jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сағы сынбаған, намысы қайралған

20 қараша 2020, 14:51
562

Сағы сынбаған, намысы қайралған

27 қыркүйек түркі халықтарының арасында үлкен трансформация жасады десек болады. Дәл осы күні Қарабақта соғыс оты тұтанды. Әзірбайжанның бейбіт ауылдарын 26 қыркүйекте атқылаған армян жасақтары үлкен соғыстың басталуына себепкер болды.

Қарабақ қақтығысына қатысты бұрын азды-кем жазып жүрдім. 2016 жылғы қақтығыс жайында және тамыз айындағы шекара маңындағы ұрыстарға қатысты ақпарат бердім. Ал 27 қыркүйектен бастап, осы тақырыпқа қатысты көбірек ақпарат беруге тырысқаным рас. Мақсатым – Қазақстан қоғамы бұл соғысқа әділеттілік тұрғысынан қараса деген, соған сәл болсын септігім тисе деген ой болды. Себебі, БАҚ кеңістігінде өте көп, әрі түрлі ақпараттар айтылды, жазылды. Оның барлығын қарап, сүзгіден өткізу мүмкін емес. Алайда ақылға қонымды, көңілге сыйымдысын қарап алуға болады. Менің көзқарасымда, бұл соғыстағы шынайы ақпарат, ол БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтың ұстанымына негізделе отырып жазылған ақпарат. БҰҰ Қарабақты Әзірбайжанның бөлінбес бөлігі санайды. Оны 4 қарармен бекітіп тастаған. Резолюциялар бойынша басқыншылар дереу арада басып алған аумақты босатуға тиіс болатын. Бірақ ол қарарлар іске аспай, ақыры қарудың күшімен, оқтың дауысымен бұл қақтығыстың нүктесі қойылғанын көріп отырмыз.

Міне, осы тұрғыдан жазылған, қоғамға ұсынылған ақпарат шынайы деп санаймын. Қазақстан да, Ресей де, Батыс әлемі де, тіпті Армения да «Таулы Қарабақ Республикасы» дегенді таныған емес. Арменияның өзі танымаған. Бұл естен шығаруға болмайтын шындық.

Әзірбайжан әскерінің азат ету соғысына қатысты әртүрлі видео мен сұхбат, сараптамалық жазба мен сурет, ұрыс даласының тынысына қатысты ақпараттарды беріп отырған бірқатар блогер, саясаттанушы, журналистерді Әзірбайжанның Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен осы елге алып бару, зымыран тиген қалаларды көрсету, ақпарат алмасу мақсатында іске асқан сапардың құрамында мен де болдым.

Әзірбайжанға баруға қатысты ұсыныс сапарға шығардан бір апта бұрын айтылды. Өз тарапымнан келісімімді бердім. Себебі осы тақырып аясында қызығушылығым болғандықтан, барып көрген дұрыс деп шештім. Мың рет естігенше, бір рет көрген артық қой. Сондықтан ұсынысты қабыл алдым.

Армысың, Баку!

Баку бізді жаңбырлатып қарсы алды. Әзірбайжан әуежайына кірген мезеттен бастап, біз нағыз жеңісті тойлап жатқан халықты көрдік. Көзіміз түскен жердің бәрінде – ғимарат пен көліктерде, әуежай мен вокзалдарда, кемелер мен оқу орындарында үш елдің туы. Ол Әзірбайжан, Түркия және Пәкістан. Арасында Израильдің туын кездестіруге де болады. Туды көліктың артқы әйнегіне жапсыру арқылы түрлі дизайнды қолданған.

Бакуде ең алдымен саяси зерттеу институтының өкілдерімен кездесу өткіздік. Кездесуге саясаттанушылар, депутаттар мен журналистер қатысты. Сөзімізді құттықтаудан бастап, Қарабақ қақтығысына қатысты ой алмасып, пікір таластырдық.

