jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Араб көктемі» көгертпеді

08 қантар, 15:06
190

«Араб көктемі» көгертпеді

Ағылшынның аса ықпалды «The Guardian» газеті жақында exclusive айдарымен оқығанды ойлантатын мақала жариялады. Тақырыбы ұзындау. Life has got worse since Arab spring, say people akross Middle East (Таяу Шығыс халқы: «Араб көктемінен» кейін өмір сүру қиындап кетті). Басылымның тапсырысы бойынша тоғыз мемлекетте сауалнама жүргізген You Gov әлеуметтану қызметі осындай тұжырым жасапты.

Кәрі құрлықтағы тағы бір ықпалды ақпарат құралы – Euronews тілшісі де Азия мен Солтүстік Африка елдеріндегі қарапайым халықтың өзгерістен күткен үміті ақталмағанын айтады. Айта кеткен жөн, әлгі сауалнама нәтижесі мен телерепортаж саяси әдебиетке «Әл Сәурат Әл Арабийа» («Араб көктемі») деген атаумен енген түрлі-түсті төңкерістердің басталғанына 10 жыл толуына орай жарияланып отыр. Қайбір жылы американ сайтынан да мазмұны осыған кеп саятын дүниені көзіміз шалған. Батыстың саяси элитасы, неше түрлі ұйымдары мен медиасы құмдағы дауылға дем беріп, төңкерісті демократияның дауылпаз құсына теңеп тастағаны күні кеше. Бұл көзқарастың түбегейлі өзгеруі ме, әлде мұның астарында басқа бір ақиқат бар ма? Мұның жауабын мамандар мен саясаттанушылар бере жатар. Біз «Араб көктемінің» сипаты мен салдарына тоқталайық.

Наразылықтан туындаған ұшқынның жалынға айналуына базардағы оқиға түрткі болды. Тунистің Сиди Бүзид шаһарының қақ төрінде бір саудагер өзін-өзі өртеп жібереді. 27 жастағы Мұхаммед Бүәзизиді мұндай әрекетке итермелеген қиянат пен еркектік намысы еді. Себебі, жергілікті полиция қызметкері Фәдия Хамди оған «заңсыз жеміс саттың» деп айыппұл салады. Кеудемсоқ келіншек онымен қоймай, жұрттың көзінше жігітті шапалақпен тартып жібереді. Қолы қысқа кембағалдың билік орындарына шағымданып, әділдік іздеуі қазақ ақыны Сәбит Дөнентаевтың «Бозторғай қорлық көріп тұрымтайдан, Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан» деп басталатын өлеңін ескере түсіреді. Сағы сынған саудагер ақтық амал – өлімге бел байлайды.

Оқыс оқиға қалың бұқараны шошытып жіберді. Күнкөріс қиындығы титықтатқан, жұмыс таппай сенделген, аяқтан шалатын тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан зәрезап болғандар бұл елде көп. Алдымен Бүәзизидің туған қаласы Мәнзил Бүрзайанда жаппай шеру басталды. Оның аяғы мемлекеттік кеңсе мен полиция бөлімшесін қиратуға, көшедегі көлікті өртеуге ұласты. Тәртіп сақшылары қару қолданды. Бір адам мерт болып, ондаған тұрғын жарақат алды. 2011 жылғы қаңтардың басында наразылық білдіру әрекеті бүкіл елге жайылды.

Полициямен қақтығыс кезінде мерт болғандар көбейе бастады.Тунис президенті Зин Әл Әбидин Бин Әли халқына арнап бірнеше рет үндеу жолдады. Енді сайлауға түспеуге де уәде берді. Бірақ жұрт оны тыңдамады. Олардың нан мен қара суды, билеушінің тақтан түсуін талап етті. 14 қаңтарда ешкім күтпеген оқиға болды. Бин Әли бәрін тастап, отбасымен бірге Сауд Арабиясына қашып кетті.

«Араб көктемі» көгертпеді

Мұны «демократияның салтанат құруы, саяси өзгеріс жасау өз қолымызда» деп қабылдаған араб елдерінде түрлі-түсті төңкерістер етек алды. Мысырдағылар президент Хұсни Мүбәракты қызметінен кетірді. Ал Йемен, Либия және Сирияда революция азамат соғысы мен сыртқы күштердің әскери шабуылына ұласты. Бұларға оңтайлы сәтті күтіп отырған түрлі лаңкестік топтар қосылды. Соғыста оққа ұшқандар мен жан-жаққа босып кеткен тұрғындар миллиондап саналады. Ескексіз қайыққа мініп, Еуропаға жайлы өмір іздеп аттанғандар қарасы әлі де үзілер емес. Теңіздің долы толқыны жұтып қойған бейбақ қаншама?! Әу баста босқындарды құшақ жая қарсы алған кәрі құрлықтағылар бүгінде сансыз мұғажырдан құтылудың жолын іздеп әлек. БАҚ-тағы дүниелерге қарап, кезінде «Араб көктемін» қуана қолдаған еуропалықтар түрлі-түсті төңкерістің нысанасы көп боларына көз жеткізгендей.

Либияда есі шығып, еліргендер президент Муаммар Каддафиді өлтіріп қана қоймай, денесін қорлауға дейін барды. Қантөгістен көз ашпаған осы үш елде бейбіт өмірдің таңы қашан атары әлі белгісіз. Тек Парсы Шығанағындағы мұнайға бай мемлекеттерде ғана билеушілер ақшаны үсті-үсті төгіп, ашу мен тізгінсіз күшті ауыздықтай алды.

Әңгіме басында айтылғандай, «Араб көктемі» оң өзгеріс әкеледі деп күткен көпшіліктің үміті неге ақталмады? Бұған капиталистік жүйенің табиғатын жетік білген Фридрих Энгельстің сөзімен жауап берген жөн секілді. Философ былай деген: «Төңкерістің мүлде күтпеген жаққа қарай кетіп қалатын мінезі бар». Бұдан түсінгеніміз, революция жасау мен оның мақсат-мұраты бір-бірімен астаса бермейді. «Гардианның» сауалнамасы көрсеткендей, төңкерістің зардабын тарта қоймаған Тунистің өзінде халық өкпелі. Олар соңғы он жылда бір министрдің орнына екіншісі келгенін, бірақ сол бұрынғы жүйе өзгермегенін айтады. «(Әркімге) Жұмыс орны, еркіндік, ұлттық намыс!. Бұл ұранды төңкеріс кезінде естігенбіз. Бірақ оларды сол күйі көрмедік. Еркіндік бар да шығар. Бірақ біз аңсағандай емес. Газеттер не қаласа, соны жазады. Ол жазғаны қарапайым адамға не береді? Жұмыс тауып бере ме? Жоқ, бермейді!» дейді ашынған араб.

Йемен, Либия және Сирия жұрты да төңкерістің игілігінен гөрі кесірі көп деп есептейді. Әсіресе, Муаммар Каддафидің отандастары өткен күнді сағына еске алады. Аймақта жан басына шаққанда ең жоғары табыс осы елде еді. «Қара алтыны» әлемді алақанында ойнататын ірі алпауыттардың көзқұртына айналған Либияда бензин болмашы тиын тұратын. Қазір ыңыршағы айналған бәдәуилер үшін ас та төк тамақ та, тұрақтылық та көзден балбұл ұшқан заман болып тұр. Таяу Шығыста ұзақ жыл дипломатиялық қызмет атқарған Александр Подцероб арабтың орындалмаған арманы туралы американдық әріптесі айтқан мына бір пікірді келтіреді: «АҚШ-тың елшісі Девид Мек атап өткендей, либиялықтар демократияны әркімге баспана, жұмыс беру, денсаулықты қорғау деп біледі. Мектің пікірінше, олар демократияның сайлау, заңға бағыну екенін, оның әлеуметтік жеңілдік пен экономикалық өсімді бере алмайтынын түсінбейді».

Осы «түсінбеу» төңірегінде түрлі топшылау бар. Зерттеушілер мұны қоғамда шала сауатты, дүниетанымы шектеулі, тіпті қарадүрсін наданның көбеюімен байланыстырады. Мұндайлар ашынғанда ақ пен қараны ажырата алмай қалады. Қалтасы жұқаға ақша беріп, айдап салғанның сойылына айналады. Мемлекет тарапынан жастардың үстірт емес, сапалы әрі терең білім алуына жағдай жасамаудың салдары бұл. Әлеуметтік желі арқылы түрлі-түсті төңкеріс ұйымдастырушылар алдымен осындай ортаны іздейді. Өткен ғасырдың аяғында қандастарының ойын-сауық қуып, оқу мен көкейге тоқудан қалып бара жатқанына ашынған арабтың бір қайраткері былай деп еді: «Олар оқымайды. Оқыса да түсінбейді. Түсінгеннің өзінде ойындағысын сөзбен жеткізе алмайды».

Жер-дүниені көгертпеген «Араб көктемінің» күллі ғаламға сабақ боларлық тағы бір тағылымы осы болса керек.

Срайыл Смайыл,
саяси шолушы

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...