jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тұрақтылық қағидасы

04 желтоқсан 2020, 12:05
129

Тұрақтылық қағидасы

«Кез келген елде қиындықтар бар. Бізде де. Дегенмен Қазақстанның Тұңғыш Президенті қалыптастырған саяси тұрақтылық (саясаты) бүгінгі Президент тарапынан жан-жақты әрі толық қолдауға ие болып отыр. Бұл – Қазақстанның зор жетістігі».

Ресей басшысы осы сәрсенбіде өткен ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) кеңесінің сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі ішкі тұрақтылықтың берік іргетасын қалаудағы ерен еңбегін осылай бағалады. Мұндай маңызды мәселеде биліктегі сабақтастық ұстанымының баянды болуы басқаларға үлгі екенін де В. Путин бұл жолы сыртқы күштердің аталған ұйымға мүше елдердегі тыныштықты бұзуға бағытталған әрекеті тыйылмай отырғанын айрықша атап өтті.

Айта кеткен жөн, кешегі кеңестік республикалар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап әлгіндей қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Кейбіреулер түрлі-түсті төңкерістің «ащы дәмін» татты. Басшысы көшедегі айқайшыл ұранмен келгендер жерінің бір пұшпағынан айырылып, жамбасын қасқыр тартып әкеткен қойдың күйін кешті. Біздің еліміз «Козырев доктринасы» деп аталған жымысқы жобаға төтеп берді. 90-жылдары терістік көршіміздегі сыртқы істер министрі Андрей Козырев ТМД мемлекеттеріне қос азаматтықты қабылдаттыруға бар күшін салды. Ол мұны «Ресей сыртқы саясатындағы басты стратегиялық міндетті шешудегі аса маңызды құрал» деп атады. Егер осы жоба іске асса, қайсыбір жерде халықтың жартысына жуығы өзге мемлекеттің де паспортын алар еді. Әлі еңсесін тіктеп үлгермеген елдердің бұл ұсыныстан ашықтан-ашық бас тартуы да қиын-тұғын. Содан болар, түрікмендер бұған келісті. Бірақ біраз уақыттан соң олар келісімнен шығатынын мәлімдеді. Ал Қазақ елі өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын ұтымды ұсынысты көлденең тартты. Ол бойынша Ресейге көшіп барған еліміздің тұрғынына азаматтық жеңілдетілген тәртіппен беріледі. Қазақстанға көшіп келгендерге де сондай. Елбасының ақылға қонымды осы саясатын Ресей басшылығы да мойындап, қос азаматтық сияқты қауіпті пиғыл іске аспай қалды.

Міне, содан бері еліміздегі тұрақтылық ұстанымы талай рет сыннан сүрінбей өтті. Бұған оңтайлы саяси шешімдер ғана емес, экономикадағы түбегейлі реформалар мен аса маңызды жобалар да ықпал етті. Бізді сынауға дайын тұратындардың «Алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидасына ерекше шүйлігуінің басты себебі де осында. Өйткені land locked country (теңізге шығатын жолы жоқ) елдер қатарына жататын Қазақстанда Тұңғыш Президенттің бастамасымен жүзеге асқан тиімді энергетика және тау-кен жобаларының арқасында қуатты экономика, халқына қамқор әлеуметтік жүйе қалыптасты. Соның бір жемісі – Ұлттық қор түрлі дағдарыс кезінде өз шапағатын тигізіп жатыр. Экономиканы әртараптандыру (диверсификация) үрдісі қолға алынды. Жұрттың уақытын үнемдеп қана қоймай, жұмыс үрдісін анағұрлым жеңілдеткен Халыққа қызмет көрсету орталықтары ТМД аумағында тұңғыш бізде пайда болды. Озық тәжірибені үйреніп жатқандар да жоқ емес.

Тұңғыш Президент күні мерекесінде мақтанып айтарлық тағы бір жетістігіміз бар. Ол – Мемлекет басшысының сабақтастық қағидасына адалдық танытып, бұған дейін жасалған игі істердің өрісін кеңейтіп, халықты еліміздің одан әрі өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге жұмылдыруы.

Срайыл Смайыл

05 наурыз, 14:30
Сенімді серіктестік жалғасады
05 наурыз, 14:19
Бақытымды сағынамын...
04 наурыз, 16:13
Халықтың жадында сақталуы тиіс
02 наурыз, 12:50
Кітапқұмар мен ойынқұмар
19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші