jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Намыс қайда, қазақ футболы?!

12 ақпан, 11:24
623

Намыс қайда, қазақ футболы?!

Бразилияға бала жібергенде, біз Абайша айтқанда, «қызмет қылсын, шен алсын» деп бермеген едік. Үйренсін, шыңдалсын, ысылсын дегенбіз. Жобаның ақталмағанын басқа емес, тікелей жауапты мекеме — спорт министрлігі мойындады. Он жылға жуық уақытта үш лекті оқытқаннан көрген пайдамыз көк тиын, көсегеміздің көгергені де шамалы екенін айтты. Бразилияға барып доп тебуді үйрену бекер екенін дер кезінде түсінген Қытай келісімшартын мерзімінен бұрын бұзды да, жіберген балаларын қайтарып алды.

Бір анық нәрсе, биылғы «Даму кубогында» тәжік жастарынан 7:1 есебімен ұтылғанымыз біздің дәреже-деңгейіміздің қай белесте екенін әйгілеп берді.

Футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы биылғы алғашқы сайыстарына қатысып, 2-орын алды. Төрт құрама арасынан. Беларусь елінде «Даму кубогы» деп аталатын халықаралық турнир өтеді. Дақпырты анау айтқандай дабыраға ұласпағанымен, кей жылдары Еуропаның еңселі елдерінен сырт басқа құрлықтың да жасөспірімдері жиналатын бұл құнан жарысқа. Біздің жеткіншектер соңғы сатыны місе тұтатын 2018 жылы бұл турнирге 12 елдің жасөспірімдер құрамасы қатысқан. Пандемияның шідері шектеу салғандықтан, биыл Беларусь жастарынан өзге Тәжікстан, Қазақстан, Молдова жасөспірімдері бақ сынады.

Кирилл Морунов баптайтын еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы алғашқы матчта Тәжікстаннан келген құрдастарына қарсы ойнап, 1:7 есебімен ұтылғаны ұлттық рухымызды алып ұрғандай ұлардай шуладық. Тіпті Беларусь ойыншыларын 4:2, Молдова жасөспірімдерін 5:0 есебімен жеңгеніміз де тәжіктердің «таптап кеткенін» ақтай алмайтындай. Неге? Негізі бұл қалыпты жайт еді ғой. Біздің жеткіншектердің де, жастардың да арманына айналған әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі тәжіктің тарландарына 2007 жылы бұйырмап па еді. Оңтүстік Корея елі өткізген жастар арасындағы әлем чемпионатында тәжік балалары ширек финалға сынық сүйем жетпей тоқтаған жоқ па! Азия чемпионатының финалисі атанбап па еді 2018 жылы! Бұл – Тәжікстан жастар құрамасының жетістігі. 2019 жылы U-17 жасөспірімдер құрамасы Перу еліндегі әлем чемпионатына қатысты. Біздің елдің жастары футбол аламанында осындай биікке жете алды ма? Іріктеу ойындарының өзінде-ақ жастарымыз ірі есеппен ұтылмаса, ішкені бойына тарамайтын болғалы қашан?! Етіміздің өліп кеткені соншалық, жанкүйерді жерге қараттық деп олар да ұялмайды.

Рас, футболдан біздің жасөспірімдер, жастар құрамалары халықаралық турнир, Еуропа, әлем чемпионаттарына іріктеу аясындағы матчтарда мысы майып болып күйрей жеңілуді қалыпты үрдіс санап алған. Олар үшін ұлттық намыс, елдік мүдде мүрдем қапсын. Әйтпесе, осы күнге дейін «ойсырай ұтылдық, кешіріңіздер бізді» деп, ұяты кірпік қаққан бір ойыншыны да, оларға ие болып бапкер атанып жүрген жаттықтырушыны да көрмедік.

Қоғамда абың-күбің әңгіме болған, әлеуметтік желінің түндігін желпіп-желпіп жіберген жайт – Тәжікстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы қазақстандық құрдастарын 7:1 есебімен ұтуы.

Ойын барысының қалай өткені 17 минутта қорғаушымыз Сергей Ивановтың оспадар қылығының кесірінен алаңнан қуылуы, матчтың өне бойында басымдықтың тізгінін тәжіктер ұстағанынан-ақ белгілі.

17 жасқа дейінгі ұлттық құраманың сапына шақырту алғандардың ішінде 15 ойыншы – «Қайрат» футбол академиясының түлегі. Осылардың ішінен 10 ойыншы алаңға шықты, он бірінші футболшы ғана «Оңтүстік» футбол академиясында доп тебуді үйренген. Жасөспірімдердің құрама командасының бас бапкері лауазымына Кирилл Морунов тағайындалған еді жуырда. Ол бұған дейін «Қайрат» командасының 17 жасқа дейінгі жастарына бапкер болды. Сонда біздің елде «Қайрат» футбол академиясынан өзге футболшыларды дайындайтын клубтар қайда? Спорттық орталықтарда дарынды балалар жоқ па? Жарайды, Морунов бас бапкерлік қызметке жаңа тағайындалды екен, құрамаға кімдерді шақыруға болатынын бағамдауға уақыт тапшы екен, неге аймақтардағы бапкерлерден кеңес сұрап, талантты футболшы балаларына сұрау салмайды? Неге деп сұрайтын мәселе көп, жауап беретін жан таппайсың бірақ.

Енді Тәжікстанның 17 жасқа дейінгі құрамасына бапкер ойыншыларды қай клубтан шақыртқанына тоқталайық.

Тәжікстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының бапкері Ахлиддин Турдиев Минскіге әкелген екі қақпашының бірі – ФФТ футбол академиясынан, екінші «Худжанд» командасының ойыншысы. Қорғаушы, жартылай қорғаушы, шабуыл шебінде ойнағандардың ішінде ФФТ футбол академиясының түлектері мен «Равшан» командасының саңлақтары жүрді. Тәжікстан жасөспірімдер құрамасы бізді 7:1 есебімен ұтып кетті деп қара аспанды төндіріп, Самарқанды су алдырған сорақылығымыз туралы Тәжікстан құрамасының ойыншысы Нуриддин Давронов осы гу-гуге қатысты былай деп ойын тарқатыпты: «Қазақстан жасөспірімдер құрамасы біздің жеткіншектерден 1:7 есебімен ойсырай ұтылғанын трагедия санапты. Кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы да Тәжікстан ұлттық құрамасынан жеңілген. Сондықтан бұған күйінудің қажеті жоқ. Рас, біздің футболдың әлеуметтік, материалдық жағдайын Қазақстанмен салыстыруға әсте келмейді. Олармен шендесе де алмаймыз. Сіздерде футболды дамытуға миллиондар бөлінеді. Ал біз экономикалық, әлеуметтік көрсеткіш бойынша тұрмысымыз төмен елміз. Бірақ біз ұлттық рухты, мемлекеттік мүддені ерекше қорғаймыз, соның жолында өлуге бармыз. Мұның барлығы да нәтижелі жұмыстың жетістігі. Жығылып жатып, сүрінгенге күлмей, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие бергенде ғана бәрі жақсы болады».

Бразилияға жер шала бардық па екен…

Нуриддин Давронов айтқандай, әлеуетіміз күшті біздің балаларымыз футбол үйренуі үшін Латын Америкасына ұшпап па еді. Бразилияға футболды үйренуге бала жіберу 2007 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың осы елге барған ресми сапарының жемісі болатын. Сол сапарда Бразилияның президенті болған Луис да Силвамен мәміле жасасып, біздің жеткіншектердің қамау терін алуға, бесіктегі баласына дейін басынан доп асырмайтын елде шыңдалуға 2009 жылы мүмкіндік туды.

Бір емес, бақандай үш жылдық оқуға келісімшарт жасасқандар португал тілінде білімін де жалғастырды. Бірақ барлығының аяғы ала допты ұршықтай иіргенімен, тілді игеруге келгенде полиглот болмаған соң, португал тілінде оқуда қиналғаны жасырын емес. Тіпті қалыпты бағдарламаға ілесе алмағаны да шындық.

