jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ақпараттың ақмылтығы еді

10 шiлде, 12:05
622

Ақпараттың ақмылтығы еді

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Осы аптада белгілі журналист, «Жас Алаш» газетінің жауапты хатшысы Жолдасбек Дуанабай 62-ге қараған шағында өмірден озды.
Қаламы жүйрік, сөзі өткір, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналист қай тақырыпты қаузап жазса да, айтар ойы халықпен үндес болды. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жөкеңнің досқа адал, кішіге қамқор болған азаматтық болмысы бір төбе еді. Елдің жайын үнемі електен өткізіп отыратын ол бар ғұмырын журналистикаға арнады. Қай жұмысты да жауапкершілікпен атқара жүріп, шығармашылық ізденісін ешқашан тоқтатқан емес. Қарымды қаламгердің басылым беттерінде жүргізген арнайы айдарларын оқырман жылы қабылдап, оның еңбегі мемлекет тарапынан ескеріліп, арнайы марапаттарға ие болды.

Ол мектепте оқып жүрген кезінен бастап «Қазақстан пионері» газетінің жас тілшісі болып, шығармашылық ортаға ерте араласты. Кейін өзінің тырнақалды туындылары жарық көрген кешегі «Қазақстан пионері» – бүгінгі «Ұлан» газетінде қызмет етті. «Лениншіл жаста», содан кейін «Жас Алашта» бірнеше жыл жұмыс істеді. Телевизия саласында да қолтаңбасы бар. Бірер жыл КТК телеарнасының жаңалықтар бөлімінде еңбек етті. Одан кейін «Айқын» газетінде 15 жылдай жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды. Бір жарым жылдай Jas qazaq газетінде Бас редактордың орынбасары болды. Бірнеше ай бұрын ғана «Жас Алаш» газетіне барған еді.

Жолдасбек Дуанабайдың ел тәуелсіздігін жариялап, кем-кетігін түгендей бастағанда тілімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеп, насихаттауға қаламының күшімен-ақ көп еңбек сіңіргенін жадымыздан шығармаймыз. «Қазақ журналистикасының ардагері» деген атқа лайық әріптесіміздің бақилық болғаны бәрімізге ауыр тиді.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, әріптесіміз Жолдасбек Дуанабайдың қайтыс болуына байланысты көңіл айтып: «Жолдасбек Дуанабай ақпараттың ақмылтығы еді» депті. Ағасының мезгілсіз қазасына қамыққан Бекең: «Абитуриент кезінде-ақ қатарластарынан шоқтығы биік көрінген, журналистік ортада еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен мойындалған Жолдасбек Дуанабай ағамыздың да бес күн жалғандағы дәм-тұзы таусылып, бақиға аттаныпты. Қайғылы хабарды естіп қамығып қалдық. Жолдасбек Дуанабай ақпараттың ақмылтығы еді. Интернет дамымаған, қазіргі технология әлі жетілмеген кездің өзінде жердің түбіндегі ақпаратты тауып алып, оқырманына қызықты қылып ұсынатын», – деді.

Өзі қызмет еткен Jas qazaq газетінің ұжымы, абзал аға, аяулы әріптесіміздің қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарына, әріптестері мен замандастарына қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз!

Jas qazaq газетінің ұжымы

Қайран, Жүке, тиді-ау мәңгі еркіндік,
Жаңбыр болып жылап өтті шер-шындық.
Сені өлтіріп ойнаушы едік әзілдеп,
Бүгін, рас, шыныменен өлтірдік.

Құрдасындай қажаушы еді Сейсендер,
Өзіңді еске ап, енді оңаша кемсеңдер.
Ажалмен де қыртып ойнап жүруші ек,
Тірілтіп көр енді, ажалды жеңсеңдер.

61 жас – бар көресің, көнесің,
Жия алған жоқ артыңда әлі ел есін.
«Көңілді еді, әзілқой-тын» деп жатыр,
Көзкөргендер, басқа енді не десін.

Жан-қайғыңды жүрегіңде іркілген,
Қайдан білсін, боп өткенін ұйқың кем.
Қайдан білсін өткеннен соң жарқылдап,
Жеңгеніңді – өмірді ойын-күлкіңмен.

Мақала еді қойны-қоншың, ми тұнған,
Жерде жатса теруші едің қиқым нан.
Ең алдымен беремін деп ақпарат,
Қартайғанша тұрдың ұшып ұйқыңнан.

Біреу үшін газеттің жай тілшісі,
Біреу үшін НАҒЫЗ АДАМ, ШЫН КІСІ!
Өтті өмірден жүрген кеше домалап,
«ДӨҢГЕЛЕНГЕН ДҮНИЕНІҢ
ТЫҢШЫСЫ»!

Төреғали ТӘШЕНОВ,
ақын

Бүгін, 10:30
Жақсылық батырым туралы естелік
Бүгін, 10:07
Дәрі шөптің қадірін білейік!
31 шiлде, 12:38
Кеселге қарсы күрес – көкейкесті міндет
31 шiлде, 12:25
Полиция беделі – қоғам абыройы
31 шiлде, 12:19
Ковид деп жүргенде...
31 шiлде, 12:16
Мұрат Бақтиярұлы: Біз тәрбиесіз «мәдениетті» көбірек қабылдадық
24 шiлде, 11:46
Мақсұт Жұмаев: Бізге жаңа жобалар қажет
24 шiлде, 11:41
Тілі ащы әйел
Серіктестер жаңалықтары