jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Геологиялық барлау – мұнай өндірісінің өзегі

31 шiлде, 12:31
29

Геологиялық барлау – мұнай өндірісінің өзегі

Мұнай-газ өндірісінде геологиялық барлаудың маңызы айрықша. Отандық геологтар соңғы жылдары осы салаға айтарлықтай көңіл бөліп, жаңа кеніштерді ашу қажеттігін айтып жүр. Еліміздегі базбір кеніштердің байырғы екенін ескерсек, геологтардың ұсынысы көкейкесті екені түсінікті. Қазіргі экономикалық дағдарысқа қарамастан, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруда. Ақпарат құралдарында жарияланған деректер негізінде біз осы салаға сараптама жасап көрдік.

Биылғы маусым айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жаңа мұнай кенішінің ашылғаны жайында хабарлады. Маңғыстау облысындағы Шығыс Бектұрлы барлау блогында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу барысында бұрқақты мұнай ағыны алынды. Отандық мұнай-газ саласы үшін бұл жақсы жаңалық.

Шығыс Бектұрлы барлау блогы Маңғыстау өңіріндегі Оңтүстік Жетібай, Өзен және Қарамандыбас сияқты кен орындары маңайында орналасқан. Ондағы барлау жұмысымен ҚМГ-ның еншілес «Becturly Energy Operating» ЖШС компаниясы айналысады. Жаңа кен орнының ашылуына ҚМГ, КМГ-Инжиниринг және PGS-Kazakhstan геологтары мен геофизиктері үлес қосты. Барлау жұмысы 2015 жылы басталды.

Шығыс Бектұрлы блогының әлеуеті қандай деген сауалға келсек, 2017 жылы PGS-Kazakhstan компаниясы мұндағы қорға геологиялық тұрғыдан бағалау жүргізді. Сол кезде өндірілетін мұнайдың болжамды қоры 14 млн тонна екені анықталды. БВ-1 ұңғымасында іздеу-барлау сынағы аяқталған соң толық бағалау жүргізіледі.

Айта кету керек, жаңа кен орнының табылуына ҚМГ, ҚМГ-Инжиниринг, PGS-Kazakhstan және «Becturly Energy Operating» ЖШС компанияларының жетекші мамандары атсалысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, әркім өз міндетін мұқият атқарды. Сол арқылы ҚМГ мен бүкіл еліміздің ресурстық әлеуетін арттыру ісіне зор үлес қосты. Жетістіктің тағы бір кілті ретінде жобаны басқаруда кіріктірілген жүйені қолданылғанын айтқан жөн. Оның мәнісі геологиялық барлау және онымен байланысты жұмыс процесіне қатарлас, жылдам әрі құрылымдық көзқарасты ұстану дегенді білдіреді. Жалпы осындай қадам өткен жылы компанияның елеулі табысқа жетуіне септігін тигізді. Атап айтқанда, былтыр атқарылған жұмыстың нәтижесінде қорды толықтыру коэффициенті (ҚТК) 162 пайызды құрады.

Оператор-компанияның акциялары түгелімен ҚМГ-ға тиесілі емес. Мұны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының өндіру және барлау жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев отандық ақпарат құралына берген сұхбатында былай түсіндіреді: «Геологиялық барлау тәуекелі көп бизнес болып табылады. ҚМГ компаниясы сияқты экономикалық тұрғыдан рентабельді болып табылатын қорды табу қазіргі кезде сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан компания тәуекелді бөлісу үшін геологиялық барлау жобаларында carry-қаржыландыру қағидасын ұстанады. Ол бойынша барланатын аумақтағы стратегиялық серіктестік жобаны қаржыландырады және кенішті игеру барысында өз шығынын қайтарып алады. Мұндай жағдайда ҚМГ-ның тәуекелі азайып, компания қаржысын сақтап қалады. Барлау жұмыстарына отандық инвесторлармен қатар, «Лукойл», Eni, Газпром, Роснефть сияқты халықаралық мұнай-газ компаниялары тартылады».

