jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тұманғалидың тұманды күндері немесе Ақтау түрмесіндегі жігіттің өкініші

11 желтоқсан 2020, 12:19
417

Тұманғалидың тұманды күндері немесе Ақтау түрмесіндегі жігіттің өкініші

Ол 2012 жылы Атырау қаласында болған терактіге қатысты ұсталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Темір торға тоғытылғанына биыл 8 жыл. 2010 жылы намаз оқи бастап, деструктивті діни теріс ағымдағы жігіттерге еріп кеткен. Дарын, Халил, Саид Бурятскийдың уағыздарымен ауызданған.

Тұманғали: «2011 жылы Маңғыстау өңірінде болдым. «Браттар» Атырау қаласына келуімді өтініп, жиі хабарласып жүрді. 2012 жылы бардым. Бірақ олардың Сирияға жиһадқа кетуге дайындалғанын, тіпті үкіметті басып алуды жоспарлап жүргенінен хабарым жоқ еді. Мені сол үшін шақырып жүргенін де кейіннен білдім. Олар маған «Бұл мемлекет кәпір, бізге оларға қарсы соғыс ашып, жиһадқа шығу міндет болды, сен бізге қосыласың ба?» деді. Мен ойланбастан келістім. Сөйтіп «жиһадты» Сирияда емес, Қазақстанда жасайтын болып, тапсырма алып, Маңғыстауға тарттым. Тапсырма – қатарымызға адам жинау болды…».

Біз онымен Ақтау қаласындағы ГМ 172/6 түзету мекемесінде кездесіп, әңгімелестік. Менің алдымда өзі айтқандай, адам тонаған бандит, тәкфирші, Отанына қарсы шыққан террорист емес, жүзі жылы, ашық мінезді жігіт отырды. Біз оның есімін өзінің қалауымен Тұманғали деп өзгерттік.

Тұманғалидың сөзі бүгін мүлде өзгерген. Ол «Сәләфизм, уахабизм – дін емес! Ешқашан дін бола да алмайды! Ислам ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа шақыратын дін болса, сәләфизм керісінше қатыгездікке, жауыздыққа, ұлтсыздыққа, дінсіздікке шақырады», – дейді.

Тұманғали: «Мен, сеніміне селкеу түсіп, үйірінен адасқан көп бейбақтың бірімін. Әрине, айналып қазығымды тауып, үйіріме қосылғаным үшін Құдайға сансыз шүкір! Алайда, мен басқан ағат қадамды басқалар жасамаса екен деп, басымнан өткенді баяндайын. Мен Қазақстанның батыс өңірінде туып-өсіп, ержеттім. Кішкентай күнімнен төбелеске жақын, сотқарлау болдым. Мектеп бітіре сала қоғамға ерте араласып, көше тірліктерімен жүре бастадым. Айналама өзім сияқты сотқар азаматтарды топтап, бандиттық әрекеттерге де бардым. «Сыртқы жаудан қорғаймыз» деп базардағы саудагерге салық төлетіп отырдым. Сол жүріспен қаншама адамға зәбір көрсеткенімді, қаншама адамды қан қақсатып, жылатқанымды, қаншама адамнан қарғыс алғанымды білмеймін. Бір білерім, күнәға белшемнен батыппын. Бірақ ол кезде алдымды болжамаппын, алдағы уақытта жамандықтың одан зорын жасайтынымды білмеген едім… Сөйтіп жүрген күндерде бір жақын адамдарымның жетектеуімен жұма намазына бара бастадым. Кейіннен сол мешітте жүрген кісілерден намаз үйреніп, бес уақыт намазға біржола келдім.

