jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қадыр ағаның көз жасы

10 ақпан, 14:37
582

Қадыр ағаның көз жасы

«Түркістаным Тұраным» атты саз фестивалі өтетін болып Түркістан қаласына бара қалдық. Фестиваль өтетін күндер аумағын түрлі шаралармен толтырып, іш пыстырмайтындай тығыз бағдарлама жасап қойған екен. Өйтпей ше, шақырылғандар шетінен республикаға танымал мәдениет пен әдебиеттің қаймағы болса. Оның үстіне, Түркістан ауданының сол кездегі әкімі Әли Бектаев еді. Қай жерге тағайындалса да, барған ортасын гүлдендіріп жіберетін парасатты азаматтың босқа даурықпайтынын білетіндердің бәрі бұл шақыруды аяқсыз қалдырмай, түгел барды.

йтса айтқандай, фестиваль керемет өтті. Байқауға ұсынылған әндер орындалған кезде де, марапаттау рәсімінде де көрермендердің соншалықты көп жиылғаны былай тұрсын, шын көңілден ықылас білдіріп, дуылдата қол соғып жатқаны орталық қалаларды ойландырғандай еді. Бірақ осының бәрінен де ерекше әсер қалдырған бір оқиғаны айтқалы отырмын. Бәлкім, осы айтқанымды растайтындар болса, өз ойларын қоса жатар.

Байқаудағы қазылар алқасының мүшелері бастап, қатысушы өнерпаздар Түркістандағы әр түрлі оқу орындарымен, мектептермен кездесу өткіздік. Біздің еншімізге «Балуан Шолақ» атындағы мектеп оқушыларымен кездесу тиген екен. Мектеп директоры шетімізден таныстырып өткен соң, келген қонақтар оқушылардың сұрағына жауап беріп, өз өнерін көрсетіп, кездесу орнымен өтіп жатқан. Кезек Қадыр Мырзалиев ағамызға келгенде болды қызықтың көкесі. Бағана мектепке кіріп келгенде-ақ маңдайшада жазулы тұрған Қадыр ағаның өлеңін көріп бір дуылдасып қалғанбыз. Әрине, Қадыр аға үшін бұл таңсық емес. Қазақ елінің қай түкпіріне барса да, өзінің тапқыр да, дана сөзі ұрандай болып алдынан шығып отыратындықтан болар, жымиған да қойған. Мына жерде сөз берілгенде оқушылардың біраз сұрағына жауап берді де, өзінің басқа өнерпаздар сияқты ән сала алмайтынын, тіпті басқа ақындар сияқты өз өлеңін жатқа оқуға да шорқақ екенін айта келіп, бір күтпеген ұсыныс тастады. Көздері мөлдіреп, тірі Қадырмен кездескендеріне сенер-сенбесін білмей отырған оқушылардың пейілінен әсерленді ме, жоқ, әлде өзінің сонау алыста қалған балалық шағы елес берді ме, ерекше толқыныста тұрған аға:

– Мен өзімнің мектепте алған білімімді сіздердің алдыларыңызда тексеріп көрсем, қалай болар екен? Қиыншылықпен жүріп алған мектептегі білімімді өмірбақи есімде сақтармын деуші едім. Сол сертімде тұра алдым ба екен? Айналайын, мұғалім шырақтарым, маған өз пәндерің бойынша мектеп бағдарламасынан сұрақ қоюларыңды өтінемін. Мен соларға шамамның келгенінше жауап беріп көрейін.

Алғашында жым-жырт тыныштық орнады. Қадірлі қонақтардың өзі туралы әдемі әсер қалдырып, өзінің ешкімге ұқсамайтын балалық шағы туралы, өзінің осындай боларын тани біліп, талантының көзін ашқан ұстаздары туралы айта жөнелетін таптаурын әңгімелері, сосын міндетті түрде өнерін көрсетуі, әрбір кездесудің қалыптасып кеткен тәртібі. Ал мына кісі болса, оқушылардың алдында өзі емтихан тапсырмақ.