Қазақстандық кей сайттарда «Степанакерт қаласы» сөзінің қолданылуын да аңғарған екен. Дұрысы Ханкенди екені айтпаса да түсінікті дегенге келтірді.

Кездесу қызықты өтті. Ондаған сұрақ қойылып, жауап алынды. Азат етілген аймаққа халықты көшірудің қашан басталатынын сұрадық. Халықты көшірмес бұрын азат етілген елді мекеннің инфрақұрылымын қалпына келтіріп, жол мен су, жарық пен жылу жеткізіп, тұрғын үйлерді жөндейтінін айтты. Көшіп жатқан армяндар үйлерін өртеп, ағаштарды кесіп, қабірді қазып жатқанына қарап, қалпына келтіру жұмысы ұзаққа созылатынын сезіп отырмыз.

Халықтың азат етілген аймаққа қайта оралуы бойынша арнайы тізім жасалады. Тоқсаныншы жылдары мәжбүрлі түрде туған жерінен кетіп, бас сауғалаған азаматтардың көбі жиырма жылдан астам уақытта Әзірбайжанның өзге аймақтарында қоныстанып, тұрақты жұмыс тауып, баспана иемденген. Босқындар қалашығында тұратын жандар да бар. Сондықтан миллионға жуық азамат Қарабақтан келгенін ескерсек, олардың қаншасы оралады, қай аймаққа қоныстанады, мемлекет қандай көмек береді, әлеуметтік демеу қалай іске асады? Осы сауалдар талқыланып жатыр екен. Кездесу барысында біз сондай ақпарат алдық.

Сағы сынбаған, намысы қайралған

Қарабақтан Нахичеван аймағына апаратын арнайы жол жайында да сұрадық. Жол Иранмен шекаралас аймақты жанай отырып, тура Нахичеванға барады. Көлік жолында бірнеше жол үсті және жол асты өткелдері болмақ. Қос бөліктен тұратын Әзірбайжан үшін бұл жолдың маңызын айтып түсіндіру қиын. Өйткені бұл сауда қатынасына ғана емес, демографиялық, мәдени, саяси, экономикалық байланыстың да артуына әсер етеді.

Саяси зерттеу институтынан шығып, Әзірбайжан парламентіндегі депутаттармен кездесуге бардық. Әрине, әр кездесудегі «әлқиссамыз» «Жеңіспен құттықтаймыздан!» басталды. Артынша екі ел арасындағы достық, бауырластық жайында сөз қозғалды. Әзірбайжан депутаттары «Біздің бауырластығымыз сіздермен тығыз болғанын қалаймыз. Әзірбайжан мен Түркия қандай бауыр болса, Қазақстан мен Әзірбайжан да сондай қатынаста болуын тілейміз!» деді. Түбі бір түркінің достығы, бауырластығы артуын біз де қалайтынымызды жеткіздік.

Соғыс зардабы

12 қарашада Баку қаласынан Гәнжә және Бәрдә қалаларына жолға шықтық. Мақсатымыз – бейбіт тұрғындарға соққы жасалған қалаларды көру, халқымен пікір алмасу. Баку елдің шығысында жатыр, ал Гәнжә қаласы – елдің батысында. Біздің елдің көрінісімен сипаттасақ, Семей мен Оралдың арасындай. Елдің бір шетінен екінші шетіне жолға шығып, жолдағы көріністен мемлекеттің дамуы мен халқының әлеуметтік жағдайын байқауға болады. Біріншіден, жол жаңа әрі тегіс. Тақтайдай. Жол шетіндегі дәретхана мәселесі толық шешілген. Жол жиегінде жеміс-жидек сатып тұрған саудагер көп. Олардың басым бөлігі анар, лимон, қауын сатады екен.
Бәрдә қаласына 4 сағатта жеттік. Қалада 100 мыңнан астам тұрғын тұрады екен. Уақыт өткізбей бірден соққы жасалған аймаққа бардық. Зымыран соққысы қаланың қақ ортасына бағытталыпты. Бір зымыран бір мезетте 18 адамның өмірін қиып кеткен. Зымыран соққысынан ет сататын дүкен, сауда үйі мен шағын дүкен тас-талқан болған. Түскі уақыт болғандықтан, сол маңдағы отқа оранған көлік пен жаяу жүргіншілер арасында зардап шеккендер көп болыпты. Қаза тапқан бейбіт тұрғындарды еске алып, гүл шоқтарын қойыпты. Ал көз жұмған марқұмдардың қан іздері қанша уақыт өтсе де, әлі кетпеген, өшпеген.

Келесі қала Гәнжә еді. Бәрдә қаласынан Гәнжәға жарты сағатта жеттік. Екі қаланың арасы 60 шақырым ғана. Гәнжә үлкен қала, халқының саны жағынан елдегі екінші үлкен мегаполис. Қалада 500 мың тұрғын бар. Ал зымыран соққысы қаланың қақ ортасындағы тұрғын үйге түсіпті. Көпқабатты үйді күйретіп өткен. Соққы жасалған орынды көру өте ауыр болды. Құдды бір «Иводзимадан хат» фильміндегідей көрініс көз алдымызда тұрып алды. Өртенген ағаш, қираған үй, балқыған көлік, бомбадан үңірейіп, шұңқырға айналған қара жер. Соғыс зардабы деген сол.
Зымыран соққысынан 10 адам қаза тапқан. Шабуыл түнде болыпты, сондықтан, халық шырт ұйқыда жатқан. Жараланғандар саны өте көп. Қираған үйдің алдына көз жұмған жандардың аты-жөні жазылған тақтайша қойылыпты. Гүлдер мен ойыншықтарды әкеліп, еске алып жатқан халықта есеп жоқ. Біз бейсенбі күні барғандықтан, еске алу шарасы өтетін уақытқа тап болдық. Әр бейсенбі сайын қаза тапқан жандардың туыстары мен қала тұрғындары соғысты еске алу мақсатында дастархан жаяды екен. Өз тарапымыздан марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, дұға оқыдық.

Гәнжә мен Бәрдә қаласына арналған бір күндік сапарымыз біз үшін ауыр сезім, зіл-батпан күйге түсірді. Қайтар жолда топтағы он адамның ойға шомып, төрт сағатты үнсіз өткізгені де содан болар. Бакуге жақындап қалған сәтте, қалаға кірер тұста әскери техника тиелген көліктерді көрдік. Бұл ұрыс даласында олжаланған басқыншылардың әскери техникалары екен. Жақында жеңіске арналған әскери шеру болмақ.

Балалығын ұрлатқан ақын

Елдің батысына жасалған сапардан кейін, елдің солтүстік аймағында орналасқан Шамахы қаласына жолға шықтық. Шамахы Бакуден 150-170 шақырымдай жерде орналасқан. Қала халқы 110 мың адамды құрайды. Қала әкімімен кездесіп, артынша сол қаладан ұрысқа аттанып, қаза тапқан шейіттің отбасына көңіл айттық. Отан үшін опат болған жас сарбаздың отбасы Қазақстаннан келіп, көңіл айтып, қуаныш пен қайғыларын бөліскенімізге алғыс білдірді. Марқұм Шуша қаласын қайтару үшін шайқаста қаза тапқан екен. Оғы бітіп, қоян-қолтық ұрысқа түскен көрінеді.

Бір кездесуді екінші кездесу алмастырып жатты. Бакуде бірнеше азаматтармен жүздесіп, телеарнаға сұхбат бердік. Әзірбайжандағы Түркі мәдени мұраларын дамыту қорында сүбелі ой алмасу болды. Біз барған күні Испанияда Хәкім Абайдың 175 жылдығына арнап шығарылған пошта маркалары қорға келіп түсіпті. Марканы көрсетіп, таныстырды. Қазақстан мен Әзірбайжан арасында Абай дананың мерейтойына қатысты көптеген жоспардың эпидемияға байланысты кейінге шегерілгенін атап өтті. Кейбірі онлайн-форматта өтіп жатыр екен.

Келесі кездесу Әзірбайжан Ұлттық мәжілісінің депутаты, мәдениет комитетінің төрайымы, ақын, профессор Ганира Пашаевамен болды. Ганира ханым жалпы түркі халықтары үшін ет жүрегін жұлып беретін қасиеті мен ұстанымы бар жан болып шықты. Ол түркілердің өз тілінде сөйлегенін қалайды. Сондықтан кездесу қазақ-әзірбайжан тілінде өтті. Арасында аудармашы көмегі сәл-пәл ғана керек болды. Әйтпесе, біз бірімізді өз ана тілімізде түсіністік.

Қарабақ соғысы оның өміріне үлкен өзгеріс әкелген. Оның балалығын ұрлаған. Ганира ханым былай деді: «Бірде халықаралық жастар жиынына шақырту алып қатыстым. Зал толы әртүрлі елден жиналған жастар еді. Онда дамыған және артта қалған елдің өкілдері отырды. Мен залда жиналған жас буынға қарап, бір сұрақ қойдым:

– Жастар, мен сіздерден не нәрсені тартып алсам, сіздер мені ешқашан, еш уақытта, мына өмірде кешірмей кетесіздер ме?

Залда тыныштық орнады. Тып-тыныш. Содан алда телефонын шұқылап, басқа әлемге басымен кіріп кеткен жігіттен «Мен сенің телефоныңды тартып алсам, кешіресің бе?» дедім. Жас жігіт күліп «иә» деді.

Сағы сынбаған, намысы қайралған

Тағы бір жігіттен «Мініп жүрген көлігіңді тартып алсам, кешірер ме едің?» дегенімде, ол да басын изеп «Иә» деді.
Кенет орта тұстан бір жігіт орнынан тұрып:
– Ханым, балалығымды тартып алсаңыз, мен сізді ешқашан кешірмес едім, – деді.
– Сіз қайдан келдіңіз?
– Ауғанстан, Қабул, …
– Рахмет, отыра қойыңыз!.. Балалары бар, балалық шағы жоқ елді өзгелер түсінбейді. Оны тек ауған жігіті мен мен ғана түсіндім. Өйткені мен де балалығымды ұрлатқан едім», – деді.
Әзірбайжан – 30 жылдан кейін өз жерін қайтарып, тарихының жаңа парағын ашқан ел. Әр кездесу үлкен ой салды. Соғыстың зардабы мен жердің тұтастығы, сепаратистік пиғылды уақытында басып отырудың маңызын тағы да бір түсіндім. Қарабақтың кері қайтуы түркі әлеміне жан бітіріп, қан жүгіртті. Әзірбайжан халқының соғыстан сағы сынбаған, керісінше, рухы оянып, намысы қайралып алғандай. Енді достық пен бауырластықты арттыру бағытында біз Әзірбайжанмен қандай қарым-қатынас жасаймыз? Ол жағын жоғары жақтағы билік өкілдерінің құзырына қалдырдық. Ал біз түбі бір туысқан Әзірбайжан еліне жасаған сапардан рухани күш алып қайттық.

Сағы сынбаған, намысы қайралған

Асхат Қасенғали,
саясаттанушы
Алматы – Баку – Алматы

08 қантар, 15:06
«Араб көктемі» көгертпеді
08 қантар, 14:59
Сектадан сақ болыңыз
08 қантар, 14:56
Барынан айырылған әйел
07 қантар, 17:43
Журналист БАҚ-та, мұғалім мектепте жүруі тиіс
18 желтоқсан 2020, 12:05
Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты
18 желтоқсан 2020, 11:46
Ең арзан қала - ең қымбат баға
18 желтоқсан 2020, 11:36
«Өзіме, балаларыма бостандық сыйлағаныма қуанамын»
18 желтоқсан 2020, 11:25
CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары
Серіктестер жаңалықтары