jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ұйымдастыру жағы ақсап тұр

06 шiлде, 10:46
963

Ұйымдастыру жағы ақсап тұр

Қазір ел басына күн туған шақ. Ковид адам талғамайтын: жасқа, кәріге қарамайтын індетке айналды. Бұдан сақтанудың жалғыз жолы – оқшаулану ғана болып тұр. Ал қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов жылқы еті мен саумалдың өкпе дерті ковид пен пандемияға пайдалы екенін айтады.

Jas qazaq: Төрегелді аға, биыл бізге ғана емес, бүкіл дүниеге қиын соғып тұр. Індет соңғы бір айда тез таралып, өлім-жітім де көбейіп кетті. Билік «Карантин уақытында жарияланды. Ем-домға дайынбыз. Дәрі-дәрмек жеткілікті» деп еді. Қазір жұрт сабылып дәрі іздеп жүр. Ауруханада орын жоқ. Бұл қалай?

Т.Шарманов: Ковид-19-дың жұқпалы ауру екені о баста-ақ айтылған. Сақтанбаса, соңы осындай болатыны да ескертілген. Халықтың хабары бар бәрінен. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ екпіні қатты індет. Бірақ халық ауруды өздері асқындырып алды. Ауруға сенбеді. Мұны саясат деп қарады. Күлкі қылды. Тәртіпке бағынбады. Той-томалаққа, көпшілік жиналған ортаға барды. Аралық сақтап жүру деген сияқты талаптың біреуіне де пысқырған жоқ. Шетелде де тура осындай болды. Олар да сенген жоқ. Сөйтіп, Испания мен Италияда індет тез таралып, бір-ақ күнде ауру жайылып кетті.

Jas qazaq: Аға, бұл жағдайдың бәрі түсінікті. Менің сұрағым дәрі-дәрмек, ауруханадағы орынның аздығы, дәрігерлердің жетіспеуі туралы еді…

Т.Шарманов: Бұл жағдай жұмбақтау болып тұр. Оны жасырмаймын. «Бәрін қамтамасыз етеміз» деген өздерінің сөзіне жауап бере алмайтын жағдайға жетіп қалдық. Дайын емес екенімізді көрсетті. Індет таралған алғашқы айда бетперденің өзі жеткіліксіз болған жоқ па? Қазір дәрі-дәрмек жоқ деп жатыр. Мұның бәрі түсініксіз мен үшін. Бір білерім – ұйымдастыру жұмысы ақсап тұрғандай. Мысалы, бетпердені немесе дәріні керекті жеріне, дәріханаларға уақытында жеткізіп беру – тасымалдаушы мекемелердің жұмысы.

Ал дәрігерлер туралы әңгіме бөлек. Ауру қай жерден көп шықса, дәрігерлерді сол жаққа жіберу керек еді. Олай істеген жоқпыз. Сөйтіп, індет ошағы ұлғайып кетті. Біздің елде дәрігер жеткілікті, бұл арада соларды ұйымдастыру мәселесі ақсап тұрғандай көрінеді маған. Министрдің өзі: «Дәрігерлерді ұйымдастыру, бөлу мәселесімен жергілікті әкімдік айналысады» деген болатын. Ақ халатты абзал жандардың жетіспей жатқаны – жергілікті жердегі мекемелердің дұрыс ұйымдастырылмағанынан деп білемін өз басым.

Jas qazaq: Ауырған жұрт өзін-өзі емдеуде. Нақты қандай дәрі-дәрмек пайдалану керектігін тұрғындар білмейді. Жұрт денсаулық министрлігіне қарайды. Ал министрлік Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДҰ) қарайды. Мұндай жағдайда қарапайым халық не істеу керек?

Т.Шарманов: Сіз айтып отырғандай «Анау анаған қарайды, ол басқаға қарайды» деген сөз жауапгершілікті біреуге арту сияқты көрінеді маған. Бұл арада бақылау кемшін. ДДҰ-ның тәртібі қалай, біздің дәрігерлер сол тәртіп бойынша жұмыс істейді. Бірақ бұл біздің министрлік ДДҰ-ға бағынады деген сөз емес. Қазір біздің дәрігерлер ковидке қарсы өздері түрлі емдеу шараларын қолданып жатыр.

