jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Бір кетігін ұстап бақ» немесе Абай жастарға не айтты?

21 тамыз, 12:14
245

«Бір кетігін ұстап бақ» немесе Абай жастарға не айтты?

Абайдың жастық шақ жырлары – өсіп-өнер елдің болашағына арналған берік бағыт-бағдар. Оқисың да, қымбат жастық дәуреннің әр сәтін текке жібермеудің жолын іздейсің, оны өміріңе ұтымды пайдалануға жігерленесің, ұмтыласың. «Жастықтың оты жалындап» өлеңінде ақын жастық шақтың қайталанбас құндылығын кестелейді.

Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.

Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке,
Бүгін-ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке.

Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын.
«Мен қалайға?» салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.

Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса, жарасар.

Жастықтың оты жас жүректе жалындап тұрғанда талап тұлпары арындап, әр қиынға қарай жұлқына шабатын шақ, яғни арман-қиялдың шарықтап, үміттердің қаулап қауыз жарар қымбат кезеңі. Мұнда уайым жоқ, бейнетті тірлікке мойынұсына бермейді. Ақын ұғымында – көңілге алған дәулетке бүгін-ертең жетем деген ізгі үмітпен алаңсыз өмір сүру. Алайда жастықтың жалындаған оты да лапылдап барып қызуы басылады. Жастықтың арындаған шағындағы тасыған күш-қайратқа сене бермей, ақылмен әр істің жөнін табу, сонан соң мақтанға салынбай, яғни кеуде кермей, тірлік ету – жасқа жарасымды. Не нәрсені күшке, қайратқа салмай әрі дауырықпай, дауласпай, яғни ұрысқақ қатынша тілмен шаптықпай, ақылға салып шешкен дұрыс. Ақын майдан ұғымында ұрыс, соғысты айтып тұрған жоқ, елмен жүздесуді өмір ағымын ұғындырады.
Жалындаған жастық шақ та мәңгі тұрмас. Ол да бір күн кетеді. Жастықтан кейінгі егделік те естен шықпаса керек.

Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам,
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам,
Кез болар қайда сорлыға.

«Талайғы кәрі дүниенің, бір кетігін ұстап бақ» деген ақын өмірге есең кетпесін, уақыттан аларыңды алып қал, жастық та жалт етіп өте шығады дегенді меңзейді. Досың, құрбың жақсы болса, сенің де жастығың бекер өтпейді дейді. «Құйрығы шаян, беті адам болып келетін аярлардан, сұмдардан сақтан, байқа, опық жеп қалма» деп кеңес береді. Өйткені олар бет-жүзі жылмаңдап, жаныңды жайлап алғанымен, артынан арамдығын жасап, өміріңе, тағдырыңа қиянат келтіреді. Досты дұрыс таңдай білуді пайымдайды.

Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан,
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан,
Қу сөзін алма қолқаға.

Досыңа достық пейіліңді таныт, жақсылық жаса, бұл қайтарымы, қарымы бар қарыз іс десе, дұшпанға да әділ болуды, жауласпауды, ізгілікпен женгенді жөн көреді. Абай даналығының даралығы да – қымбат жастықты өкінбестей өткізуді өнегелеуінде. Арман-мұратта да ойланбай асығыстық жасау түбі өкінішке әкеледі, әрбір нәрсені асықпай, ойланып, толғанып, сабырмен салмақтап, саралап іске асырған абзал.

Ақ көңілді, жақсы адамнан ештеңе аяма, одан пайда көрмесең, зиян шекпейсің дейді. Жақсы адамдармен ортаның ордадай қуатты болатынын сезінеді. Санасыз, арсыздардың ақылын құлаққа ілме, қу сөзін қолқаға алма деп арамдықтан, залымдықтан, зымияндықтан сақтандырады. Абай заманның да құбылып, өзгеріп тұратынын, оны да санамен саралап, әркез әзір болуды нұсқайды.

Сұм-сұрқия, қу заман,
Гүл көрінер жігітке.
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.
Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтатып жұртты шулатса,
Құмары сол қызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке.

Сұм-сұрқия қу заман жігітке гүл көрінуі мүмкін. Өйткені жайнаған өмір қызығымен алданып, кеудең толған үмітке жүгіне берме, заманның ығына да кетпе, бір нәрсені ұнатып, соның соңына түсіп алма, әрнәрсені ойланып, толғанып, ақылға сал. Жастықтағы тағы бір қателік – жұрт мақтап шуласа, соған мәз болу, желігіп, желпіну. Ақын мақтансүйгіштіктен, дарақылықтан сақтандырады.

