jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазақстан мен Түркия әскери салада 2 хаттама дайындап жатыр

26 қазан, 15:19
103

Қазақстан мен Түркия әскери салада 2 хаттама дайындап жатыр

Қазақстан мен Түркия Қорғаныс министрліктері әскери тариф және мәліметтер алмасу салаларында екі хаттама дайындап жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.

«Бүгін Түркия Қорғаныс министрі Хулуси Акар қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз саналады. Біздің стратегиялық әріптестіктің берік негізін ең алдымен екі мемлекет басшыларының өте жақын, сенімді әрі достық қарым-қатынасы қалап отыр. 2018 жылғы қыркүйекте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында маңызды құжаттарға қол қойылды. Ол — әскери ынтымақтастық жөніндегі келісім және құпия мәліметтерді сақтау жөніндегі келісім. Ал енді құқықтық базаны нығайту бағытында әскери тариф және мәліметтер алмасу салаларында тағы екі хаттама дайындалып жатыр», — деді Нұрлан Ермекбаев түрік әріптесімен кездесуден кейінгі брифингте.

ҚР Қорғаныс министрі, түрік әріптесімен жүздесу барысына екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалғанын айтты.

«Оның ішінде ең алдымен бірлескен оқу-жаттығу, бірлескен әскери және жауынгерлік даярлық, екіншіден, әскери білім беру мәселесі бар. Атап айтқанда, Түркия бізге тапшы мамандықтар бойынша әскери қызметшілерді, мамандарды дайындайды. Оның ішінде гидрография, әскери теңіз саласында және киберқауіпсіздік саласында өте маңызды жоғары деңгейдегі мамандарды дайындап береді. Біз өз тарапымыздан былтыр алғаш рет Ұлттық қорғаныс университетімізде бір топ түрік әскери қызметшіні дайындадық. Мұндай өзара тиімді, пайдалы ынтымақтастықты дамытатын боламыз. Одан басқа келесі жылғы жалпы жоспарларды да талқыладық және әскери техникалық саладағы басты басымдықтар мен бағыттар бойынша өзара пікір алмастық. Ал нақты келіссөз біздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүргізіледі», — деді ол.

Түркия Қорғаныс министрі де кездесу барысында тараптардың екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты одан ары кеңейту қажеттілігіне келіскенін айтты.

«Біз екі елдің арасында қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты одан ары кеңейтуге қатысты мәселелерді талқыладық. Президенттер деңгейінде елдеріміздің арасында тығыз диалог пен ынтымақтастық орнағандықтан жұмысымыз барынша жеңіл болды. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарға қатысты мәселелерді талқыладық», — деді Хулуси Акар.

ҚазАқпарат

20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
20 қараша, 12:30
Аңдамай сөйлеген
20 қараша, 12:08
Үй ішінен үй тіккісі келгендер
13 қараша, 12:58
Жарықтың жыры жанға батады
13 қараша, 12:51
Америка. Сайлаудан кейін
Серіктестер жаңалықтары