jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сырттай бөлімді әрең жапқанда, Онлайн бөлім опық жегізбесін!

04 қыркүйек 2020, 11:57
340

Сырттай бөлімді әрең жапқанда, Онлайн бөлім опық жегізбесін!

Аятжан Ахметжанұлы,
«QAZBILIM» орталығының жетекшісі:

Онлайн қоңырауды да көрдік-ау! Алғашқы қоңырауды айтып отырмыз. Бұрын 1 қыркүйек кәдімгідей көңілді мерекеге айналушы еді. Тұлымы мен тұлымшағы желбіреген мыңдаған ұл-қыз тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттаса, қаншама жас студент атанып жататын. Биыл індетке байланысты бәрі онлайн форматқа ауысты. Сонда онлайн оқу білім бола ма? Қашықтан оқыту қаншалық тиімді? Білім саласындағы түйткіл жыл сайынғы реформалармен, сапасыз оқулықпен шектеле ме? Бүгінгі әңгіме осы тақырыптар төңірегінде өрбіді.

Jas qazaq: Аятжан мырза, сіз үшін биылғы алғашқы қоңырау «құмығып» сыңғырлағандай естілген жоқ па?

А.Ахметжанұлы: Биылғы алғашқы қоңырау жылдағыдан өзгеше болып тұр. Алғаш рет мектепке қадам басатын бүлдіршіндерге ауыр тиді. Сондай-ақ 5-сынып пен 11-сыныпқа, 1-курс студенттеріне де жеңіл тиген жоқ. Өйткені 1 қыркүйек олар үшін алғашқы қадам ғой. Олар сол алғашқы қадамды сезіне алмады, алғашқы сабақ күнінің әсеріне бөлене алмады. Жаным ашиды. Оған амал жоқ. Мемлекеттің басты байлығы – халық. Ал халықтың басты байлығы – денсаулық. Бұл амалсыздық – денсаулықты сақтаудан, эпид-ахуалға байланысты жасалып жатқан шарасыздық.

Jas qazaq: Білім саласын өте жақсы білесіз. Ең көп реформа жасалған, ең көп министр ауысқан сала бұл. Білім саласының көгермеуі осы себептерден емес пе?

А.Ахметжанұлы: Жоқ. Әлемде ғылым мен техника күн сайын жаңарып жатыр. Сол үшін білім саласына жасалатын реформадан, жаңашылдықтан қашуға болмайды. Бірақ біздегі білім көсегесінің көгермеуі – бейкәсіби реформалардың жасалуынан. Кәсіби мамандардың емес, бейкәсіби адамдардың қолымен жасалған реформа бізді тығырыққа тіреді, сансыратты деп айтуға болады. Арыға бармай-ақ, министр Асылан Сәрінжіповты алсақ, ол банк саласынан тікелей білімге топ ете түсті. Ал Ерлан Сағадиев қаржы министрлігінің вице-министрі лауазымынан білім министрі болды. Осының өзі біздегі білім жүйесі аутсайдерлердің отыратын креслосы ретінде қарастырылғанын көрсетеді. Сондықтан бейкәсіби реформа жасалғаннан кейін былығады. Қазақ «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді. Мәселе реформа жасауда емес, кәсіби реформада. Мысалы, қойды қасапшылар балталап та, пышақпен де сояды. Әңгіменің түйіні: қасапшының қолымен сойылған қойда тұр. Білім саласындағы осындай бейкәсіби реформалардың зардабын әлі біраз жыл тартамыз. Егер дұрыс жолға түссек, 5-6 жыл уақыт кетеді. Ал сол бұрынғы сүрлеумен тарта берсек, 50 жыл адасатынымыз айдан анық.

Jas qazaq: Дегенмен бұрынғы министрлердің ішінде кемінде мұғалім болып мектепте сабақ берген біреуі бар шығар?

А.Ахметжанұлы: Жоғары оқу орнында ректор болған Бақытжан Жұмағұлов бар. Алғашқы жұмыс орны мектептен басталғандары да бар. Мәселе онда емес. Министр болғанға дейін соңғы 10 жылында қара тақтаның алдында бор жеп, терлеп-тепшіп сабақ берген біреуі бар ма? Жоқ қой.
Jas qazaq: Сіз айтқандай бейкәсіби мамандардың жасаған реформасының кесірінен білімсіз ұрпақ өсіріп жатқан жоқпыз ба?

