jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алаяққа арбалып қалмаңыз!

16 қазан, 10:40
914

Алаяққа арбалып қалмаңыз!

Алматы. Ірі сауда орталығы. Асықпай аралап келемін. Алыстан маған таныс бейненің бұрылғанын байқадым. Көптен көрмеген, бұрын қызметтес болған Гауһар (ред. – есімі өзертілген) құрбым. Амандық сұрасып, бір-біріміздің жағдайымызды білісіп жатырмыз. Байқауымша, құрбымның көңіл-күйі жоқ. Не болғанын сұрап, әңгімеге тартып едім, ол бос тұрған орындарды нұсқап, жайғасып алуымды өтінді.

«Алаяқтардың көбейгенін күнде жаңалықтан көреміз, дәл соның құрбаны боламын деп еш ойламаппын», – деді күрсініп.
– Не жағдай, түсіндіріп айтшы! – деймін.
– Өткенде айфонымды сатқам, бар бәле содан басталды, – деп құрбым тағы бір күрсініп алды да әңгімесін қайта жалғастырды.

«Сауда-саттыққа арналған сайтқа телефон сататыным туралы жарнама жарияладым. Бір-екі күннен кейін бір жігіт хабарласты. Бағасына келістік. Ол ақшаны терминал арқылы аударатынын айтып, ЖСН нөмірімді сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, жазып жібердім. Әлгі жігіт тиесілі ақшамды аударды. Телефонды таксидің жеткізу қызметі арқылы алып кетті. Ертесінде белгісіз банктен есепшотыма 60 мың теңге түсті. Сол сәтте кешегі жігіт хабарласып, ақшаны қателесіп маған аударғанын айтты. Өзіне қайта аударуымды өтінді. Сол күннен бастап бір түрлі сезімде болдым», – деді құрбым.

Гауһар әлгі жігіттің әрекетіне күдіктеніп, алаяқтық туралы мәліметтерді ақтарады. Жаңалықтардан өзінің оқиғасына ұқсас әрекеттерді байқап, бірден несие бюросына хабарласады. Бюродан өзінің атына екі микроқаржының рәсімделгенін біледі. Өзінің ЖСН дерегінен басқа мәліметтердің барлығы жалған. Гауһар мәселесі бойынша полиция департаментіне арыз түсіріпті. Олар істі қарап, алаяқты тапқанынша, несиенің үстемесі едәуір өсіп кетуі мүмкін. Құрбымды алаңдатып отырғаны да сол. Одан қалай құтылады?
– Уайымдама, полицияға шағым түсірсең, нәтижесі болар, – деп жұбаттым.

Шынында, қазір алаяқтардың түрлі қитұрқы әрекеттері жазылған ақпараттарды күнде көреміз. Адал еңбекпен емес, арам ниетпен пайдаға кенеліп жүргендер көбейді.

Ақпараттарды ақтара отырып, интернет алаяқтарының құрықталғаны туралы деректі көзім шалды. Онда Нұр-Сұлтан қаласы криминалдық полиция басқармасының кибер қылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Саят Дүйсенбаев интернет алаяқтарына қандай жаза қолданылатыны туралы айтыпты. Ол: «Нұр-Сұлтанда интернет алаяқтығы 15 пайызға көбейді. Алаяқтар көбінесе әлеуметтік желі арқылы қылмыс істейді. Соңғы екі айда қалалық полиция департаментіне интернет алаяқтарының құрбаны болғанын айтып, хабарласқан 50 жәбірленушінің 17-сі – зейнеткер», – дейді.

Оның айтуынша, астанада интернет алаяқтыққа қатысты 5 қылмыс ашылыпты. «Аталған деректер бойынша 5 қылмыскер ұсталды. Интернет алаяғы мұндай қылмысты бірінші рет жасаса, сондай-ақ келтірілген шығынды өндіріп беретін болса, жәбірленуші мен күдікті келісімге келіп, қылмыстық іс қысқартылады. Сондай-ақ интернет алаяқ бұған дейін де осындай дерек бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған болса, қылмыстық іс сотқа жолданып, сот қаулысымен 4-7 жыл аралығына бас бостандығынан айырылады. Интернет алаяқтың тағдыры келтірілген материалдық шығынға байланысты. Қазіргі уақытта анықталған факті бойынша жәбірленушілер тарапынан шыққан шығын 100-250 мың теңгеден басталады», – дейді полиция өкілі.

Құрбым сияқты айлығын бір айдан бір айға әрең жеткізіп жүргенде, қайдағы бір алаяқтың лезде пайдаға кенелетіні қынжылтады. Әзірге оларға қарсы ең тиімді тосқауыл біреу ғана: барынша сақ болу. Сақтықтың қағидасы қарапайым. Бөгде біреулерге ЖСН нөмірін, банк картасының нөмірі сияқты жеке деректерді бермеу керек.

Мақпал Ноғайбаева

20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
20 қараша, 12:30
Аңдамай сөйлеген
20 қараша, 12:08
Үй ішінен үй тіккісі келгендер
13 қараша, 12:58
Жарықтың жыры жанға батады
13 қараша, 12:51
Америка. Сайлаудан кейін
Серіктестер жаңалықтары