Тағы бір ескертері – сенімге сергектік таныту. Кез келген адамға сене беру түбінде өкіндіреді. «Елу бесте біз-дағы, сенісер адам таптық па?!» деген ойы жырындағы жалғыздық жайын аңғартады. Арсыздық пен жамандыққа құмарлар ойына келгенін жасайды.

Адам өмірінің ең асыл, ардақты кезеңдері – балалық пен жастық. Ақын осынау қымбат дәуреннің қадірін жетеге жеткізе айтады. «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» өлеңінде жастарды өмір қасиетін сезінуге шақырады.

Бір дәурен кемді күнге бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық! – деп бозбалалықтың кемді күндей бір дәурен екенін, жастықтың қызық-қуаныштарымен жүріп, қартаймастай болмайық, мына жарқын жылдарды таусылмастай көрмелік, ақылға салайық, жастықта ешқандай уайым-қайғы ойламай, албырттықпен, көкірек керіп ешнәрсенің байыбына бармай өкінуді еске салады. «Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық!» деп кеудемсініп, не пайдалы, не зиян, қажет, қажетсізін саралап қарамай, әрнәрсеге құмарланудан, көрсеқызарлықтан аулақ жүр дейді. Жастық шақтың қадірін білуге шақырады. Біреулер өлең айтып, ән салып, сауық-сайран құруға әуестенсе, біреулері әзіл-қалжыңмен қыздарға қырындап, бозбалалық жасап, жүрек сөзін, жан сезімін білдіруді зор қуаныш әрі мақтан санайды. Ақын ойынша, осының бәрі жастық шақты текке өткізу. Жастық желігіне ерме, қайта келмес уақыт құндылығын бағала,өміріңнің ең қызықты шағын пайдалы іске, оқуға, білім, ғылым, өнерге арна деген асыл ой алаулайды.

Демеңдер: «Өнбес іске жұбаналық»,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ – қуаналық.
Қызды сүйсең, бір-ақ сүй таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Той болса, тоң киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

«Өнбес іске жұбанып» құр бекер жүру жасқа жараспайды. «Ақыл тауып, мал тауып, яғни білімге ынтығып, еңбек, кәсіп істеуді» өмірдің қуанышы деп біледі. Қызды ауылға қырындап, үйір болғаныңмен, көрсеқызарлық жасап, әр күнде бір қызға ғашық болу – диуаналық. Сүйсең бір қызды таңдап, тауып сүй де, соның сүйіктісі бол деген байлам жасайды. Мұндай ойды негізінде әл-Мағри де айтқан. Ол: «Сау басыңды саудаға егер салғың келмесе, Сұлулардың соңынан елпең қағып, ерме сен», – дейді.

Сұлу екен деп орынсыз әркімнің соңынан еріп, өкініп қалмауды ескерткен. Абай ғашықтықты көрсеқызарлық, әсіреқұмарлықтан даралайды. Оны жүректің ісі санайды. Абай жастықта ойнап-күлме демейді. Күлкінің де күлкісі бар. Орынсыз ыржалақтап, әрнәрсеге күліп, қылжалақтап, елдің берекесін алған сүйкімсіз күлкіден аулақ болған жөн. «Күлкі баққан бір көрер бишаралық» дегендей, одан ешкім опа таппайды. Хакім қолдан келсе, алдымен өнер ізделік, өнерді үйренейік, тірлікте мақсатымызға жараталық деп еңбекпен мал тауып, яғни жұмыс жасап, кәсіп меңгеруді жөн санайды.

Жастықта желпініп, желігіп тойға құмарлануды жек көреді. Той болса, тон киіп, бір-бірін шақырып, қоярда қоймай ертіп барып, дуласып, шуласып, қылжақтасып, күлкі күйлеп кетуді ұнатпайды. Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер, басқа қандай пайда келсін деп тұжырымдады. Абай тойға барма, қызықтан, қуаныштан аулақ бол демейді. Біреулердің тым тойшылдығын, шақырмаса да барып, қадірін түсіретін әдепсіздігін, түйсіксіздігін, дарақылығын көрсетеді. Қызық, думанға әуестене бермеуді, одан бір пайдалы іспен, өнермен, кәсіппен шұғылдануға кеңес береді. Ақын жастарды заманға сай болуға шақырады. Ырду-дырду, сауық-сайран, той-томалаққа уақыт жібергенше, ертеңіңді ойла дейді.

Уайым – ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.
«Еһееһеге» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.

Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық.
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.

