jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі!

18 желтоқсан 2020, 11:15
190

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі!

Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам.

Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі.

Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ.

Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз.

Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз.

Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт.

Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер.

Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды.

Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді.

Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз.

Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі.

Сондықтан мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым.

Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды.

Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті.

Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды.

Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр.

Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек.

Оны жүзеге асырудың басты жолы – тиімді басқару жүйесі.

Мен Жолдауымда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне баса мән бергенімді білесіздер.

Осыған орай, көптеген нақты шаралар атқарылуда.

Жалпы, жаңғырудың жан-жақты болғаны жөн.

Бүкіл халқымыз заман ағымына ілесе білуге тиіс.

Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады.

Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет.

Бұл – Ұлы Абай айтқандай, «толық адамның» айқын көрінісі.

Оған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек.

Сонда ғана мемлекетшілдік идеясы басты құндылыққа айналады.

Фото: Inbusiness.kz

05 наурыз, 14:30
Сенімді серіктестік жалғасады
05 наурыз, 14:19
Бақытымды сағынамын...
04 наурыз, 16:13
Халықтың жадында сақталуы тиіс
02 наурыз, 12:50
Кітапқұмар мен ойынқұмар
19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші