jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Үй ішінен үй тіккісі келгендер

20 қараша 2020, 12:08
1391

Үй ішінен үй тіккісі келгендер

Сапархан Омаров,
ауыл шаруашылығы министрі

Елімізге Канаданың селекциялық астық тұқымын әкелген бір топ жас жігіт TDFA (The Development Fund of Agriculture) брендімен агрокомпания құрыпты. «Болашақтың сәулетшілері» деген фильм түсіріпті. Жастар өздерінің сайтында пандемиядан кейінгі экономикалық дағдарыстан шығудың нұсқасын ұсынады. TDFA порталында «Қазақстанда 50 млн тонна әртүрлі дақылдарды сақтауға болатын 250 элеватор салу керек. Оның иелері 100 пайыз астық импорттаушы елдер болуы тиіс. Бұл банктегі қорғалған депозит ұяшықтары сияқты болады», – деп жазған.

«Канада астығының тұқымы бізді дағдарыстан құтқарады» деп жүрген фильм авторларына қатысты өз ойын ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров біздің газетке былайша жеткізді:

Мен бұл фильмнің үш бөлімін де көрдім. Тіпті осы жобаның бастамашыларымен де кездестім. Олар Қазақстанда ірі аграрлық азық-түлік қорын құруды ұсынды. Бұл былайша айтқанда, агрохолдинг. Онда өзінің астық сақтау жүйесі, тұқымдық банкі, сақтандыру қоры, білім тарату орталығы, банк және сауда үйі болуы тиіс деген пікірлерін айтты. Осы тұрғыда отандық астық импорттаушылар есебінен арнайы халықаралық аумақтық мәртебеге ие 250 жаңа элеватор салуды ұсынады. Мұның барлығы Қордың меншігіне конкурссыз 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін берген жағдайда орындалады деген шарт қояды. Біз бұл тәжірибенің бәрінен өткенбіз, өтіп те келеміз. Мұндай ірі агрохолдинг құрудың соңы нәтижесіз болғаны тәжірибемізде бар. Бір кездері тұқымдық қор да болған. Бірақ салаға тиімділігін көрсете алған жоқ. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқымды өздері сатып алады және жинаған өнімдерін өздері сатады.
(Басы 1-бетте)

Қазақстанда 189 элеватор бар. Оларға астық сыймай жатыр деп айта алмаймыз. Кейбірінің толық қуатында жұмыс істеуіне астық керек. Сондықтан бізге элеватордың қажеті жоқ. Фермерлердің біліктілігін жетілдіру үшін «Атамекен» ұлттық компаниясының білім беретін орталықтары жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырумен айналысатын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ мен «ҚДБ» АҚ бар. Аса белсенді болмаса да, екінші деңгейлі банктер де бұл салаға атсалысады.

Фильмді көрген соң және жоба бастамашыларымен кездескеннен кейін, бізде көптеген сауал пайда болды. Мысалы, инвестиция тарту көздерін, инвесторлар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына қандай жағдайда келетінін түсінгім келеді.

Қандай да бір жеке инвестор мұқият дайындалмаған, өңделмеген жобаны қаржыландырғысы келеді деп ойламаймын. Мейлі, ол өзіміздікі болсын. Шетелдік инвесторлар тіпті де жоламайтынына бек сенімдімін. Оның үстіне, біз қомақты қаражат, яғни 7 млрд доллар жөнінде айтып отырмыз ғой. Бұл қаншалықты қомақты сома екеніне көз жеткізу үшін, елімізге Тәуелсіздік жылдары құйылған барлық шетелдік инвестициялардың көлемін көрсеңіз де жетіп жатыр. Олардың шыққан өнімді сату жөніндегі жоспары да күмәнді. Тіпті бұлар Қазақстан әлемдегі астық пен дәнді-бұршақты өнімді саудалайтын жалғыз ел еместігін, бұл өте бәсекесі биік нарық екенін ескермейді. Айталық, белгілі бір өнімнің аз ғана мөлшерін өзге елдің нарығына шығару үшін тек келіссөзге ғана кем дегенде бірнеше жыл кетеді. Әлемнің көптеген елдері импортталған тұқымнан алынған өнім екен деп бірден үлкен ақшаға сатып ала салады деу үлкен қателік. «Тиімді менеджерлер» мол кіріс кіргізеді деген пікір де дұрыс емес. Тіпті 1200 «тиімді менеджерге» үміткерлерді іріктеу механизмдері де түсініксіз. Өйткені кез келген басқа бизнестің тиімді менеджері ауыл шаруашылығы саласында тиімді бола алмайды. Ол үшін аграрлық салада мол тәжірибесі болуы керек.

Сіз жоба бастамашылары агрохолдингті салықтан, мемлекеттік бақылаудан босатуды және оларға мемлекеттің 5 млн гектар жерін беруді талап етіп отырғанын байқадыңыз ба? Жоба авторлары мемлекет есебінен үй ішінен үй тіккілері келеді. Мемлекет олардың істеріне араласпауы керек екен. «Бізге 5 млн гектар жер бер, біз коммунизм құрамыз» дегенге келтіріп отыр.

Негізінде кез келген идеяны іске асыруға болады. Бірақ ол идеяны әбден жетілдіріп, пысықтау керек қой. Мұнда жобаның бүкіл идеясы импортталған канадалық тұқымның айналасынан аспағандай әсер қалдырды. Экранның арғы жағында отырып, бәрі оңай сияқты айтады. Канадалық астық тұқымын сатып аласың да егесің, сосын мол өнімнің астында қаласың. Ақиқаттан гөрі аңызға жақын. Көптеген тәжірибелі шаруалар, ғалымдар мен сарапшылар өсімдік шаруашылығындағы табысты анықтайтын тек тұқым ғана емес екенін дәлелмен айтып береді. Мол өнім көп жағдайда ауа райына, агротехникалық іс-шаралар кешеніне, ауыл еңбеккерлерінің тәжірибесі мен шеберлігіне байланысты болады.

Осы пилоттық жобаға қатысушылардың бірі оған бір тонна канадалық тұқымның құны 5 млн теңгеге шыққанын айтты. Дәл осындай сападағы басқа импорттық және қазақстандық тұқымдардың тоннасы 150-200 мың теңгеден болатын еді деді. Ол Ақмола облысындағы егіс алқабына канадалық тұқымды екті. Әдеттегідей тыңайтқыш та қолданды. Бірақ гектарына 20 центнерден аспайтын өнім алды. Ең қызығы, отандық «Алтын сапа» мен «Шортанды» сортын еккен көрші егіс алқаптарынан да сондай өнім алынды. Тіпті олар минералдық тыңайтқышты пайдаланбаған. Солтүстік Қазақстан облысының егіс алқаптарына Канададан әкелінген тұқымның өнімі гектарына 15 центнер, Германиядан әкелінген тұқым гектарына 24 центнер, ал ресейлік «Омская-36» сорты гектарына 23,5 центнерден өнім берген. Пилоттық жобаға қатысқан фермерлер жоба авторлары мұндай нәтижеден түңіліп кеткендерін айтады. Сондықтан жұртқа мыңдаған «тиімді фермалары» бар фантастикалық жаһандық агрохолдинг туралы айтудың орнына, ең болмағанда, бір шағын фермерлік шаруашылық құрғандары дұрыс еді. Сосын агрономдардың, механизаторлардың, мал дәрігерлерінің, сауыншылардың, зоотехниктердің міндеттерін өзара бөліп, отандық нарықта елге пайдалы бір өнім шығаруды бастағандары жөн бе еді деп ойлаймын. Былайша айтқанда, алдымен ауыл шаруашылығы дегеннің не екенін түсініп, күшін салып, бағын сынап көрулері керек еді. Егер істері ілгері басып жатса, идеясын одан әрі дамытсын. Болмаса, отандық фермерлермен немесе өндірістік кооперациялармен өнімді өткізу жөнінде ынтымақтастық орнатқандары дұрыс болар ма еді. Әдетте, жұмыс солай істеледі.
«Болашақтың сәулетшілері» фильмінің авторы пилоттық жобаға қатысқан фермерлерге «канадалық астық тұқымының өнімін төмен етіп көрсетіңдер» деп мен қысым жасады» дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділік пен жалпы өндіріс нәтижелері өсімінің жоғары болғанына ғана мүдделі. Өз мақсатына жету үшін жап-жас жігіттердің өтіріктен жиіркенбейтіндері өкінішті-ақ! Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы. Бүкіл ел бойынша егістік көлемі – 25,6 млн гектар. Соның 22,5 млн гектарына биыл егін егілді. Қалған жер парға жыртылған. Бейнежазба авторлары осы 22,5 миллион гектар жердің «тек 5 миллион гектарын» сұрайды. Бірақ бұл жерге егін егіп, еңбектеніп жүргендер қайтеді? Олармен қалай жұмыс істейтінін айтпайды, түсіндірмейді. Мен оларға осы жағдайдың бәрін түсіндірдім. Бірақ бұл жігіттердің «Екі пікір бар, біреуі – менікі, екіншісі дұрыс емес» деген қағидамен жұмыс істейтіндері ұнаған жоқ. Сол себепті мені «сатқындардың» тізіміне қосып қойыпты.