Бір күні мешіт төңірегінде жүрген бір жігіттермен таныстым. Олар мені өздеріне бауыр көріп, жақын тартты. Мен ол кезде намаз оқығаным болмаса діннен түк те хабарым жоқ еді. Соны білсе керек, жаңағы жігіттер маған дін туралы айтып, уағыз ұсына бастады. Қолыма Дарынның уағызы жазылған дискі ұстатып, соны тыңдауымды өтінді. Кейіннен 21 ақида сабақтарынан тұратын Халилдің, сосын Саид Бурятскийдың уағызын берді. Бара-бара менің оқып жүрген намазымның дұрыс емес екендігін айтып, оған өздерінің дәлелін де келтірді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты адасушылық деп түсіндірді. Діни сауатсыздықтан олардың айтқанына имандай ұйыдым. Кейін мешіт қызметкерлерінің, мүфтияттың, Ханафи мәзһабын ұстанып жүрген жандардың барлығының адасқан, дінсіз адамдар екендігіне иланып, «Қазақстан кәпір мемлекет» деп сендірді. Осылайша, намаз бастағаныма екі-үш ай өтпестен сол жігіттердің жетегінде кеттім. Алайда, бұрынғы көше тірліктерінен де қол үзген жоқпын. Себебі, «браттар» «мұсылман еместердің малы адал, олардың малын тартып алуға, тіпті басын кесіп алуға болады» деген пәтуасын беріп, «намаз оқымайтындардың және біздің бағыттан басқа жамағаттың барлығы кәпір» деген үкімге сендірген еді. Олар «мұсылман браттарға көмек керек» деген соң тапқан ақшамды да соларға беріп отырдым».

Тұманғалидың тұманды күндері немесе Ақтау түрмесіндегі жігіттің өкініші

Тұманғалидың атыраулық «браттары» ақшаны тектен-тек жинамаған екен. Алда Қазақстан түгілі, алыс-жақын елдердің жағасын ұстатқан лаңкестік оқиғалар күтіп тұрыпты.

2011 жылдың тамыз айында Атырау қаласында теракт жасауға дайындалған деструктивті ағым өкілдері қолға түсті. Алғашқы лаңкестік оқиғаның бірі 2011 жылдың 31 қазан күні Атырау қаласында болды. Атырау облысы әкімшілік үйі, прокуратура маңында 2 жарылыс болып, 24 жастағы Бауыржан Сұлтанғалиев өзін-өзі жарып жіберді.

2012 жылы 12 қыркүйекте Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында полицияға оқ атқан 5 лаңкес мерт болды. Ал қыркүйектің 14-нен 15-не қараған түні Атырау қаласындағы полиция бекетіне біреулер оқ жаудырып, артынша қалалық полиция басқармасының ғимаратына шабуыл жасады. Бір апта өткен соң осы лаңкестік әрекеттерге қатысқан қылмыстық топ 21 қыркүйек күні Атырау қаласындағы «Көктем» саяжайында қолға түсті. Арнайы операция кезінде қарсыласқан 4 лаңкес оққа ұшты.

Міне, бұлар «Жиһадты Сирияда емес, Қазақстанда жасаймыз» деп Тұманғалиға тапсырма беріп, Маңғыстауға аттандырған атыраулық уахабиттер болатын.

Тұманғали: «2012 жылы Атырау облысындағы бір «бауырым» хабарласып, сондағы бос тұрған пәтерімді уақытша бере тұруымды және өзімнің жедел сонда жетуімді өтінді. Келсем, мені шақырған екі жігіт сақалдарын қырып тастапты. Соңына қуғын түскендіктен, бой тасалай тұруға келгендігін айтты. Себебін сұрағанымда, араларында бір жігіттің қолдан бомба жасап, өзін-өзі жарып жібергенін жеткізді.

Ертесіне қайтып оралғанымда олардың жасырынып жатқан жерінде қолға түскендерін, сол жерде атыс болғанын, өздері жасаған бомбаларды қолданғанын естідім. Сол жерде болған алты жігіттің бесеуі қаза тауып, біреуі ғана тірідей қолға түскен екен. Ол жерде болмаған, бірақ сол терактіге қатысы болған адамдардың барлығы ұсталды. Мен де солардың қатарында ұзақ мерзімге сотталдым.

Тұманғали түрмеге түскен алғашқы жылдары райынан қайтпай, айналасына сәләфиттік көзқарастағы жігіттерді жинап, уағыз таратып, солардың «лидері» болыпты.

Тұманғали: «Түрмеге теолог мамандар келіп кездесу өткізетін, түсіндіру жұмысын жүргізетін.

