jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Барынан айырылған әйел

08 қантар, 14:56
635

Барынан айырылған әйел

Жамал (есімі өзгертілді) – Сирияға кетіп, 2019 жылы «Жусан» операциясымен елге оралғандардың бірі. Үлкен қызы Сирияда бомба түсіп, мерт болған. Күйеуі де сол жақта оққа ұшқан. Жұмақ іздеп кетіп, тозаққа айналған өмірі елге оралған соң қалыпқа түскен. Бүгінде ол уақытша баспанаға орналасып, жұмысқа тұрыпты. Сириядағы өмірі туралы Жамал: «Ол жақта елдегі бейбіт күніңе зар боласың. Тойып ас та іше алмасаң, қайдағы жұмақ?» деп еске алады.

Қызғалдағым жиһадта үзілді

– Жамал, сіздің сәләфизм ағымының жетегінде кетіп, бүлдіршін қызыңыздың өмірі қыршынынан қиылып, құрбан болғанын, көптеген қиын-қыстау сәттерді бастан кешкеніңізді білеміз. Бәрі де сол жат ағымның жетегінде кеткеніңіздің салдары ғой… Басынан бастасақ, сіз намазды қашан бастадыңыз және қайдан үйрендіңіз?

– Мен әжемнің қолында өстім. 2010 жылдары интернеттен қарап, намаз үйреніп, орамал тағып жүрдім. Бірақ оған әжем қарсы болды. Содан тығылып намаз оқып жүрдім. Кейін әжемнің ұрысы мен айқайынан шаршап кеттім де, тұрмысқа шығуға бел будым. Сөйтіп бірінші күйеуіммен таныстым.

– Басында намазды қай мәзһабпен оқыдыңыз? Күйеуіңізбен танысқанда ол намаз оқитын ба еді?

– Алғаш Ханафи мәзһабымен оқитынмын. Күйеуім де ол кезде Ханафи мәзһабымен оқиды екен. Тұрмысқа шыққан соң да күйеуімнің ата-анасы намаз оқуға қарсы болды.

– Күйеуіңіздің және өзіңіздің тура жолдан тайқуларыңызға не түрткі болды?

– Ол кезде күйеуімнің Әбу Ханифаны ұстанбайтын достары да болған. Бірақ олармен қатты араласпайтын еді. Егер көзқарасы сәйкес келмейтін адамдар кезіксе, сөйлеспей жүретін. Күйеуім мұнай компаниясында жұмыс істеді. Сол жақта жүргенде жұмысында жат ағым өкілдері болыпты. Солар азғырған. Бірақ ол кезде өзінің жат ағымның жетегінде адасып бара жатқанын білген жоқ. Ислам, шариғат, Ханафи жолы деп ойлады. Уақыт өте келе, одан ажыраудың мүмкіндігі болмады. Сол кездерде маған шектеу көбейіп кетті. Басқа адамдармен араласуды қойдық. Тек ата-ана, туыстарымызбен ғана қарым-қатынас жасап тұрдық. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдардың, қазақы құндылықтардың бәрін жоққа шығарып, ширкке, харамға баладық.

– Кімнің уағызын тыңдадыңыздар?

– Күйеуім интернеттен Ринат, Назратолла, тағы басқа уағызшыларды тыңдайтын. Оларды «өте керемет» деп мақтайтын еді. Ибн Таимияның кітаптарын оқи бастады. Маған «намазды былай оқы» деп, басқаша үйрете бастады. Ақидадан сабақ үйретті. Ол кезде күйеуім бірге істейтін жігіттерге қосылып, ақша жинап, Сирияға кетуге дайындалып жүрген екен. Бір күні машинамызды, үйімізді сатып, аяқ асты бала-шағамызды алып, Сирияға көшіп кеттік. Күйеуімнің араласқан достарының бәрі сол жақта қалды. Олар өздері ақылдасып кетті ме, одан хабарым жоқ. Әртүрлі уақытта кетіп, әртүрлі қалада болды.

– Күйеуіңіз Сирияға кетеміз дегенде еш қарсылықсыз, бала-шағаңызды алып кете салдыңыз ба, сонда? Ол жақтағы соғыс, балалардың болашағы туралы ойланбадыңыз ба?

– Басында күйеуім «Ақиқат сол жақта, мұнда шындық жоқ, сол жақта тұрамыз, сонда жұмыс жасаймын. Бірақ соғыспаймын, қырқыспаймын» деп алып кетті. «Біз ол жаққа мұсылман мемлекеті болғаны үшін ғана қоныс аударамыз» деді. Мен ол жақта соғыс болып жатқанын былай білсем де, күйеуімнің соғысқа араласпаймын дегеніне сендім. Соғыс, ешнәрсе көрмейміз, алыс жақта болады, біз өзіміз бөлек тұра береміз деп ойладым. Бірақ нақты жағдайды барғаннан кейін бір-ақ көрдік. Сол кезде ғана «Қайдан келдік? Неге келдік?» деген қорқыныш басталды.
Күйеуім

Соғыста өлді

– Күйеуіңіз барғаннан кейін уәдеден тайып, соғысқа қатысты ма, сонда?

