jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз

20 қараша 2020, 14:22
361

Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз

Мал шаруашылығын дамыту үшін алдымен керек нәрсенің бірі – кең де құнарлы жайылым. Қазір ауыл-елдің маңайындағы ат тоқымындай жайылым тозып біткен. Ғылыми жоба бойынша бір қара мал жазғы жайылымда тәулігіне сегіз келі шөп жеуі керек деп есептейтін болсақ, жайылымның жоқтығы тілін тістетуге мәжбүр. Оның үстіне, жан-жағы егін болғандықтан, көптеген ауылдарда жылқы малы да түнде оттап, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта шарбаққа қамалуға мәжбүр. Сөйтіп қыраулы қысқа көтерем қалпында енеді. Содан кейін мал өсе ме?!

Мал шаруашылығы саласына өнімділік пен өнім сапасын арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау үшін субсидиялау түрінде ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетілетіні белгілі. Дегенмен мұндай жеңілдікті Ерейментау ауданында орналасқан «Қарлығаш» шаруа қожалығы пайдаланбайтын көрінеді. Мемлекетке салмағын салғысы келмеген. Әйтсе де, жайылымның жоқтығынан шаруасын шалқыта алмай отырғандығын айтады. 1994 жылы құрылған бұл қожалық Торғай ауылдық округінің Қарағайлы ауылында орналасқан. Қожалық басшысы Ербол Дүйсеннің айтуынша, ол кезде бұл салаға қатысты мемлекеттік бағдарлама болмай, інісі Ерболат екеуі шаруа қожалығын өз күштерімен құрыпты.

Бүгінгі таңда шаруашылықта 250 бас жылқы бар, оның 135 басы – бие. Оған қоса, 105 мүйізді ірі қара, соның ішінде 80 басы сиыр, 325 қой бар. Жыл басынан бері 45 бас ірі қара мен біршама қой Елорда базарына етке тапсырылған екен. Ірі қара мен жылқы жергілікті жердің тұқымы. Сондай-ақ шаруа қожалығы өздерінің «Нұр-Сұлтан – Шідерті» тас жолы бойында орналасқан «Жансары» дәмханасын етпен қамтамасыз етеді. Еділбай мен гиссар тұқымдас қойлар сәуір айында қоздайды. Шаруашылықтағы 2 мың гектар жердің 200 гектары – шабындық, 100 гектары – екпе шөп алқабы, өзгесі жайылымға арналған жер.

Қожалық басшысы Ербол Дүйсен: «Мал басын көбейту үшін жайылымдық жеріміз жеткіліксіз. Мақсатым – мал өнімін сатып, елді етпен қамтамасыз ету. Осы орайда, 2009 жылы «Жансары» дәмханасын аштым. Келешекте Нұр-Сұлтан қаласында өз өнімімізді сататын дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл 250 тонна жем-шөп, 50 тонна арпа дайындадық. Ірі қара малды қыс айларында жем және сабан беріп те семіртеміз. Қой қоздағанда саулықтарға қосымша арпа береміз. Еңбеккерлерге де шөп шауып береміз. Малды суару үшін ұңғыма қазып алдық. Жаз айларында шаруа қожалығында 5 адам, дәмханада 6 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 100 және 150 мың теңгені құрайды. Жергілікті тұрғындар үшін жер мәселесін шешу керек. Қаланың қалталы азаматтары 10-100 мың гектар жер алады да пайдаланбайды. Осының салдарынан Торғай ауылының 40 түтіні көшкелі отыр. Ауылда тұратын әр отбасының 50 гектар шабындық, 50 гектар жайылым жері болу керек. Бұл мәселені 2012-2016 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты болған кезімде жүзеге асырдым. Жер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс», – дейді бізбен әңгімесінде.

Облыстың жер аумағы 14,6 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жері 10 миллион 782 мың гектарға немесе барлық жердің 74 пайызына тең. Мұның 5,7 миллион гектары егістік, 4,5 миллион гектары жайылымдық жер. Ауыл шаруашылығы жерін тиімді пайдалану мақсатында түгендеу жұмысы жүргізілуде. Осы істің қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 миллион 110 мың 300 гектар жердің пайдаланылмай, бос жатқандығы анықталды. Бұған дейін ешкімнің 613 мың гектар егістік алқаппен, 490,2 мың гектар жайылымдық жермен жұмысы болмағандығын айта кетуге тиіспіз.

Бүгінгі күні Ақмола облысында ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жер телімін бөлуде заң бұзушылық жиі кездеседі. Соның салдарынан ел ішіндегі жайылымдық жер әбден тозып, мал жаюға жарамсыз болуға жақын.

Жайылымдық жердің тозуының себебі әріде жатыр. Жоспар қуалаған кешегі кеңестік заманда егістік алқаптың көлемін көбейтуді мақсат еткен колхоз-совхоздар тоқымдай жер қалдырмай, табалдырыққа дейін жыртып тастады. Міне, осындай жоспар қуалаудың жөн-жосықсыз жарысы Арқадағы түгін тартсаң, майы шығатын жайылымды, түкті кілемдей құлпырып жататын жайлауды құртты.

Мал бағасы өскелі ел ішіндегі малсақ қауым мал басын көбейтуге барынша ынталы. Өйткені соңғы жылдары мал өнімі, оның ішінде ет біршама қымбаттап, азын-аулақ мал ұстаған ағайынның бейнеті өтеле бастады. Ендігі орайда қолда бар мал тұқымын асылдандыру, оның ішінде сіңіре будандастыру арқылы тұқымын жақсарту өте маңызды шаруа екендігі белгілі болып отыр.

Мал басы көбейгеннен кейін оны жаятын жайылым керек-ақ. Жайылымдағы шөп көнекөз қариялардың пайымдауынша, үшке бөлінеді. Өліқау, ақ от және қара от болып. Бұрынғы даланың данышпандары шөптің атасы имажоңышқа, беде дейді екен. Беденің астық қуаты ересен болғанымен, қауіпті жағы да бар. Беде қалың өскен жайылымға жауыннан кейін мал жаймайды. Жайса іші кеуіп, жарылып өледі. Сондықтан жайылым кепкен соң ғана мал жайса керек-ті.
Еңбек ардагері Болат Жылқыбаев: «Мен ұзақ жыл даланың тынысымен тыныстап, қабілетім жеткенше сырын ұғуға тырыстым. Әрине, біздің көргеніміз бергі дүние. Егістік көлемін ұлғайтамыз деп жүріп, ауыл елдің онсыз да аз малына тиесілі жайылымның азайғаны рас. Қойды, сиырды, жылқыны тоқымдай жерде топырлатып, иіріп баққан соң тақырға айналмағанда несі қалсын? Бірақ қой мен жылқы жайылған жерде сиыр жая алмайтыныңды анық айта аламын. Өйткені қой мен жылқының тіс бітімі бөлек. Олар шөпті тамырына дейін қопарып жей алады. Ал тақырланған жайылымдағы қылтанақ сиырдың тіліне ілінбейді және біздің төңіректегі қариялардың айтуына қарағанда, қой жайған жерге сиыр бағуға болмайды. Өйткені бұрынғының көпті көрген даналары мұндай жағдайда жұқпалы ауру тарайды деп есептеген. 1980 жылдардың орта шенінде Жезқазған облыстық тәжірибе стансасында шыралжың, изен, бозғанақ, тарлау тәрізді өсімдіктерді ауыспалы егіс жүйесімен өсіріп, кейін басқа облыстарға таратқан болатын. Бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау, Рузай аудандарының бірқатар алқаптарына да осы тәрізді екпе шөптер егілді. Кейінгі жылдары екпе шөп алқаптары тозып, өспей қалды. Уақытылы күтілмеді», – деп түсіндірді.

Ендігі арада елдегі малдың басын көбейту үшін ең керегі біздің ойымызша – жайылым. Селолық округтерге қарасты жайылымдық жер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жекеменшіктің қолындағы мал басына шақталып, белгіленген ережеге сәйкес бөлінуі керек. Содан соң бос жатқан, қурай басқан алқаптарға екпе шөп егілсе, нұр үстіне нұр. Ел ішіндегі көпті көрген көнекөз қариялар айтады, ойдым-ойдым қайың шоқтары көмкерген Сандықтау, Атбасар аудандарының Есілге дейінгі кең көсілген жайылымдарында мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақ шағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу, кәріқыз, түйежапырақ, бәйшешек, қияқ, бидайық, қамыс, ұшхат, тораңғы, алабота, шоңайна, қоға, ши, қазоты, бетеге, есекмия, меңдуана, шырғалжық, қымыздық, атқұлақ, райхан, ебелек, жуа, баялыш, теріскен, қараған, ошаған, таспажоңышқа, шырмауық, қараөлең, құлаңшайыр, бұйрашайыр, изен, айырауық, текесақал тәрізді төрт түлік мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер ұшырасқан екен. Бүгінгі жұрт осы шөптердің өзі түгіл атын да білмеуі мүмкін.

Мал басын көбейтуге бел буып отырған бүгінгі таңда жаңа агроинновациялық саланың қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді, пайдалы түрін тозып кеткен жайылымдық жерге ауыстыру қажет. Онда да жерсініп өсетіндерін. Дәл осындай ізгі қадам жасалса, бірер жылдан соң Есілдің екі жағалауындағы иен елдің жайылымы жайқалып шыға келеріне кәміл сенесің. Жыл өткен сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өсіп, бағасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Сондықтан жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі назардан тыс қалмауға тиісті. Әйтпесе, Жер-Анадан тілеуіміз, сұрауымыз көп болғанымен, беріп жатқанымыз шамалы.

«Жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» делінетін құйқалы да құнарлы Ақмола өңірінде төрт түлік малға құт болған жайылым аз емес еді. Есілдің салалары – Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды, Қалмақкөл, Салқынкөл, Ащылы, Жекебояқ жайлауларынан қазір тоқымдай да жер қалған жоқ. Ендігі мәселе қурай басып, бос жатқан жерді есепке алып, көп жылдық екпе шөп егу керек. Сонда ғана елдегі малсақ қауым қолда бар малын көбейте алады. Әйтпесе, жылқыны қайдам, қара малдың өзін-өзі ақтауы қиын. Мамандардың айтуына қарағанда, сіңіре будандастырылған асыл тұқымды малдың он сегіз айдың ішінде тірідей салмағы 400 келіге жетуі қажет. Одан ұзақтау бақса, өзіндік құны қымбаттап кетеді. Ал жекеменшік шаруаның бұл деңгейге жеткізе алатындығы күмән туғызады. Өйткені оның малға берер жем азығы сайма-сай емес. Шындығын айтқанда, шөптен басқа мал қорегі бар ма? Оның өзі шықса жақсы.

Жайылым мен жайлауды қалпына келтіру үшін екпе шөпті молынан егу керек. Жалғыз амалы сол ғана. Көкше өңірінде 10801 гектар жерге арпабас және судан шөбі тәрізді бір жылдық және көп жылдық шөп еккен Жақсы ауданы, 10390 гектар алқапқа екпе шөп сепкен Атбасар ауданы бұл тараптағы жұмысты біршама оң жолға қойған. 870 гектар жерге ғана шамасы жеткен Қорғалжын, 2774 гектарға ғана қауқары жеткен Жарқайың ауданында бұл жұмыстың сылбыр екендігін атап айтуға тиістіміз.

Тозған жайылымды қайта түлетуге шағын шаруа қожалықтарының қауқары жете бермейді. Өйткені екпе шөптің тұқымы қымбат. Түріне орай бір тоннасы – 300-350 мың теңге көлемінде. Қазіргі күні облыста «Заречный», «Журавлевка», «Диқан-4» тәрізді оннан астам жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады. Соңғы жылдары екпе шөп тұқымына деген сұраныс артып келеді.

Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

08 қантар, 15:06
«Араб көктемі» көгертпеді
08 қантар, 14:59
Сектадан сақ болыңыз
08 қантар, 14:56
Барынан айырылған әйел
07 қантар, 17:43
Журналист БАҚ-та, мұғалім мектепте жүруі тиіс
18 желтоқсан 2020, 12:05
Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты
18 желтоқсан 2020, 11:46
Ең арзан қала - ең қымбат баға
18 желтоқсан 2020, 11:36
«Өзіме, балаларыма бостандық сыйлағаныма қуанамын»
18 желтоқсан 2020, 11:25
CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары
Серіктестер жаңалықтары