jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

100 дана ИВЛ аппараты қайда кетті? Министрлік бердік дейді, әкім көрмедім деп отыр

21 қараша, 10:41
407

100 дана ИВЛ аппараты қайда кетті? Министрлік бердік дейді, әкім көрмедім деп отыр

Қазақстанда шығарылған жасанды тыныс алу құрылғылары төңірегіндегі дау ушыға түсті. Сенаторлардың ізін ала, бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі де Индустрия министрлігіне қатысты ащы шындықты айтты. Шенеуніктердің кешегі «ел ауруханаларына ИВЛ аппараттарды толықтай жеткіздік» дегені Даниал Ахметовтің шамына тиіп кеткен екен. Аймақ басшысы өңірде өкпені жасанды желдету аппараты бар, бірақ, ол қазақстандық емес деп сөзін нақтылады. Ал, министрлік әкімнің де әңгімесімен мүлде келіспейді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Отандық зауытта жасалатын жасанды тыныс алу аппаратының ауруханаларға жеткізілуіне тікелей жауап беретін Индустрия министрлігіне қатысты сенаторлар кеше біраз шүйліккен еді. Жұмыс істемейтін қондырғыларды ауруханаларға жеткізді, миллиардтаған қаржыны желге ұшырды деген жоғары палата депутаттарының сиясы кеппеген ИВЛ аппараттарға қатысты мәселені тағы бір дерекпен бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі де жалғай түсті.

Аймақ басшысы Қазақстан мен Түркияның бірлескен зауытынан шығатын жасанды тыныс алу аппаратының атын білгенімен, затын көрмепті. Бірақ, облыс ауруханалары Швейцария, АҚШ және Жапониядан облыстың бюджетіне сатып алынған 153 қондырғының пайдаланып жатыр екен. Ал отандық қондырғының шығыстағы емдеу мекемелеріне 100 данасы жеткізілуі керек.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

— Мен сіздерді аздап таңғалдырайын. Біз қазақ-түріктің жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алған жоқпыз. Дегенмен біз 100 өкпені жасанды желдету құрылғысын алуымыз керек. Аламыз, бізге жетеді деп ойлаймын.

ИВЛ аппараттарға қатысты шыр-пыр болып жүрген, тіпті жұмыстан кетуге әзір болған Индустрия министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов кеше журналистерді жиып алып, өз шындығын айтып берген еді. Шенеунік елдегі 297 емдеу мекемесіне 1500 қондырғының қойылғанын, олардың бәрі қолдануға дайын екенін алға тартқан. Бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сөзін де министрлік ресми түрде жоққа шығарды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі:

— Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына және бекітілген техникалық сипаттамасына сәйкес, Қазақстанның 17 аймағындағы 297 ауруханаға 1500 дана «Biyovent» атауымен өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. Оның 100-і Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелерге берілді. Бұған ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың Үкімет басшысының орынбасары Е. Тоғжановқа 2020 жылдың 13-қарашасында жазған шығыс хаты дәлел.

Осылайша ақталған министрлік сондай-ақ «Biyovent» атауымен шығарылған қондырғыларды шығысқазақстандық дәрігерлердің коронавируспен ауырған науқастарды құтқаруға пайдаланып жатқанын да таратқан ақпараттарында жазыпты. Еске салайық, елордада жасалатын құрылғының бір өзі 9 миллион теңге шамасында. Оған үкімет резервтен 13 жарым миллиард теңгедей қаржы жұмсады. Ал бір терінің пұшпағын илеп жүрген шенеуніктер арасындағы даудың қалай шешілерін уақыт көрсетер.

20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
20 қараша, 12:30
Аңдамай сөйлеген
20 қараша, 12:08
Үй ішінен үй тіккісі келгендер
13 қараша, 12:58
Жарықтың жыры жанға батады
13 қараша, 12:51
Америка. Сайлаудан кейін
Серіктестер жаңалықтары