jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

59-шы баппен жазаланғандар қашан ақталады?

05 маусым, 14:47
707

59-шы баппен жазаланғандар қашан ақталады?

30 мамырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуін жариялап, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Президентіміз көрсеткендей, ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қазақ халқы басынан үлкен нәубетті өткізген. 1920 жылдардың соңына қарай республикадағы саяси жағдай шектен тыс ушығып, зорлық-зомбылыққа жол ашылды. Қазақ зиялыларының арасында өзіндік пікірі бар азаматтардың барлығына «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды. Мемлекет қызметіне тартылған қазақ қайраткерлеріне сенімсіздік күшейді. Кемшілік, қателікті әшкерелеуде сынды, өзара сынды күшейту мәселесін желеу еткен большевиктік жүйе ұлт зиялыларын бір-біріне айдап салды. Сөйтіп қазақтың алдыңғы қатарлы, бас көтерер азаматтарының сағы сынып, үкіметтік қызметтен аластатылды.

Ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарына «контрреволюциялық қылмыс жасады», «отанын сатты», «мемлекеттік құпияны жариялады», «буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады», «Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді», «қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысты», «партия мен үкімет шешімін бұрмалады», «Орталық Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік етті», «Кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасады» деген Қылмыстық кодекстің 14 тарауынан тұратын 58-бабы бойынша айып тағылып, көпшілігі «үштік» атанған комиссия шешімімен атылып, лагерге айдалған.

59-баппен «бандит», «қарақшы» атанған діндарлар мен қарапайым қазақтар әлі ақталған жоқ

Қазақ зиялылары түрмеде отырған кезінде «Социалды Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» сияқты газеттерде кеңес ісіне жат, «халық жауы» екендіктерін дәлелдей жазған «домалақ арыз» тоқтаусыз жарияланды. Осылайша, біріне-бірін айдап салу тәсілімен қаралап жазған материалдар баспасөздің негізгі тақырыбына айналды. Нәтижесінде қазақ зиялылары арасында өз басын аман алып қалу үшін бірін-бірі қаралағандардың қатары көбейді.
ХХ ғасырдың 30-жылдары қуғын-сүргінге тек ұлт зиялылары, үкімет қайраткерлері ғана емес, ауылдағы қарапайым шаруалар, жұмысшылар, малшылар, имамдар мен дін қайраткерлері де іліккен.

1928-1930 жылдар аралығында жүргізілген ұжымдастыру, тәркілеу науқаны қарапайым халыққа үлкен соққы болып тиді. Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулысы негізінде қазақ жерінде 700-дей ірі бай шаруашылықтары тәркілеуге алынды және олар туған жерінен өзге облыстарға жер аударылды. Бұл науқанға орта шаруа да ілігіп кетіп, олардың да мал-мүлкі тартып алынды.

Ұжымдастыру саясаты алдын ала даярлықсыз, жергілікті жағдай ескерілместен, көбінесе әкімшілік күштеу әдісімен жеделдете жүргізілді. Сонымен қатар, Ресейді индустрияландыру кезінде зауыт, фабрика салып жатқан жұмысшыларды етпен және астықпен қамтамасыз ету де шаруалардың мойнына артылды. Астық дайындаудағы алғашқы нұсқау бойынша шаруалар қолындағы бар астығын үкіметке жедел түрде тапсыруға мәжбүр болды. Ет дайындау барысы да қарқынды жүргізіліп, шаруаның қолындағы соңғы малы тартып алынды. Есепсіз салынған салық оларды әбден титықтатып жіберді. Оның үстіне, қазақ ауылында мал бағумен күнделтіп, көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүріп отырған шаруаларды күштеп отырықшылыққа көшіру барысында зорлық-зомбылық белең алды.

Үкіметтің бай-құлақтармен күресу жөніндегі 1930 жылғы 1 наурыз бен 19 ақпандағы қаулыны орындау барысында жергілікті белсенділердің асыра сілтеп, қысым жасап, зорлық-зомбылық тәсілін қолдануы ауыл халқының наразылығын тудырып, оның арты қатығысқа, көтеріліске алып келді. Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ-БМСБ) деректеріне сүйенсек, 1929-1932 жылдар аралығында қазақ даласында ұжымдастыру саясатына қарсы 80 мың адам қатысқан 372 көтеріліс болып, барлығын да қызыл әскер, БМСБ-ның әскері аяусыз басып, оған қатысқандар қатаң түрде жазалаған екен.

Мұрағат құжаттарын қарап отырсақ, шаруалардың үкіметке қарсы көтерілуі бір жерде бейбіт түрде өтсе, бір жерде қарулы қақтығысқа ұласқан. Жалпы осы көтерілістерге байланысты ғалымдар арасында түрлі пікір қалыптасқан. Бірі оны «шаруалар толқуы» десе, бір ғалымдар «үкіметке қарсы наразылық», «Кеңеске қарсы наразылық», «шаруалар көтерілісі», «көтеріліс», «халық көтерілісі» деп жазып жүр. Қалай аталса да, бұл халықтың үкіметтің жүргізіп отырған қысаң саясатына қарсылық білдірген жанайқайы, наразылығы еді.

Көтеріліс Қазақстанның барлық өңірін қамтыған. Ірі көтерілістерден біз Абыралы, Батпаққара, Созақ, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарында болған ереуілдерді айтамыз. Әр облыстарда да саяси науқанға қарсы шығып, қарулы қақтығыс болған. Мәселен, 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысында Зырян, Өскемен, Самара, Шемонайха, Қатонқарағайда шаруалар көтерілген. Бұл көтерілістің барлығының басында ел арасында беделі бар молда, иман, бір сөзбен айтсақ, діндар адамдар басқарған екен. Оларға 59-баптың «шаруалар арасына іріткі салып, Кеңес өкіметін мойындамауға шақырды, қарақшылық ұйымдастырып, үкіметтің малын тартып әкетті» деген және тағы басқа айып тағылды.

Негізінде, Қылмыстық кодекстің 59-бабы бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, оны ұйымдастырушылардың, басшылар мен айдап салушылардың, кісі өлтірген немесе дене жарақатын салып, билікке қарсылық көрсеткендердің мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан төмен емес мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ қарулы көтеріліске қатысушылардың да мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатын болды.
Тәртіпсіздікке қарусыз қатысқандарды бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру, бандиттік (қарулы қақтығыстарға), қарақшылық шабуыл, тонаушылық қылғандар мен кісі өлтіргендер ату жазасына кесілді. Бандыларға жәрдемдескендер, олардың қылмыс ізін жасырғандардың да мал-мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айырылды.

Мысалы, Семей облысының Ақсуат, Көкпекті аудандарында халық көтеріліп, үкіметтің жүргізіп отырған ұр да жық саясатына қарсы шыққан. Кеңестік құжаттарда бұл көтеріліс «Қаражал бандасы» деген атқа ие болған. Көнекөз қариялардың айтуынша, 1928 жылдың күзінде Ақсуат өңірінен тәркіленуге Райымжан Ысқақов, Ерғали Мұқажанов, Жәкулә Күшіков, Ғалиасқар Трайысов, Мұқыш Қуанов, Әділ Ақшалов, Заманбек Мүрсәлімов сияқты аса ірі байлар ілігіп, мал-мүлкі хатталып, өздері жер аударылады. Осы кезде Ақсуат, Аягөз, Шұбартау, Шар, Абай, Абыралы, Жарма аудандарында тәркіленуді жүргізу барысына наразылар атқа мініп, қол жинап, қазіргі Тарбағатай ауданына қарасты «Ленин жол» совхозының «Үштөбе» бөлімшесіндегі Өкпеті тауында немесе Қабанбай шатын паналаған.

Үкімет қаулысына қарсы шыққан бұл «Қаражал бандасының» құрамында жергілікті әкімшіліктен жәбір-жапа шеккен ауыл шаруалары мен дін қайраткерлері болған. Кейбір деректерде Алақ немесе Мұрын атанып жүрген бұл көтеріліс ұйымдастырушысының бірі ретінде 1928 жылы тәркіленіп, Сібірге жер аударылған, Семей губерниясы Зайсан уезі Көкпетінің он жылдай болысы болған Жәкулә Күшіков айтылады. Қызыл әскер көтеріліске қатысқандар «қандыбалақ қарақшы» ретінде ұсталғанын аяусыз тепкінің астына алып, қашқандарын аяусыз қырған. Бұл көтеріліс жайында нақты жүргізіліп жатқан зерттеу жоқ.

1929-1931 жылдар аралығындағы Қазақстандағы көтеріліске қатысып, 59-баппен «бандит», «қарақшы» атанған діндарлар мен қарапайым қазақтар әлі ақталған жоқ. Ол үшін Парламент осы бапты ақтау жөнінде арнайы заң қабылдауы керек. Онсыз жазаланып кеткендерді ақтап алу, зерттеу мүмкін емес. Қазақтың тарихы қазақтың өзіне ғана керек. Осындай әлі де «ақтаңдақ» болып қалған тарихты ашуға, халыққа танытуға тиіспіз.

Светлана Смағұлова,
Әл Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

Бүгін, 10:17
Тоқаевтың үкімет отырысындағы сөзінің толық мәтіні
10 шiлде, 12:05
Ақпараттың ақмылтығы еді
06 шiлде, 11:22
Тағдыры талқан болғандар...
06 шiлде, 10:46
Ұйымдастыру жағы ақсап тұр
26 маусым, 11:43
Фейкпен күн көретін сайттар бар
26 маусым, 11:39
Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?
26 маусым, 11:35
Сотқардың сазайын берген балуан
26 маусым, 11:29
Ұпайды бейнетсіз табу
Серіктестер жаңалықтары