jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

America 2.0

22 қантар, 13:53
84

America 2.0

Жиырма жылдай бұрын табанымыз мұхиттың арғы жағына тұңғыш рет тиген. Ол кезде Американы көру басқа планетаға барғанмен бірдей. American Dream (Америка Арман) ең көп тараған сөз. Бүкіл жүйесі мүлтіксіз істейтін мінсіз мемлекет. Керемет мүмкіндіктер мекені. Басына бақ қонса, кедейдің миллионерге айналуы көзді ашып-жұмғанша. Адамның нәсілі мен түр-түсіне қарамайтын теңдік пен әділдіктің үстемдігі. Былайғы дүние бұл елді солай біледі. Көрген-түйгеніміз де осы ойды растай түсті. Тек бір кездесуден кейін көкейде күмән қалды.

Сиетл қаласында саны аз ұлттардың өз басылымы бар. Бізді (журналистерді) солардың біріне апаратын болды. Біраз жүріп, кәдімгі базарға келдік. Мұның алдында «Вашингтон Пост» орналасқан ғимараттың көп қабатын мойнымызды жоғары созып санағанбыз. Тіпті осындағы «Чайна Таунның» өзінде қытай әйелдің газеті қоныс тепкен үй мұндай қораш емес-тұғын. «Мұнысы несі?» деп түсінбей тұрмыз. Сөйтсек, жергілікті үндістер шығаратын газет осында болып шықты. Түрімізге қарап, өзінің тамыр-тегімен әлдебір ұқсастықты тапса керек, үндіс әріптестеріміз туысқаны келгендей құшақ жая қарсы алды. Жөн сұрастық. Қазақ екенімізді, олардың арғы бабалары сияқты жылқыға жақын екенімізді айттық. Тәбәрік-тартуымыз тобылғы сапты қамшыны тапсырып жатып, әзіл-шыны аралас: «Біреу-міреу тізе батырса, мына қарумен сазайын берерсіз» дедік. Қамшыны біледі екен. Бас редактор Елин ханым атасынан қалған қастерлі жәдігерді есіне түсірді.

Үндіс әріптестерімізбен жүздесу. 2003 жыл

Үндіс әріптестерімізбен жүздесу. 2003 жыл

 

Үндіс әріптестерімізбен жүздесу. 2003 жыл

Үндіс әріптестерімізбен жүздесу. 2003 жыл

 

Олар басылымды өз қаржысына шығарады. «Қалталы демеуші табылмай тұр» десті. Әйтпесе, автокөлігіне «Чероки», «Понтиак» секілді үндіс тайпаларының атауын беріп, байыған үстіне байып жатқан алпауыттар жетерлік. Баспасөзді қолдап, қорғайтын қорлардан да қайыр жоқ. Жалдау ақысы арзан деп осы жерді таңдапты. Біздегі газет-журналдың жағдайын сұрады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айттық. Мұны естігенде бас редактор Елен ханым: «Біздің билік екіжүзді. Басқалардан аз ұлттардың құқығын қорғауды, пікір білдіру еркіндігін талап етеді. Шетелдегі түрлі ұйымдарға грант бөледі. Ал бізге келгенде қолы тар. Өз еліндегі кемшілікті көрсе де, көрмегенсиді», – деді терең күрсініп.

***

Күллі әлемдегі өз мүддесін көбірек күйттеген Америка дәл қазір өз ішіндегі ахуалға бас қатыруға мәжбүр… Былтыр тәртіп сақшыларының көшеде қара нәсілді Жорж Флойдты тұншықтырып өлтіруі Пандора құтысының ауызын ашып жібергендей болды. Black Lives Matter (Қаралардың өмірі мәнге ие) деген ұранмен жаппай шеруге шыққандарға басқалар да қосылды. Жер-жерде баяғы құл иеленушілердің ескерткіші құлатылды. Бұған дейінгі қысым мен қиянат үшін тізерлеп кешірім сұрау сәнге айналды.

America 2.0

Наразылықтың өршуіне пандемия да ықпал етті. Қытайдағыдай емес, мұнда кеселмен күреске дер кезінде мән бермеді. Тіпті Трамп пен оның жақтастары карантинге, бетперде тағып, оқшаулануға қарсы шықты. Соның салдарынан індет тез жайылып, өлім-жітім көбейді. Денсаулық сақтау мекемелерінің дені жекеменшік қолында. Содан болар, үкіметтің тәжкеселге қарсы амал-әрекеті пәлендей нәтиже бермеді. Мемлекеттің тұрғындар алдында әлеуметтік жауапкершілікті жеткілікті дәрежеде сезінбеуі күшейіп келе жатқан солшылдар қозғалысын жандандырды. Қаратүстілерге қосылып, әділдік талап еткендер де солар.

***

Америка президент сайлауына ала-құла көңіл күймен келді. Ақ үй қожайынын таңдау бұрын-соңды болмаған талас-тартыс, айыптау және ақталуға ұласты.

