jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Лас суға аппақ, таза суды құя берсең, су бірте-бірте ағарады»

27 қараша 2020, 11:33
337

«Лас суға аппақ, таза суды құя берсең, су бірте-бірте ағарады»

Атырау облысы дін істері басқармасы деструктивті діни ағымды ұстанушыларды дерадикализациялау, экстремизмге қарсы іс-әрекет, теріс пиғылды ағымдарға тосқауыл қою, деструктивті діни ұйымдар үгітінің алдын алу бойынша көш бастап тұр. Жыл басынан бергі 10 айда облыс бойынша діни теріс ағымның 16 мыңға жуық аккаунты бұғатталып, жойылған. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев газетіміздің батыс өңірдегі тілшісіне әңгімелеп берді.

Jas qazaq: Қайролла Дүйсешұлы, сіз басқарып отырған Атырау облысы дін істері басқармасы интернет желісіндегі діни теріс ағымдарды анықтау мен бұғаттау жұмыстары бойынша республикада көш бастап, 1-ші орында тұрсыздар. Бұл жетістікке қалай жеттіңіздер?

Қ.Көшқалиев: Біз өз жұмысымызда әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарды бақылайтын арнайы бағдарламаны қолданамыз. Бағдарлама бізге деструктивті ағымның аккаунттарын, сайттарын көрсетіп беріп, соның ішінде топқа бөліп, сол жерде отырған адамдарды тауып беруі арқылы жұмысымызды жеңілдетіп отыр.

Бұл жоба облыс аумағында әлеуметтік желіде тіркелген барлық тұрғындардың парақшаларына автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда, оны толық зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай зерттеулердің нәтижесінде жергілікті ақпараттық талдау орталығы соңғы 10 айда 16 мыңға жуық аккаунт анықтады. Біз бұл жұмысты 2016 жылы 2 маманмен интернетте отырып іздеуден бастадық. Ол кезде бұл бағдарлама жоқ болатын, әлеуметтік желіде экстремистік бағыттағы аккаунттарды тауып, есепке алғанда «Енді осы табылған материалдарды қалай бұғаттауға болады?» деп бас қатыратын едік. Қай маманның қолы бос болса, сол компьютерге отырып іздейтін еді. Ол жылдары «Интернет ресурстары және әлеуметтік желілерді зерделеу» деген арнайы бөлім әлі ашылмаған болатын.

«Лас суға аппақ, таза суды құя берсең, су бірте-бірте ағарады»

2017 жылы автоматтандырылған бағдарламаны түсіндіргенде, тез меңгеріп кеттік. Екі маманды осы жұмысқа байладық. Бағдарламаны қолға алып, іске кіріскен кезде алдымыздан діни теріс ағымдар шоғырланған қоқыс алаңы шыға келді. Интернетке кіріп ислам деп басып қалғанда ең бірінші солардың уағызшылары, мысалы Дарын Мубаров, шейх Фаузан, тағы басқаларының уағыздары алдымыздан өріп шықты.

Күні бүгін анықталған 4 804 материал дінтану сараптамасында жатыр. Террористік, эктремистік бағыттағы 10 485 материал бұғатталды. Біз осындай үлкен нәтижеге жету үшін 4 жыл бойы тынбай еңбектеніп келеміз.

Jas qazaq: Бүгінде ел халқының басым бөлігі күндіз-түні әлеуметтік желіде отырады. Олар интернеттен қалаған ақпаратына қол жеткізе алады. Енді осы әлеуметтік желідегі діни теріс ағым уағызшыларына бәсекелестік қалыптасты ма?

