jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?

26 маусым, 11:39
260

Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?

Дамыған мемлекеттер тіл саясатына құйылған қаржылық шығындарды ұзақ мерзімді стратегия деп қана емес, мемлекеттік даму үдерісіндегі аса маңызды инвестиция санайды. Ал бұл саясатты жүргізудің ең маңызды құралы – мерзімді баспасөз.

Сондықтан да Англияда көптеген жылдар бойы мерзімді басылымдарға жазылу үшін төленетін пошта алымдары өте төмен деңгейде сақталып, ағылшын газеттері қосымша құн салығынан босатылған.

Голландияда әр студент мемлекет есебінен бір журналға 5 жыл бойы тегін жазылуға құқылы. Францияда жастарды газет-журнал оқуға ынталандыру үшін олардың мерзімді баспасөзге тегін жазылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарлама осыдан 10 жыл бұрын қабылданған.

Жалпы мемлекеттік тіл саясатын мерзімді баспасөз арқылы жүргізудің жарқын мысалы – Франция. Бұл саясат француз тілінің ел ішіндегі және әлемдік деңгейдегі үстемдігін сақтауға бағытталған. Мысалы, мерзімді баспасөзге жыл сайын бөлінетін мемлекеттік қолдау жан басына шаққанда 61,5 еуродан келеді екен. Бұл салаға қомақты қаражат бөлуде Франция Еуропалық одақ елдерінің ішінде көш бастап тұр: француз тіліндегі деректерге қарағанда мемлекеттік бюджеттен мерзімді баспасөзге бөлінетін қаржы жылына 1,4 миллиард еуродан асады. Бұл телевизия, радио құралдарына берілетін қаражаттан бөлек екенін айту керек. Оның ішінде француз тіліндегі мерзімді баспасөзге жазылуды қолдау үшін ел президенті мен үкіметі сайлау алды шараларындағы үгіт-насихат науқанын мерзімді баспасөз арқылы жүргізеді.

Мерзімді баспасөзге қолдау білдіретін елдер қатарында Швеция да үлгі бола алады. Бұл елде таралымы шағын, жарнамадан түсімі аз газет-журналдарға арналған тікелей мемлекеттік инвестициялар бар. Мұндай газеттерді жабылып қалудан сақтау үшін олардың жалпы шығынының 20 пайызына дейін мемлекет есебінен жабу механизмі жасалған. Оның үстіне, жаңадан ашылған газет-журналдарға арналған мемлекеттік дотация, жеңілдетілген несие сияқты көмек түрлері бар және барлық мерзімді басылымдар қосымша құн салығынан босатылған. Бүгінде тұрғын халқы өзін «ең бақытты халық» санайтын мемлекет оқырман саны бойынша басқа елдерден озық тұр. 2014 жылы әрбір 1000 шведке 200 газеттен келетін (2000 жылдары бұл көрсеткіш 400 болған), бұл – швед тіліндегі мерзімді баспасөзге үздіксіз мемлекеттік қамқорлық жасаудың нәтижесі. Бұл елдің дамуында швед ұлтының оқырман ретінде қалыптасуы аса маңызды рөл атқарғаны анық.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі полиграфиялық өнімдер – кітап-қағаз, газет-журнал оқудың адам миын жетілдіріп, қиялын ұштауға, сөз саптау мен ақыл-ойды дамытуға аса зор ықпал ететінін көрсетіп отыр. Мысалы, Германиядағы барлық газет-журналдардың жалпы таралымы 18,3 миллионнан асады. Басқаша айтқанда, Германия халқының үштен бірі күнделікті газет-журналдарды үзбей оқиды екен. Ендеше, дамыған мемлекеттер интеллектуалды тәрбие құралы ретінде жас ұрпақтың қағаз газет-журналдардан көз жазып қалмауын қадағалайды. Сондықтан Еуропадағы көптеген елдерде жастардың газет-журналдарға тегін жазылуын мемлекет есебінен қаржыландырады.

Сондықтан Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылу үшін көшбасшы елдердің тәжірибесінен өнеге алуы тиіс. Мерзімді басылымға мемлекеттік қолдау жасау арқылы рухани, саяси, ұлттық салада қордаланып қалған мәселелердің оң шешімін табуға болады.

