jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Біз ешқашан еуропалық болмаймыз!

22 қантар, 11:07
557

Біз ешқашан еуропалық болмаймыз!

Осы аптада қоғамда дау тудырған әлдебір шикі заң жобасы туралы әңгіме қызу талқыға түсті. Мәжілістің мақұлдауынан өткен, бірақ Сенатқа әлі жетпеген әлгі заң жобасының кейбір тармақтары қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына қайшы, отбасылық қарым-қатынасқа кереғар көрінеді. Біз аты-шулы заң жобасын тауып, танысып шықтық. Заң «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» деп аталады екен. Жұрттың талқысына түсіп, талас тудырғаны әлгі заң жобасының 5-бабы. Онда 11-тармақ бар. Кейбір заңгерлердің түсіндіруінше, осы 11-тармақтың бәрінде кемшілік бар. Мәселен, сол тармақта «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген сөйлем бар. Былай қарасаңыз, қарапайым оқырман байқай алмайтындай жып-жылтыр дүние. Бірақ заңгерлер мен зиялы қауым өкілдері мұның астарында ұлттық болмысымызға кереғар күрделі саясат бар екенін айтады.

Біз белгілі абайтанушы-ғалым, ұлтсызданған қазақтарды ұзақ жылдардан бері зерттеп жүрген ақсақалымыз Мекемтас Мырзахметұлына хабарласып, осы мәселеге қатысты пікір білдіруін өтіндік.

Қазіргі мектепте оқытылып жатқан педагогика ғылымы – бұл түбірінен қате оқытылып жатқан ғылым. Біздің қазаққа шығыстық педагогика керек. Ал мына педагогика ғылымы Еуропа мен Ресейде пайда болған, атеист пиғылдан, көзқарастан туған ғылым. Біз соны тұтынып отырмыз. Құлдық психология етімізден өтіп, сүйегімізге сіңіп кеткен. Құтылайық десек те құтыла алмай жүрміз ғой. Ондай ғылымды миымыздан да, оқу бағдарламасынан да алып тастау керек. Себебі адамдық болмысы, ұлттық тамыры, кісілік қасиеті бұзылған елдің педагогикасы бізді ұшпаққа шығармайды. Соны ойлап отырған адам бар ма бізде? Жоқ-ау деймін. Бар болса, Еуропаның шіріген ғылымынан әлдеқашан бас тартар едік.

Еуропаның педагогикасы қазақтың табиғатына, ұлттық салт-дәстүрімізге, әдеп-ғұрпымызға, дініміз бен ділімізге жат. Еуропа сол ғылыммен жақсылыққа жетсе, осы күні озып кетер еді. Керісінше азды, тозды. Ері қайсы, әйелі қайсы, біліп болмайсың. Әйел мен ердің орны, қызметі деген сияқты құндылықтардың бәрі жойылып кетті. Қызтеке жігіт, еркекшора қыз көп. Ата-ана мен баланың қарым-қатынасы біздегіден бөлек. Қысқасы, олардың өмір сүру дәстүрі әлдеқашан бұзылған.

Қоғамды шулатып жатқан әнебір заң жобасын тықпалап отырғандардың мақсаты біреу-ақ. Ол – қазақты ұлтсыздандыру. Маған сол заң жобасын түсіндіргендердің айтқанынан ұққаным, осыған мүдделі топтардың көксегені – Еуропаның қалдығын бізге тықпалау. Қай бала сүндетке өз еркімен отырсын? Ешкім. Мен де молдалардан үш күн қашып жүріп, мұсылмандық парызды еркімнен тыс өтегенмін. Баланы сүндетке отырғызу – ата-ананың міндеті, қазақтың салты. Ал мына заңсымақтың артында қазақтың дәстүрін мәнсұқтау, қазақты ұлттық қасиетінен айыру сияқты сұрқия пиғыл жатыр. Еврейлердің өзі қазір сәбилерін перзентханадан шықпай жатып «кестіріп» тастайды.

Біз ешқашан Еуропа болмаймыз. Қазақ болып қаламыз. Өзіміздің ата жолымыз бар. Сол жолдан адаспауымыз керек. Бірақ мысықтілеулер бізді сол тура жолдан тайдырғысы келеді, шатастырғысы келеді. Қазақты аңдып жатқан іште де, сыртта да дұшпан көп. Сыртқы дұшпаннан гөрі, қазір ішкі жаудың күші басым сияқты. Құлданған, орыстанған қазақтарды айтып отырмын. Олар үшін қазақтың салты сайқымазақ, дәстүрі даңғой, тілі тұрпайы. Олар Еуропа болғысы келеді. Адам құқығын сақтау керек деген желеумен ішімізден іріткісі келеді. Ондай тілеуі жамандардың артынан еріп адаспайық! Сатылған шалақазақтар бұрынғыдан көбейіп кетті. Олар не істерін білмей жүр қазір. Латын әліпбиге де қарсы, «орыс алфавитінде қалмадық» – деп. «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кітапты жазған кезімде, орыстанған қазақтардың талай бәлесін көргенмін. Сол кітапты жетіскеннен жазған жоқпын. Зор қазақтың қор болғанын көргеннен кейін жаздым. Сол үшін артымнан «үндеместер» де түсті. Дәлел-дәйегімді келтірдім. Артымнан тіміскілеп қалмайтын еді. Шындыққа көздері жеткен соң қойды-ау деймін.

