jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты

18 желтоқсан 2020, 12:05
942

Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты

Міне, дәл осындай атаумен өткен ғасырдың соңғы ширегінде «Эт Сетера Паблишинг» баспасынан ағылшын зерттеушісі Уэсс Робертстің ((Wess Roberts) Leadership Secrets of Attila the Hun) бүкіл Батысты дүр сілкіндірген кітабы шықты. Ерекшелігі сол: біріншіден, ол бизнестік менеджмент кітабы ретінде рәсімделді. Екіншіден, шығармадағы негізгі кейіпкер еуроатлантикалық тарих үшін даулы тұлға-тын. Үшіншіден, онда «биік-өркениетті» саналатын әдепкі грек-римдік емес, еуропалық сана-сезім үшін тағы категориясындағы ғұндық ортаның өнегесі әңгімеленді.

Дегенмен ол кітаптың жекелеген сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағаланғанын, тіпті авторына көп табыс түсірген бестселлерге айналғанын айрықша атаған жөн. Қалайша? Әрине, мұнда колориттігімен қатар, ұлы қағанның лидерлік құпияларының біздің заман үшін де өзектілігін жоймағаны зор рөл атқарды десек, еш қателеспеген болар едік.

Еділ гуру ретінде

Бір қызығы, атақты қайраткерлердің назарын аударып, қолдауға ие болмас бұрын, Робертстің бұл кітабын американдық 17 баспа шығарудан үзілді-кесілді бас тартқан. Тек аталмыш туындыны өз қаражатына шығарған жазушының асқан табандылығы мен жеңіс жолындағы қайсарлығы ғана шығарманы Росс Перодай ықпалды кісінің қолына түсіріп, кейін оны әлем халықтары алдында әйгілі етті.

Өз кезегінде, Робертстің өз еңбегінде келтірген Еділ патшаның «Мақсатқа тоқтаусыз талпына білу – барлық басшының бойынан табылуға тиіс қасиет. Әлсіз адам соққан желмен ғана алға жылжиды. Ал күшті адам өзі бас тартпайынша, басқаның сөзіне де, өтірікке де жол бермей қарсыласып бағады» деген кеңесін тәжірибе барысында толық қолданғанын көреміз. Мұны принципке адалдық демей көр.

Оның өз жазбасының басылып, көпшілікке тарауына көмектескен жандарға ағынан жарылып алғыс айтқан тұстардан-ақ, Еділ патшаның ғұн тайпаларының көсемдеріне арнап айтқан ақылын бұлжытпай орындағанына куә боламыз: «Өздеріңнен гөрі ғұндардың игілігі үшін көбірек күйіңдер – сол кезде сендердің игіліктерің армандарың мен мақсаттарыңнан асып түседі».

Сондай-ақ алғысөзінен кітаптың орта және жоғары топ жетекшілеріне арналғанын және бағасын біле білсе, осының негізінде бір жағынан, өзін табысқа жеткізетін, ал екінші жағынан, өзі еңбек етіп жүрген ұйымның дамуы мен гүлденуіне септігін тигізуге бағдарланған қысқаша «ақыл қалта» екенін аңғаруға болады.

Жетекшілер бейнесі кітапта «ғұндар көсемдері» деген кодты атаумен берілген. Олар онда образды түрде кешкі алау басындағы тыңдаушы нөкерлер ретінде көрініс беріп, даналықпен жол көрсеткен Еділ патшаның нұсқаунамаларына ұйыған кейіпте суреттелген. Ал қатардағы қарапайым қызметкерлер кітапта «ғұндар» деп астарланған, яғни корпоративтік табыс үшін ұдайы өрістеп отыратын бітпес соғыстардың қарапайым сарбаздары да ұмыт қалмаған.

Кітаптың құндылығы неде?

Иә, сұрақты бірден осыдан бастауымыз керек еді. Рас, оған бизнес пен лидерлікке баулуға арналған, шетел асып келген көп кітаптың бірі ретінде қарауға болар еді. Өйткені оның негізгі мақсаты да, әлгінде айтып өткеніміздей, сол. Бірақ түркі-мажар әлемінің қаһарманы, баршамызға ортақ баһадүр бабамызды сөз етіп отырған шығарма, қай жағынан алғанда да, біз үшін үлкен сәттілік. Өздері лидерлік контент түзбейтін, керек десең, атымен ондай баспаханалық үрдіс қалыптаспаған, ал төл тұлғаларын әзелде лидерлік теориясы тарапынан қарастырмайтын біздей кенже дамыған елдер үшін тіпті де баға жетпес олжа. Сондай-ақ оның бағасына баға үстемелеп тұрған құндылығы – еуропалық өрісте ұлы қағанға арналған белгілі бір деңгейдегі реабилитациялық қыры.

Қалай десек те, бабамыз V жүзжылдықтың ортасында Рейн мен Солтүстік Қара теңіз жағалауына дейінгі барлық халықтарды қол астына қаратқан көшпелі көне ғұн тайпасының қаһарлы ханы әрі ең әйгілі жаулаушылардың бірі ретінде әлем тарихында аты қалды. Өзінің жойқын әскерімен ол, Рим қолбасшысы Марцеллин Комиттің айтқанындай, «бүкіл Еуропаны жермен-жексен етті». Сол үшін де «Құдайдың қамшысы» деген айдарлы атқа ие болды. Яки, жазушы Қойшығара Салғараұлы жазбақшы, оны «Құдайдың шыбыртқысы», «Құдайдың қаһары» деп те атаған.
Көптеген батыстық тарихшылар Еділдің қолбасшылық қайраткерлігіне көз жұма қарап, оны ең алдымен, христиандық әлемді құртуға талпынған қатыгез билеуші, қанқұйлы құбыжық, пұтқа табынушы етіп көрсетіп келді. Ол туралы VI ғасырда тіршілік кешкен остгот тарихшысы Иордан өзінің «Готтардың шығуы мен әрекеттері туралы» деген негізгі шығармасында: «Ол халықты үрейлендіріп, барлық елді қорқынышта ұстап, қандай тағдыры болғанына қарамастан, өзі туралы ел арасына тарап кеткен әңгімелермен бәрін қалтыратып, қорқыту үшін дүниеге келген адам» деп жазады.

Кейінгілер осы дәстүрді қатаң ұстанды. Тек кейбір прогрессивті, жаһандық масштабта ойлай алатын тарихшылар ғана еуропалықтар жадында зәбір көрсетуші, зорлықшыл патша ретінде қалған тұлғаны басқа қырынан қарап, тарихи бағасын көтеруге талпынды. Мұндай күрделі қадамды алғаш рет «Еділдің есімі тарихта Александр және Цезарь сияқты данышпан адамдармен қатар қалды» деп мәлімдеген ХІХ ғасырдағы француз тарихшысы Огюстен Тьерри жасады. Шын мәнінде, ұлы жаулаушылардың арасында бабамыз сияқты осыншалық әртүрлі пікір қалыптастырған бірде біреуі болмаған десек, артық болмайды. Оны Оңтүстік және Батыс Еуропада қанқұмар, адамзаттың жауы етіп сипаттаса, Солтүстік және Шығыс Еуропада позитивтік жағынан қарастыруға тырысады, ал Азияның түркітекті елдерінде әділ билеуші эталоны ретінде қабылдайды.

Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты

Бұл тұрғыда Робертс кітап беттерінде Батыс әлеміндегі біржақты бағалау мен бұра тартушылықтың барлығын асқан сарказммен айқын жазып көрсеткен: «Гұн Еділ – алғаш қарағанда ұлы адамдармен қатар атауға лайық басшыға ұқсамайтын өте күмәнді тұлға көрінеді. Тарихта оны табиғи қорларды сақтау қағидаларын белден басып (мәселен, соғыс-жабдықтау логистикасы, ал отарлар мен табындар Гринписпен кеңеспей, жолындағының бәрін жеп отырған дегендей), таңғажайып, бейбіт жерлерді жаулап алу үшін жойқын әскер жіберіп, содан кейін Еуропа Кеңесіне әлі бірікпеген сол кездегі Еуропаның өркениетті халқы шоғырланған көптеген қалаларды тонаған, соншалықты жабайы, мейірімсіз билеуші, көшпенділердің олигархы ретінде бейнелеп келді». Соған қарамастан, ол ғұн басшысының мемлекетті басқару қабілетінің зор болғанын және өз елінің ғана емес, жеңімпаз қару мен Ғұн одағының арқасында өз туының астына біріктірген герман және славян тайпаларының толық мойындалған көшбасшысы болғанын да атап өткен. Мысалы, бұған герман халықтарының Еділге арналған эпостық жырлары дәлел бола алады.

Мұны әйгілі жиһангерге арналған тарихи зерттеу деп көтермелеудің қажеті жоқ. Өйткені бұл еңбекте Еділ тарихи тұлға ретінде емес, көшбасшыны бейнелейтін аллегориялық тұлға ретінде сипатталғанын ескерген ләзім. Робертс лидерлік туралы жазған, ал көшбасшы үлгісі ретінде Еділдің лидерлік образы таңдалған. Нәтижесінде, соңынан ергендерді пұшпаққа шығарып, табысқа, сәттілікке, байлық пен атаққа жету өнеріне үйрететін осындай тамаша жинақ дүниеге келді. Осы сарындағы басылымдар сияқты мұнда да «Өз-өзіңізге сенімді болыңыз, табандылық танытыңыз, алға қойған мақсатыңызға нық қадам жасаңыз» деген таптаурын кеңестер айтылады. Алайда бұл қарабайырлық мұнда қызықты әфсаналық баяндау мәнерімен жеткізілген. Негізі, Еділ сол үшін керек болды десек, артық емес. Бірақ бұдан ол туралы туынды әсте құнсыз болып қалмаған.

Қаған лидерлік қасиеттер хақында бүй депті

Батылдық – ғұндарды басқарған адамдар батыл болу керек. Олар ешнәрседен қорықпайтын, басшысының берген тапсырмаларын бұлжытпай орындай алатын рухы мықты болу керек. Қиындықта мойымай, күреспен шыңдалуы керек. Басшының басынан жалғыздық та, түңілу де, күйіну де, көптің тәлкегі мен терістеуі да өтеді. Басшылар өз міндеттерінің бірі – басындағы мұң-қайғысын жеңе білу екенін түсінулері керек. Олардың бойында сенімді қадам жасай алатын және мерейі үстем кезде ғана емес, екіұдай күйге түсіп, басына қатер төнгенде де табысқа жете алатын батылдық болу қажет.

Құштарлық – кейбір ғұндар адамдарға, әрекеттерге және нәтижелерге әсер етуге іштей бейіл танытып, қалау білдірмесе де басшы болуы мүмкін. Мұндай басшылар әлсіз болады. Біз ықылас, яки құштарлық танытпаған сарбаздарды басшы етіп тағайындамауымыз керек.

Көңіл күйдегі табандылық – көшбасшының дамуындағы әрбір келесі деңгей көңіл-күй мәселесін өзекті етуді білдіреді. Көшбасшының әр деңгейде қиындықтан кейін тез есін жиып, қол астындағылар үшін оларға деген көзқарасын өзгертпей жауапты болып, қиын жағдайға табандылықпен төтеп бере алатын қасиеті болу керек.

Төзімділік – ғұн басшылары өзіне жүктелген міндеттерді көтере алатындай төзімді болуы керек. Басшылар денелерін үнемі шынықтырып тұрулары қажет. Басшы төсекте жатып басқара алмайды. Артық ас-су олардың қуатын кетіреді. Римдіктердің есті алатын ішімдіктері сананы улайды. Дені саудың – жаны сау. Басқару міндетін лайықты түрде атқару үшін біздің басшылардың денелері мығым, төзімді болу керек.

Жанашырлық – басшылар жанашырлықты – басқа адамдардың құндылықтарын мойындап және түсінуді, басқалардың мәдениетін, діни нанымын, дәстүрін сезіне алу қабілетін дамыту керек. Алайда жанашырлықты тайпаға немесе ұлтқа алғыр дипломатия немесе күшті әскер керек кезде қажетсіз көңіл жұбатуға әкеп соғатын ұнатумен шатастыруға болмайды.

Табандылық – жас басшылар табандылық танытып, қай кезде әрекет етіп, қай кезде сабыр сақтау керектігін, жағдайға әсер ететін барлық деректерді назарға алуды үйреніп, содан кейін оларға басшы ретінде жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындаулары керек. Толқу мен кідіріс бәрін тежеп, қол астындағы адамдарды шатастырады, ал бұл жаудың пайдасына шешіледі.
Алдын ала болжау – бақылаудың көмегімен үйрену және түйсік арқылы шешім қабылдау жеке тәжірибелерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біздің басшылар ойларды, әрекеттерді және жағдайды алдын ала болжай алулары керек. Алдын ала болжаудың да белгілі бір дәрежедегі қаупі бар. Басшы мұның жеке қауіпсіздігіне ұмтылатын адамдардан жоғары дәрежеге көтеретінін біле отырып, осыған бойұсынуы қажет.

Бәсекеге қабілеттілік – көшбасшылықтың ажырамас қасиеттерінің бірі – жеңіске деген ішкі құштарлық. Үнемі жеңіске жету міндетті емес, маңызды сайыстарда жеңіске жету – міндет. Басшылар бәсекелестіктің ұлыс ішінде де, одан тысқары жерде де өте күшті екенін түсініп, оған жеңіл қарамауы керек. Күрес сезімі ұрыс алаңында, келіссөздерде және өзара күрес жағдайларында жеңіске жеткендерді күшейтеді. Бәсекелестік рухынан айырылған басшы әлсіз болады және жеңіл-желпі күрестердің өзінен тайсалып тұрады.

Өзіне деген сенімділік – үйрену мен тәжірибе басшының бойындағы көшбасшылыққа лайықты жауап бере алатын сенімділік сезімін дамытады. Басқару кезінде өз-өзіне сенімсіз болған адам қол астындағыларға, әріптестеріне және басшыларына өз қабілетінің әлсіз екенін білдіріп қояды. Осылайша, олар әлсіз басшы және пайдасыз көсемге айналады.