А.Ахметжанұлы: Әрине, білімсіз ұрпақ өсіріп жатырмыз. Бүгінгі біздің Қазақстан қоғамындағы ең ауыр мәселе жұмыссыздық емес, білімсіздік, біліксіздік. Бұл қайдан шықты? Бұл бейкәсіби министрлердің реформасы мен білім саласына жасалған енжар көңілдің салқыны. Себебі, біздің университеттер ХХІ ғасырға әлі толық өткен жоқ. Назарбаев университетін бұл қатарға қоса алмаймын. Ал басқа жоғары оқу орындарының материалдық базасы, техникалық мүмкіндігі, зертханалық базасы, оқу-әдістемелік құралдары – бәрі ХХ ғасырда қалған. ХХІ ғасырдың маманын ХХ ғасырдың көзқарасымен дайындасаң, ол білімді, білікті болмайды. Аты дардай ұлттық университеттердің зертханасындағы құрал-жабдықтардың бәрі кеңес үкіметі кезіндегі ескі-құсқы дүниелер. Ондай жабдықтармен ешқандай зертханалық өнім ала алмайсыз. Бейнелеп, салыстырмалы түрде айтқанда, қылыш қайрауды үйреніп, танкімен соғыса алмайсың ғой. Бұл сондай әңгіме.

Қ.Тоқаев осы аптада жасаған Жолдауында ғылымға 1000 грант бөлуді айтты. Мың грант деген сөз – мың ғалым ұтып алатын ғылыми жоба деген сөз. Мың грант деген өте жақсы жаңалық. Бірақ сол мың ғалым жұмыс істейтін зертхана, техникалық мүмкіндік бар ма бізде? Мәселе сонда. База дайын болмаса, бөлінген мың грант далаға кетеді. Өтірік есеп, шалажансар нәтиже шығады. Тағы да салыстырмалы түрде айтсақ, сауыт-сайманы сай болмаса, жүрегінде түгі бар батыр да жаумен бетпе-бет келе алмайды ғой.

Jas qazaq: Министр «онлайн оқуға дайынбыз» деді. Ал ел аралап келген депутаттар интернетсіз ауылдардың көп екенін айтады. Мәселен, Нұртай Сәбилянов «ШҚО-да 400 ауылда интернет жоқ» деді. Кімнің сөзіне сенесіз?

А.Ахметжанұлы: Бұл жерде әркім өз тұрғысынан жауап беріп жатыр. Онлайн деп айтпаңыз, бізде онлайн оқу деген жоқ қой. Қашықтан оқу деген дұрыс. Бұл – бір. Екінші, білім министрлігі «қашықтан оқуға дайынбыз» десе, олар өздерінің тұрғысынан айтып отыр деп түсініңіз. Ал депутаттар «дайын емес» десе, олар көзімен көргенін айтты. Интернет мәселесі білім министрлігі жауап беретін шаруа емес, ол цифрландыру саласының жұмысы. Жалпы осы жолғы пандемия екі министрліктің 30 жылдық жұмысын айпара ашып көрсетіп берді. Біріншісі – цифрландыру саласында 30 жылда бірде-бір жұмыстың жасалмағанын, екінші – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 30 жылда халықтың әлеуметтік жағдайын жасай алмағанын көрсетті. 4-5 баласы бар жанұя балаларын бір ноутбукпен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл жоқтың орнын толтыруға мемлекеттік бюджеттен аяқ астынан миллиондаған ақшаның бөлінуі – мен үшін аянышты жағдай. Шешімі де емес.

Кез келген мемлекетте бір саламен екінші бір сала тығыз қатынаста болады. Бір жағы ғана кінәлі деу қате пікір. Сондықтан білім саласындағы осындай олқылықтардың бәріне жалпы жүйенің реформасы қажет. Ел аралап жүрміз ғой, қысқасы, қашықтан білім алуға дайын емеспіз.
Jas qazaq: Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Диплом басып шығаратын кейбір оқу орындарын жабу керек» деді. Сонда ондай университеттер бәсекеге қабілетсіз болып тұр ма, әлде кейбіреулер білімді бизнеске айналдырып жіберді деген сөз бе?