Оларды кәпір ретінде көріп, сөзін құлаққа да ілмейтінмін. Бірақ бір күні сырттан келген бір теологтың айтқаны қатты ойландырды. Жасаған қателіктерімді қолмен ұстағандай, мойныма қойып берді. Білдірмеуге тырысып, сырттай мойындамағаныммен, ойланып қалдым. Әрине, бірден оңала қойған жоқпын. Десе де, кішкене өзгере бастағанымды сезген маңымдағы «бауырлар» маған ызаланып, қырын қарай бастады. Олар: «Егер сен бұл жолдан қайтатын болсаң «тағұт» (адасқан, діннен шыққан) боласың, сенің артыңнан осындағы біраз «бауырлар» да діннен шығады» деп райымнан қайтаруға күш сала бастады. Иіле қоймасымды білген соң, «Егер райыңнан қайтпасаң, жаныңнан айырыласың» деп қорқытты. Олардың бұл сөзі мені қатты ойландырды. «Еркіндік деген қайда, дінде зорлық жоқ дегені қайда?» деген сауал мазалады. Бұрын да олардың арасында жүргенімде мейірімділік, жылулық, бауырмалдықтан гөрі жауыздық, қатыгездік басым болатынын көзбен көрдім ғой».

Тұманғали екі ойлы болып жүргенде оны басқа қаладағы түрмеге ауыстырады. Ол этаппен айдалып, Тараз, Астана, Атбасар қалаларындағы түрмеде отырады.

Тұманғали: «Ол түрмелерде де теологтармен кездесулер өтті. Арман Қуанышбаев, Ерсін Әміре, Ризабек Баттал, Қабылбек Әліпбай сияқты мүфтияттың уағызшыларының насихатын жиі тыңдатты. Әсіресе, Ризабек Батталұлының сенім туралы мәселені тақтаға сызып көрсеткені қатты әсер етті. Мен содан бастап өзімнің шынымен де адасқанымды түсіне бастадым. Кейін Әбдулмәлік есімді теологпен сөйлесіп, өз жолымның бұрыстығын, адасқан ата-бабам емес, өзім екенімді шындап білдім. Бұл 2018 жыл еді. Осылайша, менің адасқан ағымның ауруынан айығып, ата-баба жолына оралуыма табаны күректей 6 жыл уақыт кетті. Дін мамандарының күш салуымен өзімнің оңбай қателескенімді түсіндім. Мұндай жат ағымның уыты оңайлықпен қайтпайтындығын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Кейіпкеріміздің ағынан жарылып айтқан әңгімесінен оның уахабилік ағымда болғанына өкінетіні көрініп тұрды. Ол екі баласы мен әйелін, отбасын қатты сағыныпты. Онымен қоштасып кетерімізде бостандықта жүрген бұрынғы «сыбайластарына», жалпы жастарға айтар соңғы сөзі барын жеткізді.

Тұманғали: «Сіздерге бастан кешкен өмірімді қысқаша болса да осылай айтуым өткенді еске алу ғана емес. Аға-әпкелер, іні-қарындастар! Сіздерге айтқым келетіні, сәләфизм, уахабизм дін емес! Бұл – жат мақсаттарға құрылған діни теріс ағым. Ешқашан дін бола алмайды! Ислам ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа шақыратын дін болса, сәләфизм керісінше қатыгездікке, жауыздыққа, ұлтсыздыққа, дінсіздікке шақырады. Бұл жол, біріншіден, аға-бауыр, туыс-туған, жақыныңнан айырса, екіншіден, қоғамнан оқшауландырып, ұлттан, Отаннан айырады. Ал Отансыз, ұлтсыз, ата-ана, туыс-туғансыз кез келген адам екі дүниеде де ешкім емес! Соны ұмытпаңыздар! Мен жасаған қателікті сіздер жасай көрмеңіздер!».
Біз оның бұл сөзін діни сауатсыздық салдарынан адасып, орны толмас қателікке ұрынып, бірақ бұрынғы бейбіт, алаңсыз өміріне қайта оралғысы келетін адамның алдағы күндерге деген үміті деп түсіндік. Лайым, солай болғай!

Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,
Маңғыстау облысы

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...