Біз пилоттық режимде төрт облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға космомониторинг жүргіздік. 7,7 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін анықтағанымыз рас. Алайда қазіргі уақытта пайдаланылмай жатқан егістік алқабы бар болғаны 48,6 мың гектар. Қалғаны мал шаруашылығына арналған жайылымдық жер. Пайдаланылмай жатқан жерді анықтау жұмысы әлі жалғасады. Пайдаланылмай жатқан егістік алқаптың ауданы артуы мүмкін. Бірақ соңғы жылдары ауыл шаруашылығына деген қызығушылық артқан. Сондықтан пайдаланылмай жатқан бос жер болады деп айта алмаймын. «Болашақтың сәулетшілері» жобасының жігіттері ел қатарлы жерді жалға беру конкурстарына қатысып, заңды түрде жер телімін алуға толық құқығы бар екенін түсінуі керек.

Пайдаланылмайтыны анықталған ауыл шаруашылығы жері болса, тексерілген бірінші жылы ұйғарым беріледі және 10 есе жоғары салық есептеледі. Екінші жылы бақылау тексерісі жүргізіледі. Нұсқау орындалмаған жағдайда жерді алу үшін материал сотқа жіберіледі. Сот шешімінен кейін ғана мемлекетке қайтарылған жер учаскесі конкурстық негізде шаруаларға беріледі. Қазақстан заңнамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жері Қазақстан азаматтарына конкурстық негізде беріледі. Конкурсқа қатысуға өтінімді жартысы қоғамдық ұйым өкілінен тұратын облыс әкімдіктері жанындағы комиссия қарайды. Бұл конкурсқа барлық азаматтар қатысуға құқылы. Әлгі фильм авторлары ауыл шаруашылығы жерін ұзақ мерзімді жалға беру конкурсына заңды түрде қатысуға құқығы да, мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ олар өз идеясын жүзеге асыру үшін фермермен кооперация жөнінде ынтымақтастық мәселесін қарастыра алады.
Жұртты шулатқан фильм авторы өз сұхбатында менің жұбайымның ауыл шаруашылығына арналған жері бар депті. Менің өзімде де, жұбайымда да ауыл шаруашылығы жері жоқ. Жұбайымның ауылдық елді мекенде тек 2,5 гектар жері бар. Бірақ оның ауыл шаруашылығына қатысы жоқ. Ол жер учаскесі заңды түрде алынған және декларацияланған. Артық сөз болмас үшін айта кетейін, жұбайым екеуміздің туыстарымыздың да ауыл шаруашылық жері жоқ. Олар олигарх емес, ауыл шаруашылығы бизнесімен мүлдем айналыспайды. Мұның бәрін тексеру қиын емес.

Президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Құжаттың тұжырымдамасы биыл желтоқсан айында дайын болады. Содан кейін ол «Атамекен» ҰКП, салалық одақтар мен фермерлер қауымдастықтарының өкілдері, аграрлық сала ғалымдары енген жұмыс тобына жіберіледі. Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу кезінде, біз өңірлердің әлеуеті мен ерекшеліктерін ескергіміз келеді. Сондықтан жұмыс тобына облыс әкімдерінің орынбасарлары да қосылған. Бұлардан бөлек, БҰҰ ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымдары да тартылған. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың қазіргі мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы аяқталады. Сондықтан біздің қазіргі міндетіміз – бұрын межеленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, фермерлерді мемлекеттік қолдау жобасын сақтау. Фермерлер мемлекеттік қолдау басымдықтарының жиі өзгеретініне үнемі шағымданады. Соның салдарынан олар ұзақ мерзімді жоспар құра алмайды. Жоспарсыз кез келген бизнесті жүргізе алмайсыз. Сол себепті, біз аграрлық саясаттың сабақтастығын сақтап, оны бизнес үшін тартымды ету басымдығын белгіледік. Мысалы, біз қарапайым фермердің мемлекеттік қолдауға жылдам қол жеткізуі үшін бірқатар кедергіні алып тастадық. «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарының кепілдік саясатын жеңілдеттік. Қазірдің өзінде жақсы нәтиже бар. Мысалы, 2018 жылы отандық ауыл шаруашылығына кәсіпкерлер 365 млрд теңге инвестиция салса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 495 млрд теңгеге жетті. Бұл 30 пайызға артық. Биыл пандемияға қарамастан, аграрлық-өнеркәсіптік кешен секторы тұрақты дамып келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 16 пайыздық өсімі агроөнеркәсіп секторының барынша инвестициялық-тартымды бола бастағанын дәлелдейді.

08 қантар, 15:06
«Араб көктемі» көгертпеді
08 қантар, 14:59
Сектадан сақ болыңыз
08 қантар, 14:56
Барынан айырылған әйел
07 қантар, 17:43
Журналист БАҚ-та, мұғалім мектепте жүруі тиіс
18 желтоқсан 2020, 12:05
Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты
18 желтоқсан 2020, 11:46
Ең арзан қала - ең қымбат баға
18 желтоқсан 2020, 11:36
«Өзіме, балаларыма бостандық сыйлағаныма қуанамын»
18 желтоқсан 2020, 11:25
CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары
Серіктестер жаңалықтары