jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Америка. Сайлаудан кейін

13 қараша 2020, 12:51
261

Америка. Сайлаудан кейін

Саяси додада озып шыққан Жозеф Байден «Американың жалпақ әлемдегі биік беделін қалпына келтіремін» дейді. Өзіміз тікелей куә болған бір оқиға есімізге түсті. 1999 жыл. Македониядағы босқындар лагері. Балкан соғысы кезінде жан-жаққа босып кеткен бейбақтардың елеулі бөлігі осы елді паналады. АҚШ бастаған НАТО күштері қантөгісті тоқтатты. Ат шаптырым аумаққа созылып жатқан шатыр қалашықтың тұрғындары енді өз үйіне оралады. Қуаныштан көз жасыра алмаған албан шал «Алдымен Аллаға, содан кейін Америкаға рахмет!» деп жатты.

Ол кезде президент Билл Клинтон еді. Ақ үйде ауызашар бере бастады. Өмірлік серігі Хиллари қызы Челсимен Ыстамбулдағы мешітке орамал тағып кірді. Мұны иісі мұсылман дінге көрсетілген қалтқысыз құрмет деп бағалады. Америка дәстүрлі демократия, жатсынбаушылық (толерант) қағидаларымен қабат, экономика мен технология саласындағы ересен жетістігімен әлемге үлгі-өнеге еді. Клинтонды Кариб теңізінде алапат қақтығыстың алдын алған Кеннеди, 70-жылдардың басында Қытаймен тарихи мәмілеге барған Никсон, «қырғиқабақ соғысты» тоқтатып, қызыл империяны күйреткен Рейган сияқты алыптар шоғырының соңғы тұяғы дейтіндер қателесе қоймайды.

Америка. Сайлаудан кейін

apnews.com

Өйткені келесі президент бала Буштың 2001 жылғы лаңкестік әрекеттен кейін исламды қарауылға алған мәлімдемесі күрт бетбұрыстың хабаршысы іспеттес-тұғын. Алып мемлекетті әбігерге түсірген осы оқиғадан соң мұхиттың арғы жағына барып, деректі фильм түсіргенбіз. Сол туындының кейіпкерлері, өздерін Американың нағыз патриоттарымыз деп есептейтін елдегі мұсылмандар, сондай-ақ христиан ұйымдарының өкілдері президенттің пікірімен мүлде келіспейтінін білдірді. Ал біраз уақыт өткенде Ирақта ашынған бір азаматтың әлемдегі ең қуатты әрі сыйлы мемлекеттің басшысына бәтеңке лақтырғанын көрді. Бұл оқыс әрекеттің астарында жеке тұлғаға өшпенділіктен гөрі Американың сыртқы саясатына деген наразылық басым еді.
Бабыл атырабынан соң Либия, Сирия, Йеменде соғыс өрті тұтанды. Билікті алмастыру әрекеті «Араб көктемі», түрлі-түсті революциялар арқылы жалғасын тапты. Әртүрлі гүлдің атауын иеленген мұндай төңкерістер бұрынғы кеңестік кеңістікте де болып жатты.

Өзіне ұнамайтын басшыны алмастыру Батыстың жиі жүгінетін тәсіліне айналды дейді бәзбір зерттеушілер. Айта кеткен жөн, американдық қоғам қайраткері Жин Шарптың Soft Power (Жұмсақ күш) деген атпен мәлім нұсқаулығы бірқатар елде биліктің бейбіт жолмен ауысуына әкеп соқты. Шарптың бір еңбегі «198 Methods of Nonviolent Action» (Күш қолданбай әрекет етудің 198 тәсілі) деп аталады. Қауіпті болса да, көшедегі наразылық білдіру әрекетіне кішкентай балаларды ертіп бару, тәртіп сақшысына гүл сыйлау немесе керісінше, арандату үшін оған жұдырығын ала жүгіру. Мұндайда Батыс медиасы, бейресми қоғамдық ұйымдар, бұрын белгісіз белсенділердің ақпараттық шабуылды үдете түсетіні бізде өткен митингілер барысында да байқалды.