«Уайым – ер қорғаны, есі барлық» деп уайымсыз, мұңсыз ойын-күлкіге елірген жастарға қынжылады. Өмірдің қиындығы қолтарлығы деп ұйғарады. Бұл шындық. Қол тар болса, көңіл қанша кең болса да еріксіз бір нәрседен тапшылық көріп, діттеген ойына жете алмайды. «Еһе-һе» деп ыржалақтап, қылжақтап, біреуді кекетіп күліп жүрумен өткінші уақыт өте шығады. Тек соған өкініп қалмауды, өмірдің шолақтығын еске салады. «Бес күндік ер сынайтын бір майдан» деп өмірдің қысқалығын тереңнен тұспалдайды. Майдан – негізінен алаң ұғымында. Оны ақын дүние дәурен, ғұмыр синонимінде алған.

Ақын жастардың назарын заманға, қоғамға аудартады. Құмарлық қылсаң, оған салына берме, есіңді жи, алдыңда жан шошытатын уайымдар тұр, соны еңсере біл деген даналықты тұжырымдайды. «Ол – жарлылық, яғни кедейлік». Абай жұртының жағдайының төмендігін, жүдеу тұрмысын қиянат-зорлық, езгідегі жанкешті тіршілігіне алаңдайды. Бозбалаларды шошытатын уайым-жалынышты жалтаңкөздік деп түсінеді. Жалтаңкөздік – өзіндік мұрат, бағыт, ұмтылыс болмауды білдіреді. Абай мұнда кедей-кепшіктің бай, болыс, би малын бағып жалданып жұмыс жасауын емес, патшалық Ресей отаршылдығын, яғни белгілі бір топ, тобырдың үстемдігін халықтың басым бөлігінің азапты күнкөрісін меңзейді. Уайымға салынған жастардың сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлығын айыптайды. Өнерге, кәсіпке бейімделмей, білімге құлшынбай, күнін текке өткізуіне күйінеді.

Қызық, думанға берілген жастық шақта зулап өте шығады. Әсем салдықтың да дәурені кетерін, одан да мал табуға, еңбек етуге үндейді. Бос жүрген соң амалсыз ұрлық жасайды. Оған ұрынбай, тек жүріп тамақ асырау амалын іздейді.

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.

Ақынның алаңдайтыны да осы. Ол жастарға осының бәрін ақылмен түсіндіреді. Бірақ сол думанды дүниемен ештеңкеге мойын бұрмаған әке де, ағайын да мұны қаперіне алсын ба?

Абайдың қиналатыны да осы.
Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой салаларлық.
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?!

Ақын ырду-дырду, бос күлкімен өткен қайран дәуреннің түбінде бір сорлатарын сездіреді. Соны болдырмау үшін қапы қалмау керек. Оны ұғатын жастар ма?!

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Әйтеуір, ақсақалдар айтпады деп,
Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық.

Жастардың болашағына алаңдап, уайымын жеген ақын күйініші қандай уытты. Сөзді ұғарлық бозбала жоқтығына налиды. Үзілмес үмітпен ертеңге сенім артқанымен жастар қылығынан, пиғылынан көңілі қалады. Мұны кезінде айтпаған ұрпақтың кінәларын ұғынған ұлы жүрек «Ақсақалдар айтпады деп аз ғана сөзбен жеткізгендігін» де жасырмайды.

Абайдың жүрегімен егіле айтқан осынау нақыл-ойларын оқығанда, заман кереғарлығына еріксіз өкінесің. Өмір сүрудің өнегесін тәпіштеп түсіндірген тәмсілдер терең. Халқының ауыр жағдайына жаны қалай күйзеледі. Бүгін де ғибратты нақылдарды түйсініп, санасына қондыра алмаған, қылжақбастық пен ойын-сауықтың құмарына құныққан жастардың солардан еш айырмашылығы жоқтығына ішіңіз ашиды. Аз ғана сөзбен ақыл айтар ақсақалыңыз да аз.

Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі бұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Сізге айтамын қаупім бұл.

