jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ақиқатқа үлес қостық

12 ақпан, 12:31
469

Ақиқатқа үлес қостық

2005 жылы мамыр айының 7-і күні жолдасым В.Семенихин екеуіміз Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы В.Путинге жеделхат жолдап, Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ерлігі жайындағы шындықтың айтылуын өтіндік. Сол жылы шілде айының 15-і күні Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери тарих институтынан мынадай жауап хат келді:

«Құрметті Б.Асанов және В.Семенихин жолдастар! РФ Қорғаныс министрлігі Әскери тарих институтының қызметкерлері Сіздердің жерлестеріңіз лейтенант Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі құжат негізінде дәлелденгенін мәлімдеді.

2-дәрежелі Кутузов орденді 150-ші Идриц атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкының командирі оны 1945 жылы көкек айының 29-күні Совет Одағының Батыры атағына ұсынған. Р.Қошқарбаевтың взводы кескілескен ұрыста Шпрее өзенінен бірінші болып өтіп, қарсыласқан жауға күйрете соққы беріп, көкек айының 30-күні Рейхстагқа ту тіккен. Дивизияның 79-шы атқыштар корпусының командирі «Совет Одағының Батыры» атағына лайықты деп бағалаған».
Жеңіс туы – 150-ші атқыштар дивизиясының туы. Тым қарбалас жұмыстар мүмкіндік бере қоймағандықтан, мен хат жазғанымыздың себебін 2007 жылы мамыр айының 7-күні Орталық мемлекеттік мұражайда (Алматы қаласы) арнайы өткізілген баспасөз конференциясында баяндап, алған жауабымды – тарихи құжатты мұражайға сақтауға табыс еттім.
Әрине, менің көңілім қатты толқыды. Соғыс ардагерлерінің, Рахымжан Қошқарбаевтың балаларының, туған-туысқандарының, мұражай ұжымының, бұқаралық ақпарат құралдарының нөпір өкілдерінің ортасында болу оңай ма?!

Енді сол оқиғаны бастауға, В.Путинге хат жазуға неліктен бел буғанымды да айтайын. Мен Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың теңдессіз ерлік жасағанына ешқашан шүбәланған жоқпын. 1945 жылдың көктемінде 150-дивизияның «Воин Родины» газеті ғана емес, одақтық баспасөзде Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендер Р.Қошқарбаев пен Г.Булатов екені жазылып жатқан. Алайда кейін мен бір нәрсені түсіне алмадым: соғыстың соңғы күндеріндегі сол ғажап оқиғаның мәні неге ресми құпталмады, неге бекітілмеді? Соғыстың алғашқы жылдарында небір тосын жағдай болды. Басқыншылық жасаған жаумен қиян-кескі шайқаста майданымыздың, армияларымыздың, олардың бөлімдерінің арасында, шабуыл мен шегіністе, қоршауда біраз уақыт өзара байланыс үзілген жағдайлар болғаны белгілі. «Безымянная высота», «Могила неизвестного солдата» деген сөздердің пайда болғаны – сол бір сұрапыл сәттердің есімізден кетпейтін нышандары.
Ол кезеңнің жөні басқа. Ал соғыстың соңғы жылдарыда майданымыздағы әрбір ұрыс-қимыл нақтыланып, жауынгерлік ерлік үлгісін көрсеткен солдаттар мен офицерлер туралы мағлұмат тәптіштеп жазылатын болды. Жаралылардың саны кідіріссіз анықталып, емделуге жіберіліп жатты. Майдангерлерге қажетті азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, техникаға керек жанармай үздіксіз жеткізіліп тұрды. Жаудың қолға түскен әскерлері мен техникаларының, қару-жарақтарының саны анықталып, тиісті шешім қабылданатын болған. Яғни біздің майданда саяси басқарма, ерекше бөлімдер, барлаушылар тобы, жабдықтаушылар ұжымы қатаң тәртіпке сай жұмыс істеді. Бірақ фашизмнің ордасына Жеңіс туын кімнің тіккені 60 жыл бойы ресми анықталмады. Тарихи сәтті көргендердің айтқан сөзі, жазған дерегі еленбеді. Менің төзімімді сол әділетсіздік тауысуға айналды. Шыдамның да шегі бар. Ақиқат неге ашық айтылып, тарихи оқиғаның бағасы неге ресми түрде берілмейді?

Ақиқатқа үлес қостық

Болат АСАНОВ,
тарих ғылымының кандидаты

 

 

Ақиқатқа үлес қостық

 

Қоғамның қат-қабат тірлігінің бел ортасында белсене жүріп, ақиқатты серік еткен, бүркеліп қалғанын іздеп тауып, кімдердің қашан, қалай бүркеп тастағанын ашып айтып, сол адал жаратылысы арғы-бергі билікшілдерге жақпай, олардың «көкелерімен» де айтысып-тартысып, соттасып, ақырында жеңіп жүрген, жұртшылығымызға белгілі азамат, қадірлі құрдасым, досым болған Кәрішал Асановтың ғалым ұлы Болаттың мынау игі ісін өткен желтоқсан айының соңғы күндері ғана естіп, шын қуандым! Дереу телефон шалып, естігенімді айтып: «Болат-ау, үндемей жүре бергенің қалай?» деп едім: «Аға, ол жай ғана…» деп ақырын күлді. Уай, қарапайымдық-ай!..
Болатқа хатының мәтінін, жазу себептерін айтып мақала жазуды, маған әкеліп беруді тапсырдым. Халқымыздың ұлы, тарихи тұлға Рахымжан ағаға қатысты деректерді біле жүру, айтып-жазып жүру парызымыз ғой!