Жауапкершілік – өз әрекетіне және қол астындағы адамдардың әрекетін жауапты болуға үйрену – көшбасшылықтың іргелі негізі. Басшылар салдары қаншалықты даңқты немесе ауыр болғанына қарамастан, өздері қол жеткізген немесе қол жеткізе алмаған істері үшін өздерін мақтаудың астына қалдырып немесе кінәні басқаға жаппауы керек.

Міндеттеме – көшбасшы қандай да бір жұмыстың дұрыс әрі уақытында орындалуы үшін нақты біреу жауап беру қажет болған кезде керек. Бірде-бір патша, көсем немесе басшы өз әрекеті үшін жауапкершілік алу мүмкіндігі болмайынша қызмет ете алмайды.

Сенім – басшы сенім арта алатын адам болу керек. Оның сөздері мен әрекеттері достары үшін де, жаулары үшін де шынайы болуы қажет. Оның тек дұрыс ақпаратты жеткізе алатындай ақыл-зейінінің және адамгершілік қасиетінің жоғары болғаны дұрыс. Тек сонда ғана оған басқалар сенеді. Мұндай қасиеті жоқ көшбасшылардың ешқандай ықпалы болмайды. Сондықтан оларды сенім артуға лайық болмағандықтан, жауапты қызметінен босатады.

Қажырлылық – мәселені шешу кезіндегі қажырлы қуат – көшбасшылық талап ететін қасиеттердің бірі. Батылсыздық – істің басқа адамдардың қалауымен кетуіне жол береді. Көшбасшының күші түңілуде, өтірікте және жалғыздықта шыңдалады. Қажырлылық – күрделі істерді шешудің және алға қойған мақсатқа жетудің кілті.

Ақылды басшылық – біздің көшбасшылардың бойында салқынқандылықпен басқара алу қабілеті болу керек. Олар сенімділікті, сенімді және адалдықты ынталандыратындай басқаруы қажет. Бағынышты адамдар басшының сенімін асыра пайдаланбаулары қажет. Олар басқаруға оңтайлы, дамуға тырысып, өз әрекеттері үшін марапат алуға ұмтылатын жандар болуы керек. Жаза – тек ең соңғы сәтте және бүлікті баса алмаған жағдайда ғана қолға алынады. Отар болмаса, шопан жоқ. Әскер болмаса, қолбасшы жоқ. Бағынышты адамдар болмаса, көшбасшы жоқ. Сондықтан көшбасшылар – басқа адамдардың игілігі үшін қам жеп, артында тұрған жандардың мүддесін қорғайтын тұлғалар.

Тұжырым һәм ұсыныс

Бұл аталған кітаптың жарнамасы емес. Бұл тарих толқынында өзіміздің бағытты ұстанып, әр жайдан өз мәдениетімізге қатысты һәм керекті тұстарды екшеу. Қазақ мәтелінде айтылғандай, «білгенге маржан».

Әрине, осындай туындыларды парақтай отырып, отандық жазушылар мен тарихшылар да беталды тарихты қопара бермей, лидерлік теориясы аясында осындай үлгілерде төл кейіпкерлеріміздің кітаптарын шығарса деген ұсыныс. Әйтпеген жағдайда, осылай шетелдік авторлардың еңбектерін тізбелеуге мәжбүр болғанымыз болған. Түйткілді мәселеге жүйелі түрде кірісу керек. Мәселен, кейіпкеріне барынша адал қараған автор Робертстің өзінде тарихи объективтілік жоқ. Оны өзі де мойындайды. Оған осы титімдей туынды үшін алғысымызды жаудырсақ та, оқырмандарға кітапты толық қабылдауға да болмайтынын ескертеміз. Қалай дегенмен, ол да өз ортасының төлі, заманының баласы, жүз жерден әділ болайын дегенмен, еуроцентристік менмен призмадан алшақ кете қоймаған тұстары баршылық. Біз үшін Еділ ұлы баба, ұлы көсем болғанымен, бүгінгі әлемнің штурвалында тұрған өркениетті жетекші елдер үшін бар болғаны жабайыларды әлдеқандай зұлым күштердің қолдауымен ұйымдастыра білген ұлы көсем. Мың жерден күстаналаса да, Ұлы Дала перзенті – Еуропа тарихының айнымас бөлігі. Тек осы ғана олардың тарапынан ата тарихтан атын өшіруге мүмкіндік бермей тұр. Өкініштісі, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы айтқандай, арада 16 ғасыр өтсе де, нағыз аты аңызға айналған тұлға болса да, Еділ туралы ақиқат толық ашылған жоқ. Ендеше, ұрыста тұрыс жоқ. Жазармандардың құлағына алтын сырға!

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,
мәдениеттанушы, лингвист

15 қазан, 11:54
Шаңырақ шайқалмасын!
15 қазан, 11:43
«Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше «күлше» берейік
01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?