Қ.Көшқалиев: Діни бағытта ақпарат іздеген адам интернетке кіріп, «ислам» деп жазып іздеген кезде олардың алдынан біздің имамдардың, дін мамандарының материалдары неге тұрмасқа? Өкінішке қарай, бұл бағдарлама бұдан 10-15 жыл бұрын шыққанда әлеуметтік желі бүгінгідей болмас еді. Біз әлеуметтік желі теріс ағымның уағызына толғанда, оның қандай қауіп-қатері барын, экстремизм идеяларымен уланған адамдардың сайттарын бұғаттамай, оларға әкімшілік немесе құқық бұзушылық кодексі бойынша шара қолданбайынша интернеттің тазармайтынын түсіндік. Лас суға аппақ, таза суды құя берсең, ол су бірте-бірте тазарады емес пе? Міне, сондықтан біз әлеуметтік желіні тазартқан сайын, оның орнын басатын ҚМДБ мамандарының бәсекелестікке қабілетті аккаунттарын көбейте беруіміз керек. Алаңды соларға тазартып беруіміз керек. «Дінге бет бұрдым» деген адам интернетке кіргенде ҚМДБ-ның материалдарына тап келуі үшін Бас мүфтиден бастап имамдар, теологтар, дін мамандарының материалдары, уағыздары сол жерде тұруы тиіс. Жергілікті имамдар да өз облыстарында әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеуі керек. Мысалы, Атырау облысындағы 70-ке жуық имамның топтары болуы керек. Ал топ ашып, уағыз айту үшін ең бірінші олардың діни және компьютерде жұмыс істеу сауатын көтеру қажет. Қазіргі имамдар заманға сай болуы керек. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, олар тек қана діни біліммен шектелмей, өз парақшасын сауатты жүргізе білгені жөн. Мысалы, Дарын Мубаров биыл қыркүйек айында 2 аптаның ішінде желіге 25 діни теріс ағымның материалын (видео) салған. Қазақстан ғаламторында бір айда 3 000 000-ға жуық діни теріс уағыз таратылады. Ал осы бағыттағы жұмыс, яғни әлеуметтік желіге діни материал жүктеу Қазақстан аумағында тек қана ҚМДБ-ның тарапынан болуы қажет.

Jas qazaq: Дарын Мубаров қандай материалдар салған? Ол жауапқа тартылған шығар?

Қ.Көшқалиев: Бүгінде әлеуметтік желіде ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Д.Мубаров сурурит бағытындағы материалдарды, салафит шейхтарының сөзін салған. Әрине, олардың видеолары бұғатталады. Ол енді жергілікті жерлердегі басқарманың құзырындағы жұмыс. Егер ол Атырау облысында тұратын болса, біз ондайға жол бермес едік. Заңға орай шұғыл қимылдап, әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттап, әрі қарай заң шеңберінде шара қолданар едік. Д.Мубаровтың материалдарын жүктеп, таратып жүрген атыраулықтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Сондықтан жастарымызды заңға қарсы шықпауын ескертеміз. Жергілікті жерлердегі дін істері басқармалары осындай автоматтандырылған бағдарламамар арқылы оларды шетінен бұғаттап, әлеуметтік желіде діни теріс ағым өкілдеріне орын қалдырмауы қажет. Босаған орындарды ҚМДБ мамандары өз материалдарымен толықтыруы керек. Біз 10 топты жойып жібердік пе, КМДБ оның орнына 20 топ ашуы керек. Бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана жұмыста нәтиже болмақ.

Jas qazaq: Бұл жұмыстар ҚМДБ тарапынан қолға алынып жатыр ма?

Қ.Көшқалиев: Өкінішке қарай, әлі ондай деңгейге жеткен жоқпыз. Айтып кеттім, олардың бәрі компьютерді жетік меңгеріп, әлеуметтік желіде өз парақшаларын жүргізе білуі қажет. Мысалы, Ресейдің дін өкілдері әлеуметтік желіде өте белсенді. Олар тіпті көлікте келе жатып тікелей эфирге шыға береді. Оған тұрғындар сұрақ қойып, жауабын да алып жатады, яғни олар жан-жақты деген сөз. Бізге осындай белсенділік жетіспейді.

Jas qazaq: Атырау облысы дін істері басқармасының мамандары жақында еліміздің біраз облыстарында болып, өз тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Әлеуметтік желідегі діни теріс ағымдармен жұмыс жүргізу Атырау облысына қарағанда өзге облыстарда неге баяу жүруде?