Сонымен не керек, қысыла-қысыла директор жаққа жалтақтай қарап, оның ризашылығын алған оқытушылар кезегімен сұрақ қоя бастады. Қадыр ағамыз сәл ойланып есіне түсіріп алып, әлгі сұрақтарға жауап беріп тұр. Тарих, қазақ тілі, орыс тілі, география пәндері бойынша берілген жиырмадан аса сұрақтың бәріне де түгелімен жауап беріп, келесі сұрақты күтіп тұрған ағамызды мектеп директоры бастап, бүкіл мектеп мұғалімдері мен оқушылардың дуылдата соққан шапалағы тоқтатты. Бәрінің де жанарында ерекше таңданыс пен шынайы сүйсіну бар. Бәріміз де естен танғандай күйде қалдық. Жетпістен асқан ақсақалдың сонау мектеп табалдырығында алған білімін қайта есіне түсіріп, барлық сұраққа түгелдей жауап бергені шынында да керемет емес пе? Сол жерде бірге болған ақын, композиторлар маған ренжімес, дәл сол кездесуде атағына да, атына да лайық екенін дәлелдеп, мектеп оқушылары мен ұжымына өшпес әсер қалдырған бір адам болса, ол – Қадыр аға еді.

Иә, феномен! Қадыр Мырза-Әлінің өмірге деген өзгеше құштарлығы мен білімге деген ыждаһаттылығының сыры неде? Осы сұрақ бәрімізді де ойландырды.
Шымкенттен шығарып салушылардың артып жіберген заттарын орын-орнына жайғастырып, демімізді діттегенше біз отырған жүрдек пойыз Түлкібасқа да жетіп келді. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) бойынша өткен «Қанеки, тілім сөйлеші» атты байқаудан қайтқан бетіміз еді. Күн салқын, сыртта қар аралас жаңбыр жауып тұр. Пойыз тоқтап, ысылдап-пысылдап болғаны сол еді, Қадыр аға «ауа жұтып келейін» деп далаға беттеді.

– Отырғанымыз жаңа ғой, әлі ауа тарыла қойған жоқ – деп едім, жымиып күлді де:

– Әр жердің ауасы да, адамы да басқа, болмашы нәрсе кейде шабытыңды қозғайды, – деді.
Пойыз қозғала бергенде бір-ақ купеге кірді. Алаңдап отырғам. Қолында екі литрлік «баклашка» толы айраны бар. Өзі мәз, бір нәрсеге қатты сүйсінгені көзінен көрініп тұр. Оңтүстіктің жігіттері белгілі ғой. Шығарып салушылар купемізді Алматы емес, дәп бір Мәскеуге дейін еркін жететіндей етіп азық-түлікке сықап берген.

– Айран жететін еді ғой, мұны неге алдыңыз, аға?
Қадыр аға сұрағыма жауап берген жоқ. Сол мәз болған күйінде:

– Өлеңге, ақынға деген құрмет ел арасында әлі бар екен-ау! – деді сүйсініп. Түріне қарасам, алабұртып бірнәрсеге қатты риза боп, толқып тұрған сыңайлы. Айранын столға қойып, төсегіне отырды. Менің таңырқап отырған түріме қарап алып, жымиып күлді де:

– Қызық болды! – деді басын шайқап. Әп-әдемі бір келіншек мені көріп аузы ашылып біраз тұрды да «Өлә-ә-ә!» дегені. Бір нәрсе болып қалды ма деп жан-жағыма қараймын. Әлгі келіншек менен көзін алар емес. Келіншектің ұясынан шыға бақырайған көзінен күдіктеніп үсті-басымды қарап шықтым. Бәрі дұрыс.

– Шынымен-ақ Қадыр Мырзалиевсіз бе?! Қадыр ақынның өзісіз бе? – дейді ол жерден жеті коян тапқандай.

– Иә, Қадырмын… Айналайын-ау, не болды сонша адам көрмегендей? – деймін.

