jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Азық-түліктің қымбаттауы – алыпсатардың ісі

04 желтоқсан 2020, 12:17
351

Азық-түліктің қымбаттауы – алыпсатардың ісі

Қара суық қысқан сайын тұмау-сырқау көбейіп келеді. Әсіресе, биылғы індетпен қосылған тұмаудың беті жаман. Ковидпен ауырғандардың саны да күрт артуда. Індеттің екінші толқыны келсе, тағы да дәрі-дәрмек жетіспей, «бетпердеміз» шешіліп қалмай ма? Оның арғы жағында онлайн оқу деген тағы бір түйін бар. Азық-түліктің қымбаттап жатқаны анау. Осы сауалдарды Сенат депутатына қойған едік.

Jas qazaq: Айгүл ханым, денсаулық тақырыбы қазір әлем бойынша өте өзекті болып тұр. Халық ковидтің екінші толқынынан қорқады. Көктемде дәрі-дәрмек, тіпті бетперде жетпей, дәріханалар бағаны көтеріп, медициналық әлеуетіміздің шама-шарқы білініп қалды. Ал күз бен қыс тұмау-сырқаудың асқынатын маусымы. Дайындығымыз қалай болып жатыр?

А.Қапбарова: Осы сауалды өзіміздің комитетте денсаулық министрлігімен өткізген бірқатар жиналыстарда қоямыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, министр ауысты. Оның үстіне, бұл вирустың табиғаты бөлек. Біз ғана емес, бүкіл әлем дағдарып қалды. Дамыған Батыс елдері де бұл аурудың алдында шарасыздық танытты. Шынын айту керек, бұл індет біздің медицинамыздың «бетпердесін» сыпырып тастады. Жағдайымыз белгілі болып қалды. Жалпы отандық фармацевтиканы кешенді дамыту түрде дамыту қажеттігі туындады. Мемлекет басшысының өзі мұны қатты сынады.

2021-2023 жылдарға арналған бюджетте әлеуметтік мәселе бойынша ең көп қаржы денсаулық саласына бөлінді. Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 5,1 триллион теңгені, оның ішінде 2021 жылы 1,6 триллион теңгені құрайды.

Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға шығыстар көзделген. Біріншіден, бүгінгі күні коронавирус пандемиясының екінші толқынының дамуы әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Бірқатар жетекші фармкомпаниялардың вакцинаны сәтті сынақтан өткізу жөніндегі жағымды жаңалықтарына қарамастан, оны толық өндіру түпкілікті мақұлдау мен логистикалық мәселелерді шешу үшін ұзақ уақытты талап етеді.

2021 жылдың ортасына дейін пандемияны тежеу шектеулерді сақтаумен және қажет болған кезде оларды күшейтумен жалғасатын болады, бұл әлемдік экономиканың қалпына келуін едәуір тежеуі мүмкін.

Біздің комитеттегі сенаторлар Нұр-Сұлтан қаласындағы фармацевтика саласын, дәріхана қоймаларын аралап шықтық. Сонда «Індеттің екінші толқыны басталса, тағы да дағдарып қалмаймыз ба?» деген сұрақ қойдық. Фармацевтиканың қазіргі басшысы: «Дәрі-дәрмек жеткілікті. Ешқандай заңсыздыққа жол бермейміз. Ковидтің алғашқы толқынында болған жағдайды зерттедік. Содан қорытынды шығардық», – дейді. Қазір ол дәрі қоры жеткілікті екенін мәлімдеп отыр.

Jas qazaq: Америкада індеттің екпесі жасалды. Ресей де бізге өз екпесін тықпалауда. Қай елдің өнімін алғанымыз тиімді?

А.Қапбарова: Ковидтің ем қонбайтын індет екенін осы күнге дейін бүкіл әлем айтып келді. Бірақ жуырда Америкада вакцина жасалды дегенді естіп жатырмыз. Енді сол екпенің қаншалықты нәтижелі әлі екенін білмейміз ғой. Біздің елде міндетті екпе алуға жататын 2 млн 790 мың адам бар екен. Олар – жасы алпыстан асқандар мен созылмалы ауруы бар адамдар және қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жасайтын мұғалімдер, дәрігерлер. Олар халықтың 15 пайызын құрайды. Ресейдің «Спутник-5», Оксфорд компаниясы дайындаған екпесі шықты. Одан бөлек, өзіміздің отандық екпе де дайындалып жатыр. Мейлі, қай екпе болсын, бізге қажеттісі – сапалысы. Халықтың денсаулығына пайдалы, ауруға шипа беретін екпені ғана таңдауымыз керек. Мамандар бұл мәселені жіті зерттеп, оң шешім қабылдайды деп сенейік.

