jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жұдырық пен қылдырық

18 желтоқсан 2020, 11:10
307

Жұдырық пен қылдырық

Саптыаяққа ас құйып, сабын күзеткен. Бұл, сірә, жаугершілік заманда, қысылтаяң-қиын сәтте ата-бабадан қалған сөз болса керек. Шүкір, қазір бейбіт өмір, төтеден төнген қауіп жоқ. Дербес тіршілігіміз отыз жылға жақындап қалды. Десек те, біздің аймақта (Кіндік Азияда) астыртын айқас, беті бүркеулі текетірес бәсеңсімей тұр. Қазақ еліне сұғын қадап, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер, бәсекелесімен тайталаста ұпайын түгендеп қалғысы келетіндер көбейді. Мекемтас ағамыз (М. Мырзахметов, абайтанушы ғалым) айтатын «сексеуіл саясатына» (Отарлаушыларының қазақты қазаққа айдап салуы) жүгініп жатқандар да баршылық. Бөгденің тиын-тебеніне қызығып, демократияны желеу еткендер, ұлттың болмысы мен салт-дәстүріне сына қағудан тайынбайтындар да бар. Ал ұлыдержавалық шовинизмнің саусағы әдеттегідей шүріппеде.

Бар қазаққа қастерлі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мәскеудегі орыс әсіреұлтшылдарының арандату әрекеті мен Мемлекеттік дума депутаттарының қитұрқы мәлімдемесі арасында байланыс бар ма? Кездейсоқтықтан гөрі сабақтастық сипаты басым сияқты. Екеуінен де осыдан 30 жыл бұрын қазақтың солтүстік өңіріне көз алартқан Солженицынның сұмпайы пиғылы сезіледі. Әлгілерді тарих пен жағрапиядан хабарсыз деуге ауыз бармайды. Әсіресе, «Ресей жерді сыйға тартты» деген тарих ғылымының докторы Вячеслав Никоновты. Өзі анау-мынау емес, Сталиннің сенімді серігі болған Молотовтың немересі.

Сыртқы істер министрлігі терістік көршімізге наразылық нотасын бергені сол еді, тағы бір депутат Евгений Федоров «Жер жалға берілген» деп соқты. Аты-шулы әріптесі оны іліп-ала жөнелді. Жөн-жосықсыз, жайдақ әңгімесімен жұртты әбден мезі қылған Жириновскийдің жынды сөзі емес, дәл осы Федоровтың парықсыз пікірі ойлануға мәжбүр етеді. Өйткені, ол билік партиясы («Біртұтас Ресей») атынан сайланған. Бұл ұйымның парламенттегі өкілдері беталды сөйлей бермейді.

Ресей билігі мұны депутаттардың жеке көзқарасы, мемлекеттің ресми ұстанымын білдірмейді деп мәлімдеді. «Сайлауға дайындық қой» деп жұмсартып, жұбатқысы бар біреулердің. Қисынсыз. Себебі, Мемлекеттік думаға сайлау алдағы күзде. Саяси науқанға әлі ерте. Солтүстіктегі көршіде қоғамдық ұйымдар, сарапшылар қауымы, парламент мүшелерінің ең әуелі мемлекет мүддесін көксейтінін ескерсек, депутаттардың көмейі мен көкейінде не жатыр? Әсіресе, Ресейдің шынайы достары барған сайын азайып бара жатқан дәл қазіргі кезеңде.

Мұның жауабын Мәскеудегі сарап пен талдау орталықтарында хакім бола бастаған мына бір тұжырымнан іздеген жөн секілді. Бұл елдегі сарапшы қауымға жүгінсек, Америкадағы сайлаудан кейін ірі державалардың ТМД аумағындағы текетіресі жаңа сипат алады. Яғни қазба байлығы мол аймақ үшін күресі қыза түседі. Осы өңірді өзінің ықпал аймағы деп есептейтін мәскеудегілерге еліміздің ендігі беталысы мен ұстанымы маңызды. Қазақстанның қашанда таразы басын тең ұстап, біреудің қолтығына басыбайлы кіріп кетпейтінін, көпқырлы сыртқы саясатқа жүгінетінін білсе де, ара-тұра осылай тас лақтырып қояды.

Іргесі берік, аталы жұрты бар Қазақ елінің ұлық мұраты – Тәуелсіздікті тұғырлы ету. Ал «Бес саусақ жұмылса ғана жұдырық, жеке тұрса қылдырық – әрдайым қаперде ұстайтын қасиетті қағидасы.

Жұдырық пен қылдырық

Срайыл Смайыл

05 наурыз, 14:30
Сенімді серіктестік жалғасады
05 наурыз, 14:19
Бақытымды сағынамын...
04 наурыз, 16:13
Халықтың жадында сақталуы тиіс
02 наурыз, 12:50
Кітапқұмар мен ойынқұмар
19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші