jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жалған саяхатқа жолдама

06 қараша 2020, 14:46
179

Жалған саяхатқа жолдама

Алаяқтық туралы сөз қозғағанда алдымен Бернард Мейдоффтың есімі еріксіз еске түседі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары АҚШ-та бұл азаматтың жымысқы әрекетінің салдары 3 миллион адамды қан қақсатып, 64 миллион долларды желге ұшырды. Инвестициялық компанияның иесі клиент құйған ақшасын 12-13 пайыз үстемемен қайтарып алатынына кепілдік берген. Көпшілік оған сенген. Осыншама миллион адамды иландырудың өзі шындап келгенде «өнер». Берісі – бізге жақын мысал Мавроди. Оңай олжаға диваннан тұрмай кенелуді қалайтындардың түйсігін қалта қампайтудың тетігі еткен Мавродидың былығы әшкере болғанда, қанша азаматтың қарғысына қалды екен? Осындай оқиғалардан жұрт сабақ алып, сақ болуға үйренді дегің-ақ келеді. Әттең, олай емес. Гарант-Ломбард, қаптаған лотерея, Qnet, тізе берсе, бұл тізімнің түбіне жетпейсің.

Міне, редакциямызға «алдандық» деген кезекті тұрғындар қоңырау шалды. Мән-жайды білу үшін уәделі жерде кездестік. Жиналған он шақты адам – орта жастағы кісілер. Әңгімені төтесінен бастап кетті. Бәрін де «саяхатқа жолдама ұттың» деп кеңсеге шақырған. Сол жерде қымбат сағат, алтын таққан, бір қарағанда бай көрінген қызметкерлер сүйінші хабармен қуанта отырып, оларға қосымша қызметтер ұсынған. Дәл қазір енді қайталанбас акцияны алып үлгеру үшін қалтасындағы бар ақшасын тап сол сәтте беруге үгіттеген. Ең қызығы, бұл кісілердің бәрі соңғы тиынына дейін санап берген. Тек кеңседен шығып, ес жиғанда сан соғып қалғанын түсінген. Содан қаржыны қайтаруды талап еткенде, агенттік өздерінің қолы қойылған келісімшартты көрсетіп, кері қайтарыпты. Бір түсініксіз жайт, «алдандық» деген адамдар қалайша қол қойып, барын бергендерін түсінбей қалғанын алға тартады. Бізге мұңын шаққан Гүлнәр Шафудинова 4 млн теңгесін осы агенттіктің қағып алғанын айтады: «Ішке кіргенде он шақты жұбымен күйеуі мен әйелдері отырды. Әуеннің дауысы қатты шығып тұрды. Әр жұппен жеке-жеке сөйлесті. Маған «сегіз жылда әлемнің сегіз еліне барасыз» деді. Соған бар ақшамды қалай бергенімді білмедім. Артынан қайтарғым келді. Бірақ келісімшартта қайтару көзделмеген деп шығарып салды».

Гүлнәр өткен айда әуежайда әлеуметтік сауалнама толтырғанына өкініп отыр. Өйткені даудың басы осыдан басталғанын енді ғана ұғынған. «Қай жаққа ұшасыз? Жасыңыз қаншада? Қай жерде қызмет істейсіз? Нөміріңізді алсақ бола ма?» деп іші-бауырына кіріп жылы сөйлеген адамды ол әуежай қызметкері екен деп ойлап, бар сұрағына жауабын жазған. Сөйтсе, олар осы агенттіктің өкілдері болып шығыпты. Жиналғандардың бәрі де әуежайда сауалнама толтырғаннан кейін «жолдама ұттыңыз, шұғыл келіңіз» деген қоңыраулардың басталғанын айтады. Гүлнәр секілді өздерін «агенттік алдады» деген алматылықтар арнайы чат ашқан. Қатары толығып жатыр. Бәрі де қалтадағы барын беріп, кейін жер сипап қалған. Кейін ойланып, бәрін електен өткізгенде психологиялық тәсілмен тұзаққа түсірді деген тоқтамға келіпті. Өйткені іште қатты әуен ойнап тұрған. Оның дауысын басуға келіспеген. Отырғандарға түрлі сусынды әлсін-әлсін әкеліп отырған. Көз алмай тілдескен. Келісімшартқа қол қойған, ақшасын берген сәт те бұлыңғыр. Былайша айтқанда, масаң күйде бас шұлғып, кеңседен шыққанда ғана естерін жиғандай. Бізге сұхбат берген Сайлау Сиязбаев есімді азамат «өмірі мұндай аяқ асты ұтыстарға сенбейтін менің өзім құрбан болғаныма өкінемін» дейді. «Ұтысыңды алып кет. Міндетті түрде әйеліңді ертіп кел, жеке куәлігіңді ұмытпа» деді. Көрейік деп бардық. Біз сол күні 380 250 теңгеге шартқа отырдық. Бізге ұтыс бойынша Вьетнамға жолдама шықты деді. Оны біз кейін төлейік деп едік, оған көнбеді. Қазір жеңілдік жүріп жатыр, бүгін төлеңдер деді. Әңгіме жүріп жатқан кезде әуеннің дауысы қатты болды. Содан кейін су әкеліп берді. Су іштік, сонан кейін кофе алып келді, шәй алып келді, тағы да шәй іш деп. Соның да бір әсері болды ма деген ойдамын», – дейді ол.

Бізбен тілдескеннің бәрінің оқиғасы ұқсас. Агенттіктің «жұбайыңмен кел» деп міндеттеуінің өзі қулыққа ұқсайды. Өйткені жалғыз барса, бәрібір қабырғаммен кеңеспей келіспеймін деген жауаптан құтылу үшін алдын ала қамданғандай. Ғаламторды шолса, мұндай алдаудың торына түскендер жетіп артылады. Агенттік қызметіне күдік тудырмас үшін олар кеңсені міндетті түрде қаланың қақ ортасынан жалдайды. Атауын жарқыратып, ішін сәндейді. Кіреберістен жылы шыраймен амандасып күтіп алып, сізді құдды бастықтай алып жүретін адамын да сайлап қояды. Көбіне артық сұрақ қойдырмас үшін, өздерін бәрі білетіндей сізге шекесінен қарайды. Олардың ұсынысынан бас тартсаңыз, ыңғайсыз күйге түсетіндей дәрежеге жеткізеді. Адам сезімін басқару тетігін жетік меңгерген. Арнайы шетелде курстан да өтеді деген бейресми ақпарат интернетте кеңінен тараған.

Уәделі саяхаттан да, ақшадан да қағылған азаматтар Алматының Медеу ауданындағы бас кеңсесіне қайтадан барды. Біз де ердік. «Ақшамды қайтар» деп мазаларын алған клиенттерін кірмей жатып, камерадан көріп сыртқы есікті іштен кілттеді. О баста сыпайы көрінген агенттік қызметкерлері бір сәтте тонын теріс айналдырды. «Кез келген уақытта сұрақтарыңыз болса хабарласыңыз» деген менеджерлерге қоңырау шалғанда бірі «қалада емеспін», екіншісі «ауырып қалдым», үшіншісі «директорға хабарласыңыз» деп жауап беруден, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты.

Алданған азаматтар қол қойған келісімшарт та бір жақты жасалған. Онда клиент саяхаттан бас тартқан жағдайда ақша қайтарылмайтыны тайға таңба басқандай жазылған. Қолдарына ұстатқан сертификаты үшін алған теңгесін заң жүзінде қудалау мүмкін емес. Олар жеті рет өлшеп, бір рет кесіп жан-жақты дайындалған. Ендігі гәп – олардың қандай тәсілмен клиенттің басын айналдырып алуында. Өйткені жымысқы әрекеттің құрбаны болдық деген азаматтардың барлығы «бізді гипноздауы мүмкін, ішкен суға бірнәрсе қосып берді, әйтпесе, сол сәтте бар ақшамды оңай санап бере салуым мүмкін емес» дейді. Белгілі адвокат Мұрат Әмитов алданғандардың басын қосып, заң тұрғысынан ары қарай қалай әрекет етуге кеңес беруге, арыз жазуға көмектесуге келісті. Дәл сол күні алты адам бірігіп, полиция департаментінде арыздарын жазып қалдырды. Адвокат редакцияға берген сұхбатында құжат жүзінде агенттіктің әрекеті қанша жерден заңды, дұрыс болғанымен, арызданушылардың саны көп болса, іс қозғалуы мүмкін екенін жеткізді: «Бұл кісілер көрсетілмеген қызмет үшін ақшасын қайтаруға құқылы. «Ақшаны қайтар» деген талаптарына «біз ақшаны қайтармаймыз» деген жауап қолдарында бар. Сол себепті, біз бұл жерде қылмыстың құрамын көріп отырмыз. Ары қарай құқық қорғау органдары дұрыс саралайды деп ойлаймын. Бұл кісілердің алданғаны дәлелденсе, ҚР ҚК 196-бабы, яғни алаяқтық бойынша қаралады. Сол баппен Медеу аудандық полиция басқармасына бүгін жүгіндік. Бір жәбірленушімен отырған кеңсесіне өзім де бардым. Сол жерге 102 нөміріне хабарласып, полиция шақырдым. Учаскелік инспектор осы аптада бұл агенттікке үшінші рет шақырып жатыр деді. Демек алданғандар саны біз жобалағаннан да әлдеқайда көп болуы мүмкін».

Бұл оқиғаның ары қарай қалай өрбитіні Jas qazaq редакциясының жіті бақылауында болады. Дәл осы агенттікке алданған адамдарды бірден полиция департаментіне барып арыз жазуын сұраймыз. Бұл жайт басқа жұртты да ойландырсын. Көп адам өзінің аңғалдығынан, аңқаулығынан осылайша жапа шегеді. Оңай олжаға кенелуді көксеген қиял қиядан құлдилатып, маңдай тасқа соғылғанда ғана бәрін түсінген боламыз. Әйтсе де, тегін ірімшіктің тек тышқанға құрылған қақпанда болатынын ұмытпайық.

Асқарбек Қазанғап

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...