Қош, сонымен алғашқы барған лек 3 жыл білім алып келген соң, бас қалада «Бәйтерек» деген футбол клубы құрылды. Бразилия көрген бозбалалардың дені осы клубқа мүшелікке өтті. 2012 жылы құрылған «Бәйтерек» футболшылары бірінші лигада бақ сынап, ең үздік нәтиже деп 4-орын алғандарын місе тұтты. Одан кейін турнир кестесінде төмендей берді. Ақыры 2017 жылдың басында банкротқа ұшырап, тарап тынды. Бұлар «Оле Бразил клаб» футбол академиясында алғашқы лекпен оқығандар болатын. Екінші аттаныста 1996-97 жылы туғандар «Ботофаго» клубында шыңдаудан өтіп келді. Одан кейін үшінші топ кетті. «Осылардың арасында доптың домалақ екенін Бразилияға барғанда білгендер бар екен» деп әріптестеріміздің әзіл-шыны аралас әңгіме шығарып жүргендері сол тұс еді.

Таланттар неге табылмады?

Бразилияда оқып келген буынның ішінде Рауан Сариевтің есім-сойы ерекше аталды. Сол жақта жүріп «Атлетико Минейро» клубында ойнауға мүмкіндік алды деп сауын айтыстық. Сөйткен Сариевтің де футболдағы сар желісі көп ұзамай сап тиылды. Қазақстанға келген соң Талдықорғанның «Жетісуында» жүрді. «Қайратқа» да қосылды. Өзгелерінен өресі жоғары болуы тиіс футболшы негізгі ойыншы атана алмай қосымша күш береді дейтін қосалқы құрамның қарасын көбейтті. Рауан алматылық клубтың сапында жүргенде 90 минут бойы ешқашан ойнаған жоқ. Көбіне қосалқы құрамда отырып, ойынның бел ортасы ауа болдырған футболшының орнына шығып жүрді. Осыдан-ақ шетел көрген жігіттердің шама-шарқы айқындалды. «Бәйтерек» клубының бас бапкері болған Тиаго Козлоски «Кезінде Сариев Бразилияның футбол клубына шақырту алғанда кетіп қалуы керек еді. Ол жергілікті клубтардың бірінен ұсынған қомақты қаржыға арбалып қалды. Өзін дәлелдегенде дүние ізінен өзі-ақ еретін еді» деп өкініпті», – дейді.
Шет мемлекеттің шыңдауын көрмей-ақ, табиғатынан берілген дара талантымен танылған Темір Сегізбаевтай сұңғыланың суырылып шықпағаны өкінішті. Әйтпесе, Бразилияға үш лекпен он жылдың мұғдарында 70-тен астам бала барды ғой.

1960 жылы Алматының «Қайраты» КСРО біріншілігіне қатысуға мүмкіндік туғанда, команда сапында жасы жиырмаға іліккен Тимур Сегізбаев бар болатын. Минскіде жергілікті «Беларусь» клубын «Қайрат» футболшылары 2:0 есебімен ұтып, екі голды да сақа ойыншы Сегізбаев соқты. Одан кейін 1963 жылы Мәскеудің «Лужники» стадионында даңқы дүрілдеп тұрған «Спартакты» алматылықтар 2:0 есебімен ұтып, 22 жастағы Тимур әйгілі Лисицын қақпасын екі рет қақыратқанда, одақтың орталығынан шығатын басылымдар қалай шулады! «Тимур және оның командасы» деген тақырыппен материал жарияланғаны да осы тұс еді ғой.

«Оң аяғымен тепкен добы темірдің өзін тіліп түседі екен, содан соң Сегізбаевтың осы аяғымен доп тебуін шектепті. Қақпашы біткен шыдас бермеген соң маймылды тұрғызған екен, ол да доп-мобымен ұшыпты. Сондықтан оның оң аяғына қызыл шүберек байлап қояды екен» деген аңыз ілескені аға буынның хас таланты әлі елдің есінде. Тірі болғанда биыл Сегізбаев сексеннің сеңгіріне келер еді. Ал біз мемлекеттік қолдау көрсетіп, қыруар ақша шығындап, төл таланттарды тудыра алмай жүрміз.