– Иә, қатысты… Соғысқа қатысып, екі айдан кейін сол соғыста мерт болды.

– Ол жақта қай қалада тұрдыңыздар? Кімдер қаржыландырды, күйеуіңіз қайтыс болғаннан кейін қалай өмір сүрдіңіз?

– Ирак қаласында тұрдық. Жалпы өзіміздің ақшамыз болған, соны үнемдедім. Негізгісін ДАИШ қаржыландырды. Ақша, азық-түлік берді. Басында көбірек беріп тұрды, кейін азая бастады.
Күйеуім қайтқаннан кейін менде өмірге деген құлшыныс болған жоқ. Өмір сүргім келмеді. Үнемі күйзелісте жүрдім. Ол жақта «бомбаның астында қалып немесе оққа ұшып өлсең, тікелей жәннатқа кіресің» деп түсіндірді. Еш ақыл, шара қалмағанда соған сендім. Сол өмірге дайындалдым. Қазақстанға қайту дегенді армандамайтын да едік. Қашан болса да бұл өмірден өтетініме сеніп, өлгім келді. Жан-жағымдағылар да сондай ойда болды. Бәрі де сол Алла үшін жәннатқа барғысы келетін. Өйткені санамызға солай құйған. Бірақ жан бере салу оңай ма?! Қасымда шиеттей балаларым бар. Кейде бейбіт өмірді аңсап, сыртқа шығып қашқымыз келеді. Алайда «сыртқа шықсаң зорлайды, өйтеді-бүйтеді» дегенді естігеннен кейін қашудан қорқатын болдық. Сыртқа шықсақ, өзіміздің «браттар» ұрысатын. Тамақ алуға ғана шығамыз. Сосын ешкіммен араласпай, балалардың жағдайын жасап, өмір сүрдік. Құран оқып, үйде отыратын едік. Мен жесірлердің үйінде тұрдым. Аздап көмектеседі. Күніне жеңілдеп тамақ беріп отырады. Ол жерде ешкім ешнәрсені ашып айтпайды, бәрі жасырын.

– Қанша балаңыз бар? Күйеуіңіз қайтыс болғаннан кейін қайта тұрмысқа шықтыңыз ба?

– Қазір екеу… (көзіне жас алып, біраз уақыт үнсіз қалды). Үш балам болды. Ұйықтап жатқанда үйімізге бомба түсіп, жас қызғалдағымның ғұмырын қиды, өзім екі аяғымнан айырылдым… Кейін күйеуге шықтым. Бірақ ай толмастан, ол да соғыста қаза тапты.

Онда жұмақ жоқ

– Сіз, көп қаракөздеріміз аңсаған, мүмкін аңсап та жүрген «жұмақ мекенге» барып, өз көзіңізбен көріп қайттыңыз ғой. Аңсап-сусаған «жәннатты» таптыңыз ба?

– Әрине, жоқ. Ол жақта, тіпті кісі қызығарлық ешнәрсе де жоқ, тек тірі жүргенің болмаса, өмір сүруге құлшыныс болмайды. Үреймен, қорқынышпен күн өткіздік. «Қазір өліп қалатын шығармын» деп ойлайсың. Бомба лақтырып жатқан жерде қайдан тыныштық болады? Ол жақта елдегі бейбіт күніңе зар боласың, тойып ас іше алмасаң, қайдағы жұмақ?! Тек надандық, жауыздық, қантөгістен басқа ештеңе де жоқ.

– Қателескеніңізді қашан, қалай білдіңіз? Кімге өкпе артасыз?

– Арғы жаққа барып, қантөгісті, зұлымдықты көргеннен кейін ойлана бастадым. Сол жерден құтылуды ойладым. Басқа нәрсені ойлауға мұршам болмады. Кейін бағыма қарай «Жусан» операциясымен елге келдім. Сосын осында теологтармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмысы жасалды. Сол кезде ғана өзіміздің адасқан ағымның жетегінде кетіп, алданғанымызды түсіндім…

Мен өз-өзіме әлі толық келе алмай жүрмін. Психологиялық жағынан өз-өзіммен жұмыс жасауым керек. Болған нәрсе болды, бәріне кешіріммен қарауға тырысамын. Әйтпесе, өзіме де қиын. Тек «Ол күндерді де өткердім-ау» деп еске аламын. Мен өз-өзіме көптеген қиындық жасап алдым. Күйеуімнің айтуымен ғана кетіп қалдым. Ата-ананың, туыстың қадірін енді түсініп жатырмын (жылады).

– Апа-сіңлілеріңізге айтарыңыз бар ма?

– Ілім алу керек. Білімсіздікпен адасқан біздің қателікті басқалар қайталамасын дейміз. «Сирияға барам, көрем» деген ой болмау керек. Қиын. «У ішсең руыңмен». «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген қазақтың ұстанымынан айнымайық дегім келеді. Басқа адамдар бізді көріп, ойланса екен деймін…

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,
Маңғыстау облысы

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...