jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Миссионермен «біртүрлі» әңгіме

16 қазан, 10:35
1175

Миссионермен "біртүрлі" әңгіме

Бүгін өзі біртүрлі күн болды. Негізі жазушыға жаяу жүру керек екен деп ойлап қалдым. Қаланы аралап, жастық шақты еске түсіріп біраз жүрдім. Бұрынғы Жоғарғы кеңес ғимаратының алдындағы саябақта ойланып отыр едім. Қасыма бір қараторы жігіт жетіп келді.

– Сіз қазақсыз ба? – деді қазақшалап. Акценті бар.
– Иә, – дедім ойымда ештеңе жоқ.
– Мына сөзді түсіне алмай тұрғаным, – деді «Ертең, сірә, жаңбыр жауатын шығар» деген сөйлемді телефоннан көрсетіп, – Осындағы «сірә» деген сөздің мағынасы қалай? – деді түк білмегенсіп. Мен өзімше түсіндіріп бердім.
– Менің атым Құрбан, – деді сөзге тартып, – Кореядан, Сеулден келдім!
Мен көрген тарихи сериалдар бойынша корейлердің тарихы туралы біраз айттым. Ол таң қалды.
– Неге келдің? – дедім сыр суыртпақтап.
– Жай, тұруға, Қазақстан маған ұнайды! – дей салды.
– Сіз мұсылмансыз ба?
– Иә!
– Қазақтардың барлығы ислам дінін ұстана ма? – деп сұрады.
– Әрине!
– Сіз Інжілді оқыдыңыз ба?
– Әлбетте!
Таңданған кейіп танытып:
– Сіз мұсылман емессіз бе? Інжілді неге оқыдыңыз? – деді.
– Білу керек қой!
Оның көзі жайнап кетті.
– Иса пайғамбарды да білесіз бе?
– Әрине, білемін!
Ол маған Исаның ұлылығын айта бастады да, бір кезде:
– Сіз Құдайға Иса пайғамбар арқылы баратыныңызды білесіз бе? – деді.
– Мен Құдайға Иса пайғамбар арқылы бармаймын!
– Неге?
– Құдайға барғым келсе, өз пайғамбарларымыз арқылы барамын!
– Құдайға тек Иса пайғамбар арқылы ғана бара аласыз.
Мен оның өзге дінді насихаттап жүрген миссионер екенін енді білдім. Сондықтан түк білмегенсіп, оның бүкіл «координатын» біліп алғым келді.
– Сенімен суретке түсуге бола ма? – дедім.
Ол менің не ойлап тұрғанымды қайдан білсін:
– Болады! – деді ойланып жатпастан.
– Кәне, суретке түсір! – дедім жанына жақындап.
Ол телефонымен суретке түсірді.
– Ал енді маған жібере сал! – деп нөмірімді айттым. Ол нөмірімді жазып алды да, вацабыма әлгі суретті жіберді. Сөйтіп, біріншіден, оның бейнесін түсіріп алдым, екіншіден, телефон нөмірін біліп алдым. Полицияға барып арыз жазайын деп ойладым. Кім екенін анықтап, шара қолдансын!
Қоштасарда:
– Қайда тұрасың? – дедім мекенжайын да біліп алғым келіп. Ол:
– Тастақ жақта тұрамын! – дегеннен басқа ештеңе айтпай қойды.
Кетерде қолыма «Құрбандық» деген кітапша ұстатып: «Егер кітапша ұнаса, хабарласыңыз!» деді. Алдым. Үйге алып келіп оқысам, кәдімгі исламдағы құрбандықты айта отырып, таза христиандықты, Иса Мәсіхты дәріптейтін, насихаттайтын, жас ұрпақтың басын айналдырып, санасын улайтын кітапша екен! Қазақша сауатты һәм түсінікті жазылыпты. Ең аяғында «Егер осы мәліметті оқығаннан кейін сұрақтар туындаса, мына мекенжайға хабарласуыңызға болады» деп әдірісін де жазған.
Міне, Алматыда шетелдік миссионерлер көшеде әлдебір дінді насихаттап, теріс жолға үгіттеп, тайраңдап жүр. Ал біздің заңда үгіт-насихат жүргізу және діни әдебиетті тарату тек арнайы орындарда жүргізілу керектігі анық айтылған. Білуімше, саябақ ондай орынға жатпайды. Сонда біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері не қарап жүр?

Думан Рамазан,
жазушы-драматург

20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
20 қараша, 12:30
Аңдамай сөйлеген
20 қараша, 12:08
Үй ішінен үй тіккісі келгендер
13 қараша, 12:58
Жарықтың жыры жанға батады
13 қараша, 12:51
Америка. Сайлаудан кейін
Серіктестер жаңалықтары