Жиырма жастағы зейнеткерлер

Бразилияға алғаш болып барып келген балалардың болашағы қалай болды, білесіз бе? Алғашқы толқынмен барғандардың ішінде Сариевтің елге келгеннен кейінгі сапарын айттық. Шымкенттің «Ордабасы» клубынан кеткеннен кейін бірінші лигада ойнады. Былтыр ешбір клубқа шақырту алған жоқ. Берік Шайықов деген футболшыдан да көп үміт күткенбіз. Ел біріншілігінде жарқырап көріне алмады. Мирас Төлеев, Алексей Родионов, Аслан Сүлейменов, Шыңғыс Сапарбекұлы, Мұхтар Қалымбетовтердің доп тепкен уақытының басым бөлігі бірінші лигада өтті. 22 жасында футбол ойнауды доғарып, бапкерлікке ауысып кеткен «оле бразилдіктер» да бар. Мәселен, Мұрат Қаламбеков, Фархат Жәнібеков.

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, ай сайын мемлекет қазынасынан 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақша төленіп, үш жыл Бразилия футбол академиясының «есігін тоздырғандардың» арасында спорттың осы түрімен кәсіби түрде шұғылданбағандары да, 19-22 жасында «зейнетке шығып кеткендерін» де мұрнын тесіп, тізімдей аламыз. Алмат Тілеуқабылов, Тимур Бахриден, Мұрагер Берікқазиев, Серікболсын Кененов, Мирхат Ақашев сынды түлектер жасы жиырмадан асқанда кәсіби мансабын аяқтады. Кезінде Бразилияда футболдың қыр-сырын үйренгендерден негізгі құрам жасақталып, «Гранаткин Мемориалына» да қатысқан. Соңғы орынды місе тұтты. Болгария, Словения, Эстония, Молдова жастар құрамасынан ұтылды. Осыларға әрбір 3 жыл сайын мемлекет қазынасын 260 миллион теңге қаражат бөлінді. Пелені туған топырақ, Роналдо, Роналдиньо, Неймар өмірге келген өлкеде өрендеріміз шарболаттай шыңдалуы керек еді. Бірақ…
Бразилияға бала жібергенде, біз Абайша айтқанда, «қызмет қылсын, шен алсын» деп бермеген едік. Үйренсін, шыңдалсын, ысылсын дегенбіз. Жобаның ақталмағанын басқа емес, тікелей жауапты мекеме – спорт министрлігі мойындады. Он жылға жуық уақытта үш лекті оқытқаннан көрген пайдамыз көк тиын, көсегеміздің көгергені де шамалы екенін айтты. Бразилияға барып доп тебуді үйрену бекер екенін дер кезінде түсінген Қытай келісімшартын мерзімінен бұрын бұзды да, жіберген балаларын қайтарып алды.

Бір анық нәрсе, биылғы «Даму кубогында» тәжік жастарынан 7:1 есебімен ұтылғанымыз біздің дәреже-деңгейіміздің қай белесте екенін әйгілеп берді.

Көгалды тулақ қылдық

2016 жылы Қазақстан Футбол федерациясының президенті қызметін атқарған Ерлан Қожағапанов балалар футболын дамытудың 10 жылдық бағдарламасын таныстырған еді. 2016-2026 жылдар аралығында қазақ футболын, оның ішінде ала доптың балалар мен жасөспірімдер арасында дамыту, жетілдіру, бапкерлердің өре деңгейін өсіру, инфрақұрылымды жақсарту жайы айтылған. Одан бері де 5 жылға жуықтады. Балапанды күзде санайтын елміз ғой, сол бағдарламаның да ел футболының көсегесін көгертуде көмектескенін көргеміз жоқ. Сеңді қозғауға түрткі болған шығар. Қазақстан Футбол федерациясының сол кездегі президенті болған Қожағапановтың баяндамасында айтылған сандарға қарасақ, еліміздегі 203 спорт мектебінде футбол бөлімі жұмыс істеп тұр. 1000-нан астам бапкер 36 мың балаға доп тебуді үйретеді екен. Бұдан тыс 16 футбол орталығы ашылып, бұл жерде 5000-нан астам бала тәлім алады. Одан бері де бір қанша уақыт өтті. Бұл көрсеткіштің өсуі де, кемуі де бек мүмкін.