Ақылды салмақтап, саралап түсіну дұрыс. Егер осы сөздерім түзу десең, ойлап-ойлап құлағыңа іл деп кеңес береді. Ойлап-ойлап деп қайталауы да ой мән-мағынасына бойлауды аңғартады. Ақымақтың көптігін, ақылдылардың аздығын, оқыған, білімділердің санаулы екенін сезіндіреді. Көп ақымақтың сөзін елеусіз қалдыр да, ақылды сөзді құлағыңа іл де, өмірлік мақсатыңа жарат дейді. Сонан соң «Жақынның сөзі тәтті деп, жақыным айтты дей көрме» деген қаупін білдіреді. Әдетте, жақын, ағайын, туыс айтса, онша құлақ аспай «әй, айтып жүрген сөзі ғой» деп оған кейбіреулер селт етпейді. Абай ұлтымыздың осы бір еренсіздігін тап басып таниды. Жат адам айтса, шамданып көңілге ауыр алмауды, біліп айтқанға құлақ асуды ескертеді. Ең басты қауіп – надандықпен айтылған түпсіз сөзге еріп кетпеу. Ақылмен пайымдап, дұрыс-бұрыстығына көзіңді әбден жеткіз. Түпсізі не? Ол – ешқандай ақтауға да келмейтін, өзіңе еш пайдасы жоқ бос, басқа бір бағытқа бұратын, ойыңды тұмандатып, санаңды шырмайтын әлдебір арандату немесе желіктіретін желбуаз өсек пен өтірік сөз.

Ақыл – тыңдауға ғана емес, өз кәдеңе, өмірлік іс-әрекетіңе жаратар жарқын жарық. Білім, өнер, кәсіпті меңгер, әрнәрсені біл, жан-жақты азамат бол, мағыналы өмір сүресің. Абайдың айтары да осы.

Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең.
Ашыларсың жылма-жыл,
Біреу үшін үйренсең
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі тұл.

Жамандықтан жиренуді, яғни әрбір саналы, ойлы жастың жат, жағымсыз әдет-қылықтардан бойын тазалауын, оқып, білім алып, өмірге қажет нәрсені үйренуін қолдайды. Сонда жыл сайын ашыласың, жаңарасың, жетіліп дамисың дегенді көкейге ұялатады. Данышпан ғибраты – адам қандай мақсат биігіне жетсе де, болдым, толдым деп тоқмейілсімей, оқыған үстіне оқып, ізденген үстіне ізденуі игі. Ой-санадағы тоқырау рухани құлазытады. Адам болашағына төнер қауіпті қаперге салады. Біреу үшін үйренгеннен біреу біліп, сен білмегеннен не пайда? Білмегеніңнің бәрі зая кеткенмен бірдей, сондықтан өзің үшін оқы, ізден, үйрен, біл, зертте, зерделе. Кемеңгер тұжырымы ғибратты.

Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы – біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.

Бәрі өзіме керек деп, әркімнің талғамсыз сөзін ақылға салмай, тыңдай берме. Біреу шынын айтады, біреу ойына келгенін айтады. Надан сөзіне еріп, қателесу қаупін ескертеді. «Сөзіне қарай кісіні ал», яғни сөзі де, мінезі де, ісі де ізгі адамды таңдап, содан оқып, үйренуді ұлағаттайды.

Мұны жазған – білген құл,
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл гүл.

Қаншама кітап оқып, көңілге тоқып, тағылымын жастарға өсиеттеген ойшыл ақын Дауани сөзіне, ойына сілтеме жасайды. Ғұлама сөзін оқы да, ойлан-толған, өмір сүру үлгісіне пайдалан дейді. «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл-гүл» деп, оқып, үйрен, кітап сөзі деп ұмытып кетпе, санаңа ұялат, іске асыр деп пайымдайды. Жас уақытта көңіл гүл дегені – есте сақтау қабілетінің, зейіннің мықтылығын білдіреді. Әрнәрсеге әуестікті, қызығушылықты, құмарлықты аңғартса керек. Гүл әдемі болса да солады, ал зердеге сақталмаған, көңілге терең ұяламаған ғибратты ой, ұлағатты ақыл тағылыммен пайдаланбаса, кәдеге аспайды. Осынау ұлағатты ой-пайымдауларды, ақыл, тілектерді мақсат-мүддеге жарата білу парыз. Жасынан дағдыланған тіршілік тағылымдарын жастарға өнегелейді. Ұлылардың ұлағатты ойларынан үйреніп, ізгілікті өмірінен үлгі алуды құптайды.

Әнуар Тарақов,

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
филология және әлем тілдері
факультетінің профессоры,
филология ғылымының докторы

25 қыркүйек, 12:47
Бақыр үшін базар жағалағандар
25 қыркүйек, 12:23
Біз қалайтын болашақ
25 қыркүйек, 12:20
Қалдық қауіп төндіреді
18 қыркүйек, 11:57
Осындай қалжың бола ма?
18 қыркүйек, 9:19
Әнші, әдептен озба!
18 қыркүйек, 9:13
Асыл тұқым азып барады
18 қыркүйек, 9:03
Диплом «саудасы» немесе цехтан «шыққан» білім білім бола ма?
11 қыркүйек, 18:39
Көпір қайда, көпір?!
Серіктестер жаңалықтары