jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазақты қазақ басқарсын деп алаңға шықтық

18 желтоқсан 2020, 10:55
779

Қазақты қазақ басқарсын деп алаңға шықтық

Сан ғасыр сарыла күткен, қанмен, термен, көз жаспен келген Тәуелсіздіктің қадірін бүгінгі жастар біле ме? Жыл сайын 16 желтоқсан жақындағанда осы сауал алдымнан шыға береді. Кейде ойлаймын, сол қанды желтоқсан қазір болғанда, Тәуелсіздік үшін бүгінгі жастар алаңға шығар ма еді, шықпас па еді? Кеңес одағы кезінде біздің намысымыз шиыршық атып, әбден шегімізге жеткен екенбіз. Қазір қарын тоқ, көйлек көк. Сол тоқтықтан ба, бүгінгі жастар енжар. Ешнәрсеге селт етпейді. Егемендік, Тәуелсіздік деген сөз олар үшін бұлыңғыр, түсініксіз ұғым сияқты.

Біз 1986 жылы «Қазақстанды қазақ басқару керек» деп алаңға шықтық. Ал қазіргі жастар «Өзімнен білімі төмен адамның қол астында жұмыс істемеймін» деп өкпелеп, шетелге қашып жатыр. Екеуін салыстырып көріңізші! Шетелге кетіп жатқан жастардың таңдауы – жеңіл өмір. Олар біреуге өкпелі. Ал біз ше? Біз «қазақты қазақ басқарсын» деп алаңға шықтық. Ол – бағасы биік үлкен күрес болатын. Қазір де күрес жүріп жатыр. Бірақ сол күреске қарсы тұрмай, Елді, Жерді, Отаныңды қалдырып шетелге қашқанда не ұтасың? Ұтыласың! Қазақтың тоқымдай жеріне қазақтың ғана жаны ашиды. Соны ұмытпау керек. Қазір шетелге кетіп жатқан жастар күні ертең сүлдерін сүйреп, кері оралатынын неге түсінбейді? Шетелде жақсы өмір бар шығар. Бірақ ол жақта қазақ жоқ, Отан, Жер жоқ. Тіпті тілің де жоқ. Сенің байлығың – Отаның, Қазақстаның. Осы елде қызмет етіп, жоғына шыда, барына қанағат қыл!

Бізде бір кемшілік басым. «Жалғыз менің дауысым неге жетеді, жалғыздың үні шықпайды» деп кез келген елдік мәселеге бей-жай қараймыз. Алайда сол жалғыздың үні көп мәселені шешетінін неге ескермейміз? Мемлекеттен бір нәрсе сұрағанда, жалғыз болсақ та үніміз қатты шығады. Ал Отаныңа бірдеңе беретін кезде үніміз өшіп қалады. Неге біздің жастар Отаншыл емес? Мына Ел менікі, Жер менікі, Отан да менікі деген үн неге аспанды тіліп тұрмайды? Неге рухымыз оянбайды? Желтоқсаннан неге тәлім-тәрбие алмадық?

Алматыда Желтоқсан саябағын аштық. Енді сол саябаққа қасіретті 16 желтоқсанды еске түсіріп тұратын музей, демалып жүргендерге бір сәт Тәуелсіздіктің оңайлықпен қолға келмегенін сезіндіре алатын ескерткіш немесе мүсін қою керек. Сонда ғана өсіп келе жатқан ұрпақ Тәуелсіздікті түсінер еді. Алаңнан өтіп бара жатқанда құлағына сырға таққан жігіттерді көрсем, жаным құлазып кетеді. Біз осылардың болашағы үшін Желтоқсанда қан кешіп, аязда итке таланып, таяқ жедік қой. Үмітіміз ақталмаған ба?

Бізде отаншылдыққа тәрбиелейтін бір театр жоқ екен. Әуезов пен Мүсірепов театрларында Абылай хан, Қабанбай мен Бөгенбай, Әлмерек пен Райымбек қойылмайды. Сондай тарихи тұлғалар театр сахнасында қойылса, көшеде құлағына сырға тағып жүретін жігіттер өздерінің ата-бабасы қандай болғанын түсінер ме еді? Өлген намыс оянар ма еді? Бауыржан Момышұлы сияқты тұлғалар сахналанса, батырлықтың үлгісін ұғынар ма едік?! Осының бәрі Желтоқсанда ойға орала береді. Ендігі әңгіме сол 34 жыл бұрынғы қанды Желтоқсан туралы болсын.