Әлемге билігін жүргізгісі келетін әлдебір топтар жер бетінде 1 миллиард адам ғана қалса дейді. Олардың көксегені сол. Мына коронавирус та сондай жоспардан шыққан індет. Олар халықты азайту үшін қолдарына мылтық алып майданға шықпайды. Әртүрлі қитұрқы амалдарға барады. Олар тұмсығын тықпаған жер жоқ қой.

Сталиннің ата жауы – түрік халқы болды. Патшаның өзі түрік халқына Сталин жасаған жауыздықты істеген жоқ. Сөйтіп мақсатына жетті. Түрік халықтарын мәңгүрттендірді. Жерін ту-талақай қылды. Мен де қып-қызыл мәңгүрт болдым. Кейін мәңгүрт екенімді сезіне бастадым. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Бірақ әлі орыстанған күйден арыла алмай отырмыз. Неге? Өйткені құлдық психология біздің қанымызға сіңіп кеткен. «Балаларымыз қазақ мектебіне барса да, орысша сөйлейді. Үш қазақ бір-бірімен орысша сөйлеседі. Қазақша сөйлейтіндерді жабайы көреміз». Бұдан құтылатын жалғыз жол – латын әліпбиіне ауысу. Сонда орыс тілінің үстемдігінен де, құлдық психологиядан да ақырын-ақырын арыламыз. Латын әліпбиі туралы әңгіме шықса, жата-жастана қарсы болатындар кімдер? Олар – бізге құлдық таңба салғандар мен таңба тәнінен жанына өтіп кеткен өзіміздің қаракөз қазақтар.

Кейде мен қазақты көкпарға түскен серкедей елестетемін. Неге? Бір жағымызда тамыры үзілмеген Ресейдің орыстандыру саясаты, бір жағымызда Еуропаның ұлтсыздандыру саясаты, тағы бір жағымызда дінін сатып байыған жігіттер жүр сақалы қауғадай, балағы шолтаңдаған. Анаусы бір, мынаусы бір тартып, берекемізді қашырып болды. Мына шикі заң жобасы – сондайлардың жоспарының бірі.

Қазақты жер бетінен жою саясаты әртүрлі жолмен жүргізіліп жатқанын біреу сезер, біреу сезбес. Мысалы, Ресей баяғы басшыларының мақсаты – жер бетінен қазақ пен ноғайды құрту еді. Жердің иесі болмау керек дегенді ұстанды. Ресей мен Қытай бірігіп, қазақ пен жоңғар соғысын қолдан жасап жіберді. Сөйтіп, ықылым заманнан бері қоңсы қонып келген екі көшпенді халық бір-бірімен ата жау болды, бірін-бірі аямай қырды. Қазақ тарихының қай тұсын алып қарасаңыз да, Ресейден ешқашан жақсылық көрген емеспіз. Ал тарихшылар соны түсінбейді. Біздің миымызды айналдырып, шатастырып, қайдағы жалған тарихты алға тарта береді. Қазірдің өзінде Ресейдің кейбір саясаттанушылары мен депутаттары біздің солтүстік аймақтарымызға көз салып, ауыздарына келгенді айтып жатыр. Ал біз әлі қазақша сөйлеуден арланып жүрміз.

Мекемтас Мырзахметұлы,
абайтанушы-ғалым

Тақырыпқа орай

Біз ешқашан еуропалық болмаймыз!

Баладан ұят кетсе, иман кетеді

Қоғамда бала тәрбиесі мен оның құқығына қатысты мәселе талқыланып, белгілі азаматтар мен белсенді тұлғалар отбасы құндылығын сақтап қалу жайлы пікірін білдіруде. Ұл мен қыз өсіріп, оның тәрбиесі мен болашағы үшін жауапты әке ретінде бұл мәселеге үн қосып отырмын. Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы. Ұрпақ тәрбиесіндегі осы тәсіл өзінің өміршеңдігін дәлелдеумен келеді. Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар. Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар.

Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам. Осындайда «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл сөз еске түседі. Баладан ұят кетсе, иман кетеді. Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса, елі мен жерін ұятқа қалдырмайды. Расында, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген.

Наурызбай қажы Тағанұлы,
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...