– Өлә-ә-ә, Қадыр аға, сізді бұл жерде, мұндай жағдайда кездестірем деп кім ойлаған. Өлеңдеріңізді сүйсіне оқып, кітаптарыңызды жастығымның астына жастанып жатушы едім. Өмірде кездесіп өз қолыммен шай құйып беріп, лебізіңізді тыңдасам деп армандаушы едім. Қап!

– Өкінетін түк те жоқ айналайын, әлі талай келеміз ғой. Бұйыртса, шайыңды да ішерміз. Әңгімемді де тыңдарсыңдар.

Әлгі келіншек қалтасын қарманып:

– Қап! Қапелімде автограф та ала алмай қалдым-ау! – деп өкініш білдірді де, қолындағысын ұсынды.

– Ең болмаса мына айранды ала кетіңізші, ағатай!

– Қой шырағым, бала-шағама нәпақа болсын деп сатып жүрген дүниеңді тегін қалай алам. Міне, ақшасын ала ғой, – деп едім, тіпті көзі боталай жаздады.

– Керегі жоқ, Қадыр аға. Онда қапа болам, – дейді.

– Айналайын-ай!
Қатты әсерленген Қадыр аға әлгі «баклашкадағы» айранды стаканға құйып сіміріп салып, тамсанып біраз тұрды да:

– Оһ, шіркін-ай, мына айранның дәмі бөлек екен, ішіп көрші, – деп толтыра құйып маған да ұсынды. Ағаның көңілі үшін ішкен болдым. Кәдімгі айран, ерекше түгі де жоқ.
Қолына стаканын ұстап вагон терезесіне қарап өз ойымен өзі отырған Қадыр ағам кемсеңдеп, жылап-ақ жібергені. Сасқанымнан:

– Ой, аға,.. бір бөтелке айранға бола, сонша… Қап, мына Түлкібастың келіншегін-ай! Сол Түлкібаста қала салмаған екенсіз, – деп қалжыңдаған болып жатырмын. Әйтеуір, бір далбаса менікі…

Қадыр аға үндемей көзін сүртіп болды да:

– Мына терезені сабалаған қарлы жаңбыр бала кезімдегі бір оқиғаны есіме түсіріп жібергенін көрмейсің бе. Айып етпе айналайын! Сендер ғой, өткен жолы Түркістанда менің мектептегі алған білімімнің әлі күнге дейін санамда сақталып, көнермегеніне таңырқадыңдар. Бірақ соның сыры неде? Оны сұраған ешқайсың жоқ. Солай ма?

– Солай ғой. Соны сұрағалы жүр едім… – дедім күмілжіп.

– Ендеше тыңда.
Қадыр аға терең күрсініп алып, әңгімесін жалғады.

– Оның себебі, мектепте жүріп алған білімімнің бағасы мен үшін өте қымбат болатын. Әкем марқұм мен есімді білгелі бері сырқат болды. Ауруханадан шығып арамызда болған сәті өте сирек еді. Тіпті еміс-еміс қана есімде қалыпты. Өз дертімен арпалысқан ол байғұстың анам екеумізге баспана тұрғызып беруге шамасы қайдан келсін!? Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезде бізге арнап үй тұрғызып берер ағайынның да жағдайы болмаған шығар. Қысқасы, анам марқұм екеуміз әркімнің қора-қопсысында күнелттік. Иә, рас! Есімде қалғаны, сиыр, қой, ешкілердің тезегінің иісі, күйіс қайырған үндері. Өйткені солардың арасында ұйықтайтынбыз. Анашым:

– Әкең әлі-ақ жазылып шығады. Сосын керемет қылып, үлкен үй тұрғызады. Әдемі есігі, әдемі терезесі бар зәулім үйде тұратын боламыз, – дейтін. Онысы мені жұбатқаны шығар.

– Анау үйдегі балалар сияқты әдемі төсегіміз бола ма? – деймін мен кәдімгідей көңілденіп.

– Болғанда қандай! Одан да әдемі төсегің болады.

– Тамағымыз да көп бола ма?

– Үйдің ішінде тамақтың түр-түрі тұрады. Ішінен таңдағаныңды алып жей бересің, құлыным.
Сол кездегі естіген ертегімнің, болашақ арманымның ең кереметі де, биігі де, Құдай біледі, сол болған шығар. Анам айтқан бақытты өмірдің тезірек орындалуына ойша асығам.

– Апа!

– Әу жаным.

– Әкем қашан жазылады?

– Жазылады, құлыным. Жазылады. Ұйықтай ғой.

– Тезірек жазылса екен әкем!

Тәтті қиялмен әлгі ертегімді қиялдап жатып ұйықтап кетем. Ұйықтап бара жатып, анамның көзінен жылымшылап аққан жастың бетіме тигенін де сезем. Түсімде әкем тұрғызған зәулім, әдемі үйді көрем. Әкем, шешем үшеуміз нағыз жұмақта – өз үйімізде жүреміз.

Қысқасы, сол кезде бақыттың не екенін түсімде ғана сезініп, қиялымда ғана көрген екенмін. Ертесіне де сол әңгіме қайталанады. Арғы күні де сол. Бірақ мен асықты екен деп, уақыт асыққан жоқ. Мені болашаққа зарықтырып, тағатымды тауысқан күндер кезегімен өте берді. Мен қанша күткенмен әкем ауруханадан шығып, бізге үй салып берген жоқ. Келсе де, түні бойы күркілдей жөтеліп, ыңқылдап таңды атырып, ертесіне ауруханаға қайта кететін. Келген кезде үмітпен нұрланып, мәз-мейрам болған көңілім, әкем қайта ауруханаға кетіп бара жатқанда қатты жабырқап қалатын. Әкемнің түріне қарап, бала болсам да, қиялымның ауылы тым алыста, орындала қоюы екіталай екенін сездім.

Ақыры не керек, мен мектепке сол сиырлар мен қой, ешкілердің арасынан бардым, шырағым.
Қадыр ағаның үні дірілдеп кетті. Содан қысылды ма қайдам, терезеге қарап кішкене үнсіз отырып бойын тіктеді де, сөзін жалғастырды.

– Әкем марқұм үй тұрғызып бере алмады. Өз арманы да, ертегідей көрінген менің арманым да қайтыс болған әкемнің бейнесімен бірге сағымға сіңіп кетті. Орындалмаған, бірақ орындауға болатын арманға деген құлшыныстың әсері ме, әлде соғыс кезінде туған ұрпақтың оқуға деген құштарлығы солай ма, білмеймін, әйтеуір, ұстаздардың әр сөзін мүлт жібермей, жерден алтын дән тергендей оқуға өте ынталы болдым. Өте жақсы оқыдым. Сыныптастардың ішіндегі ең кішкентайы да, ең озаты да мен екем. Мектепке кетіп бара жатып артыма бұрылғанда анам марқұм жанарын жасыра жалт бұрылғанын ылғи байқайтынмын. Әркімнің ескі-құсқысын киіп, құлдыраңдап бара жатқан түріме қарап өзегі өртенетін шығар.

Бірде мынадай жағдай болды. Дәл осындай қарлы жаңбыр төпеп тұрған кез еді. Күз бе, көктем бе, есімде жоқ. Бір топ балалардың ең соңында шүберекке орап алған кітаптарымды қорғаштап (ол кезде пәпкі деген нәрсе түсімізге де кірмеген), қиғаштап, себелей жауған қарлы-жаңбырға арқамды беріп, кітаптарымды қорғаштап келе жатқам. Кенет, шеткі терезеден қалбаң еткен ақ киімді адамның сұлбасы көрінгендей болды. Маңайымды барласам аурухананың тұсына келген екенмін. Жаңағы терезеге білдірмей көз қиығымды салдым. Сөйтсем… Қу сүйекке айналған жүзімен әйнекке ұмсына түсіп, түрі тірі әруақтай қорқынышты адам бізге қадала қарап тұр екен. Өзгелер онша байқай қоймады. Әлгі адам – аурудың азабы бүкіл нәрін сорып алып, құр сүйекке айналдырған менің әкем еді. Бізге үй салып беруді армандамақ түгіл, әрбір атар таңы мен батар күнімен бірге тішілік шырағы сөніп бара жатқан, бейшара күйде осы ауруханада соңғы күндерін өткізіп жатқан әкем терезеге бетін тақап, мен жаққа үздіге үңіліп жылап тұрды. Жүрегім езіліп кетті. Кітабымды құшақтаған күйі, жерден басымды көтермей мен де жыладым. Әкем жаққа енді қарамауға тырыстым. Бірақ қалай қарамассың!? Көзімнің қиығымен сығалап келем. Мен терезенің тұсына жақындап келіп, өтіп бара жатқанда әкем қабырғаға арқасын сүйеген күйі ары қарай алыстай берді. Өзімді-өзім әрең ұстадым.