Мен көрген желтоқсан

Қонаев атамыздың орнынан алынғаны туралы суық хабарды «Қазақфильмнің» дубляж залында естідік. Дубляж жасап жатқан артистердің бәрі төбемізден жай түскендей есеңгіреп қалдық. «Орнына Колбин деген орысты қойыпты» дегенді естігенде мүлде ұнжырғамыз түсіп кетті. Мына өмірде ешқандай орны жоқ, көзқарасымен ешкім санаспайтын үлкен державалардың алдындағы құл-құтан екенбіз ғой деген тікенек ой-санамызды піскілеп өтті. Әркім сол кездегі Брежнев алаңында басталған оқиға туралы естіген-білгенін айтып жатты. Бірақ сөздеріне қарасам, ешқайсысы алаңда болмаған, тек сырттан естігенін ғана айтатын сияқты. Қалайда алаңға баруымыз керек екенін, әсіресе жастар жағы түйсіндік.

Алаңға түстер шамасында келдік. Жиналған адамдармен бірге Фурманов көшесімен төмен түстік. Тобымыз үлкен болатын. Гоголь көшесімен солға бұрылдық. Сол кездегі «Юбилейный» дүкенінің алдында семіз қазақ әйелі орыс тілінде бұрқылдап аузына келгенін айтты. Не айтқанын түгел естімесек те, әйтеуір, бізді еріккен ақымақтарға балап, ұнатпай тұрғаны түсінікті еді. Шетте кетіп бара жатқан жігіттерге сөзі өтіңкіреп кеткен болуы керек, әлгі әйелге тұра ұмтылды. Бірақ бастап жүрген жігіттер басу айтып оларды тоқтатты. Кетіп бара жатқан топқа үй-үйдің терезелерінен дауыстап ұрсып жатқандар да болды. Сосын Желтоқсанмен жоғары көтерілдік. Жол бойы әр-әр жерден (туған жер, Отан тақырыбында) ән айтылып келе жатты. Есімде көбірек қалғаны «Менің Қазақстаным». Мен бар даусыммен Мұхтар Шахановтың «Арман жолында» әнін айтқам. «Бабамыздың намысындай, Кеуде керіп дала жатыр» деп басталатын асқақ рухты ән.

Қайырмасында сөзін білмесе де жанымда келе жатқандардың біразы қосылып кетті. Біз айналып алаңға жеткенде үш-төрттердің шамасы болып қалған еді. Алаңдағы халықтың саны бұл кезде көбейген екен. Сырт жақтың бәрінде топ-тобымен торуылдап милициялар тұрды. Мінбеге шыққан әртүрлі деңгейдегі басшылар микрофонмен халықты сабырға шақырып, тарамаса жаман болатыны туралы ескерту сөздер айтып жатты. Онсыз да ызалы жастарға олардың сөзі онша әсер еткен жоқ. Қорқыту-үркітуге толы қатқыл үні керісінше жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ашуға мінгендері соншалықты бір офицердің қалпағын жұлып алып лақтырып та жіберді. Қас қарая бастағанда қолдарына резеңке таяқ ұстаған сақшылар күш қолданып таратпақ болды. Қолдарында ештеңе жоқ жастар алғашында күтпеген шабуылдан сасқалақтап қаша бастадық. Сол кезде «Қашпаңдар!» деген дауыс естілді. Сөйтсек, біраз жігіт алаңның төменгі жағындағы аллеяның жақтауынан мраморды опырып алып жатыр екен. Біз де үйлердің іргетасын, субұрқақтың шетіндегі тасты теуіп түсіріп, сындырып, сонымен қаруландық та қайта ұмтылдық. Бірде олар шегініп, бірде біз шегініп, кезек шабуылдасып жаттық. Үкімет үйінің шеткі терезелері сынғаны есімде. Түнгі он-он бір шамасында оларға қосымша күш келді. Саны бағанағыдан әлдеқайда көп әскер Үкімет үйінің артқы жағынан қаптай шығып, бізге қарай лап қойды. Кейбіреулерінің жетегінде қабаған иттері болды. Абалап үрген иттер мен қаптаған әскердің алдында қарусыз жастар не істей алмақ?.. Амал жоқ, алғашында ақырындап шегініп, соңы жаппай қашуға ұласты. Арт жағымыздан шыңғырған дауыс естіліп жатты.

Сол түні бұрынғы Мир көшесіндегі (қазіргі Желтоқсан) 24-үйдің 8-этажындағы 116 пәтерде түнеп шықтым. Түнгі екілер шамасында көшеден шыңғырған әйелдің, жанұшырған ер адамның даусы естілді. Жүгіріп балконға шықсам, үш-төрт адамды көшенің жиегінде қолына қызыл шүберек байлаған «дружинниктер» аунатып тепкілеп жатыр екен. Тіпті қолдарындағы ағаштармен аямай ұрып жатты. Әлгі байғұстар «Меруерт» кафесінен той-тойлап шыққандар болуы керек. Сол үйдің тұрғындары балконнан «Ұрмаңдар, олардың жазығы жоқ» деп айқайлады. Үйдегі тұрғындардан сескенді ме, жоқ, әлде ұрып жатқан адамдарының қимылсыз қалғанын енді байқады ма, дружинниктер зым-зия жоғалды. Қозғалыссыз жатып қалған байғұстарды сәлден соң сақшылар алып кетті. Жап-жақсы киінген адамдар болатын. Орындарында қарайып көрінген қанның орны ғана қалды. Сол түні ұйқымыз ұйқы болған жоқ. Әр-әр жерден түннің бір уағына дейін айқай-шу, машинаның үні, иттің үргені естіліп тұрды.