Jas qazaq: Дәрі-дәрмек бағасы бақылауға алынды. Бірақ әлі де бір көшенің бойындағы екі дәріханадағы дәрі бағасы бірдей емес. Мысалы, бір дәріханада бетперде 35 теңге болса, сол көшенің бойындағы екінші дәріханада дәл сондай бетперде 120 теңге. Бұл қалай?

А.Қапбарова: Бүгінде бөлшек сауда нарығында бағаны реттеуде кездесетін мәселе көп. Дәрілік заттардың ортақ нарығы қалыптаспаған. Шын мәнінде, отандық фармацевтиканың түйіні тарқатылмаған мәселесі көп. Дәрі-дәрмек бойынша импортқа тәуелдіміз. Елімізде 8 мыңнан аса дәріхана бар. Олардың ішінде отандық өнімнің үлесі 10 пайыздан сәл-ақ асады. Еліміз дәрі-дәрмекті әлемнің 80 мемлекетінен сатып алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Пандемия бізге көп нәрсені үйретті. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін» деді. Дәрі-дәрмек өндірісі қай елде де қуатты саланың бірі болуға тиіс деп ойлаймын.

Қазір бірыңғай дистрибьютор мен отандық кәсіпорындар арасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге келісімшарттар жасалуда. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл бағытта 24 отандық тауар өндірушімен шарт жасасқан. Сондай-ақ фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Онда аталған саланы қолдау мен дамытудың негізгі бағыттары көзделген.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша дәрі өндірісі Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында өскені байқалады. Осы үш аймақта отандық дәрі-дәрмек кластерін дамыту керек. Қысқасы, отандық фармацевтиканы дамытпай, бұл саладағы қиындықтар шыға беретіні анық. Ал сіз айтып отырған бетперде қай елден келген? Егер отандық өнім болса, оған нақты баға қоя аламыз. Ал шетелден келсе, оның бағасын тұрақтандыру қиын. Министрліктің көрсетіп берген дәрі-дәрмектің тізбегі бар. Солардың бағасын көтеріп жіберуге болмайды. Бірақ мәселенің екінші жағы тағы бар. Бізге сала қызметкерлері: «Министрлік бекіткен дәрінің белгілі бір бағасы болады. Бірақ біз дәрінің көбін шетелден сатып аламыз. Ал шетелдіктер дәрі бағасын біздің айтқан бағаға бермейді. Олардың да бекіткен өз бағасы бар. Қазақстан нарығы олар үшін алып «теңіз» емес. Өздерінің бағасына келмесе, сатқысы келмесе, сатпайды. Ал министрлік бекітіп берген баға біздің сатып алған бағадан төмен. Сонда шығынды кім жабады?» деп өзімізге сұрақ қояды.

Jas qazaq: Онлайн білім басталғалы жылға жуықтап қалды. Сіздіңше, оқушының үйде оқығаны дұрыс па, әлде мектепте ме? Сонымен бірге қазір оқушыларға қосымша сабақ беретін орталықтардың жұмысы қызып кетті. Білім беру бизнеске айналды десек те болады. Ақшасы бар ата-аналар балаларын «қосымшаға» беруде. Ал қарапайым отбасылардың балалары үйінде «Балапанға» телміреді. Қосымша білім беретін орталықтар бір бөлмеде қанша балаға сабақ беруде, санитарлық талап сақталып жатыр ма, ол жағы да белгісіз. Осының бәрі бақылауда болу керек шығар?