Арада екі апта өткенде мақала қолыма тиді. «Тым аз ғой?» десем, Болат: «Тым көп болып кетеді ғой» деп жымияды. Түсіндім. Оқыған кісіні тырп еттірмейтін дәлелдері (естіген, оқыған) шынында аз болмаған шығар, оларды тізе беріп қайтеді, ой-мақсатының орындалғаны қаншалық орынды?!

Рахаң мен Григорий Булатовтың Берлин Рейхстагына Жеңіс туын тіккен ерекше өнегелі ерлігі туралы біраз мағлұмат жинап едім, Болат хатының себепшілігімен соларды қосымша етіп ұсынып отырмын.

Бірінші, майдангер-журналшы, жазушы Василий Субботин Рахаңдардың ерлігіне тәнті болып, Жеңістен кейінгі жылдардағы: «Рейхстаг қабырғасында»; «Жеңіс туы»; «Бір мың төрт жүз күн» атты очерктерінде қарулас екі достың рейхстагтың 1-қабатына ғана емес, төбесіне де Жеңіс туын бірінші болып тіккенін тәптіштеп, зор құрметпен, ыстық ықыласпен жазған. «Естеліктерінде»: «Жап-жас Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ғажап ерлігі шынымен ұмытылып кете бара ма, кім жасаса да, мақтан етерлік ерлік қой?!.» депті.

Екінші, көпке танымал жазушы Борис Горбатов 1948 жылы «Литературная газетада» Ұлы Отан соғысы хақындағы мақаласында: «…Пора кончать сравнивать наших воинов с орлом и беркутом. Какой орел, какой беркут может сравниться с казахом Рахымжан Кошкарбаевым, который на моих глазах водрузил Знамя Победы над рейхстагом, несмотря на сильный и ураганный огонь немцев!» деген.

Үшінші, әйгілі кинооператор Роман Кармен 1949 жылы «Казахстанская правдадағы» естелік-жазбасында Рахаңды іздеп: «…Где он сейчас? У меня сохранились кадры, отображающие доблестного воина в тот момент, когда он прикреплял Красный флаг на крыше рейхстага!», – деді. Сол кинотаспасы бірнеше күннен соң үймұрағатынан ұрланып, ғайып болыпты. Алайда Р.Кармен оның бір көшірмесін кезінде КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатына тапсырған екен.

Төртінші, Берлинді шабуылдаушы дивизия командирі генерал В.Шатилов майдан командашысы Г.Жуковқа телефон шалып, Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін мәлім еткенде, маршал: «Олар қайдағы азиаттар?! Орыс пен грузин болсын!» деп түлен түрте бұйрық беріпті.

Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында «Красная звезда» газетінің меншікті тілшісі Александр Кочуков Совет Одағының Батыры, генерал-полковник В.Шатиловпен сұхбаттасқан екен (содан үзінді):

« – Василий Митрофанович, Рейхстагқа ту тігу әрқилы айтылуда. Сіз кітабыңызда өжет барлаушылар Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияны жақсы білетініңізді жазыпсыз. Ал рейхстагқа Жеңіс туы тігілгеннен, екеуі «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталғаннан, кейін түскен фотосуретте сержант Егоровтың кеудесінде бір ғана медаль бары көрініп тұр, кіші сержант Кантарияда ештеңе жоқ. Яғни соғысқа бастан-аяқ қатысқан «өжет барлаушылар» қалайда марапатталмапты. Меніңше, ол екеуін ең соңғы сәтте Сізге «тиісті орындар» айтқызған сияқты. Бірінің орыс, бірінің грузин болғаны кездейсоқ емес-ау?

– Орыс пен грузин… ол жағын ешқашан ойламаппын. Жалпы… әлдекім Сталин жолдасқа солайша сый жасаған да шығар…».

В.Шатилов шындықтан жалтарған. Г.Жуков тірі ғой!..

Рахымжан ағамен 1963 жылдың көктемінде Алматыға іссапармен келгенімде танысып, әңгімелесіп, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетімізге «Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ» деп әдеби очерк шығардым. Кейінде, Алматыға көшіп келгенімнен соң, жақын танысып, араласып жүргенімде бір күні Рахаңнан туды қалайша, қайтіп тіккенін айтып беруді өтіндім. Ол оң қолының саусағын бұйралау қалың қара шашына енгізе екі-үш рет тарады да, бет алдына қарап отырып: «Қолымыз жеткен жерге тіктік қой…» деді.

Г.Жуков бекіткен ресми тұжырымның ешқашан жаңартылмасына, түзетілмесіне, немкеттіліктің сызы кеппесіне еріксіз иланғаны-ау!.. Жауынгер жолдасы Григорий Булатовтың бертінде күншіл жерлестерінің: «Гришка-Рейхстаг» деген мазағына жем болып, біраз уақыт хабарласпаған жолдасының өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүр боларын айтқан ақырғы хатын сол минутта іштей тағы да оқыды ма?..

Рейхстагқа ту тігудің ақиқаты Жуковтың көзі тірісінде айтылып-жазылса да, ол елемеді, мән бермеді, өле-өлгенінше Егоров пен Кантарияға жел тигізбеді.
Десем де, әділеттілік жеңді. Рейхстаг ғимаратының 1-қабатына да, төбесіне де Жеңіс туын кім тіккені ресми расталды! «Ештен кеш жақсы».

 

ғаббас

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы-сатирик

15 қазан, 11:54
Шаңырақ шайқалмасын!
15 қазан, 11:43
«Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше «күлше» берейік
01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?