Таңертең ерте тұрдым. Таңғы алтының шамасында Желтоқсан көшесімен жоғары қарай гүжілдеп үш-төрт автолавка тәріздес жабық машиналар өтті. Сәрсен Ысқақов деген суретші жігіт екеуміз тез шығып, үй-үйдің арасымен өтіп, жаңағы машиналардың қайда бара жатқанын аңдыдық. Сәрсен арада бірер жыл өткенде белгісіз жағдайда «троллейбус басып кетіпті» деген сылтаумен көз жұмды. Екеу-үшеуі алаңның Желтоқсан жағына тоқтады да көшеге кеспелтек темірлер мен ағаштарды шаша бастады, екінші машинадан солдаттар жәшігімен арақ түсіріп алаңның әр жеріне қойып жатты. Қағазға оралған заттарды да лақтырып жатқанын көрдім. Ол кезде есірткі дегенді естімеген кезіміз. Фурманов жағына да апарған болуы керек. Кейінірек жастар алаңға қайта жинала бастадық. Әлдекімдер әлгі арақтарға тұра ұмтылғанда ештеңеге тимеуін, ол заттарды әдейі таңертең әкеліп тастағанын айтып қайта тастаттық. Бір есімде қалғаны, арамызда қырғыздың қыз-жігіттері болды. «Айналайын, қазақ туғандар, қанымыз, намысымыз бір. Өлсек бірге өлеміз сендермен»! деп айқайлаған қырғыз әйелдің үнін ұмытқан жоқпын.

Қырғынның ертесіне алаңға келе жатқанымызда бір оқиға өшпестей есімде қалды. Абай даңғылының Желтоқсанға бұрылатын тұсынан бастап кейбіреулерінде оргстекло, кейбірінде көз тұсында көп тесігі бар үлкен қаңылтыр қалқан ұстаған солдаттар тұрған. Солардың арасындағы қазақ жігіттеріне деген ызамыз шексіз еді. Қазір ойлап қарасам, ол байғұстар да зорлықпен-ақ тұрған екен-ау. Кенет жап-жас бір қазақ солдаттың тістеніп жылап тұрғанын көріп жүрегім өртеніп кетті. Көзін көлегейлеп, жүзін жасыруға тырысқанымен, бетін жуған жасы еркіне бағынбай сорғалап тұрды. Мен де жылап бара жаттым. Желтоқсанның бойында Сәтпаев көшесінен Абай даңғылы бағытында 32-автобус тоқтайтын аялдама болатын. Сол жерде топталып тұрған адамдарды байқап, Сәрсен екеуміз соларға жақындадық. Таңертеңмен дүкенге шыққан қарттар, автобус күтіп тұрған жолаушылардың басым көпшілігі орыс ұлтынан. Орталарында басында сұр папахы бар, үстіне шинель киген орыс офицері аузы тынбай сөйлеп жатыр. «Түнде бұл оңбаған, қанішер калбиттер орыс детсадтарына кіріп көптеген орыс балаларын өлтіріп тастапты» деген сөзін анық естідік.

Орыстар «Ужас!» деп жағаларын ұстап, шоқынып, қарғап-сілеп жатыр. Біз жақындап келгенде әлгі офицер тілін тістей қойды. Сәрсен орысшаға жақсы болатын. «Мынауыңыз қалай? Сіз офицер емессіз бе? Неге өтірік айтасыз?!» дей бергені сол еді, аялдамадағылар Сәрсеннің өзіне дүрсе қоя берді. Түндегі шайқастан соң алаңға қарусыз баруға болмайтынын біліп, курткамның ішінен қарым мен білегіме қалыңдап қағаз орап алғам. Сосын сол кездерде дүкенге баратын тор сеткаға қағазға оралған жұдырықтай тас салып алған болатынмын. Әлгі офицер қашығырақта тұрған солдаттарға айқайлай бергенде әлгімен айналдырып тұрып бір-ақ ұрдым. Оң жақ шекесінен оңбай тиді. Сәрсенге қарауға шама жоқ, ұстамақ болғандарды итеріп-итеріп жіберіп, алды-артыма қарамай қаштым. Соңымнан етіктері тарсылдап біразы қуып берді. Қазіргі Ұлттық кітапхананың тұсында алдымнан қарсы шыққандарды көріп солға қарай қаштым. Абай даңғылынан аттап-бұттап өте шығып, Лермонтов театрының төменгі жағындағы жарқабақтан төменге зуылдап түсіп, сол кездегі «Пионер» дүкенінің жанындағы үлкен шыршаның түбіндегі оппа қарға сүңгіп кеттім. Адасып қалды ма, жоқ, әлде жандарын салып қумады ма, әлі күнге дейін түсінбеймін. Әйтеуір, қолға түспей аман қалдым. Егер де сол сәтте қолдарына түссем, оңдырмас еді. Өйткені әлгі офицерге тиген соққы менің өмірімді өшіруге толығымен жететін. Тіпті бұл туралы көп жылға дейін тіс жаруға қорықтым.

Сен желтоқсанда қайда болдың?

Мұхтар ағаның Останкино сарайында өткен жыр кешін телевизордан көріп қатты жігерлендік. Жырына тамсана қол соққан мәскеулік көрермендердің Алматыдағы болып жатқан сұмдықты білмейтініне күйіндік. Соны барып Мұхтар ағаға айтқым келді. Кешке, үстінде қызыл тоны бар қаннен-қаперсіз ыңылдап келе жатқан ағаны көріп таң қалдым. «Бұлай жайбарақат жүргеніңіз қалай, аға?» десем, «е, не бопты?» дейді. «Ойбай, өлтіріп кетеді ғой!». «Өлтіріп көрсін» дейді. Үйіне бардық. Останкино сарайында өткен кеші туралы айтты.

– Шығып бара жатқанымда қазақтың жастары «аға-ау, Мұхтар аға-ау, не болып жатыр Алматыда?» деп жылап тұрды. Не айтам оларға, өзімнің де жүрегім қан жылап тұрса? Жоқ, мұны бұлай қалдыруға болмайды! – деп күйініп отырды. Сол түні жаңа ғана туындап келе жатқан Желтоқсан туралы әнінің алғашқы орамдарын айтып берді.

Жұмысы көп адам ғой, ұмытып қалды ма екен, бірде Мұхтар Шаханов ағамыз «Сен Желтоқсанда қайда болдың?» деп сұрады. Амал жоқ, көп жыл жасырулы жатқан сырды айтуға тура келді. Ойбай-ау, мынауың үп-үлкен оқиға ғой. Сен мұны айтуың керек, Желтоқсанның ақиқаты осындай оқиғалардан тұрады емес пе? Мұның жарамайды!» деп кәдімгідей ренжіді.

Мен қорғап қалған қыз

Не деген ғажап едіңдер, қазақтың қыздары!? 33 жыл бойы титтей жақсылығымды ұмытпай жүрегінде сақтап келген қаршадай қазақтың қызы бірде қатты тебірентті мені. «Аға, сізге ризамын. Анам өле-өлгенше алғысын айтып өтті. Телевизордан көрген сайын айналып-толғанып отыратын», – дейді. Иә, осыдан төрт-бес жыл бұрынғы кездесуде бір қарт ана «Мына жігіт Желтоқсанда менің қызымды қорғап қалған» дегені бар. Соңынан келіп маңдайымнан сүйіп, батасын берген. Ол аласапыранда кімді-кім қорғамады. Қысылып қалғам. Сол күндері қазақ қыздарының батылдығына, қайсарлығына таң қалғанбыз. Көздері жасқа толып «Ал өлтір!» деп ажалға кеудесін тосып алға ұмтылған құрбыларымыздың жайшылықта көріне бермейтін қаһармандығына бас игенбіз. «Біз сендерді білмей жүр екенбіз, сендер осындай екенсіңдер ғой!» деп елжіреп сүйсінгенбіз. Сол қырғында өңмеңдеп келе жатқандарға келсең, кел деп қасқая қарап тұрған қаршадай қызды арқаммен қорғап шетке алып шыққам. Бір-екі соққы жанай ғана тиді. Көзі қанталап, ештеңені тыңдаудан қалып, тағы да алға ұмтыла берген қызды иығынан жұлқылап «Кет бұл жерден! Өлейін деп пе едің? Бұлар ешкімді аямайды. Бар!» деп ұрысқам. Соны жаңа алаңда есіме салып тұр. «Анам қайтыс болған. Мынау әкем, мынау жұбайым» дейді. Айналайын, Раушан қарындасым! Рахмет саған! Мен кетіп бара жаттым. Ол жанындағы 33 жыл бұрынғы дәл өзі сияқты қызға күбірлеп бірнәрсе айтып жатты.

Байғали Есенәлі,
актер, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

15 қазан, 11:54
Шаңырақ шайқалмасын!
15 қазан, 11:43
«Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше «күлше» берейік
01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?