Дегенмен бұл жолғы сайлау дауыс беру нәтижесінен гөрі 6 қаңтардағы оқиғамен есте қалары анық. Сол күні АҚШ конгресі Жозеф Байденді Американың 46-шы президенті ретінде бекітуі тиіс еді. Жиын алдында наразы топ ғаламдық демократияның бесігі – Капитолийге лап қойды. Еліргендер мен есіргендердің әрекетін көрсететін бейнекөрініс пен суреттер дүниежүзіне тарады. Солардың бірінде конгрестің мінберін қолтығына қысып бара жатқан Адам Жонсон (Alam Johnson) бейнеленген.

America 2.0

Ол мінберді ескерткіш үшін емес, сатып, ақша табу үшін әкетіпті. Міне, осыдан-ақ шерушілердің шынайы бет-бейнесін пайымдауға болады. Американ телеарналары тосын оқиғаны тікелей эфирде көрсетті. Әдетте, мұндай бүлік туралы шетелден хабарлайтын тілшілердің бірі «Мен Қабылда емеспін, Бағдатта емеспін, мен қазір Америкадамын!» деп жатты жанұшырған дауыспен. Адам қаны төгілді. Тарихшылар Конгресс ғимараты соңғы рет бұдан 200 жыл шабуылға ұшырағанын қаперге салды.

Саясаткерлер Американың беделі мен мәртебесіне елеулі нұқсан келтірген осы оқиғаны аяусыз айыптады. Бұрынғы президент Жорж Буш «Мұндай ессіздік тек «банан республикасында» ғана болады» деді. «Банан» деп үшінші дүниені меңзегені түсінікті.

Оған Африкада жарық көретін Kenya Daily Nation газеті «Ендігі Жерде «Банан Республикасы» кім?» деген кекесінді сауалмен жауап берді. Кениялық басылымның бірінші бетінде жариялаған мақалада конгрестегі өкілдер палатасы жетекшісінің кеңсесінде аяғын үстелдің үстінде қойып отырған Ричард Барнеттің суреті бар. Газеттегілер осы арқылы өресіздік кеселі Америкаға да жат емес білдіргісі келсе керек.

America 2.0

***

20 қаңтарда жаңа президент Байденнің ұлықтау рәсімі өтті. Төрт жылда екінші рет мәжбүрлеп тақтан түсіріле жаздаған (импичмент) Трамп қалыптасқан дәстүрді бұзып, салтанатты жиынға қатыспады. Ол «Патриот» деген атаумен жаңа партия құратынын хабарлады. «Трамп кетті, бірақ трампизм қалды» десті сарапшылар. Сайлауда оны дені ақ нәсілді 72 млн азамат қолдады. Демек, жақтасы аз емес.

Ақ үйдің жаңа қожайынын шетін міндеттер күтіп тұр. Бұрынғы президенттердей емес, бар күшті алдымен ел ішіндегі күрмеуі көп түйіндерді шешуге жұмсауы тиіс. Пандемияны ауыздықтап, шатқаяқтаған экономиканы қалпына келтіру қажет. Ең бастысы, құрау-құрау болып тұрған қоғамды бір мақсат, бір мүдде төңірегінде топтастыру. Ол билікке келген демократтардың ешкімнің түр-түсіне, өмірлік ұстанымына қарап бөле-жармай, бәріне құрметпен қарайтынын мәлімдеді. Өзінің орынбасары етіп әкесі қаратүсті, ал шешесі үнді қызы болып табылатын Камала Харристі осы мақсатпен таңдаған сияқты. Байден ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде осы бірлік пен бірігуге айрықша тоқталды.

America 2.0

Президент сыртқы саясаттағы бағытын America is back (Америка қайта оралып жатыр) деген ұранмен білдірді. Мұны «ғаламдық қауымдастықпен қайта қауышу» деп атаған дұрыс сияқты. Бұл ең алдымен, Трамп тәрк еткен халықаралық құжаттар мен ұйымдарға оралуды көздейді. Бұлардың қатарында Париж климат келісімі мен Дүниежүзілік десаулық сақтау ұйымы да бар. Сондай-ақ Мексикамен арадағы шекарада дуал тұрғызу, кейбір мұсылман елдері азаматтарының АҚШ-қа саяхаттап келуіне тыйым салған жарлықтар өз күшін жоюы мүмкін. Сарапшылар дәстүрлі одақтасы Еуропамен түрлі саладағы ынтымақтастық қайта жанданады деген сенімде.
Обама тұсында Иранмен жасалған ядролық келісімге қайта орала ма? Экономикалық әлеуеті Америкадан асып түспесе, кем түспейтін Қытаймен қарым-қатынастағы тоң жіби ме? ТМД мен Таяу Шығыста ықпалды күшке айналған Ресеймен барыс-келіс қай бағытта өрбиді? Халықаралық қоғамдастық осы сауалдарға оң жауап естиміз деген үмітте. Өйткені жаңғыру мен өзгеруге уәде берген Америка бұрынғы абырой-беделіне қауышуды қалайды.

Срайыл Смайыл,
саяси шолушы

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...