jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Емші мен жапырақ

07 тамыз, 10:23
5079

Емші мен жапырақ

Өткен аптада Сыр өңірінде бір емші пайда болды. Әлеуметтік желіде әлгі кісінің біреулерді емдеп жатқан видеосы таралды. Қалай емдейді дейсіздер ме? Өзін «емшімін» деп сөйлеген ол дертіне шипа іздеп келген кісілерді аяғымен басып, белін жаншып жіберердей «ем-дом» жасап жатыр. Емшінің айтуынша, вирус адам омыртқасына «тығылып» қалатын көрінеді. Ауырған адамның белін басу арқылы әлгі «тығылып» жатқан дертті қуып шығады екен. Жұрт соған сеніп, балгердің аяғының астына домалап жатыр. Қысқа ғана видеода емші қаралушылардың таласып-тармасып, кезекке тұратынын айтыпты.

Бейнежазбада «Мен тегін емдеймін, адамдарға көмектесуге тырысамын. Адамдардың игілігі үшін істеймін. Қазір карантинге қарамастан, аймақтарды аралап жүрмін. Мен Елорданы қоспағанда, елдің барлық аймақтарындағы адамдарды емдеймін. Әр аймақта небәрі үш күн боламын», – дейді.

«Аңқау елге арамза молда болыпты» деген сөз бар. Дәл қазіргі пандемия жағдайында сондай дүмшелер әр жерде бой көрсетіп жатыр. Қызылордадағы емші солардың біреуі ғана. Әйтпесе, бұл індеттің емі табылмағанын бәрі біледі.

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын коронавирусқа сарымсақ пен зімбір тамыры пайдалы екен деген сөз тарап, базардағы бағасы аспандап кеткен болатын. Сарымсақты Алматыдағы «Көкбазардан» 7 мың теңгеге әрең тапқанбыз. Ал зімбірдің тамыры пандемияға дейін әр келісі 1000-1200 теңгеден сатылса, ауру асқынған кезде 5 мың теңгеге бір-ақ көтерілді. Бағаны қолдан жасаған алыпсатарлар лимонды да қасқалдақтың қанындай қымбатқа сатты.

Аяқпен емдейтін емші демекші, коронавирусқа ем іздеген жұрт не жемеді? Лимон ем екен деп еді, базарда емге табылмай кетті. Одан кейін қойдың құйрық майы шықты. Бұған дейін май жемейтіндер базар жағалап, құйрық іздеп жүр. Бұрын етке қосып сутегін бере салатын қазақы қойдың құйрық майының әр келісі 2500-3000 теңгеден сатылатын болды. Ет пен сүттің қымбаттағаны дұрыс қой. Шаруаның еңбегі ақталып, мал баққан ауыл адамдарының табан ет маңдай терінің өтелгені жақсы-ақ. Бірақ оны да «аңқау елге арамза молда» болғандай, алыпсатар ғана пайдаланып жатыр. Ақжелкеннің тамыры да ем болыпты кейбір кісілерге. Орысшасы «хрен» деп аталатын өсімдік бұрын қадірсіз еді. Қазір оңайлықпен табылмайды. Қораның бұрышында, жолдың жағасында өсіп тұратын жапырақты шөпті ауылдан орып әкеліп, әлеуметтік желіде пәлен ақшаға сатып жатқандарды өз көзімізбен көрдік. Адамға жаннан қымбат не бар? Мұндай қысылтаяңда ешкім ақшасын аямайды екен. Шөптің жапырағын шөптен көп ақшаға сатып алдық.
Егер халық іздеген дәрісін дәріханадан тапса, ешкім өз бетінше дәру іздеп сабылмас еді. Оның үстіне, өткенде ғана Алматыда жалған дәрі-дәрмек шығаратын цех пен оның сыртқы қораптарын басатын баспахана және заңсыз қойма табылған болатын. Міне, осындай заңсыздықтардың кесірінен халық өзін-өзі емдеуге мәжбүр болған жоқ па? Соның салдарынан дәріхана жағалағаннан гөрі емшіге барғанды, ақжелкенді қайнатып ішкенді жөн көреді.

Жарас КЕМЕЛЖАН

25 қыркүйек, 12:47
Бақыр үшін базар жағалағандар
25 қыркүйек, 12:23
Біз қалайтын болашақ
25 қыркүйек, 12:20
Қалдық қауіп төндіреді
18 қыркүйек, 11:57
Осындай қалжың бола ма?
18 қыркүйек, 9:19
Әнші, әдептен озба!
18 қыркүйек, 9:13
Асыл тұқым азып барады
18 қыркүйек, 9:03
Диплом «саудасы» немесе цехтан «шыққан» білім білім бола ма?
11 қыркүйек, 18:39
Көпір қайда, көпір?!
Серіктестер жаңалықтары