– Әке! — деп айқайлағым келді. «Әкетайым» деп мойнына асылып құшақтағым келді.
– Сен жыламашы әке. Ауруыңнан тезірек сауығып кетші. Жазылшы! Зәулім үйді мен әлі саған тұрғызамын, әкетай! – дегім келді. Бірақ оның бәрі тек ойымда қалды. Онсыз да ауруы мен өзегін өртеген күйігі жанын жегідей жеп, азапта тұрған байғұсқа ондай сөздің өзі ауыр соғатынын бала болсам түсіндім.

Әкем содан кейін көп ұзаған жоқ. Арбасқан дерті ақырында алып тынды.
Мен талай зәулім үйлерде тұрдым. Анам марқұмға да, жарым мен перзенттеріме де қолымнан келгенінше, уайым-қайғысыз өмір сыйлағым келді. Әрбір қуанышқа кенелген сәттерімде әкемді есіме алушы едім. Тағдырдың менің әкеме соншалықты қатал болғанына налушы едім. Иә! Небір кездер өткен екен-ау басымыздан. Үйде жары мен перзенті, өзі ауруханада егіліп қасіреттің уын татқан жалғыз менің әкем бе еді!?

Ал енді сөйтіп өмірмен арпалысып жүріп алған білімді естен менің шығаруым мүмкін бе?

– Мүмкін емес, әрине, – деймін Қадыр ағамен келісіп.

– Бірақ сол кездегі балалардың бәрі, яғни замандастарыңыз, сіз сияқты дәрежеге неге жете алмады? Оқу-сызудан мүлде мақұрым қалып, әйтеуір, көптің бірі санатында өмірін өткізгендер де бар. Оқуға деген құштарлықтың арғы жағында мұратқа жеткізбей тынбайтын қайсарлық пен дарындылық болуы керек сияқты.

– Солай да шығар. Сенесің бе, жаңа терезеге қарап отырғанда қарлы жаңбыр кезіндегі әкемнің терезе алдында егіліп тұрған сол бейнесі көз алдымнан елес беріп өтті,— деп сөзін аяқтады Қадыр аға.

Пойыз Алматыға жеткенше көзім ілінбеді. Кітабын қолтықтап қарлы-жаңбырдан бетін қорғаштап томпаңдап келе жатқан кішкентай Қадыр. Оған қарап егіліп, тағдырына нала боп, терезенің жақтауын әлсіз, арық жұдырығымен түйгіштеп тұрған сырқат әке. Кішкентай баласын жыртық көрпемен қымтап, әлдекімнің мал қорасында сиыр, қой, ешкілердің арасында күрсінгенде көкірегі өртеніп жатқан әйел көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.

Сезіп жатырмын, Қадыр ағам көзін жұмып жатқаны болмаса, ұйықтап жарытқаны шамалы. Бір-біріміздің ойымызды бөлмейік деп, ұйықтаған болып жарты таңды атырдық.

Қадыр ағаның көз жасы

Байғали Есенәлі, актер,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

15 қазан, 11:54
Шаңырақ шайқалмасын!
15 қазан, 11:43
«Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше «күлше» берейік
01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?