jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Абай – ақылдың панасы

14 тамыз 2020, 12:28
122

Абай – ақылдың панасы

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, ақын шығармаларын шет тілдеріне аударуға қосқан еңбегі үшін бірнеше шетелдік жазушы-аудармашы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Олардың арасында Қытайда тұратын, ханзу тілінде жазатын қазақ жазушысы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, Бейжіңдегі «Қытай жазушылары» әдеби журналының Бас редакторы Әкбар Мәжит те бар.

Әкбар аға Алматыға келген сапарында Jas qazaq газетіне бірнеше рет сұхбат берген-ді. Бұл жолы Бейжіңге хабарласып, жазушымен телефон арқылы сөйлестік.

Jas qazaq: Әкбар аға, біздің Президентіміз Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталыпсыз. Қуанышыңыз құтты болсын!

Ә.Мәжит: Рахмет, айналайын! Өзім де ақжолтай жаңалықты естіп, қуанып жатырмын. Сіздердің газет арқылы барша қазақ халқына, қазақ еліне сәлем айтамын!

Jas qazaq: Абай шығармалары Қытайда қай жылдары аударыла бастады? Ханзу тілінде ең алғаш кім сөйлетті? Өзіңіз қалай кірісіп едіңіз?

Ә.Мәжит: Абай шығармаларын қытай тіліне аудару 1950 жылдардан бастап қолға алынды. Осыдан 70 жылға жуық уақыт бұрын, ең алғаш Абай өлеңдерін ұлты сібе, аты Хахуанжән, қалам аты «Қабай» деген аудармашы ханзу тілінде сөйлетті. Өзі Шинжаңның Тарбағатай аймағының тумасы, биыл 92 жасқа келіп отыр. 1982 жылы Қабай ақсақал Бейжің ұлттар баспасынан «Абайдың Ақылиясын» жеке жинақ етіп құрастырып шығарды. Қабекең Абайды аударып жүріп, ақынымызды зерттеп, жақын таныды. Абайды өзі қалай таныса, қытай оқырмандарына да солай жеткізді.

1994 жылы мен Бейжің ұлттар баспасының тапсырысымен Абайдың қарасөздерін ханзу тілінде сөйлеттім. Өйткені бір жылдан кейін ақынның 150 жылдық мерейтойы болатын. Соған орай, ақылдың Абайы жазған барлық қара сөздерін бірінші рет Қытайдағы оқырмандармен қауыштырдым. 1995 жылы менің тәржімаммен «Абайдың қара сөздері» жеке кітап болып шықты. Бұл кітаптың алдыңғы жартысы менің аудармам, қалған жартысы төте жазумен шыққан қазақша нұсқасы болды. Қытай қазақтары осы кітапты оқыған соң, мені іздей бастады. Хат жазып хабарласып, тіпті, Бейжіңге дейін іздеп келді. Кітап таралған соң, Гансудан шығатын «Таңдамалы оқылымдар» деген журнал ақынның қара сөздерін талдап жариялай бастады. Ол да көп оқылды.

Jas qazaq: Абайды Қытайдағы ақын-жазушы, өнер адамдары қалай қабылдады? Оның өлеңдерін, қара сөздерін қалай оқыды?

Ә.Мәжит: 2013 жылы Қытай төрағасы Ши жиң пиң Қазақстанға барған сапарында, Еуразия университетінде Абайдың қара сөздерінен үзінді келтіріп сөйлеген. Сонда 37-қара сөзіндегі:

Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер – деп менің аудармамды пайдаланды. Бұл нені білдіреді? Қытай төрағасының Абайды оқуы – ақынның кемеңгерлігін көрсетеді. Одан кейін, 2018 жылы Қытайдың атақты әртісі Фың гуң көктемгі шаған мерекесінде тағы да сол 37-қара сөзді оқыды. Оны телеарналар арқылы 1 млрд 400 млн халық түгел тамашалады. Абай қазір барлық қытай халқына таныс. Былтыр қыркүйек айында үлкен жазушымыз Уаң Мың мемлекеттік телеарнаның ұсынысы бойынша «Абайдың Ақылиясын» қазақша оқып берді. Ма Юн, Чың Лұң (Жеки Чан) деген Қытайдың атақты әртістері де Абайдың қара сөзінен үзінділер келтірді. Бұл Абайдың Қытайда кең таралғанын көрсетеді.

Jas qazaq: Ақын өлеңдерін ханзуша сөйлету ойыңызда жоқ па?

Ә.Мәжит: Былтыр күзде маған Қазақстан ұлттық аударма бюросы Абай поэзиясынан 148 өлең таңдап берді. Аударып болдым. Тамыздың соңына қарай жеке кітап болып шығады. Миллиард халқы бар Қытайда Абай поэзиясы одан ары кең таралады деп ойлаймын. Бұдан бұрын Абайдың қара сөзін сайттарда жариялағанбыз. Оны да жастар мен орта жастағылар көп оқыды. Данышпан ақынның қара сөздерінен қазақша, ханзуша, ұйғырша аудио дискі шығарғанбыз. Өзге ұлттар да жақсы қабылдады. Әлемді алаңдатқан биылғы індет кезінде, Қытайдан қазақ еліне жіберген материалдық көмектің сыртына Абай сөздері жазылды. Осының өзі Абай шығармаларының көкжиегінің кең, тамыры терең екенін көрсетеді. Бұдан былай, Абай өлеңі Қытайда бұрынғыдан да жақсы насихатталады. Екі елдің достығы, екі мемлекеттің рухани қарым-қатынасының тереңдеуі үшін ақын шығармашылығы арқау болатынына сенемін. Әлем Абай арқылы Қазақстанды, қазақты таниды. Абай – алып бәйтерек. Бәйтеректің саясы жер бетіндегі барша халыққа, барлық мемлекетке ортақ пана. Демек, Абай ақылдың панасы.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет! Аман-есен болыңыз!

Жарас Кемелжан

15 қазан, 11:54
Шаңырақ шайқалмасын!
15 қазан, 11:43
«Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше «күлше» берейік
01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?