jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары

18 желтоқсан 2020, 11:25
693

CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары

Тәуелсіздік күні қарсаңында газетіміздің тілшісі «CNPC International in Kazakhstan» компаниясы еңбек ресурстары бас директорының орынбасары Райхан Әбдірәсіловамен сұхбаттасты.

Р.Әбдірәсілова: Әңгімеге кіріспей тұрып, Jas qazaq газетінің ұжымы мен оқырмандарын еліміздің айтулы мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтағым келеді. Барша жұртқа жемісті еңбек, зор денсаулық пен бақуаттылық, ашық аспан мен бейбіт өмір тілеймін!

Jas qazaq: Көп рахмет, біз де өз кезегімізде сіздерге барлық жақсылықты тілейміз. Ал енді әңгімені бастайық. Райхан Серікбайқызы, сіздерде негізгі бағыт қызметкерлермен жұмыс істеу екенінен хабардармыз. Сондықтан Сіздің құзыретіңізге қатысты мәселелерге тоқтала кетсек.

Р.Әбдірәсілова: Ең алдымен Қытай Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясы инвестициялық қызметінің Қазақстанда қарыштап дамуы 1997 жылы басталғанын айта кетейін. 23 жылдың ішінде CNPC Қазақстанның мұнайгаз өнеркәсібіне 45 млрд доллар инвестиция құйды. 48 млрд доллар салық төледі және қоғамдық қайырымдылық ісіне 400 млн доллар жұмсады. Қытай кәсіпорындарында 30 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Оның 98 пайызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.

CNPC жобаларындағы жұмыс шетел инвесторларына қатысты заңдар мен нормативтік актілер талаптарына сай, сондай-ақ Қазақстанның салалық министрліктері мен мекемелері тарапынан үйлестіріледі. Қазақстандағы CNPC кәсіпорындарының ұйымдастыру құрылымы еліміздің мұнайгаз саласында жұмысын жүзеге асыратын басқа да бірлескен кәсіпорындардың құрылымына ұқсас. Компанияларда өндірістік қызмет департаменттерімен қоса, еңбек ресурстарымен жұмыс жүргізу, персоналды басқару, адам капиталын дамыту, қызметкерлерді іріктеу және жалдау, мамандарды кәсіби дайындау және қайта дайындау, қызметкерлердің іс-қимылын бағалау, ел экономикасы үшін кадр резервін дайындаумен айналысатын бөлімшелер бар.

CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары

Jas qazaq: CNPC кәсіпорындарында персоналды жұмысқа қабылдау және жалдау жөніндегі жұмыс қалай жүзеге асырылады?

Р.Әбдірәсілова: СNPC компанияларындағы қызмет орындарына персоналды іріктеу және жалдау бағытындағы жұмыс – айтарлықтай жауапты да күрделі процесс. Әдетте, ол үш бағытта жүзеге асырылады: көпшілікке қолжетімді интернет-ресурстарда қызмет талабын көрсету арқылы бос орын туралы жариялаймыз. Сонымен қатар, бізбен ынтымақтастық келісімге отырған рекрутинг компанияларға сұраным жібереміз. Сондай-ақ мағлұматтар базасындағы үміткерлердің резюмесін сәйкестік жағынан қараймыз. Мұнда университеттер базасында өткізілетін «вакансиялар жәрмеңкесінен», азаматтар тікелей жолдаған және өзге де көздерден келіп түскен резюмелер жинақталған.

Іріктеу әдетте кәсіби және қызмет орнына қойылатын жалпы талаптарға байланысты бірнеше кезеңнен (3-тен 5-ке дейін) тұрады. Жұмыс талабына сай мамандарды еңбек нарығында таба алмаған жағдайлар да болып тұрады. Ондай кезде алыс және жақын шетелден тарбейінді шетелдік мамандар мен кәсіби қызметкерлерді тарту қарастырылады.

Jas qazaq: СNPC кәсіпорындарында мамандарды оқыту және қайта дайындау қандай бағыттарда жүргізіледі?

CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары

Р.Әбдірәсілова: Бұл – өте күрделі және маңызды бөлік. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты және жоспарлы түрде жүргізіледі. Персоналды оқыту және дамыту әр түрлі формада және бағытта жүзеге асады. СNPC өндіріс орындарындағы зиянды да қауіпті айрықша еңбек жағдайын ескере отырып, жыл сайын өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау, жұмыскерлердің еңбегі мен денсаулығын қорғауға арналған міндетті тренингтер өткізіледі. Әдетте, оны осындай қызметті жүргізуге лицензиясы мен құқығы бар қазақстандық оқыту орталықтары ұйымдастырады.

