jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қайталанған карантин

16 қазан, 11:22
471

Қайталанған карантин

Айтылған сөзге құлақ асу азайды. Билік карантин жеңілдетілгенімен, босаңсуға болмайтынын о бастан-ақ айтумен келеді. Жаңа істің бәріне жатырқай қарайтынымыз тағы бар. Әйтеуір, өз денсаулығымыз үшін енгізілген шектеудің бәрін бұзуға тырыстық. Онлайн оқудан үркіп, «дәстүрлі оқуға жетпейді ғой» дедік те, жабылып оған қарсы петиция жаздық. Ал карантин жеңілдетіле бастағанда, тіпті еркімізбен кеттік. Қайтадан алысқа сапарлатып, тағы да қырғын адам шақыратын аста-төк тойлар басталды. Жаз бойы қаланың бір шетінде біреулер ұсталып, айыппұл төлесе, екінші шетінде екінші біреулер алаңсыз той жасап жатты

Бірақ коронавирустың әлі де беті қайтқан жоқ деп ескертілді ғой. Екінші толқын бой көрсетсе, қатаң карантинге қайта көшуге тура келеді деді. Оған да мән бергендер аз болды. Ақырында жер-жерде карантин күшейтіліп жатыр. Оған коронавирус жұқтырғандардың көбейе бастағаны себеп.
Көп шектеулер алынып тасталғаннан бері Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаев қаласына өткен жұма күні қатаң карантин енгізіліп, шаһардың шыға берісіне блокбекеттер қойылды. Оның ережесі наурыз айында басталған карантиндікіне ұқсас. Мысалы, туыс, таныс, көршілеріңе баруға болмайды.

Тіпті сағат 22:00 мен 6:00 аралығында адамдар жұмысқа немесе дәрігерге қаралуға болмаса, үйінен шықпауы керек. Кәмелет жасына толмағандар кешкі сағат жетіден кейін үлкендерсіз жүре алмайды. 65 жастан асқандар оқшаулануы тиіс. Булаев пен Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауылдар мен Петропавл арасында жолаушы тасымалдауға тыйым салынды.
Жексенбі күні аталған облыстағы тағы бір елді мекен карантинге алынды. Ол Есіл ауданының орталығы Явленка ауылы болатын. Мұнда да тұрғындардың үйден шығатын уақытына және ауылдық округ аумағында ары-бері жүруге шектеу қойылды. Басқа да шектеулер бар. Ал бүгіннен бастап осы өңір түгел карантинге алынды.

Сейсенбіде Маңғыстау облысында қатаң карантин енгізілді. Бұл аймақта демалыс күндері қоғамдық көлік тоқтатылады. Фитнес орталықтары, жаттығу залдары мен спорт нысандарының жұмыс істеуіне уақытша тыйым салынған. Құрылыс заттарын, тағы басқа заттар сататын дүкендер мен базарлардағылар сағат 16:00-ге дейін ғана саудаларын жасай алады. Отбасылық мереке де ұйымдастыруға болмайды. Құзырлы орындар ондайларды рейд жүргізіп анықтамақ.
Сол сейсенбіде батыстағы тағы бір аймақта карантин күшейтілді. Атырау облысында шектеулердің қайта оралуына коронавирус жұқтырғандар санының екі есе өсіп кетуі себеп.
– Әсіресе, соңғы 14 күнде ауырғандар көбейді. Алдыңғы аптада 20 жағдай болса, өткен аптада 40 жағдай тіркелді. Сондықтан біраз шектеу шараларын енгіздік, – дейді Атырау облысы бас санитар дәрігерінің орынбасары Гүлнар Ербатырова.

Ал аймақтың бас санитар дәрігері Асылбек Шаровтың қаулысы бойынша, енді атыраулықтар алаңқайларда, саябақтар мен гүлзарларда, өзен жағалауында үш адамнан артық топтасып жүре алмайды. Бұл шектеу бір отбасындағы адамдарға жүрмейді, әрине. Қоғамдық орын мен қоғамдық көлікте, қызмет көрсету және демалыс нысандарында, тіпті далада да бетперде тағу міндетті. Бұған дейін сағат 24:00-ге дейін істеп келген асхана, дәмхана және мейрамханалардың жұмысы екі сағатқа шегерілді. Демалыс күндері базарлар мен ірі сауда орталықтары, ойын-сауық кешендері жұмыс істемейді. Мұндай нысандарда тек азық-түлік бөлімдері мен дәріханалар саудасын тоқтатпайды.

Жалпы қай өңірде де енгізілген шектеулердің бір-бірінен айырмасы аз. Сәрсенбіде Нұр-Сұлтанда да ережелері осы тектес карантин басталды. Тек Елордаға тән бір ерекшелік – жергілікті атқару органдары мен квазисектор қызметкерлерінің кемінде 60 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Адамдар кеңседе көп болып отыратын жеке ұйымдар да қызметкерлерін қашықтан қызмет атқаруға жібергені жөн. Әрине, жексенбі күні қоғамдық көлік тоқтатылады. Оларға дезинфекция жасалады.

Балалар да көп ауырып жатыр. Дерт жұқтырғандар арасында кезекші сыныпта дәріс алатындар да, қашықтан оқитындар да бар. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы аптадағы брифингте мектепке баратындардың үйде отырып білім алатындардан екі есе көп ауырып жатқанын айтты. Сондықтан балалардың екінші тоқсанда қалай оқитынына қатысты мәселе әлі басы ашық күйінде тұр.

— Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп әзірлеген жобаларымыз бар. Осы екінші тоқсанның қалай болатынын қарастырып жатырмыз, – дейді Алексей Цой.

Сондай-ақ ол «Елде қайтадан төтенше жағдай енгізіл ме?» деген сұраққа жауап берді. Төтенше жағдай жариялау эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін айтқан министр:
— Мәселе соған тіреліп тұрса, ол енгізіледі. Бірақ Қазақстандағы тап қазіргі тұрақтылық сақталады деп үміттенеміз. Бұл, әрине, мамандарымыз жақсы жұмыс істесе, азаматтарымыз бетпердесін тағып, ара қашықтықты сақтап, той-думан өткізбей жүрсе, мүмкін болады. Осыдан тайқымасақ, карантинсіз өмір сүретін күндерге де жетеміз, – деді.

Десе де, ол елімізде алдағы қараша, желтоқсан айларында індет өршуі мүмкін екенін айтып отыр. Өйткені коронавирус қатты дендеген маусым мен шілдеде түзілген антиденелер жыл соңында әлсірейді екен. Оның үстіне, министрдің айтуынша, бір ауырған адам тағы қайталап ауыруы мүмкін. Сондықтан инфекцияның таралу қаупі жоғары. Әлемде онымен қайталап ауырғандар туралы дерек тіркеліп те жатыр. Бір жақсысы, дәл қазір біздің елде ондай жағдай жоқ. Бірақ қауіп қашан да болады. Ерте көктемде еліміздің бас санитар дәрігерінің аузымен айтып келген аурудың енді қайтып келмесіне еш кепілдік жоқ. Оның да ықтимал мерзімі айтылып жатыр ғой.

Оразәлі Баймұрат

20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
20 қараша, 12:30
Аңдамай сөйлеген
20 қараша, 12:08
Үй ішінен үй тіккісі келгендер
13 қараша, 12:58
Жарықтың жыры жанға батады
13 қараша, 12:51
Америка. Сайлаудан кейін
Серіктестер жаңалықтары