А.Ахметжанұлы: Білімді бизнеске айналдыру соңғы 10-15 жылда қалыптасып кеткен жағдай. Жылына 200 студент қабылдап, 800 студентке диплом беретін университеттер бар. Сондай-ақ, өз саласынан басқа саланың мамандарын дайындайтын оқу орындары да бар. Мысалы, өзі экономикалық университет болуы мүмкін. Бірақ ол педагог мамандарды оқытып шығады. Немесе аграрлық университет бола тұрып, экономистерді оқытып шығарады дегендей. Бізде осындай әмбебеп университеттер өте көп. Мұның салқыны студентке тиеді. Экономикалық университеттер болашақ экономистерді жақсы дайындайтын шығар, бірақ олар педагогтарға дұрыс білім бере алмайды. Олар мұндай таңдауды саналы түрде жасап, ақшаның көзі ретінде факультет ашып отыр. Диплом басып шығаратын университеттер деген осылар.

Мұндай жоғары оқу орындарын жауып тастаумен мәселе шешіле ме? Қатаң шешімдерге бармаса, диплом басып шығару ешқашан тоқтамайды. Осындай қатаң тәртіп болмаса, ертең қашықтан білім беруді заңдастырып алғысы келетіндер пысықтар шығады. Немесе студенттерге онлайн білім беріп, диплом басып шығаратын университеттер пайда болады. Қазірдің өзінде ондайлар төбе көрсетіп жатыр. Сырттай бөлімді әрең жапқанда онлайн бөлім опық жегізіп жүрмесін. Күні ертең-ақ онлайн өмір сүретін университеттердің шықпасына кім кепілдік береді?

Jas qazaq: Нарықта сұранысы жоқ мамандықтарды оқытып, жыл сайын оларға бірнеше жүз грант бөліп отырған университеттер де бар ғой.

А.Ахметжанұлы: Ондай оқу орындары бар. Бұл жауапкершіліктен келіп шығатын мәселе. Университет өзі оқытып жатқан студенттің жұмыс табуына жауапкершілікпен қарай ма? Ертең оқу бітірген соң жұмыс таба алатынына кепілдік бере ме? Немесе жұмыс тауып бере ала ма? Өкінішке қарай, біздегі оқу орындары оған бас қатырмайды. Компаниялармен келісімшарт жасамайды. Ондай болса, бұл адамның болашағына балта шабу, жап-жас студенттің өміріне түкіру деген сөз. Әрі-беріден соң, бұл қылмыс.

Біздің елде бір жылда 500-600 грант бөлінетін биотехнология деген мамандық бар. Қазақстанда биотехнологияның зертханасына бір адамның саусағы жетеді. Сонда олардың бәрі анау оқу бітіріп жатқан 500-600 биотехнолог маманды жұмысқа қабылдауға мүмкіндігі бар ма? Жоқ. Сол үшін нарықтың талабы ескерілуі керек. Бір студентті төрт жыл оқытып шығуға қанша қаржы кетеді? Шәкіртақысы бар, оқытушысына төленетін еңбекақысы, жатақханасы, кабинетін жасақтауы сияқты барлық қажетті шығынына бірнеше он миллион теңге кетеді. Ал оған оқу бітірген соң жұмыс табылмаса, кеткен қаржы, төккен тер, еткен еңбек есіл кетпей ме? Бұл бір ғана мысал. Ондай мамандықтар өте көп.

Jas qazaq: Өткенде Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мектептердегі қазақ әдебиеті оқулығын қатты сынады. Оқыған боларсыз. Оқулықта орыс және әлем жазушыларының бар екенін, кейбір қазақ қаламгерлерінің енбегенін, керісінше, әдеби ортада әлі мойындала қоймаған жазушылардың енгенін айтқан. Оқулықтағы олқылықтарға сіз не қосасыз?

А.Ахметжанұлы: Оқулықтан кемшілік іздесең, аяқ алып жүре алмайсың. Оқулық шығаруға байланысты жиналыстардың көбіне қатысып жүрген маман ретінде айтайын. Оқулық жазудың жүйесі өзгермесе, қателік ешқашан жойылмайды. Оқулықтың бағдарламасын Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясы дайындайды. Оқулықты баспаларға жаздырады. Авторларды баспа өзі таңдайды. Сараптамадан оқулық орталығы деген мекеме өткізеді. Мемлекеттік талапты білім министрлігі жасайды. Міне, бір оқулықтың айналасында осындай 5 мекеме бар. Бес мекеменің ортасында жүрген оқулық ешқашан сапалы болмайды.