Сонымен бірге, оқып, дайындықтан өткен жаттықтырушылар – тәжірибелі кәсіби мамандар мен өндіріс озаттары қатарынан құралған өндірістік оқыту шеберлері кадрларды тікелей жұмыс орындарында техникалық дайындау және қайта дайындаудан, сондай-ақ арнайы жабдықталған кабинеттерде, зертханаларда макеттерді, көрнекті құрал, үлестірме мәліметтер, жаңа техникалық әдебиет және т.б. пайдалана отырып курстар өткізеді.

СNPC кәсіпорындарында қызметкерлердің екінші жоғары және орта-арнайы білім алу, магистрлік және докторлық бағдарламамен тек қазақстандық емес, шетелдік оқу орындарында білім алуына қолдау көрсетіледі. Бұл өндірістен қол үзу немесе үзбей-ақ жүзеге асырылуы мүмкін. Жұмысшылар CIPD, АССА, СFA, СIMA, CPA сияқты түрлі халықаралық сертификатталған курстарда оқытылады.

Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметінің 23 жылдық тарихында кәсіпорынның 1200 маманы Қытайдың жетекші мұнайгаз жоғары оқу орындарында (ЖОО) біліктілікті жетілдіру курстарынан өтті. Негізінен жұмыскерлер Бейжің және Шандуң провинциясындағы Циндао университтерінде, сондай-ақ Дацин кен орнындағы кәсіпорындарда оқытылады. Аталған ЖОО-лар Қытай мұнайгаз саласында жетекші салалық білім беру және ғылыми-зерттеу орталықтарының мәртебесіне ие. Олардың түлектері әлемнің көп елдерінде жемісті еңбек етіп жүр.

CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары

Тағы бір мысал айта кетейін: жуырда кезекті тәжірибеден өткен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ардагері, 26 жылдық тәжірибесі бар Юрий Шикарев Қытайдың мұнайгаз саласындағы инженерлік-техникалық ойдың жаңа жетістіктерімен өз білімін тереңдете түскенін жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезде Қытай мен АҚШ мұнайгаз саласының ғылым мен кадр дайындау бөлігінде алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан біздің мамандар тек Қазақстанның еңбек нарығында ғана емес, сыртта да сұранысқа ие болуы үшін, білім мен тәжірибеде ең үздік халықаралық үлгілерге иек артуымыз керек.

Бүгінде көптеген жастарымыз CNPC грантымен білім алып жатқанын айрықша атап өткім келеді. Қытайдың мұнай институттарында білім алып жүрген студенттер – Ақтөбе облысының тумалары Бексұлтан Сапар және Болат Бекасыл ондағы білім беру деңгейін жоғары бағалайды. Олар бакалавр (5 жыл) және магистр (4 жыл) бағдарламасын тәмамдаған соң елге оралып, Қазақстан кәсіпорындарында еңбек етуге ниетті. Түлектердің айтуынша, компания бөлетін грант қаржысы оқуға қатысты барлық шығынды жабатындықтан, қосымша жұмыс істеудің қажеті жоқ. Соңғы бес жыл ішінде CNPC Қытайға 500-ден астам қазақстандық студентті оқуға жіберді.

Әлбетте, CNPC грантымен жоғары кәсіби білім алған мамандар корпорация кәсіпорындарында жұмысқа орналасу және мансабын өсіру жағынан басымдық құқығына ие.

Бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істейтін қытай мамандары туралы да бірер сөз айта кеткім келеді. Қазақстанда олар бірнеше айдан 2-3 жылға дейін іссапарда болады. Бұл жобаның жүзеге асу уақыты, көрсетілген қызметіне қарай рұқсат мерзімі және маманның сұранысқа ие болуына байланысты. Іссапарға келер алдында үміткерлер кәсіби жарамдылығы жағынан қатаң тексеруден өтеді. Қазақ, орыс немесе ағылшын тілін білуі, жеке және іскерлік қасиеттері, өзге де өлшемдер есепке алынады. Өзімнің жұмыс тәжірибемде компанияда қытай әріптестерімнің тарапынан тәртібі немесе жұмысы жағынан бірде-бір жағымсыз іс-әрекет байқалмады. Олар өте еңбекқор және жауапкершілігі зор.

Jas qazaq: Компания мақсатына жету үшін әйел жұмыскерлер де қомақты үлесін қосып жатыр. Компанияда гендерлік саясат жағы қалай?

Р.Әбдірәсілова: Еңбек ресурстары саласындағы маңызды бөліктің бірі, әрине, гендерлік сипат екені белгілі. Тау-кен өндірісінде – мұнайгаз және уран саласындағы статистикалық деректер көрсеткендей, мұнда әйелдердің үлесі азырақ. Нәзік жандар негізінен әкімшілік қызметтерде. Техникалық және өндіріс орындарында 20 пайыз шамасында. Ал жұмыс орындарының басым бөлігі дәл осы бөлікте шоғырланған.

СNPC корпорациясы Қазақстанда әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейте отырып, гендерлік әртүрлілік мәселесіне ерекше мән береді. Шымкент мұнай өңдеу және Жаңажол газ өңдеу зауыттарындағы модернизация және автоматтандыру, жаңа техника мен технологияларды енгізу, тек ерлер жұмыс істей алатын дәстүрлі жұмыс орындарында еңбек жағдайын жақсартудың нәтижесінде әйелдердің жаңа мамандықтарды игеруіне кең жол ашты.

CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары

Әйел-Ананы жан-жақты қолдауға бағытталған түрлі шаралар да қолға алынып жатыр. Еңбек етуге және өндірістегі мансапты отбасылық өмірмен ұштастыруы үшін қолайлы жағдай жасалды. Атап айтқанда, ыңғайлы жұмыс кестесі көзделіп, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, бала туу және оны күтуге байланысты заңнамада көрсетілген нормадан тыс материалдық көмек беріледі.

Нәзік жандардың энергетика секторындағы орнына тоқталғанда, KAZENERGY Әйелдер энергетика клубы Атқару Комитетінің осы мәселеге қатысты рөлін айрықша атап өткім келеді. Осы салада жұмыс істейтін әйелдерді қолдауға арналған оқыту және тәлімгерлік бағдарламалар, форумдар бар.

Jas qazaq: Биыл коронавирус пандемиясына байланысты ұжымның қызметінде қандай өзгерістер бар? Қызметкерлердің денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолға алынды?

Р.Әбдірәсілова: Қытай Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясының Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындарында әлеуеметтік жауапкершілік пен қызметкерлердің денсаулығын қорғау негізгі басымдық болып табылады.

Биылғы наурызда, елімізде карантин әлі жарияланбаған кезде, СNPC қызметкерлердің денсаулығын қорғау бойынша сақтық шараларын қолға алды. Үздіксіз өндіріс процесіне тартылмаған қызметкерлер бірінші болып қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Компания қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді. Ковид қаупін ескерту жөнінде штаб құрылып, әркімнің вирустан қорғануы және тазалық сақтау ережесі түсіндірілді.

Пандемия басталған соң компаниядағы медицина бөлімшелерінің жұмысы күшейтілді. Ғимараттың кіреберісіне санитарлық өңдеуден өткізетін туннельдер мен қашықтан дене қызуын өлшейтін қондырғы орнатылды. Антисептик ыдысы қойылып, бетперде мен қолғап жеткілікті дәрежеде таратылды. Кесел жұқтыруды азайту мақсатында қатаң қашықтықты сақтау жүйесі енгізілді.

Жалпы алғанда, қолға алынған шаралар өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біз мұны алдағы жылы да жалғастырамыз.

Jas qazaq: CNPC биылғы жылы коронавирусқа қарсы күресте қазақстандықтарға қандай қолдау көрсетті?

Р.Әбдірәсілова: CNPC өзінің қазақстандық серіктестерінің бірімен бірлесе отырып, өңірлерге дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдары, компьютерлік томографтар, жедел жәрдем көліктері, жасанды желдеткіш аппараттарын (ЖЖА) және т.б сатып алу үшін «Халық» қайырымдылық қорына 4 млрд теңге аударды.

«ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, Шымкент пен Алматы облысындағы медицина мекемелеріне 50 оттегі концентраторын жөнелттік. Пандемияға қарсы күресте CNPC еншілес компаниялары да сырт қалған жоқ. Айталық, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жедел жәрдем көліктерін, ЖЖА аппараты мен өзге де техниканы сатып алуға 800 млн теңге бөлді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық сатып алуға 55 млн теңге жіберді. Осы мақсатта «Қазгермұнай БК» ЖШС 160 млн теңге, ал «Бозашы Оперейтинг Лтд» компаниясы медицина қызметкерлеріне 300 қорғаныс киімі мен мыңдаған қолғап жөнелтті.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент әкімдігіне қолдау көрсету үшін, ЖЖА аппаратын сатып алуға және медицина мекемелерінің өзге де мұқтаждықтарына арнап 200 млн теңге бөлді. Дәрігерлерге 4 мың бетперде мен 300 қорғаныс киімін алып берді. Қызылорда өңіріне көмек көрсету аясында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Қазалы аудандық ауруханасында оттегі стансасын орнатуға 60 млн теңге шамасында қаржы аударды.

«North Caspian Operating Company» консорциумы Атырау облысында COVID-19 індетіне қарсы күреске 3,5 млрд теңге бөліп, қолдау көрсетті. Бұдан басқа, компания Атырау және Маңғыстау облыстарында 200 орындық екі модульдық аурухана салды.

Алдағы кезде дағдарыс пен пандемияны еңсеріп, бәріміз қалыпты өмір салтымызға қайта ораламыз деген үміттемін. Қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен және алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!

Jas qazaq: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Талап Тілеген

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...