А.Қапбарова: Әрине, бақылауда болу керек. Егер жағдай сіз айтқандай болса, қосымша білім беретін орталықтарды тексеру керек деп ойлаймын. Тіпті мен бұл мәселені министрлікке жеткізейін. Қосымша білім беретін орталықтарға қойылатын санитарлық талап бар. Егер талапты орындамаса, онда заң бойынша жауапқа тартылады. Оның үстіне, қазір ата-аналардың сұрауы бойынша оқушылар үйінде оқып жатыр. Ең бастысы, дәл қазір балалардың денсаулығы маңызды. Жағдай жақсарғаннан кейін оқушылар бұрынғыдай мектепке бара алады деп ойлаймын.
Әрине, баланың мектепке барып, мұғалімнің алдында, партада отырып, сыныптастарымен бірге оқығанына ешнәрсе жетпейді. Баланың сабақты игеруі, ақыл-ойының дамуы үшін дәстүрлі мектептің артықшылығы көп. Мектептің өзі – тәрбие. Оны бәріміз мойындаймыз. Бірақ дәл қазіргі жағдайға байланысты үйден оқуға мәжбүр болып отырмыз.

Jas qazaq: Интернеті жоқ, телефон байланысы нашар ауылдардың мәселесі жарты жыл өтсе де, баспасөз апта сайын айтып-жазып жатса да, шешілер емес. Бұл түйінді білім министріне айтсаң, коммуникация саласы біздің жұмыс емес деп, бастарын ала қашады. Ал байланысқа жауапты мамандардан жауап алу түгілі, іздеп табудың өзі қиын. Сонда бұл интернеттің мәселесіне кім жауап береді?

А.Қапбарова: Бұл депутаттар тарапынан күн сайын сыналып жатқан, ең өзекті тақырып. Салаға жаңа басшы келді. Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Енді жұмыс жүретін шығар деген ойдамыз. Алдағы жылдарға қаражат қаралып жатыр. Жалпы бұл байланыс саласының жұмысы өте нашар. Оны бәрі мойындайды, айтылып та жатыр. Сенаторлар осы мәселе бойынша ұсыныс та жібергенбіз. Ауыл-аудандарды қалай цифрландырамыз, кеңжолақты интернетке қосылсақ, баға қалай арзандайды деген мәселенің бәрін қамтыдық.

Jas qazaq: Айгүл ханым, әйел адам ас үйдің иесі болған соң, сізге азық-түлік бағасы таныс шығар. Мәселен, соңғы айда 1 келі ұнның бағасы 300 теңгеге дейін шарықтап кетті. Ал төртінші класты бидай бағасы биыл 60-70 теңге деп белгіленді. Екеуінің арасы – жер мен көктей. Астықтың Отанында отырып, азық-түліктің бұлайша қымбаттауына қандай негіз бар?

А.Қапбарова: Шынында да, ресми мәліметтерге сәйкес, азық-түлік бағасы жыл басынан бері 7 пайыздан астамға қымбаттаған. Бағаның негізгі өсуі төтенше жағдай кезінде тіркелді. Осы кезеңде бағалар 4 пайыздан астамға өсті. Осы кезеңде елдер шекараларын жапты, тауар нарықтарын, әсіресе, азық-түлік, әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуға шектеу қойды. Мұның бәрі, әрине, әлеуметтік мәні бар тауарлардың қымбаттауына әкеп соқтырды. Болашақта осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін Үкімет алдағы уақытта сатып алуларды қамтамасыз етуге байланысты бірқатар шараларды қабылдауда. Бағаның өсуіне байланысты жақында ғана Сенат отырысында депутаттардың сауалына Үкімет басшысы жауап берген болатын.
Қазір Үкімет азық-түлік тобындағы 29 әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша баға ұстанымдарды қадағалап отырғанын хабарлады. Бізде 12 азық-түлік тауары бойынша жүз пайыздық қамсыздандыру бар. Импортқа тәуелділік мәселесін алып тастау үшін мемлекет тиісті құжатты дайындады. Ол үшін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет.
Бұл құны 750 миллиард теңгені құрайтын 200-ден астам жоба. 2021, 2022 және 2023 жылдары импортқа тәуелділік мәселесін біржола шешу қолға алынуда. Әсіресе, пандемия жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші орынға шығады. Аталған шаралар бағаны ұзақ мерзімді бақылауды қамтамасыз етуге әсер етуі тиіс.

Ал енді нанның қымбаттауын жақын көрші елдерден келіп, нан жауып сататын наубайханадағы шетел азаматтарының елдеріне қайтуымен байланыстырып жатқандар да бар. Бұл бір ғана себеп. Менің ойымша, астықтың Отанында отырған қазақстандықтар үшін азық-түлік бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ. Сенаторлар халық тұтынатын азық-түлік себетінің қымбаттауын Парламентте үнемі көтеріп отырады.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...