Сіз айтқандай, министрлік бекіткен мына дәрі, ана уколды салу керек деген сияқты нақты бекітілген тізім жоқ. Бірақ бұл аурудың белгілерін дәрігерлер күн сайын айтып жатыр. Жөтел, дененің қызуы, бас ауру, әлсіздік, дененің ауруы, тыныс алудың қиындауы сияқты нақты белгілерін айтуда. Қарапайым халық ауруды жұқтырған-жұқтырмағанын өз бетімен біле алмайды. Ол үшін зертханаға барып тест тапсыру керек. Алайда халық бостан-босқа үрейленіп, сау басына сақина тілеп, ауырмай тұрса да тест тапсырудың қажеті жоқ. Ол, біріншіден, шығын, екіншіден, күдік адамды ауруға жетелейді. Сондықтан мұндай жағдайда адамдар сабырлы болу керек. Қорқынышқа бой алдырмаған дұрыс.

Дәріханаларда дәрінің жетіспей жатқанын біз де естіп жатырмыз. Бұл да ұйымдастыру жұмыстарының салғырттығы.

Jas qazaq: Өткен аптада жазушы Дулат Исабеков әлемдегі екінші бай адам Билл Гейтстің былығы туралы айтып: «СОVID-19 вакцинасын адамдарға микрочип енгізу арқылы құлға айналдыруды көздеп отыр» деген сипатта пікірін білдірді. Мұны жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. Өмір бойы денсаулық сақтау саласында қызмет еткен маман ретінде айтыңызшы, бұл пікірдің қаншалықты жаны бар?

Т.Шарманов: Бұл мүмкін емес нәрсе. Мен оған сенбеймін. Бұл туралы шетелдің газеттері жазып жатыр дейді. Бірақ қазір кім, не жазбайды? Егер әлгі Билл Гейтс деген адамның қылмысы дәлелденсе, онда оны ату жазасына кесу керек. Қазір не болса соны демократия деп, айтқыш болып кеттік. Өз басым оған сенбеймін.

Jas qazaq: Өзіңіз де министр болдыңыз. «Қазіргі дәрігерлер адам өмірін арашалаудан гөрі ақшаға әуестеніп алды» дейтін әңгіме жайылып барады. Мұны сұрап жатқанымыз, ковид инфекциясын анықтайтын тест – ақылы. «Жұрт індетті жұқтырып алған жоқпын ба?» деген қорқынышпен жаппай тест тапсыруда. Оның өзі екі-ақ күнге жарамды. Бағасы да арзан емес. Сонда бұл қалай: ақша жасау ма, жұртты дүрліктіру ме?

Т.Шарманов: Мен денсаулық саласын 1971 жылдан 1982 жылға дейін басқардым. Дәл қазір дәрігерлерге де оңай емес. Оларға әртүрлі сыни әңгіме айтылып жатыр. Ал сіз айтқандай, ақша жасауға ешқандай дәрігердің қатысы жоқ. Министрлік ақысыз жаса деп айта алмайды. Ол үшін мемлекет тарапынан ерекше жәрдем болуы керек. Халыққа түсіндіру керек. Мысалы, мен бір орталықтың басшысымын. Қарамағымдағы адамдарға жалақы беруім керек. Дәрігерлердің де бала-шағасы бар. Олар да демалу керек. Олар да тамақ ішу керек. Қалай ақысыз жұмыс істейді? Меніңше, тесттің ақылы болғаны дұрыс. Бірақ жаппай тест жасату қажет емес.

Jas qazaq: Ковид пен пневмонияны айырудан қалдық. Дәрігерлердің айтуынша, екеуінің белгісі ұқсас сияқты. Дегенмен, өз-өзін емдеп жатқан жұртқа нақты қандай кеңес айтасыз? Қандай дәрі ішіп, індеттен қалай сақтанған дұрыс?

Т.Шарманов: Халыққа бәрі ескертілген. Дәрігер ауырған адамды ковид пе, басқа ма, сол жағын анықтап, дәрі-дәрмегін береді. Дәрігердің міндеті – аурудың диагнозын қою. Анықтағаннан кейін қалай емделу жолын айтып береді. Ковидтен қатты қорқудың қажеті жоқ. Бұл әдеттегі өкпе ауруының бір түрі. Сондықтан міндетті түрде ауызды жабу керек. Маска тағуды әдетке айналдырған дұрыс. Содан кейін адамдармен қашықтықты ұстап араласу қажет. Қазақ халқында атам заманнан бері қол беріп, құшақтасып амандасу деген салт болған жоқ. Жастар үлкен кісілерге амандасқанда қолын кеудесіне апарып, басын сәл иіп амандасады. Қазіргі жастарға ұқсап құшақтасып, бетінен сүймеген.

Бұл індеттен сақтанудың ең бірінші әдісі – оқшаулану. Ал дәрі-дәрмек екінші, үшінші амал ғана. Қазіргі жұрт тұмауға қандай дәрі ішуді жақсы біледі. Бұған да тұмауға қарсы дәрілерді ішкен дұрыс.

Jas qazaq: Індет алғаш тарала бастағанда кейбір дәрігерлер «Қой етін жеп, сорпасын ішу керек» деген болатын. Қазақ тағамтану академиясының президенті ретінде айтыңызшы, мұндай аурудан сақтану үшін қандай тағам жеген жөн? Сіздердің академия дайындаған тағам түрлері бар ма?

Т.Шарманов: Тамақты жақсы жеу керек. Жылқы еті болса, тіпті жақсы. Шай, су ішкен дұрыс. Ас неғұрлым құнарлы болса, солғұрлым көп жеу керек. Қазір нағыз жылқының етін жейтін кез. Қымыз, айран, шұбат ішу керек. Өкпе ауруларына осы тағамның бәрі шипа. Бие сүтінің құрамында әртүрлі құнарлы витамин көп. Әсіресе «С» витамині бар. Өкпе ауруларына қазақ ежелден қымыз, саумал ішкен. Қымыздың қышқылында өкпедегі микробты жоятын қасиет бар.

Jas qazaq: Бұл ауру бізге қаңтар айынан бастап келді. Содан бері министрлік осының алдын алып, дәл қазірдей жаппай таралуының жолын кесуге болмас па еді? Дәрігердің айлығы туралы не айтар едіңіз?

Т.Шарманов: Министрлік бейқам қалған жоқ. Шамасы келгенше шара қолданып жатыр. Мен сол саланың адамын, бірақ оларға бағынбаймын. Бұл салаға қазір Цой деген азамат келді. Оның мүмкіншілігі мол, қабілеті де зор. Жалпы айтқанда, жауапкершілігі ерекше адам. Министрліктегілерге ешқандай кінә артуға болмайды. Оларды қорғап жатқан жоқпын. Бірақ сөздің шындығы осы. Біздің қазақта немқұрайдылық басым. Әлі күнге дейін бұл аурудың барына сенбей жүрген адам көп.

Дәрігердің айлығын бірдей етуге болмайды. Кім көп жұмыс істейді, соның айлығына үстеме ақы қосу керек. Мысалы, бір дәрігер күндіз-түні жұмыс істейді. Оған таңертең жұмысқа келіп, кешке үйіне қайтатын дәрігермен бірдей ақша төлеуге болмайды. Дәрігердің айлығын қазіргі жағдайға байланысты көбейту керек. Кесімді айлық болса, кім жұмыс істейді?

Jas qazaq: Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет! Аман-сау болыңыз!

Сұхбаттасқан
Жарас КЕМЕЛЖАН

Бүгін, 10:30
Жақсылық батырым туралы естелік
Бүгін, 10:07
Дәрі шөптің қадірін білейік!
31 шiлде, 12:38
Кеселге қарсы күрес – көкейкесті міндет
31 шiлде, 12:25
Полиция беделі – қоғам абыройы
31 шiлде, 12:19
Ковид деп жүргенде...
31 шiлде, 12:16
Мұрат Бақтиярұлы: Біз тәрбиесіз «мәдениетті» көбірек қабылдадық
24 шiлде, 11:46
Мақсұт Жұмаев: Бізге жаңа жобалар қажет
24 шiлде, 11:41
Тілі ащы әйел
Серіктестер жаңалықтары