Намыс қайда, қазақ футболы?!

Бұқаралық спортты, оның ішінде де футболды өрістетуге арналған мемлекеттік бағдарлама тағы бар. Мемлекет тарапынан осындай қолдау, демеудің арқасында аулаларда қаншама (негізінен, ірі қалаларда ғана, әзірге бұл игі іс шалғайдағы аудандардың кейбіріне, ал алыстағы ауылға жете қойған жоқ) футбол алаңдары салынды. Жергілікті балаларға арналып, салынған футбол алаңдарының қадіріне жетіп жатқанымыз да шамалы. Мысалды алыстан іздемей, күнде көзімізбен көріп жүрген жайттан да айта аламыз. Алматы қаласының «Зерделі» ықшамауданына бес жылдың бедерінде талапқа толық жауап беретін жасанды жабынды төселген, көрермендерге арналған орындықтары да орнатылған үлкен стадион бой көтерді. Құны бірнеше миллион теңге. Балалар мен жасөспірімдер ғана емес, ересектер де ертелі-кеш осы үлкен стадионның ішін думанға толтыратын. Біртіндеп орындықтары кетілді, одан кейін жасанды көгалды кеміру басталды. Қазір орындықтар жау қылышы қиып түскен сарбаздардың бастарындай сынып біткен. Жабынды да жұлым-жұлым. Одан кейін көпқабатты үйлердің арасындағы ашық алаңқайларға да шағын стадионның бірнешеуін салды. Олардың да басында – осы кеп. Қоршауын қиратып, жасанды көгалды көкпар тартқандай етіп, дар-дар айырып тастады. Барды ұқсата алмайтынымыз, қадіріне жетпейтінімізге бұдан асқан дәлелдің қажеті жоқ шығар.

Әйгілі бапкер Дмитрий Огай тәжік жасөспірімдерінің біздің жастарды ойсырата ұтқан матчқа қатысты пікірін айтып: «Футболды дамыту жолында тек кәсіби мамандар ғана жұмыс істеуі керек. Көлденең көк аттыны қосудың қажеті жоқ. Түбегейлі өзгеріс жасамай, өрге басу болмайды», – деді. Даңқты футболшы, сұңғыла бапкердің айтқанына алып-қосарымыз жоқ, қос қолдап қуаттаймыз. Жемсауы толмас жемқорлық, тамырына балта бойламас таныстық, пәрмені күшті парақорлықтан арашаламай, ала допты алға бастыра алмайтынымыз айдан анық.

Тәжіктің добы түзу ұшады

Тәжікстан елі ала допты қалай дамытып жатыр? Былтыр жыл соңында Тәжікстан Футбол федерациясының президентін тағайындау өтіп, 2012 жылдан бері осы қызметті атқарып келген Рустам Эмомали қайта сайланған болатын. Кезінде өзі де футбол клубында ойнаған Рустам бұл саланың сайын да, жымын да жақсы біледі. Тәжікстан президентінің баласы футбол федерацисының президенті болып қайта тағайындалған соң, алты сағат жиын өткізіп, Тәжікстан футболының 2026 жылға дейінгі даму стратегиясын құрды. Инфрақұрылым, маркетинг, төрешілердің біліктілігі, спорттық білім, футзалдың дамуы, әйелдер һәм балалар мен жасөспірімдер футболын өрістету, аймақтық федерация жұмысын жандандыру, ұлттық біріншіліктің бәсекесін арттыру, құрама команданы күшейту.

Сексенінші жылдардың соңында КСРО біріншілігіне Орталық Азия елдерінің клубтарынан тек тәжіктің «Памиры» ғана қатысқаны тарихтың тарауында таспаланып тұр. Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі ауыр тағдырына азамат соғысының салмағы қабат батқан елдің экономикалық әлеуеті бізбен әсте шендесе алмайды. Есесіне, футболшыларының ұлттық мұрат-мүдде жолындағы жанкештілігі жіп естірмейді бізге.

Қуаныш Рахмет,
Алматы қаласы

Фото: /sport.kg/sports.ru/fft.tj/

 

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады