jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жас жазушыларда мылжыңдар мен езбелер көбейді

05 маусым, 13:53
426

Жас жазушыларда мылжыңдар мен езбелер көбейді

Қаламгерлер арасында елуді еңсеріп қалған азаматтарды алдыңғы буын ағаларымыз жас жазушы санайды. Алайда олардың өзі орта жастан асып қалды. Олар өздерінен кейінгі жиырма мен отыздағы жігіттерді жас қаламгер атайды. Бүгінгі кейіпкеріміз жастар үшін аға буын, ал аға буын үшін жас жазушы саналып жүрген қаламгер. Екеуара әңгімемізде тарихтың ақтаңдақ беті, жастар мен аға буын арасындағы сабақтастық, әлеуметтік мәселе де сөз болды.

Jas qazaq: Думан мырза, сіз тарихи тақырыпқа көбірек қалам тартасыз. Басқа шығармаларыңызды айтпағанның өзінде, «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тарихи драмаларыңызды ел-жұрт жақсы біледі. Енді Шыңғыс хан мен Жошы туралы тарихи драма жазып жатыр екенсіз. Ой қайдан туды?

Д.Рамазан: Өзің айтқандай, мен ұлы тұлғалардың өмірі мен игі ісі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген мақсатпен Кенесары, Абылай, Керей мен Жәнібек хандар туралы жаздым. Мақсатыма жеттім бе, жетпедім бе, оны басқалар айта жатар. Сол тарихи драмаларымнан қаншалықты әсер алғанын айтып, алғыс жаудырып жататын көрермен әлі де бар. Қаламгерге осыдан артық қуаныш бар ма?! Шыңғыс хан мен Жошыны қолға алғандағы мақсатым да сол. Қалай десеңіз де, Шыңғыс ханды қазақ тарихынан бөле-жара алмайсыз. Ал Жошы алғашқы қазақ мемлекетінің негізін қалады. Соның арқасында бас-басына би болып бытырап жүрген ру-тайпалар бір ұлт болып ұйысып, ұлан-байтақ жерге ие болдық. Мұны ешкім жоққа шығара алмас.
Мен бұл шығармада Шыңғыс ханның, болмаса Жошының өмірін құрғақ баяндамаймын. Көзіқарақты оқырман тарихи еңбектерден онсыз да оқып-біліп алады. Шыңғыс ханның ұлы көсем, жұмыр басты пенде, әке, аға, жар ретіндегі өмірін жан-жақты ашып көрсетуге тырысамын. Қысқаша қайырып айтар болсам, өзімше өнер туындысын тудырамын. Атыс-шабыс, айғай-сүреңге де құрмаймын. 1222-1226 жылдардағы тыныш кезеңді таңдап алдым, яғни Хорезм жорығынан кейінгі кезең мен Жошының өліміне дейінгі уақыт аралығы.

Өзімше жаңалық болады-ау деп ойлаймын. Өйткені мен жазып жатқан оқиға желісі туралы тарихи еңбектер мен жазбаларда шет жағалап айтылатыны болмаса, әлі әлемде ешкім жазған жоқ. Ойдан, қиялдан ештеңе құрастырмаймын, тарихи еңбектер мен көне жазбалардағы дерек-дәйектердің негізінде жазамын. Шыңғыс ханды бір жақты даттамаймын да, ақтамаймын да. Тек оқиғаларды рет-ретімен суреттеймін. Қалғанын көрерменнің өзіне қалдырамын.

Jas qazaq: 31 мамырды саяси қуғын-сүргін құрбандары күні деп атап жүрміз. Алайда жыл сайын қасіретті датаны еске алумен, БАҚ беттерінде бірер материал жариялаумен ғана шектелетінбіз. Биыл Қ.Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылатынын мәлімдеді. Сіздіңше, жұмыс осылай жалғаса берсе, сол зұлматтың саяси астарын ақтарып, қоясын қотарып тұрып айтатын, жазалаушылар мен жазаланушыларды бөліп-жарып көрсететін күнге жете аламыз ба?

Д.Рамазан: Жалпы мұны қолдаймын. Меніңше, ең бастысы архивтегі құпия құжаттарға емін-еркін қол жеткізетіндей жағдай жасалуы керек. Қуғын-сүргін құрбаны болған Орынбек Беков деген қоғам және мәдениет қайраткері туралы зерттегім келіп, мұрағаттардың бәрін сүзіп шықтым. Бар құжаттар Шығыс Қазақстан облыстық мұрағатында сақтаулы тұр екен. Қалай ұсталғаны, кімдердің жауап алғаны, қандай айып таққаны, бәрі-бәрі бар. Бірақ сол құжаттармен танысып шығуға рұқсат етпей қойды. Бармаған жерім жоқ. Бірақ бәрібір рұқсат ала алмадым. «Ол құпия құжаттар болып саналады. Сондықтан рұқсат жоқ!» дейді. Таң қалдым. Ол неге құпия құжат болып саналуы тиіс? Кеңес одағы баяғыда келмеске кеткен жоқ па? Жоқ, ол шындық ашылса, еліміздің шаңырағы шайқалуы мүмкін екен! Қызық! Түк түсінсем бұйырмасын. Қазір ол құжаттарды құпия ұстаудың не қажеттілігі бар деп ойлаймын. «Алаш қайраткерлерін тергеп-тексерген, өтірік пәле жапқан, азаптаған адамдардың ұрпақтары әлі де тірі. Соларға зияны тиеді» дейді бір мұрағат қызметкері. Ұрпағына зияны тиетінін сол кезде ойлауы керек еді?! Бұл да өтірік сылтау. Әйтеуір, сол құжаттарды құпия ұстаудың айла-амалдары ғана. Міне, сондықтан ең алдымен сондай құпия құжаттардың бәрін халыққа қолжетімді ету керек. Онсыз бәрі бекер. Құн даулаймыз-ау, бірақ құн ала алатын күнге жете аламыз ба? Әй, қиын-ау! Өз басым бұған еш сенбеймін!

Jas qazaq: Бұл сұрақты қойған себебіміз, тарихтан қара жаяу емессіз. Жалпы, бүгінгі қазақ әдебиетінде халқымыздың осындай ақтаңдақ беттері неге аз? Әлде, жазушылардың қолында сол зұлмат жылдарды жазатындай мұрағат құжаттары жоқ па?

Д.Рамазан: Әрине, тарихи шығарма жазу оңай емес. Көп ізденуді талап етеді. Ең алдымен сол кезеңнің тыныс-тіршілігін жете біліп, жан-тәніңмен сезінуің керек! Сондықтан тарихи шығарма жаз деп ешкімге міндеттей де алмайсыз. Не жазатынын қаламгер өзі біледі. Әркім өз қаламына өзі ғана патша. Әмірмен, бұйрықпен көркем шығарма жаздыра алмайсыз. Оның үстіне, жоғарыда айтып өттім ғой, негізгі қажетті құжаттарға қолымыз жете бермейді. Сол құпия құжаттарды еркін пайдалана алатындай мүмкіндік тудырса, бәлкім, көркем шығармаларға да көбірек жол ашылар ма еді деп ойлаймын.

Jas qazaq: Бүгінгі қазақ әдебиеті дегеннен шығады, сіз үш-төрт айдың алдында әңгіме жазып жүрген кейбір жас жігіттердің тілінің жұтаңдығын айтып, сөз саптасын сынап әлеуметтік желіде жаздыңыз. Сол қалам ұстаған бауырларыңыздың алды қырыққа таяп қалғандар. Жас дейтін жиырма мен жиырма бестегі жігіттер емес. Сонда бүгінгі жас жазушылардың деңгейі соншалық төмен бе? Олардың жазуында не кемшін, не жетпейді?

Д.Рамазан: Кемшілік кімде жоқ дейсіз. Ең аяғы ұлы Абай мен дана Әуезовті де әлі сынап келе жатыр. Мінсіз тек Жаратушы ғана. Ал жастардың бәріне бірдей ортақ кемшілік – тілді білмейді, сөйлемді дұрыс құрай алмайды. Көркем тілсіз де көркем шығарма жазуға болады деп ойлайтын болса керек. Тілі жұтаңның ойы да жұтаң болатынын түсіне алмайды. Айналайындар-ау, әдебиеттің басты құралы – тіл емес пе?! Жазушы боламын деген адам алдымен тілді жақсы білуі керек. Әрине, бұрынғыдай көп сөзділікке ұрынып, бір-екі беттік табиғат суреттерін сипаттаудың түкке де қажеті жоқ. Сөзді орнымен қолданса жетіп жатыр. Бәрін жоққа шығаруға болмайды. Тілді жақсы білетін, орнымен қолданатын жастар да бар. Ой мен тіл тең түсіп жатса, төрт аяғын тең басып тұрған шығарма болады. Ал осының біреуі кемшін соғып жатса, құны кемиді.
Мен жастардың шығармашылығын қадағалап оқып жүремін. Бір байқағаным, таланттар мен дарындар баршылық. Бірақ біреуінің шығармасында ой тамаша болса, тілі нашар болып, кібіртіктей береді. Ал енді біреуінде керісінше. Сондықтан жастарға айтарым, екі тізгінді тең ұстап үйрену керек! Тағы бір ортақ кемшілік, көпшілігі шұбалаңқы жазады, жинақылық жоқ. Мылжыңдар мен езбелер көбейді. Шығарманы оқып отырғанда жазарман түгілі, өзің де шашылып қаласың! Әрине, жинақы жазуға тырысатындар да бар. Бірақ сирек. Жастардың бойындағы тағы бір жаман қасиет – бір-бірін өтірік мақтайды. Бір жас жазушы роман жазды. Әлгіні құрдастары өлтіріп мақтады. Шынымен де мақтауға тұрарлық шығарма ма екен деп, тауып алып, оқып шықтым. Құдай-ау, роман деп айтуға келмейді. Мүлде тартпайды. Қасаң жазылған. Өзімді-өзім зорлап оқыдым. Романның үш те бір нұсқасы жоқ. Шатпырақ бірдеңе. Бірақ жарнамасы жер жарады. Оқымаған адам соған шынымен сеніп қалады. Сондықтан жастарға айтарым, роман-хиқаятқа қалам тартпай тұрып, алдымен әңгіме жазып үйреніп алыңдар. Машықтаныңдар. Әңгіме жинақылыққа үйретеді. Содан кейін роман-хикаят жазу ешқайда қашпайды.

Jas qazaq: Осылардың атын атап, түсін түстеп айтуға болмай ма?

Д.Рамазан: Айтуға да болар еді. Бірақ бір жолға жастардың меселін қайтармай-ақ қояйын. Кімді айтып отырғанымды өздері ғана емес, ел де бірден түсінеді ғой деп ойлаймын. Тек жастарға айтарым, роман мен хикаят жазуға асықпаңдар. Көркем шығарманың құны ешуақытта көлеммен өлшенбейді. Он нашар роман жазғанша, бір жақсы әңгіме жазсаң, ұтасың! Әрине, егер төрт аяғын тең басып тұрған роман болса, кәнеки! Қуанасың ғой! Өз басым роман жазайын деп қаншама отырдым, бірақ сол бес жүз беттік романда айтарымды бес-он бетке сиғызуға болатынын біліп, ылғи да бас тартамын. Қаламға да, қағазға да обал. Мәселен, Чеховтың роман жазуға қарым-қабілеті жетпеді дейсіз бе?! Олай ойласаңыз, қателесесіз! Әлемдегі он жазушының ішіне міндетті түрде Чеховты кіргіземін. Оны ешкім де алып тастай алмайды. Ұлы әңгімеші. Ал енді «қысқалық – таланттың қарындасы» деген осы Чеховпен біздің том-том роман жазған қай жазушыны салыстыруға болады? Салыстырудың өзі ұят! Бүкіл жазған романдары Чеховтың бір әңгімесіне татымайтындары жетерлік. Мен мұны жастар ойлансын деп айтып отырмын.

Jas qazaq: «Қазақ әдебиеті енді қайтып Әуезов, Мағауин мен Кекілбаевтардың көркемдік деңгейіне жетпейді» деген пікір бар қаламгерлер арасында. Сондай пессимистік ойға берілуге негіз бар ма, сіз қалай ойлайсыз?

Д.Рамазан: Бұл – күпірлік. Өз басым Әуезовті ұлы жазушы деп есептеймін. Мағауин мен Кекілбаевты да жоғары бағалаймын. Бірақ енді қайтып олардың деңгейіне жетпейміз деп түңілу мүлде дұрыс емес. Қазақ халқы аман болса, әлі талай ұлы жазушы туады. Мәселен, өзім сынап отырған жастардың арасында да жаңалыққа жаны құштары бар екенін байқаймын. Әрине, сол бір жақсы ниет-пейілі жетпей жатыр, жеткізе алмай жатыр. Егер соны әдебиет сыншылары жанашырлықпен түсіндіріп, бағыттап жіберсе, олардан мықты қаламгер шығарына сенімдімін. Тіпті кем-кетіктеріне қарамай, кейбір жақтарынан сол классиктерімізден артық та болуы мүмкін. Бұған үрке қараудың керегі жоқ. Өмірдің заңдылығы. Өйткені кейбір жастарда жаңаша, өзінше жазуға деген талпыныс бар. Бұл, әрине, қуантады. Тек талпыныстың аздық ететінін түсінсе болды, олар әлі өздерін-өздері танытады ғой деп ойлаймын. Ең бастысы, нені жазу керек екенін біледі және қалай жазу керек екенін де түсінетін сияқты. Бұрынғыдай бірізділікті көп байқай бермеймін. Ал қалғаны тәжірибемен келеді ғой. Менің өзім бұрынғы жазғандарымның бәрінен бас тартып, жаңаша жазғым келіп тұрады. Шығармаларымдағы ең басты кемшілікті өзім бірінші түсіндім. Енді соны қайталамауға, есесін қайтаруға тырысамын. Өйткені бұдан былай олай жазуға болмайтынын түсіндім. Егер осы кемшілігімді бір жанашыр сыншы ертерек көрсеткенде, мүлде басқаша болар ма еді, кім білсін! Адам сынды өзінен бастау керек екен! Басқа біреуді сынағанша, алдымен өзіңді сынау керек екен! Өзіңнің жазғаныңа сын көзбен қарау керек екен! Бірақ әлі де кеш емес деп ойлаймын.

Әуезов, Мағауин, Кекілбаевтар өздеріне тиісті миссияны толығымен орындады. Ал жастардың алдындағы міндет мүлде басқа. Әдебиет үнемі дамып отыруы тиіс. Ендеше, жастарға артар сенім мен үміт мол.

Jas qazaq: Ақын-жазушылардың көбі қазіргі қазақ әдебиетінде қала өмірінің, қазақтың қаладағы тыныс-тіршілігі туралы тақырыптың аз екенін көп айтады. Мұның сыры неде? Қазақ қалалық өмірге әлі толық бейімделіп болған жоқ па, әлде жазып жүргендердің көбінің ауылдан шыққандығынан ба?

Д.Рамазан: Жалпы мен осы шығармашылықты тақырыпқа бөлуге мүлде қарсымын. Жазушы ауыл немесе қала тақырыбын жазайыншы деп үстелге отырса, бәрі де басталмай жатып құрыды дей беріңіз. Жаны мен жүрегі нені қалайды, соны жазу керек! Мәселен, мен тарихи тақырыпты біраз шиырладым. Ондағы ойым, халық, жас ұрпақ тарихпен танысса екен, содан тәлім-тәрбие алса екен деген ізгі ниет еді. Халқымның бір әжетіне жарасам екен деп жанталастым. Бұл үшін мені ешкім де кінәлай қоймас. Десе де, енді қарап отырсам, ниетім дұрыс болғанмен, соны іске асыру жолында қатты қателесіппін. Оның қандай қателік екенін қазір айтпаймын, білетіндер білер. Кезінде су мен мал шаруашылығы, көмір, өндіріс тақырыптары туралы да көлемді шығарма жазғандар болды. Қайда қалды солар? Сондықтан әдебиетте тақырып қуып жазуға болмайды. «Қазақ әдебиетінде адамның жан дүниесін қойма қопарғандай ақтаратын шығармалар жазылмай жатыр», «жанашылдық жоқ», «жаңаша жазуға деген талпыныс пен құлшыныс жоқ», «іздену, қазыну кем» деп жар салса, түсінуге болар. «Қала тақырыбы игерілмей жатыр» деп байбалам салудың түкке де керегі жоқ. Қала тақырыбы мүлде жазылмаса да, оның әдебиетке келіп-кетері шамалы.

Jas qazaq: Қазақ әдебиетіндегі аз тақырыптың бірі – жалқаулық пен масылдық сияқты. Өйткені, биылғы келген індетпен бірге жұмыссыздарға төленген 42500 теңге көп шындықтың бетін ашып тастағандай. Сол ақшаны алу үшін кейбір адамдар жұмыстан бас тартқан. Немесе әлгі ақшаны алу үшін адам баласының миы жетпейтін әртүрлі әдіс-айлаға дейін барғандар бар. Масылдық психология қанымызға соншалық сіңіп кеткен бе? (Әдебиетте де сіз сияқты еңбекқор жазушы мен жылтыңдақ жарнамамен атын жасап алған әдебиетке де, мемлекетке де масыл халтурщиктер көп дегендей)…

Д.Рамазан: Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім деп ойлаймын. Әрине, бүгінгі адамдарда жақсы қасиеттен гөрі, жаман қасиеттің басым түсіп жатқанын мен де байқаймын. Мұның түп-тамырына үңілсеңіз, бәрін де байқайсыз. Біз тым ұсақталып кеттік. Жамандыққа бейімделу басым. Бір ғана мысал айтайыншы, біз қазір неге жаппай жағымпаз болып кеттік? Өйткені жағымпаз болмасаң, өспейсің, қайта өшесің! Оған бәріміз куә болып жүрміз. Ешкім де сенің білім-білігіңе, талантыңа, іскерлігіңе қарамайды. Жағымпаз болсаң, қызметте өсесің, атақ-дәрежең көтеріледі. Материалдық игіліктерге қол жеткізесің… Ал осыдан кейін қалай жағымпаз болмайсың?! «Заманына қарай – адамы». Жылтыңдақ жарнамамен атын шығарып, жағыну мен жағымпаздықтың арқасында игілікке жеткен, әдебиетке де, мемлекетке де масыл халтурщиктер қай кезеңде де болған. Бұдан кейін де қаралары жойылып кетеді деп ойламаймын. Бірақ көзден кеткен күндері аттары да өшетінін жақсы білемін. Сондықтан оларға көп бас қатыртудың керегі жоқ-ау!

Jas qazaq: Тағы бір әлеуметтік сұрақ. Осы карантин басталғалы ақшадан тарыққан, нан таба алмай қалған, бала-шағасын асырай алмай қалған, балаларының еміне тиын таба алмай жүргендер көбейіп кетті. Оның кейбірі шынайы мұқтаж болса, кейбірінің «қылығынан» адам ұялады. Қазақтың мінезі мұндай емес еді, қанша жерден аш отырса да, алақан жаюға арланатын арлан мінезіміз неге ұсақталып кетті?

Д.Рамазан: Өйткені қазір намыс жоқ. Мінез жоқ. Адамдардың көпшілігі заманға күйлеп кетті. Мәселен, ұстаздар, ғалымдар, дәрігерлер, журналистердің айлығы шайлығына да жетпейді ғой! Неге? Қазақстанның байлығы аз ба? Осыларға көбірек еңбекақы беруге болмайтын ба еді? Ал аз-маз айлық алатын адам кедейшілікке ұрынады. Ондай адамда қандай намыс, қандай мінез болсын! Сондықтан оларды кінәлай алмаймын. Жаным ауырады, жүрегім де сыздайды.

Jas qazaq: Карантин басталғалы әншілер табыссыз қалыпты-мыс. Тойда фонограммамен айтқан екі әні үшін 5 мың доллар алатын жердегі «жұлдыздардың» жылағаны сізге соншалық аянышты көрінбей ме? Соларды қазақ қоғамы үлгі тұтып, төбесіне көтеріп, рухани көсем санап жүретіні несі?

Д.Рамазан: Осыны мен де түсінбеймін. Әншілердің басым көпшілігінің білім деңгейі «әлемде бес мың ел бар» деп таңдайы тақылдайтын анау бір әншінің деңгейінде ғана ғой. Қазақ қоғамы осындай дүмше әншілерді рухани көсем санаса, жетіскен екенбіз! Мен Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Ернар Айдар секілді «жұлдыздарды» еш тыңдамаймын. Олардың айтқан әндерінен ешқандай рухани ләззат ала алмаймын. Әкетіп бара жатқан дауыстары да жоқ, әнді де нақышына келтіріп айта да алмайды. Біз кәсіби тұрғыдан ақсап жатқан осындай әншісымақтарды да төбемізге көтеріп біраз тайраңдаттық-ау! Бір жыл ән айтпай кетсе, әндері түгілі, есімдері де ұмытылып кететін осындай дарынсыз әншілерге билік те атақты үйіп-төгіп берді. Әрине, атақты олардан ешкім де қызғанбайды, тек әділетсіздік мен көрсоқырлыққа іштей күйінесің, күйзелесің! Қасиетті ән өнерінің құтын қашырып, әншіліктің абырой-беделін түсіріп жіберген де осындай білімсіз һәм дарынсыз дарақылар.

Әрине, Димаш Құдайберген, Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Рамазан Стамғазиев секілді талантты һәм білімді әншілер бар. Құрметтесең, соларды құрметте, қолдасаң, соларды қолда. Ал бізде бәрі керісінше. Бүгінгі ұрпақ Әуезовті, Мағауинді, Кекілбаевты оқымауы, тіпті білмеуі де мүмкін. Бірақ Қайрат Нұртасты, Төреғали Төрәліні, Ернар Айдарды, Нұрлан Еспановтарды біледі, соларды тыңдайды. Міне, біздің басты қателігіміз де, сорымыз да осында. Алтынбасты мен бақырбастыны айыра алмай қалдық.

Әңгімелескен Жарас Кемелжан

16 қазан, 11:22
Қайталанған карантин
16 қазан, 11:08
«Хайп, лайк, пранк» дейтіндер көбейді
16 қазан, 10:57
Ауыл шаруашылығын қайтсек дамытамыз?
16 қазан, 10:40
Алаяққа арбалып қалмаңыз!
16 қазан, 10:35
Миссионермен "біртүрлі" әңгіме
16 қазан, 10:26
Қалталы ағайын ұлтының болашағын қаншаға бағалайды екен?!
16 қазан, 10:22
Цифрмен ойнау
16 қазан, 10:13
Алдаған арман
Серіктестер жаңалықтары