Жауапкершілікті ешқайсысы өз мойнына алмайды. Бір-біріне сілтей береді. Қысқасы, оқулық жазу оқулық авторының екінші немесе бесінші жұмысы болмауы керек. Оқулық пен оқулықтың бағдарламасы бір авторлық ұжымның қолынан шығуы керек. Барлық кемшілігіне сол ұжым жауапты болуға тиіс.

Оқулықтардағы өрескел қателіктің бірі – әдетте оқулық мазмұнында оңайдан қиынға өту, жалқыдан жалпыға ауысу, қарапайымнан күрделіге көшу деген сияқты білімнің заңдылықтары болады. Біздің оқулықтарда осы заңдылық та сақталмаған ғой. Мен бұл арада еміле, грамматикалық қателікті теріп отырған жоқпын. Қаңқасы дұрыс болмаған соң басқасын сұраудың қажеті жоқ. Баспа оқулықтың мазмұнына жауап бермеуі керек. Оның жұмысы техникалық жұмыс, басып шығаруға жауап берсін. Ол ғылыми-әдістемелік мекеме емес. Сондықтан баспалардың оқулық жазуы өрескел қателік деп білемін.

Jas qazaq: Оқулық дегеннен шығады. Баспалар плагиат оқулықтар туралы айтып жатыр. Ресейден оқулық шығарып келетіндер бар дейді. Бұл қалай: біздің баспалардың оқулық шығаруға техникалық мүмкіндігі жетпей ме, әлде «сауда-саттық» араласып кетті ме?

А.Ахметжанұлы: Оқулықтың мазмұнына келсек, кейбір оқулықтар Ресейдің өзінде шығатын оқулықтың көшірмесі. Бұл айтылып жүр. Ал екіншісі – техникалық мәселе. Оқулықты шетелден бастыру дегенге келсек, бұл әлгі баспалардың өзінің техникалық мүмкіндігінің нашарлығы, ал Ресейде бұл арзанға түседі. Бұл арада ақшаның да әңгімесі бар болуы мүмкін? Ол жағына көзіміз жетпеген соң, ешнәрсе айта алмаймыз. Бірақ оқулық шығару о бастан үлкен бизнес көзі. Бизнес екен деп ұлттың болашағын, ұрпақтың бағдарын саудаға салуға болмайды. Оқулық шығаратын баспалар осыны ойлануы керек!

Jas qazaq: Қайсыбір жылдары кейбір баспалардың оқулықты Қырғызстанға апарып, сол жақтан арзан автор тауып жаздырып келетіні айтылып, жазылып еді. Оқулық жазуға сізге ұсыныс түскен жоқ па? Ұсыныс түссе, қалай жазар едіңіз?

А.Ахметжанұлы: Өз басым Қырғызстанға апарып оқулық жаздырды дегенді естіген жоқпын. Өйткені оқулық авторларының біразымен таныспын, сарапшы ретінде жұмыстарын қадағалап отырамын. Ал бізге оқулық жаздыруға, бағдарламасын жасатуға ұсыныстар түседі. Алайда ұсыныстың қолайсыздығы келісімге келуімізге мүмкіндік бермейді. Мысалы, олар бір аптаның ішінде бағдарлама жазып бер, екі-үш айдың ішінде оқулық жазып бер деген сияқты қолайсыз талаптар қояды. Сондықтан олардан бас тартып жүрмін. Оқулық жазу – ойыншық жасау емес қой. Бір оқулықтың айналасында он шақты маман жұмыс істеуі керек. Біз сияқты үкіметтен бір тиын ақша алмайтын мекеменің оқулық жазамын деп тыраштануы оқушыға қиянат, өзімізге қылмыс болар еді. Біз оқушылар мен мұғалімдерге қосымша оқу-әдістемелік құралдарын дайындаймыз. Ал оқулық жазу мүлде басқа дүние. Тағы да қайталап айтамын «Шымшық сойса да қасапшының сойғаны» дұрыс!

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...