Шығыс Бектұрлы жобасы бойынша қазірге дейін біраз шаруа атқарылды. Таяу арада БВ-1 ұңғымасы арқылы белгіленген барлық нысандарда сынақ процесі аяқталады. Алынған мағлұматтың нәтижесі бойынша блоктағы геологиялық ресурстар қайта бағалануы тиіс. Келесі жылы БВ-2 ұңғымасында іздеу-барлау мақсатында бұрғылау жүргізу және ескі ұңғымаларды қайта ашу жоспарланған.

Экономиканың барлық секторлары сияқты, мұнай нарығындағы геологиялық барлау жобаларының іске асуына дағдарыс салқынын тигізіп отыр. «Қара алтын» бағасының құлдырауы әлемдік нарықтағы ірі компанияларға жайсыз тиді. Дағдарыс ұлттық компанияны да айналып өтпеді. Сол себепті өзге құрылымдармен қатар, геологиялық барлауға жұмсалатын шығынды азайту қарастырылып жатыр. Осы орайда ұлттық компания барлау жобаларына олардың тартымдылығы және экономикалық тиімділігіне қарай басымдық беруді жөн көреді. Кейбір жобалар жағдай тұрақталғанша шегеріле тұрады. Геологиялық, экономикалық, технологиялық және тағы басқа ерекшеліктері бойынша тәуекел мен көп шығынды талап ететін жобаларды іріктеу жұмыстары жүргізілді. Әйтсе де, ұлттық компания басшылығы қорды толтыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын жалғастырудың маңызын жақсы біледі. Өйткені геологиялық барлаудан «шаршаған» кейбір компаниялар өздерінің ұзақ мерзімді мұнай өндірісіне күмәнмен қарайды. Ал ҚМГ үшін геологиялық барлау есебінен ресурс базасын ұлғайту стратегиялық жағынан маңызды міндет болып табылады. Бұған қоса, кез келген мұнай-газ компаниясындағы қорды толықтыру көрсеткіші оның жұмысының тиімділігін бағалауда басты негіз болып саналады. Бұл, әсіресе, халықаралық құнды қағаз нарығына шыққан кезде керек.
Сөйтіп геологиялық барлау компанияның басты бағытының бірі болып қала береді. Қаржыландыруды қысқартуға қарамастан, жұмыс белсенді түрде жалғасады. ҚМГ-ның геологиялық барлау жобалары ауқымды. Алынған нәтижеге қарай, оның көлемін бассейн үлгісін қосқанда, ұлғайтуды көздейтін нақты жоспар бар. Айта кету керек, бассейн үлгісі мұнай және газ қорын іздестіруде қуатты құрал болып табылады. Бұл технологияны мұнай саласындағы ірі компаниялар ғана иеленген. Кез келген істе кездесетін қиындықтарды түгел еңсермесе де, тәуекелді азайтуға болады. Осы мақсатта сейсмологиялық барлау, гравибарлау, сейсмикалық деректерді өңдеу және талдау сияқты қосымша зерттеу жүргізіледі. Бұл бағытта стратегиялық серіктестермен бірлесіп өңірлік және жергілікті деңгейде зерттеу жүргізіледі, өзара мағлұмат алмасады. Соның нәтижесінде ықтимал серіктес компания ортақ жобаларды қаржыландыру жөнінде шешім қабылдайды. Бұл өз кезегінде шетелдік инвестицияны ел экономикасына тартуға мүмкіндік береді. Осылайша ҚМГ мамандары бірлескен жобаларда әлемдік компаниялармен жұмыс істеудің теңдессіз тәжірибесіне және заманауи технологияларға қол жеткізеді.

Талап Тілеген

Бүгін, 10:30
Жақсылық батырым туралы естелік
Бүгін, 10:07
Дәрі шөптің қадірін білейік!
31 шiлде, 12:38
Кеселге қарсы күрес – көкейкесті міндет
31 шiлде, 12:25
Полиция беделі – қоғам абыройы
31 шiлде, 12:19
Ковид деп жүргенде...
31 шiлде, 12:16
Мұрат Бақтиярұлы: Біз тәрбиесіз «мәдениетті» көбірек қабылдадық
24 шiлде, 11:46
Мақсұт Жұмаев: Бізге жаңа жобалар қажет
24 шiлде, 11:41
Тілі ащы әйел
Серіктестер жаңалықтары