jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қалталы ағайын ұлтының болашағын қаншаға бағалайды екен?!

16 қазан, 10:26
181

Қалталы ағайын ұлтының болашағын қаншаға бағалайды екен?!

Елден келген Есенбай үш немересін балабақшаға орналастыра алмай басы қатып жүр. Ұзын-сонар кезек. Бұл Көкшетауда балабақша бұрын болмап па еді, болғанда қандай. Тек өтпелі кезеңде байшыкештер сатып алып, басқа мақсатта пайдаланып жүр. Қазір Көкшетау қаласында мектепке дейінгі мекемелердің кезегінде 3-тен 6 жасқа дейінгі 3384 бала тұр. Балабақшаларда орынның болмауы – ел ішіндегі өте өткір мәселенің бірі.

Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде облыс орталығында мектепке дейінгі 37 білім мекемесі жұмыс істепті. Жасыратыны жоқ, ол дәуірде Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім жүйесі Қазақстанда қалыптасты. Мектепке дейінгі мекемелермен жеті жасқа дейінгі балалардың шамамен 70 пайызы қамтылды. 1991 жылы елде 8743 балабақша болса, олардың жартысынан астамы, яғни 4868-і оңтайландыру кезінде жекешелендірілген. Бір бөлігі бос қалған, қираған. 2000 жылға дейін балабақша саны 1144-ке дейін азайыпты.

Өтпелі кезеңнің өкпек желі Көкшетаудағы осы тектес мекемелерді де айналып өткен жоқ. Сол жылдары жұмыс істеп тұрған 32 балабақшаның оңтайландыру кезінде 9-ы ғана қалды. Олар «Ер Төстік», «Қарлығаш», «Чайка», «Әсел», «Гагарин», «Звоночек» тәрізді мектепке дейінгі мекемелер. Қысқа жіп күрмеуге келмей, экономикалық дағдарыс жан алқымынан алған шақта болашақты ойлауға да шаманың жетпей қалғандығы ақиқат. Соның салдарынан еңселі, барынша сапалы салынған бірнеше балабақша пышақ үстінде бөліске түсті. Бәрі заңды. Ұстап тұруға сол кезде бюджеттің азын-аулақ қаражаты жетпеген соң аукционға шығарып сатты. Су тегінге. Жұмыртқадай жұтынған қаншама қайран балабақша бастапқы міндетін өзгертіп, ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Сол кезден қалған, бір кезде бала тәрбиесіне батпан-батпан ұлағатты үлесін қосқан, жадырай жарқыраған ғимараттар мұрты бұзылмай әлі күнге дейін тұр. Мәселен, №23 «Снежинка» балабақшасы гуманитарлық-техникалық лицейге, «Росинка» балабақшасы қазақ-түрік лицейіне, «Звездочка» балабақшасы балалар көркемсурет мектебіне, «Сказка» балабақшасы тірек-қимыл аппаратының бұзылушылықтары бар мүгедек балаларға арналған интернатқа, «Родничок» балабақшасы ішкі істер департаментінің емханасына айналып кетті.

Сол дәуірдегі істің көзін білетін, айдалада жатқан батпан құйрықтың су тегін олжаға айналатындығын қалталы азаматтар да бірден аңғарған. Қолы жеткендер, көзін тапқандар бес бірдей балабақшаның ғимаратын тұрғын үйлерге айналдырды. Ал алты мекеме бұзылып, құрылыс материалдары талан-таражға түсті. Өзге алтауы көз орталығы, лимонад цехы, автотұраққа айналды. Оны айтасыз, күні кеше ғана балғындардың бал күлкісіне толып тұратын, періште ұя салған, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы балабақшаны әлдебір пысықайлар табан аузында жерлеу бюросына айналдырғанын көрген жұрт жағасын ұстаған болатын.
Ел есін жиған соң, 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін кейбір мектепке дейінгі мекемелер әупірімдеп зордың күшімен кері қайтарылды. Олардың қатарында «Жұлдыз», «Еркемай», «Қуаныш», «Нұрай», «Әйгерім» тәрізді балабақшалар бар. Оңай олжа болып кеткен балабақшалардың кейін қайтқаны алтау. Тәуелсіздік жылдары облыс орталығында жеті бірдей жаңа балабақша іске қосылды. Бірақ соның өзі қаладағы балалардың бәрін қамтамасыз ете алмай отыр. Ендігі арада «не істеу керек» деген сойылдай сауал туады. Біздің ойымызша, амалдың жоқтығынан жекенің қолына өтіп кеткен, әлі күнге дейін құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай болып жұтынып тұрған бұрынғы балабақшаларды кейін қайтару керек.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов: «Жекешелендіріліп кеткен ғимараттардың қожайындарына осыдан үш-төрт жыл бұрын хат жазғанбыз», – дейді. Бірақ ешқайсысынан жауап болмапты.

Әрине, болмайды. Бір кезде болар-болмас тиынға алған, бұл күнде бағасы әлденеше мәрте өсіп кеткен, қаланың қақ ортасында орналасқан ғимараттарды оп-оңай кім бере қойсын? Бір кезде олардың заң аясында алғандығын жоққа шығара алмаймыз. Солай болғанымен, ұлт болашағын ойлайтын адам бір икемге келуі де мүмкін ғой. Хат жазып қарап отырғаннан ештеңе шықпайтынына көз жеткен соң алдына барып арылу керек еді. Бәлкім, дәл қазір облыс орталығында балабақша кезегінде алты жасқа дейін 6656 баланың тұрғандығын айтармыз. Жаңа тәртіп бойынша нәресте өмірге келген соң бірден кезекке тұрады. Бірақ соның өзінде ұзын-сонар кезек таусылып бітетін емес. Бір балабақшаға орта есеппен 150-200 бала барды дегеннің өзінде 20-30 балабақша салу керек. Ол қай уақытта салынады?

Қала тұрғыны Нұржан Қарауылов: «Кішкентайымыз дүниеге келген соң арада көп уақыт өтпей, қалалық білім бөліміне барып кезекке тұрғанбыз. Қазір кезектің бәрі компьютерге енгізілген, бұрынғыдай тамыр-таныстықпен алып жатыр деп ешкім де айта алмаса керек. Бірақ соның өзінде біздің кезегіміз келер емес, – дейді. – Қазір тұңғышымыз төрт жастан асты, балабақшадан орын тимеген соң, жұбайымның жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмай жүр. Отбасында екі адам бірдей жұмыс істеп, табыс таппаған соң қалалық жерде күнкөріс те қиын екен.

Күнкөріс ғана емес, балғындардың өсіп-жетілуіне, қалыптасуына да қиын. Әлмисақтан бала тәрбиесіне айрықша мән берген халқымызда «бала естігенін айтады, көргенін істейді» дейтұғын аталы сөз бар. Демек мектеп жасына дейінгі балаларды алтын ұя – балалар бақшасында тәрбиелеудің маңызы өте зор. Ел ертеңі – кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, кішкентай достарының жүріс-тұрысынан, істеген ісінен өнеге үйреніп, үлгі алуға тырысады. Бұл арада бала тәрбиесіндегі балабақшаның бар қызметін бақайшақтап айту артық болар. Ал, керісінше, зардабы жетерлік. Ең алдымен, балабақшаның болмауы, әсіресе, жас отбасыларға үлкен ауыртпалық екендігі шындық. Өткен жылы облыста шаңырақ көтерген жастардың елу пайызға жуығы дәм-тұзы жараспай ажырасып тынды. Ұлт үшін үлкен қасірет болып саналатын осы бір жайды түбегейлі зерттеген психологтардың айтуына қарағанда, ең бірінші себеп әлеуметтік-тұрмыстық жағдай екен. Оның ішінде балабақша да бар. Мәселен, қазіргі жастар бауыр еті балаларын кімнің ата-анасы бағатынына дейін есептеседі екен. Ешкімге күні түспей бере қояйын десе, балабақшада орын жоқ. Демек жалғыз тәрбие ғана емес, шаңырақтың шайқалуына да осы бір өткір мәселе себепші болып отырғаны рас.

Соңғы жылдары облыс орталығында жеті бірдей балабақша салынды. Кәсіпкерлер де табысты жерді тамыршыдай тап басып, жекеменшік шағын орталықтар ашуға ұмтылуда. Күні бүгінге дейін 18 осындай орталық ашылған. Бірақ олардағы орын тым аз. Барлық сұранысты толайым қанағаттандыра алмайды. Сондықтан да біз бір кезде жекешелендіріліп кеткен, бар қажеттілігі түгел ескеріліп салынған балабақшаларды ел игілігіне қайтару мәселесін қозғап отырмыз. Осы арада бүгін соларға ие болып отырған қалталы ағайындарға жалғыз-ақ сауал қойғымыз келеді: ұлтыңыздың болашағын сіз қаншаға бағалайсыз?!

Байкен Көбеев,
Ақмола облысы

20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
20 қараша, 12:30
Аңдамай сөйлеген
20 қараша, 12:08
Үй ішінен үй тіккісі келгендер
13 қараша, 12:58
Жарықтың жыры жанға батады
13 қараша, 12:51
Америка. Сайлаудан кейін
Серіктестер жаңалықтары