Қ.Көшқалиев: Жалпы идеологиялық жұмысқа өз ісіне берілген, жан-жақты білімді белсенді мамандар аса қажет. Еліміздегі барлық дін істері басқармаларында біздегідей автоматтандырылған бағдарлама бар. Бірақ жұмыс нәтижесі әр облыста әр түрлі. Мен өзге облыстағы әріптестеріме қойылатын бұл сұраққа былайша жауап берер едім. Бала, мейлі ол жасөспірім болсын, мейлі ержеткен болсын, ата-ана үшін ол бәрібір бала болып саналады. Ол ата-ананың бақылауында болуы міндетті. Ата-ананың бақылауы болмаған немесе бақылауға көнбеген жастар теріс ағымға ілесіп кетіп жатыр. Бір ата-ана маған келіп: «Мен қолымнан келгенше бақылауымды жасап жатырмын. Әйтсе де, балам теріс ағымға бет бұрды. Ал сіз осы жастардың адаспауы үшін не істеп отырсыз? Интернеттегі теріс ағымды таратып отырған аккаунттарды бұғаттап, жойдыңыз ба? Олай болмаса неге бұғаттамайсыз?» десе, мен не деп жауап беремін? «Менде автоматтандырылған бағдарлама жоқ» деп өтірік айта алмаймын ғой. Міне, сондықтан халықтың, қазақтың, елдің бірлігі мен тыныштығы үшін күні-түні жұмыс істеуге тура келеді.
Күні бүгін Атырауда болып жатқан мәселе 4-5 жылда басқа облыстарда да үлкен мәселеге айналады. Әзірге әлеуметтік желіде ұстайтын, экстремистік пиғылымен ұсталып, сотталатын адамдары бүгін болмаса, 3-4 жылда олар пайда болады. Өзге өңірдегі әріптестер сол кезге дайын отыру керек. Мақтан үшін айтпаймын, әр өңір Атырау облысындай жұмыс істесе, яғни ел бойынша белсенді жұмыс істесек, әлеуметтік желіні деструктивтік материалдардан бір жылда тазартып тастауға болады. Мысалы, Америкада экстремистік бағыттағы материалдарды интернетте жариялай алмайсың. Жарияладың ба, жарты сағатта саған есік қағып, жетіп келеді, Неге? Себебі, оларда бәрі автоматтандырылған, интернетке кіріп бір экстремистік жазба қалдыратын болсаңыз, сол мезетте-ақ жауапқа тартыласыз. Оларда біздегідей жүгенсіздік жоқ. Біздегідей желіге экстремистік материалдарды салып тастап, адамдардың санасын улап, арқасын кеңге салып жүрген аккаунт иелерін кездестірмейсіз. Неге десеңіз, халыққа заңға қайшы іс-әрекеттерді жеткізіп, оны қадағалап, бақылап отыратын орган болғасын, тұрғындар өзін-өзі тәрбиеге шақырады. Осы бағытта еліміздің барлық өңіріндегі дін істері басқармасы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 және 453-баптарын тұрғындарға жан-жақты түсіндіруді қолға алу қажет деп есеп есептейміз.

Jas qazaq: Бүгінде діни ақпараттарды әлеуметтік желіге кез келген адам жүктеп отыр. Мысалы, елге танымал, бірнеше мыңдаған жазылушылары бар әнші қыздар намазға жығылып, хиджабты насихаттап, қыздарды намаз оқуға шақырып жатыр. Олар тіпті «бүгін 5 қыз намазға жығылды, ертең пәлен қыз келеді» деп ашық жарнама жасап отыр. Бұларға тыйым салатын заң керек емес пе?

Қ.Көшқалиев: Иә, әлеуметтік желіде кез келген адамның діни насихат жүргізуге құқығы жоқ. Бұл жұмысты тек қана дін өкілдері жүргізуі қажет. Қазақстанда заңды тіркелген діни бірлестіктер белгіленген заң шеңберінде мешіт салуға, діни мазмұнды әдебиеттер сатуға, діни материалдар тарататын орынды ұстауға, сондай-ақ мысалы «ғимаратымды мешітке берем, намазхана жасаңдар» десе, қайта бейімдеуге және миссионерлік қызметпен айналысуға рұқсат берілген. Бірақ жоғарыда аталған қызметтерді заңды және жеке тұлғалар жүзеге асыратын болса, онда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы бойынша дін саласы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ережесіне сәйкес рұқсат қағаздары болуы тиіс. Осыларға алтыншысын, яғни заман талап етіп отырған діни ақпараттарды әлеуметтік желіде таратуға рұқсат беру туралы министрлікке ұсыныс бердік. Ал интернетте діни кітаптар сатуға рұқсатты кім беруге тиіс? Екінші сайттар бойынша да тап солай. Оларға діни материалдарды, кез келген адамның уағызын салуға, таратуға кім рұқсат береді? Осыны анықтап, заңға қосу керек. Заң болса, бұл елдегі діни ахуалдың жақсаруына да айтарлықтай әсер етер еді.

Jas qazaq: Қиындық жоқ дегенмен де өзіңіздің іс-тәжірибеңіз бойынша жұмыс процесінде қолбайлау, кедергі болған қандай да бір мәселелер бар ма?

Қ.Көшқалиев: Әрине, бар. Экстремизм бабы бойынша сотталғандардың кейбірі түрмедегі жақсы тәртібі, белсенділігі, теріс діни ағымнан қайтуына орай мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылып жатыр. Алайда олар үмітті ақтамай, бостандыққа шыққан соң діни, әлде діни теріс ағымның материалдарын интернетке жариялайды. Ал біз оған айыппұл салумен ғана шектеліп отырмыз. Біз министрлікке осы мәселені заң бойынша шешу туралы ұсынымызды бердік. Тәжірибе өтіп жатқан өңірлерде практикадан шығатын проблемаларды заңмен шешу жағын кешіктірмей қолға алуымыз керек деп ойлаймын.

Jas qazaq: Түрмеден «түзелдім» деп шыққанымен де баяғы жолымен кетеді дейсіз ғой…

Қ.Көшқалиев: Бұл адам санасына байланысты. Мысалы, ақпараттық талдау орталығының мамандары зерттегенде, «Жусан» операциясымен келген әйелдердің 83 пайызы кезінде интернеттегі деструктивті ағым материалдарымен уланған екен. Олар кезінде «Қазақстан – кәпірлер елі» деп Отанын сатып кетті. Адамның сана-сезімі уланса, Отанын сатып кетуге дейін барады. Олар үшін бұл түкке тұрмайды.

Jas qazaq: «Жусан» операциясымен келген әйелдермен қандай жұмыс атқарылып жатыр? Кейбіреулері деструктивтік ағымды ұстанушыларға күйеуге шығып кетті деген ақпарат бар ғой.

Қ.Көшқалиев: «Жусан» операциясымен өңірде 24 әйел, 80-ге жуық бала оралған болатын. Оларды оңалту бағытындағы жұмыс белсенді жүріп жатыр. Аптасына екі рет діни сауатын ашатын сабақ жүреді. Шара онлайн режимінде өтеді. Бірақ көзбе-көз өткізетін жұмыс болса, карантин талабын сақтай отырып атқарып жатырмыз. Иә, рас, елге оралған 3-4 азаматша деструктивті ағымдағы адамдарға екінші әйелі болып күйеуге шығып кетті. Олармен сөйлескенімде «Біз тұрмысқа шығып, балаларымызды асырауымыз керек», – деді. Бірақ олар күйеуге шықса да, күйеулерінен материалдық көмек алып отырған жоқ. Біреулері интернет бойынша басқа өңірдің азаматымен танысқан. Олар Атырауға келіп, әйелдермен некесін қиып алып, «баяғы ұстанымына» басып жүр. Некесін қиып жатқан да баяғы «браттары – ахилар».

Оларға «Баяғыда сіздердің некелеріңізді осы «браттарыңыз» қиды, ақыры Сириядан бір-ақ шығып, елге әзер дегенде оралдыңдар, қалғандары сол жақта мерт болды. «Жаздық-жаңылдық» деп келіп алып, баяғы жолға түсіп, некелеріңді тағы да «браттарыңа» қидырып жатырсыңдар. Неге мешітке барып имамға қидырмайсыңдар?» десем, «Имамға қидыруымыз керек пе?» деп қарап отыр. Әйелдерге «жақсылап танысып, қараңдар, асықпаңдар» деп кеңес беріп жатырмыз.

Jas qazaq: Олар Сириядан күні кеше келді емес пе?

Қ.Көшқалиев: Бәрі бірдей емес, әрине. Балаларын адам етуді мақсат етіп, сол жолда тырысып жүргендері де бар. Кейбірі қазір шетелдік компанияларда жұмыс істейді. Кейбірі өз кәсібін ашып алды. Қысқасы, олармен оңалту жұмыстары жүріп жатыр.

Jas qazaq: Олармен жұмыста тағы қандай мәселелер, қиындықтар бар?

Қ.Көшқалиев: Қақтығыс аймақтарынан оралған әйелдердің күйеулерінің мәртебесі (статусы) белгіленбей отыр. Мемлекеттік органдардан күйеулерінің із-түссіз жоғалғаны немесе қайтыс болғаны жөнінде анықтама алу мүмкін емес. Сол себепті көпбалалы, жалғызбасты әйелдер атаулы әлеуметтік көмек пен балалардың жәрдемақысын ала алмайды. Осы тұрғыда жоғарғы органға ұсыныстар берілді. Тағы бір мәселе – электронды карта. Экстремизм мен терроризмді қаржыландыру қылмыстық бабымен жазасын өтеп шыққандарға күнделікті өмірлеріне қажетті қаржылық операцияны жүргізу үшін банктер мен өзге де мекемелер тарапынан қойылған шектеу үлкен қиыншылық туғызуда. Олардың аты-жөні соттың шешімімен қаржылық операция жүргізуге тыйым салынғандардың тізіміне кіргізіліп, қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің ортақ базасына енгізілген. Сондықтан олар жазасын толық өтеп шыққандарына қарамастан, екінші деңгейлі банктерден жеке карточка ашуға, еңбекақысын толық алуға, мемлекетке салық төлеуге, сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасауға, дербес шоттарынан дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек алуға, коммуналдық қызмет түрін төлеу мүмкіндігі болмауда. Қаржылық мониторингі комитеті қолданатын осы шектеу сотталып шыққандардың қоғамға бейімделуіне кедергі келтіруде. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосылуға итермелеуде. Сондай-ақ кейбірінің деструктивті діни ортаға қайта оралуына себеп болуда. Басқарма бұған қатысты ұсыныстармен жоғары жаққа бірнеше рет шықты.

Jas qazaq: Қайролла мырза, еліміздегі қазіргі діни ахуал қандай деп ойлайсыз? Діндегі адасушылықтың алдын алу үшін әлеуметтік желіні бұғаттаудан басқа не істеу керек?

Қ.Көшқалиев: Діни адасушылықтың алдын алу үшін, ең бірінші, біз дінтанушы мамандарды көптеп оқытуымыз керек. Мектепке дінтану пәнін енгізіп, дінтанушыларды жұмысқа алу керек. Мектепте балаларға христиан, ислам діні, тағы басқа діндер туралы түсінік берілсе, Ханафи мәзхабын ата-бабамыздың жолы деп түсіндірсе, бала өсе келе адаспайды. Ал уланған баланы ол сенімінен шығару үшін бізге көптеген жұмыстар істеуге тура келіп жатыр.

Жалпы интернеттің пайдасы мен зияны бірдей. Интернет бізді құндылықтарымыздан, салт-дәстүрімізден айырып жатыр. Себебі, Батыстың фильмдеріне дейін біздің ділімізге жат. Діни адасушылықты айтпағанда, балалар ұлтымызға жат пиғылдар мен мінез-құлықтарды да сол Батыстың фильмдерінен жұқтыруда. Мұны қазақтың қанына жасалып жатқан шабуыл деуге болады. Сондықтан интернеттің жақсы жағын ғана пайдаланып, ұлтымыздың діліне кереғар тұстарынан аулақ болуымыз керек. Құзырлы органдар, мемлекеттік мекемелер, министрліктер бар, елімізге бөгде ақпараттарды кіргізбеу үшін әлеуметтік желіні үнемі назарда ұстап, жат ағымдарды лезде бұғаттап отыруымыз керек.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Ұлдай САРИЕВА,
Атырау қаласы

08 қантар, 15:06
«Араб көктемі» көгертпеді
08 қантар, 14:59
Сектадан сақ болыңыз
08 қантар, 14:56
Барынан айырылған әйел
07 қантар, 17:43
Журналист БАҚ-та, мұғалім мектепте жүруі тиіс
18 желтоқсан 2020, 12:05
Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты
18 желтоқсан 2020, 11:46
Ең арзан қала - ең қымбат баға
18 желтоқсан 2020, 11:36
«Өзіме, балаларыма бостандық сыйлағаныма қуанамын»
18 желтоқсан 2020, 11:25
CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары
Серіктестер жаңалықтары