jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Сүттен ақ, Судан таза» демеңіз

13 қараша 2020, 12:26
249

Аурухана

Ең әуелі коронавирус күнтізбесіне көз жүгіртейік. Наурыз – «келе жатыр» деп күтіп жүрген кез.  Сәуір – қатаң карантин. Мамыр – босаңсу. Маусым – вирустың жаппай таралуы. Шілде – «толқынның» астында. Одан бергі кезең – ес жинау.

Әрмен қарай не күтіп тұрғанын біз тұрмақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да білмейді. Долбар көп, ем жоқ. Соның ішінде – аурудың қай жерде жұғатыны туралы ақпарат. «18 пайызы подъезде жұқтырады» деген сөйлемге еріксіз көз сүрінеді. Оны қалай анықтады екен? Ал біз болсақ, лық толы автобустан түсіп, үйге жетпей бетпердені жұлып тастаймыз…
Жер-жерде босып жүрген жұрт. Жазда алапат «толқынның» астында қалғанын ұмытып кеткендей. Жоқ, ұмытпапты. Оған «Біртанов қамауға алынды» деген хабар тарағанда көз жеткіздік. Пікір білдіргендердің ішінде бұрынғы министрді жақтаудан гөрі даттау басым. Вирус жапырып жатқанда дәрі-дәрмек тапшылығы қолдан жасалғанын, ауруханада орын жетпегенін, дәрігерлердің қалай емдеуді білмегенін, ПЦР-тест, бетперде бағасының тым қымбат болғанын еске түсіріп жатты. Бұған дейін қанша жақсы жұмыс істесе де, Біртанов елдің есінде пандемия кезінде жіберген олқылықтарымен есте қалатын сияқты. Оның үстіне аурудың таралу себептерінің бірі ретінде «денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы жіберген жүйелік қателер» деп Мемлекет басшысының атап көрсетуі де бекер емес.

Экс-министр қамауға алынған соң іле-шала еліміздегі беделді дәрігерлердің бұрынғы министрді қорғаштаған ашық хаты жарияланды. Онда Біртановтың медицина саласында сіңірген еңбегі тәптіштеліп, жазықсыз екені, әрі-беріден соң жуырда ғана пневмониямен ауырып тұрған бес баланың әкесін темір қапаста ұстау тым қатаң жаза екені айтылған. Ақырында осы аптада ол үйқамаққа жіберілді. Әлгі хатқа қоса, әлеуметтік желіде петиция, челлендж басталды. Тіпті медицина мекемелерінде қол жинау науқаны жүріп жатқаны да айтылып қалды.

Біртановқа қандай айып тағылғанын нақты білмейміз. Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Бұрынғы министрге қатысты тергеу мәліметтері ҚҚК 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды» делінген. Оған қатысты тергеу жұмыстары сырт көзге енді басталды. Ақ-қарасын анықтағанша пәлен деуге ешкімнің хақысы жоқ. Заңға жүгінсең де сол. «Қылмыстық іс жүргізу кодексінің» 19-бабында (кiнәсiздiк презумпциясы) «Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуы тиіс» деп жазылған.

Демек тергеу аяқталғанша кінәлі-кінәсіз екендігіне қатысты кесімді тұжырым айта алмайсың. Осы тұрғыдан қарағанда, ашық хат, петиция сияқты «қорғау науқаны» тергеу-тексеруге жасалып отырған қысым сияқты көрінбей ме? Айта кету керек, қит етсе Президентке хат жазып, әлеуметтік желіде келсін-келмесін шу шығару арқылы мәселені оңынан шешу белең алып барады. Бұған мысал көп.

Қазір жұртты экс-министрдің басына үйірілген бұлттан гөрі алдымызда не күтіп тұрғаны көбірек алаңдатады. Әкімқаралар «дайынбыз, дәрі-дәрмек жеткілікті, осынша науқасқа орын сайлап қойдық» деп үсті-үстіне есеп беріп жатыр. Еске түсірсек, көктемде де дәл осылай «сақадай-сай» отырған. Сол кездегі министр Елжан Біртановтан бастап. Ондай «дайындықтың» неге әкеп соққанын білеміз.

Гүлнар Ахметова

08 қантар, 15:06
«Араб көктемі» көгертпеді
08 қантар, 14:59
Сектадан сақ болыңыз
08 қантар, 14:56
Барынан айырылған әйел
07 қантар, 17:43
Журналист БАҚ-та, мұғалім мектепте жүруі тиіс
18 желтоқсан 2020, 12:05
Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты
18 желтоқсан 2020, 11:46
Ең арзан қала - ең қымбат баға
18 желтоқсан 2020, 11:36
«Өзіме, балаларыма бостандық сыйлағаныма қуанамын»
18 желтоқсан 2020, 11:25
CNPC International in Kazakhstan: Біздің қызметкерлердің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары
Серіктестер жаңалықтары