Өткен тарихымыздан белгілі, КСРО халқы «оқырман халық» саналатын. Жазып-сызуды енді үйренген баладан бастап зейнеткерге дейін, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарына олардың жасы, жынысы, кәсібі, хоббиі, білім-ғылымға деген ынтасы сияқты түрлі ерекшеліктеріне орай шығарылатын орасан үлкен мерзімді баспасөз нарығы болды. Кітап оқу машығы мектепте де, отбасы тәрбиесінде де жіті қадағалауда еді. Мұндай мемлекеттік саясаттың себебі анық – сол заманның адамын рухани, интеллектуалды деңгейде тәрбиелеу, мемлекеттік идеологияны қолдайтын сарқылмас ресурс қалыптастыру. Ал оның салдары – адамгершілік, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсету, әділдік, адалдық, еңбекқорлық сияқты ізгі қасиеттер халықтың мінезіне айналып, қоғамның тұрақтылығына қызмет етті.

Бұл орайда, Қазақстан өткен жүйенің кемшіліктерінен сабақ алып, интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы мерзімді баспасөзді қолдаудың тәжірибесін алуы тиіс. Әсіресе, мемлекеттік тілде шығатын газет-журналдарға мемлекет есебінен экономикалық, қаржылық тұрғыда қолдау көрсету арқылы мемлекеттік тілді жаппай меңгеруге, мемлекеттік саясатты насихаттауға, халықтың білім деңгейін, таным дәрежесін арттыруға болады. Ғылым-білімге ұмтылған ұлт әр түрлі салада инновациялық жаңалықтар ашуға, ғылым-инновация саласында әлемдік көшбасшы болуға бейім. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, интеллектуалды ұлт болашақта сол мемлекеттің экономикалық, геосаяси үстемдігіне себепкер болады. Мерзімді баспасөз арқылы кітап пен газет-журнал оқуды ынталандыру бұл салада ұзақ мерзімді дамуды көздеген ең тиімді инвестиция болмақ.

Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Дамыған мемлекеттердің мысалын қарастырғанда Қазақстан үшін ең маңызды сабақ – бұл мемлекеттер газет-журналдарды қолдауды осыдан 40-50-60 жыл бұрын қолға алған, яғни қазіргі ақпараттық-технологиялық өзгерістер полиграфиялық өнімдердің таралуына кедергі тудырмай тұрған заманның өзінде бұл саладағы мемлекеттік қолдау ешқашан әлсіреген емес. Еуропалық кеңес сонау 1970 жылдары мерзімді басылымдарға мемлекеттік қолдау көрсету механизмдерін енгізді, ал Франция француз тіліндегі газеттерді қолдау саясатын екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алған. Себебі көшбасшы елдердің қай-қайсысы да мемлекеттік тіл саясатын өзінің ақпараттық кеңістікті қорғаудың және өзге елдерге ықпал етудің тетігі ретінде қолданып келеді. Тәуелсіз ел болғанына әлі отыз жыл толмаған Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде, өзге елдермен тепе-тең қарым-қатынас ұстауда, ұлттың рухани-әдеби мұрасын әлемге танытуда мемлекеттік тілдің артықшылықтарын пайдалануы керек. Бұл үшін ең әуелі мемлекеттік тілде өз ойын еркін жеткізе алатын, латын қарпінде сауатты оқып-жаза алатын Ұлт қалыптастыру керек. Оның ең ұтымды әдісі – мемлекеттік тілдегі мерзімді басылымдардың таралымын арттыру болмақ.

Латын қарпіндегі баспасөз материалдарын жас ұрпаққа оқыту үшін республика аумағындағы барлық мектеп пен кітапхананың әрқайсысының бұл газет-журналдарға мемлекеттің бюджет есебінен тұрақты түрде жазылуын қамтамасыз ету өте маңызды. Қазақстан аумағында бүгінгі таңда жалпы білім беретін 7500-ден аса мектеп пен 4000-ға жуық кітапхана бар. Әр мектеп, әр кітапхана мемлекет есебінен бір данадан ғана жазылғанның өзінде, латын қарпінде сапалы материал басатын он бес газет-журналдың әрқайсысының таралымы бірден 11 500-ге артады. Ал кітапханадағы газет-журналдарды орта есеппен он адам оқиды десек, бұл шара оқырман санын арттырумен қатар, латын қарпінде оқу машығын тез қалыптастыруға әрі мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге сеп болады.

Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?

Шәмшидин Пәттеев,
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры

Бүгін, 10:30
Жақсылық батырым туралы естелік
Бүгін, 10:07
Дәрі шөптің қадірін білейік!
31 шiлде, 12:38
Кеселге қарсы күрес – көкейкесті міндет
31 шiлде, 12:25
Полиция беделі – қоғам абыройы
31 шiлде, 12:19
Ковид деп жүргенде...
31 шiлде, 12:16
Мұрат Бақтиярұлы: Біз тәрбиесіз «мәдениетті» көбірек қабылдадық
24 шiлде, 11:46
Мақсұт Жұмаев: Бізге жаңа жобалар қажет
24 шiлде, 11:41
Тілі ащы әйел
Серіктестер жаңалықтары