Жер-Жиһанға өз ықпалын жүргізуде мінсіз жұмыс істейтін Батыстың осы «мәшинесі» сыр бере бастады. Алдымен Венесуэлада Хуан Гуайдоны билікке әкелуге бағытталған әрекет сәтсіздікке ұшырады. Көптеген елдер қалың жұртты көшеге алып шыққан 35 жастағы оппозиция жетекшісін ресми түрде жаңа басшы деп таныса да. Ауыр экономикалық қысым да президент Мадураны биліктен кетіре алмады. Мұның алдында Сирия билеуші Башар Асадты тақтан тайдыру жоспары іске аспай қалды. Оның үстіне Шам өлкесінде Ресей, Иран және НАТО мүшесі Түркия дербес саясат жүргізе бастады. Мыңдаған адамның өмірін жалмаған қантөгісті тоқтатуға Астана процесі шеңберінде қабылданған шешімдердің оң ықпал еткені көпке мәлім. Биыл тамызда белорус жерінде өткен президент сайлауының ертеңіне басталған шеру мен наразылық шарасы әлі толастаған жоқ. Ірі мемлекеттер мен кейбір халықаралық ұйымдар дауыс беру нәтижесін мойындамады. Еуроодақтағы ықпалы зор Франция мен Германия басшылары оппозиция жетекшісі, сайлауға дейін үйде бала бағып отырған Светлана Тихановскаяға жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді. Беларусь билігіне қарсы санкция да салынды. Бірақ соның бәрі күткендей нәтиже бермеді. Сарапшылар мұны Ресейдің табанды ұстанымының жемісі деп бағалады.
Ғаламдық геосаясатты зерттеуші мамандардың пікірінше, Дональд Трамптың билікке келуі бір полюсті әлемнің көп өрісті дүниеге қарай беталысын тездеткенін алға тартады. Расында, Құрама Штаттар кеңестік жүйе ыдыраған соң ғаламдағы ең қуатты бірден-бір күшке айналды. Әлемнің кез келген түкпірінде кез келген қиын түйін Американың араласуынсыз шешілмейтін. America First! (Алдымен Америка) деп ұран тастаған Трамп тұсында АҚШ, бейнелеп айтқанда, «томаға-тұйық күйге түсті». Климатқа қатысты Париж келісімінен, Иранмен жасалған ядролық бағдарлама жөніндегі уағдаластықтан, Ресеймен арадағы орта қашықтықтағы зымырандар бойынша екі жақты құжаттан бас тартты. Тіпті экономика және бірқатар қауіпсіздік мәселесінде ең сенімді одақтасы Еуроодақпен тіл табыса алмауы Вашингтонның былайғы дүниеден оқшаулану процесін жылдамдата түсті. Беделді «Тайм» журналының мұқабасы America Alone (Америка жалғыз қалды) деген жазумен жарық көруі де әлгі тұжырымды қуаттай түскендей.

Америка. Сайлаудан кейін

Ғаламдағы көшбасшы тізгінін қолдан шығармауда Американың ең басты бәсекелесі, сөз жоқ, Қытай болып тұр. Аспан асты елінің экономика, ғарыш, әсіресе, жасанды интеллект саласында қарыштап дамуында Батыстың «үлесі бар» деуге де болады. Себебі өткен ғасырдың 90-шы жылдары Америка мен кәрі құрлықтағы өндіріс ошақтары арзан жұмыс күші бар деп Қытай сияқты Азия елдеріне көшірілді. Келе-келе дайын бөлшекті құрастырушылар сапалы бұйым жасай алатын өндірушіге айналды. Тек тұтыну тауарларын ғана емес. Гарвардта білім алған, Кремний ойпатында тәлім алған мыңдаған дарынды маман жоғары технологияның ғажайыптарын жасай бастады. Huawei компаниясы өмірге әкелген болашақты байланыс жүйесі — 5G мұның айқын дәлелі. Осыдан біраз бұрын қытай ғарыш кемесі Айдың көлеңке тұсына сәтті түрде қонды. Ғаламат жобаны іске асырғандар елдегі ғарыш мектебінің негізін қалаған Сяң Суейсеннің ізбасарлары. Ол Гарвардта оқыған, 1955 жылы елден аластатылғанға дейін АҚШ азаматы еді. «Енді Америкаға келмеймін» деп өкпелеп кеткен оқымысты Сяң Қытайдың даңқын аспанға шығарды. Күні кеше Аспан асты елінен көкке аттанған жер серігі енді 6G жүйесімен қамтамасыз етеді деседі.

Түрлі қоғамдық формациялардың ерекшелігін жетік білетін Жозеф Байден Қытаймен қарым-қатынаста, біздіңше, текетірестен гөрі бәсекелес ынтымақтастыққа басымдық беретін сияқты. Өйткені Трамптың басты қарсыласты тықсырып, сауда соғысын өршітуі пәлендей нәтиже берген жоқ. Керісінше, Американың саяси беделіне, экономикалық күш-қуатына теріс әсер етті. Сондықтан Ақ үй енді саңлақ саясаткер Генри Киссинжердің кеңесіне жүгінуі де ғажап емес. Кезінде Бейжіңмен үзілген дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруде зор еңбек сіңірген Киссинжер өзінің On China (Қытай жайында) атты еңбегінде былай дейді: «Қытайдың ерекшелігі миссионерлікте емес, мәдени болмысында. Ол әлемді қытайшыл жасауға тырыспайды» дейді. Мүдде қайшылығы туындамай тұрмайтынын алға тартқан Киссинжер ортақ шешім ретінде бірге өрлеу (co-evolution) үлгісін ұсынады.

Америка. Сайлаудан кейін

Бұл жетіде коронавируске ем тауып, адамзат баласына зор үміт сыйлаған Американың болашақта ғаламдық экономикаға тигізер ықпалы қандай болмақ? Әлемдік нарықтың ажырамас бөлігіне айналған Қазақстан сияқты елдерді осы сауалдың жауабы көбірек қызықтырады. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта кеңірек тоқтала жатармыз.

Срайыл Смайыл,
шолушы

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады