қонған жан екен. Нұртілеуге сөз киесі қанмен келген, бергісі әке тәлімінен дарыған.

«Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» және т.б. авторлық хабарларын жүргізді. Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы мен «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері.

Қалың көрермені мен әріптестері ерекше қадір тұтқан арда ағамыздың жарқын бейнесі жүректерде мәңгі сақталатынына күмән жоқ.

Қош, қазақ журналистикасының қайраткері!

Бүгін, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
Бүгін, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
Бүгін, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
Бүгін, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды