jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Аңдамай сөйлеген

20 қараша 2020, 12:30
818

Аңдамай сөйлеген

Біздің елімізде волейболға деген қызығушылық, былайша айтқанда, онша емес. Көпшілікті ұлттық құраманың, кішігірім командалардың жетістігінен гөрі Сәбина Алтынбекова көбірек қызықтыратындай. Оған да шүкір. Бәлкім, сымбаты мен сұлулығы келіскен осы қызымызға қарап, болашақта отандық волейболдың көсегесін көгертетін жұлдыздар өсіп шығар. Сол кезде сырттан спортшы тартпайтын болармыз. Сол кезде олардың біреуі командасы жеңіліп бара жатқанда камераға ентелеп, аузына келгенін айтпайтын болар.

Әзірге мұның бәрі арман. Міне, бірнеше күннен бері жұрттың назары волейболға ауды. Елімізде Алеся Сафронова деген спортшының бар екенін білдік. Украинадан келген ол қарағым қазақтың «атың шықпаса, жер өрте» деген мәтелін білмейді-ау. Кейбір ақпарат құралдарында жазылғандай, өз саласында мықты да шығар. Бірақ біздің еліміздегі даңқы сол шеберлігімен емес, әлгі бір сөзімен шыққаны өкінішті.

«Жетісу» командасының капитаны волейболдан ел чемпионаты өтіп жатқанда камераға қарап «Қазақстанда бәрі сатылады. Федерацияда!» деп айқайлап жібергені лезде тарап кетті. Ерігіп отырғандарға керегі де сол. Соңында айтылған «Федерация» әлдеқашан ұмыт қалған. Қазір үлкен-кіші жапатармағай талқылап жатыр. «Qazsport арнасының операторы сол жерге неге бара қойды?» деген сауал да жоқ емес.

Ақыры Алеся көз жасын көлдетіп, кешірім сұрап тынды. Әйтсе де, «айтылған сөз, атылған оқ». Қазақстан Волейбол федерациясы жарыс аяқталғанша оны ойыннан аластату туралы шешім қабылдады. Федерацияның бас хатшысы Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, алдағы күндері мәселесі майшаммен қаралмақ. «Сафронова төреші екі сәтті есепке алмағаны үшін эмоцияға берілгенін айтады. Бірақ Қазақстан мен Федерацияның оған қатысы қанша? Төрешілер сатып алынған десе, дәлелдесін» дейді ол.

Бүкіл елді шуылдатқан Алеся Сафронова кім? Ұлттық құраманың ойыншысы. Соңғы чемпионатта құрама капитаны болған. «Жетісу» командасы бас бапкерінің келіншегі. Оның есімі алғаш рет отандық баспасөзде 2015 жылғы мамыр айында аталыпты. Сол кезде әйелдердің ұлттық құрамасындағы мықты деген бірнеше волейболшы Қытайда өтетін Азия чемпионатына қатысудан бас тартқан екен. Арасында Алеся бар. «Время» басылымына берген сұхбатында Ермек Сырлыбаев Сафронованың осы кезде Түркияда өнер көрсетіп жүргенін, бірақ халықаралық трансфер сертификатында жазылғандай, ойыншы шақыру ала салысымен өз құрамасына келіп қосылуы тиіс екенін ашына жеткізген. Сөзін келтірсек: «Сафронова қоңырау да шалған жоқ. Бапкері арқылы кішкентай баласын сылтауратты. Ал өз клубы атынан ойнауға баласы кедергі келтірмеді» деген.

Сафронова – Украинаның тумасы. Өз елінде ойнау өзіне тиімсіз болғандықтан ба, бізге келген. 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алған.

Бір сұхбатында ол жергілікті волейболға көңілі толмағанын, тіпті мұнда жүре берсе, қарайып қалатынын ойлап күнде жылағанын айтады. «Мен ана жақта жұрттың көз алдында едім, енді жердің түбіне келдім», – деп ағынан жарылады. Кейін Алеся арманына жетіп, ақыры Түркия клубында ойнапты. Күйеуі бапкер, бірақ Түркия заңы бойынша командада бірге жүруге тыйым салынған. Содан кейін Шығыс Қазақстандағы «Алтай» командасынан шақырту алады. Кейін әлдебір келіспеушіліктер туындап, командадан кеткенге ұқсайды. Біз спортшының өткеніне әдейі тоқталып отырмыз. Оның өз елін тастап, «жер түбіне» жайдан-жай келмегені белгілі. Бұл – өзінің таңдауы. Оның бір себебі, сырттан келген спортшыға төленетін қомақты қаржы десек, қателеспейтін шығармыз. Сондықтан қанша жұлдыз болса да, өзіне жұмыс беріп, жағдай жасап отырған елге әлгіндей сөздерді айтуға хақысы жоқ еді.

Гүлнар Ахметова

08 қантар, 15:06
«Араб көктемі» көгертпеді
08 қантар, 14:59
Сектадан сақ болыңыз
08 қантар, 14:56
Барынан айырылған әйел
07 қантар, 17:43
Журналист БАҚ-та, мұғалім мектепте жүруі тиіс
18 желтоқсан 2020, 12:05
Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты
18 желтоқсан 2020, 11:46
Ең арзан қала - ең қымбат баға
18 желтоқсан 2020, 11:36
«Өзіме, балаларыма бостандық сыйлағаныма қуанамын»
18 желтоқсан 2020, 11:25
CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары
Серіктестер жаңалықтары